Без рубрики

Оқу мен оқытудағы жаңа қарқын

Атырау қаласы, Абай атындағы
№15 орта мектебінің қазақ тілі мен
әдебиет пәнінің жоғары санатты мұғалімі,

инновациялық оқу ісінің меңгерушісі
Избамбетова Гүлнар Наженқызы

ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ҚР Үкіметі отырысында сөйлеген сөзінде (Астана қ., 2012 жылғы 11 қыркүйек) Елбасының тапсырмасы бойынша Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспардың қабылданғандығын баяндады.

Бұл – Елбасының білім саласын жаңарту туралы бастамаларын іске асыруда  маңызды механизмдердің бірі болып табылатындығын атап өтті.

Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықты дамытудың төрт негізгі механизмін бөліп көрсетілген. Соның ішінде бірінші механизм – оқыту методологиясы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту болып табылады.

«Министрлік әлемдік тәжірибе негізінде Мемлекеттік білім стандартын жасауға кірісті.
Білім мазмұнын да жаңа міндеттерге сәйкес келтіру қажет.
Оқушылар мен мұғалімдердің субъектілік рөлін дамытуға бағытталған жаңа педагогикалық технологияларды енгізу басталды.
Осы орайда, барлық білім жүйесіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратудың маңызы зор», – деп атап өтті Б. Жұмағұлов мырза.

«Екінші механизм – оқу нәтижелерін бағалау жүйесін жаңарту. Функционалдық сауаттылықты дамыту білім – түсіну – қолдану – жүйелеу және жинақтау сияқты критерийлер бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілдерін талап етеді.
Функциональдық сауаттылықты дамытуда оқушылардың жетістіктерін мониторингтеу мен кешенді бағалаудың маңызы ерекше. Ұлттық  жоспарды іске асыру оқушылардың бойында функционалдық сауаттылықты қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Еліміздің Президенті Н.Назарбаев ерекше көңіл бөліп отырған  білім мен еңбек қызметін меңгеруге жаңа мотивацияны тудырады. Осылайша, әлемдік тренд пен білімге сәйкес келетін мектептің феноменальді моделі негіздерінің бірі қалыптасатын болады».

Республикамызда педагог қызметкерлердің қосымша білім мен дағдылар көлемін алудағы білімдік қажеттіліктерін қанағаттандыру, қазақстандық мұғалімдерге қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайын болуға көмектесуге негізделген Білім берудегі Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін оқыту Бағдарламасының жүзеге асырылуы – Елбасының білім мен ғылым жолында түбегейлі өзгеріс енгізуге жол ашқан тамаша мүмкіндігі.

Бағдарламаның негізгі зерттеушілік идеялары сындарлы оқыту теориясына негізделген (Vygotsky, 1978; Wood, 1998). Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Күтілетін нәтижелер: Оқушылардың қалай оқу керектігін үйренуі; Еркін, өзіндік дәлел- уәждерін нанымды жеткізе білуі; Ынталы, сенімді, сыни пікір көзқарастарының жүйелі дамуы; Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін өз деңгейінде меңгеруі; Сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушының қалыптасуы.

Оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі басты назарға алынады.

Оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас түбегейлі өзгерісті талап етеді. Яғни дәстүрлі оқулардағы оқушы мен шәкірт арасындағы көп жағдайларда оқушы көңілін қанаттандыра бермейтін қалыптасқан заңдылықтар ұстаз бен шәкірт арасындағы серіктестік қарым-қатынасқа ауысады.

Оқушы білімді өз бетімен меңгеріп, өз болжамдарына күмәнмен, сыни тұрғыдан қарайды. Әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігі ұлғаяды. Құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасайды. Белсенді түрде білім жинақтайды. Осының бәріне мұғалім көшбасшылық етіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Оқушы оқу үдерісіне мұғаліммен бірге араласып отырады. Тіпті өзінің және сыныптас достарының білімін бағалауда да өз үлесін қоса алады. Ол үшін бағлау критерийлеріне сүйене отырып, топпен, жұппен немесе жеке жауап берген балалардың еңбегін формативті бағалау оқушының әрі қарай ынталанып оқуы үшін үлкен ықпал етеді. Мектеп тәжірибесінде табысты қолдануға ықпал ететін әдістемелік сипаттағы бірқатар жалпы ұсыныстардан тұратын Бағдарламаның жеті модулі: оқыту мен оқудағы жаң тәсілдер; сыни тұрғыдан ойлауға үйрету; оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау; оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану; оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу; оқытудағы басқару және көшбасшылық болып келеді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде оқыту мен оқудағы жаңа жаңа әдіс-тәсілдермен қаруланған біршама ұстаздар қауымы өз мамандығына деген сүйіспеншілігі арта түсіп, жаңа нәтижелерге жетуде, шәкірттерінің жаңа белестерді меңгеруіне жол ашуда. Осындай әріптестеріміздің қатары күннен-күнге көбейіп, қазақстандық мектеп мұғалімдерінің кәсіби қоғамадстығы аясында белсенді жұмыс істеуге ұмтылуы арта түседі деп сенемін және барша әріптестеріме кәсіби шеберлік пен толағай табыс тілеймін.

P.S. Қазақстан мұғалімдерінің өз тәжірибелерімен алмасуына зор мүмкіндік туғызып отырған 45 minut.kz сайтына, дәлірек айтсақ, сайт жұмысына атсалысушы тілшілері мен жауапты қызметкерлеріне сауапты істеріңізге алланың нұры жаусын деп тілеймін.

 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.