Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы
М.Б.Ықсанов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп- балабақша
Кажалаева Ақтоты Ержановна
Бастауыш класс мұғалімі
ІІ санатты ұстаз
Сабақ тақырыбы: Судың қасиеті. Су – еріткіш.
Мақсаты: 1. Оқушыларды судың қасиеттерімен таныстыру. Тәжірибелер арқылы
суда еритін және ерімейтін заттар туралы мәлімет беру.
2.Оқушылардың байқағыштығын, есте сақтау қабілеттерін, пәнге деген
қызығушылықтарын дамыту.
3.Суды таза ұстауға, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Түрі: дәстүрден тыс тәжірибелі сабақ
Әдісі: сұрақ-жауап, әңгімелеу, тәжірибе жасау, баяндау, тест
Көрнекілігі: карта, тәжірибеге керек заттар, жапырақтар, нақыл сөздер
Сабақ барысы
І Ұйымдастыру бөлімі
ІІ Үй тапсырмасын тексеру
Күзгі «жапырақ жинау» ойыны арқылы үй тапсырмасы тексеріледі.
-
Әр түрлі жердің суы туралы әңгімеле. Қай су таза, мөлдір.
-
Лай суды қалай тазартамыз? (тұндыру, сүзу арқылы)
-
Асан судың қандай қасиетін анықтады? (мөлдірлігін)
-
Судың мөлдірлігін қалай анықтауға болады?
-
Су не үшін керек?
-
Бұлақ жағасы неге ерекше әдемі ?
-
Өз жеріңде қандай сулар бар ? Олардың пайдасы туралы әңгімеле.
ІІІ Жаңа сабақ
Жаңа сабақты жұмбақ шешу арқылы бастаймын.
Жылт-жылт еткен,
Жылғадан өткен. (су)
Олай болса, бүгінгі сабақта судың қасиеттерімен танысамыз.
-
Су туралы өз білгендеріңізді айтып жатырсыздар. Ал, енді мына картаға қарасаңдар, біздің планетамыздың көп жерін су алып жатыр. Су картада көк түспен белгіленген. Су жердің төрттен үш бөлігін алады екен. Сусыз өмір жоқ. Адам өміріне ең қажет – жарық, ауа, су, жылу, тамақ.
Оқушылардың су туралы білімдерін, түсініктерін анықтап байқау.
-
Су қандай зат ?
-
Судың түсі қандай ?
-
Судың пішіні бар ма ?
-
Суды қандай жерлерде кездестірдің ?
Бұл сұрақтарға жауап беру үшін қазір тәжірибелер жасап көреміз.
1-тәжірибе.
Екі шыны ыдысқа біреуіне сүт, біреуіне су құй. Екеуін салыстыр. Сүт – ақ, су – түссіз. Олардың ішіне қасық сал. Қайсысындағы қасық анық көрінеді. Неге ? Бұл тәжірибеден судың қандай қасиетін байқадың ? Су – мөлдір. Суды иіскеп көр. Иісі жоқ. Олай болса, су – түссіз, мөлдір, иіссіз.
2-тәжірибе.
Бірнеше ыдысқа кесеге, стаканға су құй. Осы ыдыстардағы судың пішініне қара. Су қандай пішінге ие болды ? Әрбір құйылған ыдыстың дәл өзіндей емес пе ?
Олай болса, суда тұрақты пішін болмайды. Ол құйылған ыдыстың пішінін алады екен.
3-тәжірибе.
Суды кез-келген беті тегіс нәрсеге құйып көр. Ол жан-жағына аға бастайды. Су ағады, себебі ол сұйық. Аққан су түгел жоқ болып кетті ме ? Оның орнында дымқыл, сулы із қалды. Су жұғады екен. Бірақ артынша ол да жоқ болады. Кеуіп кетеді. Кез-келген затты суға малып алсақ, ол су-су болып шығады. Су жабысқақ. Жуылған киімді далаға жаяды. Ол біраздан кейін кебеді. Ойланшы! Оның бойындағы су қайда кетті. Күн көзі жылуынан су буға айналды. Бу ауаға араласты.
Су – бу
Жазда шомылып рақаттанған өзеннің қыста қандай пайдасын көресің ?
Бұл мұз қайдан пайда болды ?
Қысқы суықта су қатып, мұзға айналды.
Су – бу – мұз
4-тәжірибе.
Таза суды әйнек бетіне тамыз. Оны астынан майшаммен қыздыр. Су буға айналып ұшып кетеді. Ал әйнектің бетінде ақшыл дақ қалады. Бұл не ? Суда басқа еріген заттар бар дегенді дәлелдейді. Таза, мөлдір судың өзінде еріген заттар көп. Ащы суда мұндай заттар көп болады. Табиғатта ешбір қосылысы жоқ таза су кездеспейді.
Қант, тұз сал. Еріп көрінбей кетті. Дәмі өзгерсе де, түсі өзгермей қалды.
Марганец түсі өзгергенімен, мөлдір, суда еритін заттар.
Ал суда ерімейтін заттар суды лайлайды.
5-тәжірибе.
Стакандағы суға лай салайық. Су лайланды. Саз суға араласқанымен, еріген жоқ. Құм, саз түрлі ерімейтін шірінділерді қоса әкетеді. Өзен, көл суларының түрі осы түбіндегі шөгіндісінің түсіне байланысты түрліше болып көрінеді (көк, жасыл, қоңыр)
Суда ауа да еріп оған араласады.
6-тәжірибе.
Стаканға салқын су құй. Стакан қабырғаларында ұсақ көпіршіктер пайда болды. Бұл су ішіндегі ауа. Су ішіндегі ауамен су жануарлары мен өсімдіктер тыныс алады.
Топтастыру.
Пішінсіз
Мөлдір сұйық, ағады
Түссіз СУ жұғады
Иіссіз жабысқақ
Еріткіш
Еритін заттар: қант, тұз
Ерімейтін заттар: құм, тас, саз.
Логикалық тапсырма.
Үстіне жүк артқан екі есек келе жатты. Біреуінің үстінде тқз, екіншісінде мақта. Олар терең өзеннен өту керек болды. Үстіне тұз артқаны судан шыға салып бүлкілдеп жорыта жөнелді. Ал мақта артқаны аяғын әрең басып, қабырғасы қайысып кетті. Неге ?
Жауабы: Тұз суда еріп жеңілдеп қалды.
Мақта су болып ауырлап қалды.
Су туралы мақал-мәтелдер айтқызу
1.Суды улама, суға түкірме.
2.Су анасы – бұлақ.
3.Су жүрген жер береке.
ІV Бекіту.
Тест жұмысы
-
Судың қасиетін белгіле
А) ақ Ә) мөлдір Б) сұр
2. Суда еритін затты белгіле
А) қант Ә) тас Б) құм
3. Суда ерімейтін затты белгіле
А) құм Ә) тұз Б) қант
4. Судың үш күйін жаз…..
V Үйге тапсырма
Судың қасиеті тақырыбын оқу, әңгімелеу. Су туралы жұмбақтар, нақыл сөздер жаттау.
VI Қорытынды
Оқушылардың білімдерін бағалау.