Мухамбетчиева Жазира Салахиденқызы
Атырау облысы
Құрманғазы ауданы, Жыланды селосы
Д. Нұрпейісова атындағы орта
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Бүгінгі таңдағы білім беру – өсіп келе жатқан ұрпақтың ақыл-ойы мен дамуының, мәдениетінің деңгейін анықтаушы фактор. Мемлекетіміздің елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, экономиканың қарқынды дамуы үшін қазіргі нарық қатынасы талаптарына жауап бере алатын, сыни ойлана алатын, шығармашыл адамдар қажет.Толассыз, үздіксіз өзгеріп тұрған әлем адамнан да қабілет пен қажеттіліктерді толассыз, үздіксіз дамытуды талап етеді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері кезінде адамды қалыптастыруға және кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау: оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу,»- деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер білімді және білімін практика жүзінде қолдана білетін қоғам мүшелерін талап етеді. Сондықтан мектептің міндеті -оқушылардың шығармашылық қабілеттерін барынша ашып, қызығушылығын арттырып, өздігінен білім алуға құштарлығын туғызу, өз бетінше іздене алатын шәкірт дайындау. Ол үшін сабақ құрылымы көп түрлі оқыту әдістерімен толықтырылып, мұғалімнің де дайындығы, ізденісі жоғары деңгейде болуы керек. Барлық жаңа технологиялардың алдымен қоятын мақсаты – оқушының жеке басының және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастыру болса,біздің бағдарламаның міндеті де осымен ұштасқан. Оқушыларды шығармашылыққа баулуда, алған білімді практикада қолдануда, пәннің күнделікті өмірмен байланысын нығайтуда тіл- әдебиет пәндерінің алатын орны ерекше деп ойлаймын. Өйткені,тіл -әдебиет пәндерінің міндеті -сөздік қоры мол, коммуникативтік қабілеті жоғары, тілдік мәдениеті биік, өз ойын еркін жеткізе білетін, адамдармен еркін тіл табысатын, рухани жан дүниесі бай тұлға дайындау.
Осы пәндік міндетті орындау тіл ,әдебиет пәндері мұғалімдерінен үздіксіз іздену мен кәсіби шеберлігін шыңдап, замана көшіне ілесіп, бүгінгі өзгермелі қоғам талабына сай болуды қажетсінеді.
Сондықтан да бұған дейін де бірнеше білім жетілдіру курстарынан өткеніммен, ол менің ішкі сұранысымды қанағаттандыра алмады, оқу үдерісін оңтайландыруда әдіс-тәсілдерді әлі де жетік меңгермегенімді сезіндім. Мен нені үйрету керектігін білгеніммен, қалай оқыту керектігіне келгенде қиналдым. Сол қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында осы курсқа келіп, табысты оқуға жетудің жеті кілтімен таныстым десем болады.
Менің ойымша, бұл курс оқу үдерісіне тың тәсілдер мен оң өзгерістер енгізді. Бұрынғыдай сынып -оқушылардың селқос отыратын орны емес,өзін еркін және жайлы сезінетін ортаға айналды,өлі тыныштық, қатал тәртіп артта қалып,оқушылар қызу талқыға түсіп, сынып жанданғандай әсерде болдым.Сонымен қатар, оқушыларға сыни ойлататын сұрақ қоюды ғана емес, оқушыны тыңдауды үйрене бастадық,оқушыға өз бетінше үйреніп, өзін-өзі реттеп, ізденуді үйрете бастадық. Оқушылардың білімге деген құштарлықтары, оқу үдерісіне деген қызығушылықтары ояна бастады. Ең бастысы бұл жұмыстар жүйелі жүргізілсе,оқу сапасының артып,табысты оқуға қол жеткізуге мүмкіндік береріне сенімім мол.
Бір айта кететін жайт, білім сапасын біз тек қана “Алтын белгі” немесе “грант” иегерінің санымен есептейтін болсақ, онда білім жүйесі үлкен қателікке ұшырайды. Сапа – ең алдымен ғылымда философиялық түсінік. Біз сол арқылы әрбір оқушының қандай дәрежеде білім алғандығын анықтай аламыз. Білім сапасы дегенде екі нәрсені ескеруіміз керек. Біріншісі әрбір баланың өз қабілетіне және қабілетінің ең жоғары деңгейіне сәйкес білім берілуі керек. Екіншіден, ол білім қазіргі қоғамның қойып отырған талабына жауап беретіндей болуы тиіс.
Өйткені, БІЛІМ САПАСЫ – АДАМЗАТ ДАМУ ПРОГРЕСІНІҢ ЕҢ ҮЗДІГІ деп есептеймін.