Нұржанова Гүлмира Жұмабайқызы
Атырау облысы, Исатай ауданы,
Ю. Гагарин атындағы орта
мектептің бастауыш сынып мұғалімі
«Өмірмен бірге, замандас,
Өзгеру керек қалайда…»
Айтқали Нәріков
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында айқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Қазіргі білім берудің басты мақсаты да сол жан-жақты дамыған, рухани бай жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.
Орыс педагогі К.Д. Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да мәнді, қонымды да тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.
Жаңа педагогикалық технологиялардың ерекшеліктері – өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, инновациялық білімді дамыту, өзгеріс енгізу, жаңа педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу. Бұрынғы оқушы – тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету әдісі оқушыны мұғалімімен, сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге баулиды.
Бұрынғы қолданылған оқыту әдістерінде мұғалім басты орын алып, оқушы тек тыңдаушы ғана болса, сын тұрғысынан шыңдалған ойлаудың арқасында оқушы өзін және бір-бірін оқыта отырып, еркін сөйлеуге, ойын анық жеткізе білуге дағдыланады.
Сыни ойлау — бақылаудың, тәжірибенің ойлау мен талқылаудың нәтижесінде ақпаратты ойлауға, бағалауға, және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни ойлау көбіне қарсы шығуға немесе баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс — әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуды, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқа да сынилылыққа баулуды білдіреді.
Сыни ойлау – оқушылардың қай нәрсеге болса да терең оймен қарап, салыстыра талдау жасап, көзқарасын білдіру, өзіндік менін қалыптастыру , өз ойын тұжырымды жеткізе білуі деп ойлаймын. Сыни тұрғыдан ойлауда ең басты нәрсе-сұрақтың дұрыс қойылуы. Сыни тұрғыдан ойлауға жүгінсек алынбайтын қамалдарды аламыз. Ең бастысы біз осы мақсатты оқушының қажеттілігі мен қабілетіне сәйкестендіріп шеше алдық па? Осы жағын дұрыс ойланып жасасақ, өзіміздің дұрыс жолда екенімізді білеміз.