Атырау қаласы, Абай атындағы
№15 орта мектебінің қазақ тілі мен
әдебиет пәнінің жоғары санатты мұғалімі,
инновациялық оқу ісінің меңгерушісі
Избамбетова Гүлнар Наженқызы
Жоспарланған тізбектелген сабақтар топтамасынан алынған сабақ бойынша есеп
5-сынып, қазақ әдебиеті («Атамұра-2010»).
Сабақтың тақырыбы: «Керқұла атты Кендебай ертегісі»
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады.
Ұлы ағылшын ағартушысы – Уильям Уорд
Менің құрған орта мерзімді жоспарыма сәйкес 4 сабағым да әдебиет пәні бойынша 5-гимназия сыныбында өткізілді. Бірінші сабағымның тақырыбы: «Керқұла атты Кендебай ертегісі». Бағдарлама бойынша бұл тақырыпқа екі сағат бөлінген. Бірінші сабақтың мақсаты оқушылардың өз бетімен ертегі мазмұнын оқып түсінуі және ертегінің қай түріне жататынын айыра білуі болды. Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруды көздеген бірінші сабағымда көздегенім Бағдарламаның басты мақсаты — метасана немесе «Қалай оқу керектігін үйретуді» (Flavell, 1976; Vygotsky, 1978) жүзеге асыру және Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді игере отырып «Диалог арқылы оқытуды» (Merser, 1978; Alexander, 2008) пайдалану, оқушыларды сыни тұрғыдан ойландыра отырып, талантты-дарынды балалардың оқу үдерісіндегі жетістіктерін басқа да оқушыларға ашық түрде үлгі ету, тапсырмаларды жас ерекшеліктеріне сай бере отырып қалай оқу керектігін үйрету, алған білімді түсініп қана қоймай өз өміріне пайдалана алуды қалыптастыру болды. Ол үшін бетпе-бет кезеңінде танысқан Бағдарлама модульдерін тиянақты меңгеріп, тәжірибе барысында орынды қолдануды мақсат еттім. Жаңа Бағдарлама жаңа ілім беріп қана қоймайды, сонымен қатар мұғалімнің өзіне қояр талабын да жоғарылатады. Сондықтан менің де көздеген мақсатым үлкен еңбекті талап етті.
Сабағыма қызығушылық танытушы оқушыларыма мектептегі тәжірибе кезеңінің алғашқы күнінде келесі сабақты өзім жүргізетіндігімді, ертегі мазмұнымен алдын-ала үйден оқып таныса берулерін ескерттім. Шәкірттерім сабақ басындағы жазған рефлексияларында өздерінің тамаша көңіл күймен келіп, аса сабырсыздықпен, қызығушылықпен сабақтың басталғанын күтетіндігін
білдірсе, өзім бұған дейін оқып, жеңіспен Сертификат алған «Ақпараттық Технология Дәуірінің Ұстаздары» жобасының Бас директоры – сабағыма қатысып отырған Американ азаматы Брендон Билл, өз стикеріне бар болғаны «жарық», «жел» (сол күні ауа райы бірқалыпты болғанымен, аздап жел болатын) деп салғырт қана пікір қалдырыпты.
Сабақ жаңа әдіспен бірінші рет өткізіліп отырғандықтан, оқушыларға бір-бірімізбен серіктес бола отырып қарым-қатынасқа түсіп, сабақтың мақсатына жету үшін бірге жұмыстанатынымызды ескерттім.
Оқуды бағалау барысына бірге қатысатынымызды, ол үшін бағалау критерийлеріне сүйенетіндігімізді және топ ережесінің үлгісін ұсындым. Бірінші сабақта топ ережесі мен бағалау критерийлерін өзім дайындап әкелдім. Келесі сабақта бұл жұмыстардың оқушылардың құзырында болатындығы ескертілді.
Балалар ЖигСо әдісімен үш топқа бөлініп отырды. Ол үшін әдемі сәйгүліктер бейнеленген суреттерді пайдаландым.
Сабақтың басынан сурет қиындыларын құрастыра отырып, топ-топқа бөлініп отырудың өзі оқушылардың қызығушылығын тудырды. Бұған дейінгі сабақтарда оқушыларға халық ауыз әдебиеті туралы түсінік берілгендіктен, сабақ басынан әр тапсырмаға сыни ойлана отырып жауап берулерін көздедім. Әр топқа ертегілердің түріне байланысты суреттер таратылып берілді. Балалар ойланбастан ертегінің түрлері туралы және не себепті олар жануарлар туралы, қиял-ғажайып ертегілері немесе шыншыл ертегілер деп бөлінетіндеріне дәлелді жауап берді. Интербелсенді тақтадан көрсетілген Керқұла атқа мінген, сауыт-сайманды батырдың суретін тамашалаған балалар жаңа сабақтың тақырыбын «Керқұла атты Кендебай» деп хабарлады. Сабақтың мақсаты және нәтижеге жету үшін орындалатын тапсырмалар туралы айтылды. Сабақтың мақсаты – ертегінің мазмұнын игеру және «Керқұла атты Кендебай» ертегісі ертегінің қай түріне жататынын анықтау болды. Нәтижесінде балалар бұрынғы дәстүрлі сабақтардағыдай тақырыпты, яғни ертегі мазмұнын мұғалімнің бастан аяқ айтып беруін немесе өз бетінше дайындалып келген үздік оқушының баяндауынан өзгеше болатындығы ескертілді. Бұрынғы сабақтарымызда бір-бірінің желкесінен қарап отыратын, бір-бірімен әңгімелесіп, пікірлесуге мүмкіндігі болмайтын болса, ендігі жерде топтаса отырып, бірге жұмыс істейтіндіктерін естіген балалар қызығушылық танытты.
Әсіресе өз ойларын түрлі әдістермен жеткізу мүмкіндігі, суреттер салып, өз беттерінше дәлелдемелер келтіру балалардың сабаққа ынтасын арттырды. Сабақ барысында талантты-дарынды балалардың жаңа сабақты қабылдау деңгейлеріне ілесе алмайтын оқушылардың осы балаларға ере отырып қалай оқу керектігін үйренулеріне жол ашылды.
Жас ерекшеліктеріне сай балаларға ертегі мазмұнын бірнеше шағын бөлімдерге бөліп ресурстар дайындап, сабақ жоспарының тапсырмаларына сай таратып отырдым. Оқушылар 1-тапсырма бойынша «Кендебайдың балалық шағы» туралы өз ойларын постерге жазып қорғады.
Бұл тапсырманы орындау барысында сыныпта қозғалыс пен балалардың дабыры басым болды. Бірақ емін-еркін достарымен пікірлесіп, ортақ ой түйіп, осы еркіндіктің нәтижесінде өздерін жайлы сезінген оқушыларым сабаққа қатысып отырған мектеп мұғалімдерінен басқа сырттан келген қонақтардың алдында әдептен озбай, бақытты, қуанышты күлкілерімен сабақ атмосферасын жандандырып, ынтымақтастықта жұмыс істеді.
Алғашқы тапсырма үш топқа бірдей берілді. Бағалау өлшемдеріне сай топ мүшелері өз жұмыстарының жүйелі, дәлелді және эстетикалық талғамға сай орындалуына қатты көңіл аударды. Әр топтан талантты, дарынды балалар суырылып шығып, топ атынан сөйледі. Мен бұл сабақта дараланған оқушыларды өз топтарындағы басқа достарына көмектестіре отырып, сабақтың мақсатына жетуді көздедім. Нәтижесінде балалардың бір-біріне деген ықыласы артып, достығы нығая түсті. Алғашқыда жеке-дара жауап беріп, өз пікірлерін ғана жеткісзе, топ ережесіне сүйенген балалар үйрене келе, бір-біріне түсіндіріп, бір-бірін тыңдап, бір-біріне сөз беруді қалыптастырды.
Дәстүрлі сабақтарда оқушылардың сабақ үстінде би билеп, қозғалысқа түсуі аса құптала бермейді. Сергіту сәтінде балалардың көңілді әуенмен демалуы, бақытты балалық шағын ескере отырып, көңілдеріне қуаныш ұялату ұяң балалардың ашыла түсуіне өте жақсы ықпал етті.
Сабақ жоспарының екінші тапсырмасы бойынша балалар «Ер қанаты – ат» деген тақырыппен Кендебайдың Керқұла атқа қалай ие болғандығы туралы «Бір-бірімен бөліскен әңгіме» стратегиясын қолдана отырып жауап берді. Бұл тұста олар әңгіме желісін үзбей, бір-бірінің ойын жүйелі түрде жалғастырып отыруы керек болды. Талантты-дарынды балалар бұл тапсырманы орындауда да алға шықты.
Ертегінің мазмұнын бір-бір сөйлеммен баяндап, келесілері ертегіден берілген үзінді мазмұнын жарыса баяндап отырды.
Сабақ жоспарының үшінші тапсырмасы бойынша ертегінің қалған бөлігі үш түрлі тақырыппен топтарға бөлініп берілді. І топқа берілген тапсырма – «Қойшы баланың мұңы»деп аталды. Балалар қозы бағып жүріп хан зынданында жатқан ата-анасын іздеп жылаған қойшы баланың мұңын тыңдап, оған көмектесуге бел байлаған Кендебайдың іс-әрекеті туралы өз тобында отырып оқып-талқылады. ІІ топтың тапсырмасы – «Алтын құйрықты құлын» деп аталды. Бұл топтың оқушылары Кендебайдың басынан өткізген ғажайып оқиғалары туралы оқып түсінді. ІІІ топтың тапсырмасы «Ертегінің мұраты» деп аталды. Балалар ата-анасына қауышқан қойшы бала туралы, ел мұратын арқалаған Кендебайдың елі туралы оқып игерді. Өз тобында тапсырманы игеріп болғаннан кейін ЖигСо-2 стратегиясы бойынша әр топтан бір-бір бала шығып түсінгендерін келесі топқа барып баяндады. Осылайша балалар жас ерекшеліктеріне сай берілген тапсырмаларды орындай отырып, диалогтік әдіспен ертегінің мазмұнын түгел игеріп шықты. Ертегі мазмұнымен танысу барысында оқушылар ертегінің қиял-ғажайып ертегілеріне жататындығын және оның себебін түсіндіріп отырды. Оқушылардың берген жауаптарына қайталана ашық сұрақтар қойылып отырды.
Ойларын дәлелдеу үшін сыни тұрғыдан ойлана жауап берулері көзделді. Мысалы, ертегінің басты кейіпкері Кендебайдың күн сайын емес, сағат сайын өсіп, алты жылда алып азамат болып, аң аулап халқын асырауы, талай қиындықты жеңіп, жылағанды жұбатуы, халқына қамқор болған Керқұла атты Кендебайдың елінде тұру қарапайым халықтың асыл арманы, ертегінің мұраты деп дәлелдей білді. Балалардың сыни тұрғыдан ойлана отырып жауап берулерін талап ететін сұрақтар талантты және дарынды
балалардың ой ұшқырлығын дамытып қана қоймай, сонымен бірге басқа балалардың да терең ойланып, жоғары дәрежелі сұрақтарға жауап беріп үйренулеріне мүмкіндіктер берді. Үлгерімі орташа оқушылар өз достарынан қалай оқу керектігін, өз ойларын қалай дәлелді жеткізуге болатындығын, топ ішінде өз пікірлерін айтуды, достарының алдында қате айтып қалам деп қысылмай, өз ойларын айта білуге үйренді. Сонымен бірге сыныптағы әр оқушының пікіріне құрметпен қарап, балалар сабақ үлгеріміне қарамастан, кез келген тақырыпта берілген сұрақтарға өздерінің құнды ойларын қоса алатындығына көз жеткізді. Выготскийдің атап көрсеткеніндей «Жақын арадағы даму аймағында» жұмыс істей отырып, оқушылардың когнитивті дамуы жақсарды. Шәкірттерімнің жеткен әрбір жетістігі достарының да өзімнің де тарапымнан қолдау тауып отырды. Олардың еңбегі әрдайым формативті түрде бағаланып, көңілін көтеретіндей мақтау сөздер айтылып отырды. Формативті бағалау барысында балалардың барлығының да аз-көп демей жеткен жетістіктері мадақталып отырды. Себебі сыныптағы бағалау Александер (2011) айтқандай, тек қана техникалық тәсіл емес. Бағалау – одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерінжүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 56-бет.) Мен өз сабағымда формативтік бағалауды оқыту үшін бағалау ретінде қолданудың өте маңызды екендігіне көз жеткіздім. Оқушылардың сабақ айту кезіндегі жіберіліп жатқан аз-кем кемшіліктеріне қарамастан, олардың еңбегін, ынтасын мақтап-мадақтап формативті бағалап отырдым. Кемшіліктерді, яғни қайсыбір қателіктерді өз беттерімен анықтауына талпындырдым. Ол үшін түрткі сұрақтар беріп, олардың әрі қарай терең ойлана жауап берулеріне, жан-жақты ізденулеріне бағыт-бағдар беріп отырдым.
Оқуды бағалау үшін, яғни балаларға жиынтық баға қою үшін бағалау критерийлеріне сүйендік және жиынтық баға ашық түрде қойылды. Оқушы нәтижеге жету үшін өзінің мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен қатар нәтижеге жету жолын да алдын-ала біліп отырды. Ол үшін бағалау критерийлеріне сүйенді.
Мысалы, оқушы «5» деген баға алуы үшін тапсырманың мазмұны ашылу керек, жүйелі баяндалу керек, жауап нақты болу керек, ал постер қорғаған кезде бұл критерийлерге және «эстетикалық талғамға сай болу керек» деген өлшем де қосылатын болды. Егер белгіленген өлшемдердің бірі орындалмаса – «4» деген баға, екеуі орындалмаса – «3» қойылатындығы сыныпта сабақ басында келісілді. Бұл балалардың әділ бағалануының кепілі екендігіне оқушылардың да көзі жетті.
Бағалау критерийлерін басшылыққа ала отырып қойылған бағаларға оқушылар келісіп қана қойған жоқ, келесі жолы жоғары нәтижеге жету үшін қандай кемшіліктерін жою керектігін түсінді.
балалардың жазған рефлексияларынан көтеріңкі көңілдері мен шексіз қуаныштары аңғарылды.
Сабақ соңында Бағдарлама талабына сай өткізген сабағымның қорытындысын шығару үшін балалардың рефлексияларын бақыладым. Балалардың жазған рефлексияларынан көтеріңкі көңілдері мен шексіз қуаныштары аңғарылды.
Бұрынғы сабақтарымызда оқушының көңілін сабаққа аудару үшін басқа да түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, сабақтың қызықты өтуіне жұмыстандық. Бірақ Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздерін басшылыққа ала отырып өткізген алғашқы сабағымның өзінде оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, балалар оқу үдерісіне түгелдей қатысты. Оның дәлелі – сабақ барысындағы балалардың жұмысы ғана емес, әрбір шәкірт жүрегінен шыққан шынайы пікірлері.
Ал сабағымыздың қонағы Брендон Билл мырза «өте көңілді, қызықты, интерактивті, тамаша технологиямен өткізілген сабақ» деп пікір қалдырды.
Сабақтың қызықты да тартымды болуына сабақтың мақсатына жету үшін жоғары дәрежеде пайдалана білген АКТ құралдарының мүмкіндіктері де оң әсер етті. Интерактивті тақта мен компьютердің сабақ үдерісінде оң нәтижеге жету үшін тигізген әсері ерекше болды. Бірақ, өкінішке орай, АКТ құралдарын толықтай пайдалану мүмкіндіктері бола бермейді. Тозығы жеткен мектептің компьютерлік жабдықталуы да шектеулі. Сондықтан оқта-текте компьютерлік кабинеттерде өткізіліп тұратын сабақтардың оқушылар ынтасы мен қызығушылығын арттыруы әбден орынды. Жаңа тақырыпқа қатысты материалдарды аудио-визуалды қабылдау мен көрсетілім оқушылардың алған ақпаратты сақтауының 20%-30% -на ғана әсер етсе де, оқушылар өздеріне берілген тапсырмаларды талқылау, тәжірибе барысында бір-біріне үйрету, білім беру және үйрену барысында жоғары нәтижеге жете алды. Сабаққа қатысқан 14 оқушының төртеуі – «5», үшеуі – «4», екеуі – «3» деген баға алды.
Әрине сабақтың оң нәтижеге жетіп, табысты болуы үшін мұғалім құзыры жоғары дәрежеде болу керек. Ол үшін мұғалім бойында Шульман «мұғалімнің үш көмекшісі» (Shulman, 2007. Мұғалімге арналған нұсқаулық, 8-бет) деп атаған қасиеттер міндетті түрде болу керек. Шульман көздеген кәсіби түсінік пен оқытудың тәжірибелік дағдылары мұғалімнің басты құралы болып келгені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал жүрек жылуын басшылыққа алатын Шульманның үшінші көмекшісі – кәсіби деңгейлік тұтастық, өкінішке орай барлық ұстаз бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет. Мұғалімдер ұстаз
мамандығының этикалық және моральдық құндылықтарын ұстанып, балаға мейірім және құрмет көрсете білетін әділ жан бола білгенде ғана, шәкірт сеніміне ие болып, өзі де жасанды емес құрметке ие бола алады. Оқушы мен ұстаз арасындағы шынай қарым-қатынас орын алғандықтан өз сабағымда жоғары нәтижеге жетіп, балалардың көтеріңкі көңіл күйінің куәсі бола алдым. Осылайша Бағдарламаның жеті модулін қолдана отырып өткізген алғашқы сабағымнан-ақ өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім арта түсті. Өкінішке орай, көпшілік оратада салғырт көзқарас тудырып, көпті тамсандыра бермейтін мұғалім мамандығының өз атына сай дәрежеге көтеріліп, ұстаздар еңбегіне жаңа леп беріп, көптен күткен серпіліс енгізіп отырған Оқытудағы Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері уақыт талабына сай қажеттілік екеніне көзім жетті. Алдағы уақытта, мүмкіндігінше, бұл жаңа әдіс-тәсілдің өзім үшін әлі де болса тың тұстарын меңгере түсіп, тәжірибеме енгізуді алдыма мақсат етіп қойдым. Елбасымыз “Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі
мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр” деп атап көрсеткеніндей, ұстаз алдында жауапты да, қызықты да іс пен үлкен міндет тұр. Ал, Елбасымыздың көрсетіп отырған сара жолын ұстана отырып өскелең ұрпағымызды білім шыңына бағыттау – мен үшін әрі мақтаныш, әрі өмірлік ұстанымым. Және өз білімімді жетілдіріп, кәсіби біліктілігімді арттыра отырып, оқу мен оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді оқу үдерісінде орынды қолданып еңбектенуім – оқытудағы басқару мен көшбасшылығым деп түсінемін. Алдағы уақытта да көшбасшылығымды дамыту жұмыстарын жалғастырып отыру жеке жоспарыма енгізіледі. Сондықтан мұғалім, ата-ана , оқушылар, жалпы мектеп өз тәжірибелерін жетілдіру үшін қатысатын үдерісті басқару мен басшылық ету қызмет ететін мектебімізде мектеп басшысының, қызметтес әріптестерімнің сенімімен өзіме жүктеліп отырғандығы да менің алдымда ашылған үлкен мүмкіндіктердің кілті деп білемін. Қызметтес әріптестеріммен бірігіп жұмыс істей отырып, Бағдарлама мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру жолында талай шәкірттің қанатын қатайтып қана қоймай, білім әлемінде еркін самғауына жол аша аламыз деп ойлаймын. Білім мен ғылым жолында жаңа көзқараспен үлкен жобаны іске асырып отырған елімізде білім ұяларындағы кездесетін кейбір қиыншылықтардың жолын табар деген үмітпен ертеңгі күнге қараймын. Еңбек сіңіріп меңгерген оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерімізді тәжірибе барысында толықтай пайдалану үшін мектептерімізде жаңа заман талабына сай АКТ құралдары жеткілікті болып, ғаламтор желісіне қосылу мүмкіндігі барлық оқу кабинеттерінде қол жетімді болса, талай арман мен мақсаттың орындалары хақ деп сенемін.