Без рубрики

Кел, Жаңа жыл біздерге

Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы
М.Б.Ықсанов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп- балабақша
Кажалаева Ақтоты Ержановна
Бастауыш класс мұғалімі
ІІ санатты ұстаз

Сабақтың тақырыбы: « Кел, Жаңа жыл біздерге»

Қасқыр келеді: Ой, бүгін орман тыныш қой, аңдар қайда? Сайраған құстар қайда? Олар шырша

тойы болатынын білмей ме?

Қарға: Қарқ-қарқ, не болды сонша орманның тыныштығын бұзып? Не жаңалық алып келдің?

Қасқыр: Шырша тойы болатынын білмеуші ме едің? Мына орманның көңілсіздігіне таң қалып

тұрмын. Шыршаның әдемісін-ай, балалар безендірген шығар. Ал өздері болса жоқ.

Қарға: А-а, білдім мен олардың неге келмей жатқанын? Мыстан жылда келіп балаларды ренжітіп

тастайтын, сол үшін олар тығылып отырған шығар.

Мыстан: Сәлем, сәлем, немене бүгін шыршаның жаны көңілсіз болып қалған?

Қарға : Мыстан апа, көңілсіздікті сіз де жек көресіз бе? Сондықтан аңдарға, балаларға хабар жіберіп

шырша тойын көңілді өткізуге шақырайық.

Мыстан: Өткізейік, өткізейік. Мен жылда Аяз атаны жібермеймін деп кетіп қалатынмын, ал биыл

балалармен бірге өткізуге келдім.

Қасқыр: Мыстан апа, сіз сиқыршы едіңіз ғой, сиқырыңыздың күшін көрсетпейсіз бе? Сиқырлап

балаларды шырша тойын тойлауға шақырыңыз. (Мыстан сиқырлы таяқшаларымен

шыршаны айналып шығады, бәрі шыршаны айналып шығады.)

Тәрбиеші: Мыстан апа, Амансыз ба? Биыл көңілдісіз ғой, бізбен бірге шырша тойын қарсы аламын

деп келген сияқтысыз. Балалар, мыстан апаға арнап шырша тойын қарсы алуға бір тақпақ

айтайық.

Хормен: Қардан аппақ әдемісіз, Мыстан апа,

Шашың күміс жылтыраған мұздай, апа.

Келіп қосыл арамызға қарсы аламыз,

Сіз боп, біз боп Жаңа жыл салтын, апа.

Мыстан: Бәрекелді. Мен ұсқынсызбын деп жүрсем, әдемі екенмін ғой.

Тәрбиеші: Бізге қасқыр, қарға, мыстан апа да қонаққа келіпті, не деген керемет! Кәне бәріміз бірге

тойымызды бастайық.

Тәрбиеші: 1,2,3 (шапалақ шалады) Шырша шамы, жан, жан.

Тәрбиеші: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!

Той дабылын қағып тұрған

Мұнда біз бар!

Естімегендер естіңдер,

Тыңдамағандар тыңдаңдар,

Жаңа жыл тойы басталды,

Бір орында тұрмаңдар!

Қадірменді балалар!

Ашық аспан төгіп нұр,

Қар жамылған дала, қыр.

Есік ашып келіп тұр

Аңсап күткен Жаңа жыл!

Тәрбиеші: Сәлем жолдап жерімізге,

Жақсылық тілеп елімізге

Келді бүгін қонақтар

Жаңа жылдық мерекеге, — дей келе бүгінгі жасыл шырша мерекесінің сыйлы қонақтарына

сөз береміз.

Тәрбиеші: Құрметті ұстаздар, қонақтар, балалар баршаңызды Жаңа 2011 жылмен құттықтаймыз!

Көз салыңдар әуелі

Шыршамызға мәуелі.

Ал, канеки шырқалсын

Жаңа жылдың әуені!

Ән орындалады.

Перизат: Қуант бізді, таңырқат,

Шамдарыңды жарқырат.

Енжарлықты тастайық,

Жаңа жылды бастайық.

Айзерек: Жүзімде күлкі ойнаған,

Қанаттанды жанымыз.

Жаңа жылды біз тойлап,

Шаттанайық бәріміз.

Арсен: Әдемілеп біз ілген

Ойыншықтар тізілген.

Қандай жақсы шыршамыз,

Ән шырқаймыз бәріміз.

Түлкі: Балалар, балалар.

Тәрбиеші: Не болды сонша аптығып, асықпай айтшы, Түке.

Түлкі: Мені Аяз ата жіберді. Сіздерден сүйінші сұрай келдім. Аяз аталарың келе жатыр.

Тәрбиеші: Қуанышты хабар әкелген екенсің ғой. Кел, бізге қосыл. Ал балалар, ендеше Аяз атаны

шақырамыз.

Хормен: Аяз ата, Аяз ата.

Аяз ата: Амансың ба, ұлдарым,

Амансың ба, қыздарым,

Қандай жарқын жүздерің,

Қандай әсем жырларың.

Асулармен алысқан,

Асау желмен жарысқан,

Аталарың сіздерге

Шаршап келді-ау алыстан.

Ақшақар: Алыс-алыс, алыстан,

Көз жетпейтін ғарыштан

Жұлдыздардан самғаған,

Армандардан аңсаған,

Мұхиттардан шулаған,

Дауылдардан тынбаған,

Қырдан дара-қиырдан

Ақшақар келді асығып.

Амансыңдар ма, балалар?!

Аяз ата: Айналайын, балалар,

Бәрің бері қараңдар.

Аяз ата, ақ ата,

Сендерге берер мың бата.

Аңсап жеттім алыстан,

Айлы аспаннан, ғарыштан.

Денсаулық тілеп баршаңа,

Сәттілік тілеп шыршаңа

Келді бізбен Ескі жыл,

Құтты болсын Жаңа жыл!

Ақшақар: Кәне тойды бастайық,

Өнері бар достарым,

Ортаға шық қасқайып.

Кімнің кәне күйі бар,

Кімнің әні, жыры бар?

Өнерліге беретін

Аяз ата сыйы бар.

Ерасыл: Тілеймін мен бар адамға

Жаңа бақыт, жаңа жыр.

Ата-әже, ата-әже,

Құтты болсын жаңа жыл!

Дарын: Тілеймін мен бар адамға

Жаңа бақыт, жаңа жыр.

Әке-шеше, әке-шеше,

Құтты болсын жаңа жыл!

Бағдат: Базарлықты баршаға

Әкеліпті ол тағы.

Қарасын деп тамсанып

Безендірдік шыршаны.

Бекнұр: Қызыл ала шапаны

Сағындым Аяз атаны.

Жылдамырақ келсе екен,

Бізге ойыншық берсе екен.

Алихан: Міне қызық тамаша,

Шыршамыз тұр жараса.

Басында әсем жұлдызы,

Көз тоймайды қараса.

Тәрбиеші: Дарытқан бар асылды өз елінен,

Қыз сұлу көрінеді өнерімен.

Құлпырып қазағымның арулары

Өткендей сұлулықтың елегінен.

Би: Көбелек.

Аяз ата: Иә, Ақшақарым, біз әні мен сәні жарасқан, ұл-қызы өнерлі, халқының бірлігі

мол, берекелі елге келген екенбіз. Мен өте қуаныштымын.

Ақшақар: Иә, бұл өзіміздің аңсап көруге асыққан Жақсыбай елді мекеніндегі М.Б.

Ықсанов атындағы мектеп — балабақшаның шырша тойы екен.

Нұрсая: Жасыл – желек жамылған,

Асыл моншақ тағынған

Міне, әсем шыршамыз,

Көптен күтіп сағынған.

Елнұр: Жаңа жылға сәніміз-

Біздің айтар әніміз.

Келдің бе, аман алыстан,

Сәлем, Аяз атамыз!

Айбатыр: Аяз ата, келіңіз,

Тамашаны көріңіз,

Балаларға арналған

Сыйлықтарды беріңіз.

Елназар: Аяз ата, Ақшақар

Сіздерменен бір болар.

Жаңа өмір, Жаңа жыл

Құтты болсын балалар!

Перизат: Ақ сақалды таяқты,

Қалың қырау қабақты.

Аяз ата біздерге,

Базарлығын таратты.

Ән: Жас дәуірдің түлегіміз.

Би: Өзбек биі.

Түлкі: Алақай, алақай!

Жыл келеді шапқылап,

Қанекей, қарсы алайық жақсылап!

(Көңілді әуен ойналады, Жаңа жыл келеді.)

Тәрбиеші: Қош келдің, Жаңа жыл!

Қуаныш пен шаттыққа кенелейік,

Жадырап ән шырқап тербелейік.

Төрлет, төрлет халқымның құтты жылы,

Бәріміз дөңгелене би билейік!

Жаңа жыл (Қоян): Халқым менің!

Жаңа жылмын мен,

Елді шарлап самғаймын.

Бір күн қызық бір күннен

Бола берсін әрдайым!

Жаңа жылдың бастауын

Сендерменен тойлаймын.

Аман болсын халқымыз,

Арта берсін даңқымыз.

Дами берсін үздіксіз

Жақсы дәстүр салтымыз.

Барыс: Халқыма ырыс қондырған,

Түлекке сәтті жыл болған

Мен – ескі жыл Барыспын.

Ал, Жаңа жыл, қош келдің,

Төрден орын ала біл.

Басқан қадамың құтты болсын,

Ырысың мықты болсын.

Ерхан: Жаңа жыл! Жаңа жыл!

Жаңалық ізде сен.

Жаңа жыл, жаңа жыр

Жазып бер бізге сен.

Серіжан: Ескі жылым Барысқа мың алғыс!

Ризашылық білдіреміз бәріміз.

Барыс жылы біз үшін

Тым ерекше жыл болды.

Ескі жыл (Барыс): Бейбіт күнің жарқырап,

Қоштасамын бүгін мен.

Сіздерді қимас көңілмен

Тарихтың еніп қойнына

Айтамын жүрек сөзін мен.

Келер Қоян жылында

Жақсылық көп болсын ортаңда.

Тыныштық пен бейбіт күн

Болсын деп тілеп әманда,

Қоштасып қол бұлғаймын!

Қош, сау болыңдар!

Барлығы: Қош, сау бол, Ескі жыл!

Бекнұр: Көңілде көп қуаныш,

Әр көңілде жақсылық.

Кетер жылға мың алғыс,

Әкелген көп жақсылық.

Дарын: Жаз күніндей шуақты,

Жыл пейілі қуатты.

Ойыншығы, тәттісі

Таусылмайтын сияқты.

Ақбота: Аспан жерге төгеді,

Ақ күмісін уыстап.

Жаңа жыл да келеді,

Бізге қарай жылыстап

Өлең де әзір, ән де әзір,

Ойын да әзір, бәрі әзір.

Кел, Жаңа жыл, біздерге,

Кел, Жаңа жыл, Жаңа жыл.

Ерасыл: Жас ұланмын шыныққан,

Жасқанбаймын суықтан.

Қардан жасап аққала

Сырғанаймын шаттана.

Көрініс: «Бауырсақ» ертегісі

Ән: Қошақан

Ақшақар: Барыс жылын шығарып,

Қоян жылын қарсы алар.

Кәне, менің достарым,

Әсем бимен ырғалар.

Кәне, менің кішкентай достарым, келіңдер, тұрмайық, би-билейік, дөңгелене зырлайық.

Би: Қара жорға.

Серіжан: Өткен жылға ризамыз

Өсе түсті бойымыз.

Өсе түсті ойымыз

Шырқатады әніміз.

Тәрбиеші: Қоян да өз өнерін көрсетемін дейді.

Қоян: Ақ, қояным, қояным,

Орныңнан тұрсаңшы,

Киіміңді кисеңші,

Бетіңді жусаңшы.

Айнаға қарашы,

Шашыңды тарашы,

Әйбәт киім кисеңші,

Далаға шықсаңшы.

Аппақ қардан аққала,

Жасап кәне ойнайық,

Қыс қызығын тойлайық,

Аяз атаға арнап,

Бір ән шырқап айтсаңшы.

Аяз ата: Ой өркенің өссін, Қояным. Біз де бұл тойға жай келмедік, өзімізбен бірге базарлық,

ойыншық әкелдік.

Тәрбиеші: Қане, балалар, бәріміз қосылып, шыршаны айнала жүріп «Тауда туып, тауда өскен» әнін

айтайық.

Ән орындалады.

Тәрбиеші: Балалар, Аяз ата бармаған әлі талай асулар бар. Біз сияқты балалар күтіп

отыр. Аяз атаны жіберейік. Соңғы рет Аяз ата, Ақшақар, бәріміз бір билеп

атамызбен қоштасайық.

Би биленеді.

Аяз ата: Иә, Ақшақар екеумізді қалада да, далада да өздеріңдей бүлдіршіндер тағатсыздана күтіп

отыр. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Көріскенше күн жақсы!

Ақшақар: Жаңа жыл болсын қуаныш,

Жаңа жыл болсын мереке.

Алдымызда тұрған іс

Өмірге берсін береке!

Бұл күн біздің бәріміз

Қуанатын шағымыз.

Шырша бітті, келер жыл

Кездесерміз тағы біз.

Аяз ата: Қош, сау болыңдар, балалар!

Ақшақар: Сау-саламат болыңдар, достарым менің!

(Әдемі әуен ойналады. Қол бұлғап Аяз ата мен Ақшақар кетеді.)

Тәрбиеші: Мерекеміз Жаңа жыл

Тойында қызық думан бар!

Жаңа жыл – бұл Жаңа өмір,

Сайранда туыс-туғандар

Бақытты болып жыл сайын-

Осылай басты қосайық.

Ашық боп аспан әрдайым

Тыныштық тойын жасайық!

Құрметті ұстаздар, ата-аналар және балалар! Келер 2011 жыл әрқайсыңызға жаңа бақыт, жаңа жыр, жаңа табыс, жаңа нұр әкелсін! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

 

 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.