"Қыз Жібек" жырындағы Жібек пен Төлеген бейнесі
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе мектеп- гимназиясы
І біліктілік санатты қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Қойшиева Мөлдір Дулатқызы
Сабақтың тақырыбы: «Қыз Жібек» жырындағы Жібек пен Төлеген бейнесі.
Сабақтың презентация нұсқасын көшіріп алу: «Қыз Жібек» жырындағы Жібек пен Төлеген бейнесі (PDF)
Мақсаты: Жырдың тақырыбын, идеясын, оқиғалар тартысын нақтылай отырып, кейіпкерлер сипатын сан қырынан жан-жақты ашу. Кейіпкерлер бойынан үлгі алып, ізгі қасиеттерді дәріптеу.
Түрі: аралас сабақ Әдістері: пікір алмасу, талдау, жинақтау. (СТО жобасы)
Пәнаралық байланыс: тарих, өнер Көрнекіліктері: электронды слаидтар
І. Қызығушылықты ояту
«Ой қозғау» стратегиясы.
Жырдың мазмұнына сай өнер (І деңгей), тарих (ІІ деңгей), әдебиет (ІІІ деңгей) тақырыптарындағы ұяшықтарды таңдау арқылы сұраққа жауап беру арқылы сыныпты 3 топқа бөлу. Әр оқушының жауаптарына сәйкес жүректің суреті бейнеленген фишкалар ұсыну.
Сары түс- толық емес жауап (3)
Жасыл түс- дұрыс, бірақ кеңінен ашылмаған жауап (4)
Қызыл түс- дұрыс жауап (5)
Өнер
- «Қыз Жібек» кинофильмінің режессеры кім? Сұлтанбек Қожықов.
- 1970 жылы түсірілген «Қыз Жібек» кинофильмі Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Фильм сценарийін жазған кім еді? Ғ.Мүсірепов
- «Қыз Жібек» кинофильмінде Жібек пен Төлеген рөлдерін сомдаушы кімдер?Құман Тастанбеков, Мереуерт Өтекешова.
- «Қыз Жібек» кинофильмінде Бекежанның рөлін сомдаған әртіс? Асанәлі Әшімов
Тарих.
- Жырдағы оқиға қай тұста болған. Жырды жырлаған жыршылар туралы не білесіз?
«Қыз Жібек» жыры шамамен ХҮІІ ғасырда туғанға ұқсайды. Қыз Жібектей арудың трагедиялық тағдыры туралы әр аймақтың әңгімелері алуан түрлі арнамен таласа, ағытылып, бірін-бірі толықтырып тұрады немесе жетілдіріп жатады. Алайда өзінің түпкі жобасынан табаны таймайды. Жырдың бас-аяғы 16 нұсқасы жиналған.. Бұларды жырлаушы қазалылық Мұсабай жыраудың, оралдық Қазақбай Түгелбаевтың, жетісулық Жүсіпбек Шайхысламұлы сынды жыршылар болды.
- Жырда көрініс тапқан салт-дәстүр туралы әңгімелеңіз.
Салт-дәстүрлер
«Қыз көру» (салт). Кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаздар , сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос-жолдастарын ертіп қыз аулына барады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға қақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған.Әрине, қазақ салтында «қыз көру» үнемі бола бермеген.Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен.
Айтыс (дәстүр, өнер) Айтыс – әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын , той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойларына жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Айтыстың түрлері де көп. Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы.
Әмеңгерлік (салт) Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеу қайтыс болғанда оның жесірі “ерден кетсе де, елден кетпек жоқ”, “аға өлсе, іні мұра” деген қағидамен әмеңгерлік жолмен күйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен де негізделген. Жесірді басқа жаққа жібермеудің бірнеше әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туған-туысынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған.
Бата (бата беру, бата алу) ( дәстүр ) Бата – ақ тілеудің белгісі. Ол кез-келген жерде айтыла бермейтін қасиетті ұғым. Ең жақсысын халық “ақ бата” деп қастерлейді. Батаның бірнеше түрлері бар:
– Жас талапкерге бата
– Дастарқанға бата
– Алғыс батасы
– Жаңа айдың батасы
– Наурыз батасы
Теріс бата. Бұл – бата деп айтылғаны болмаса, қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкесінің қолын теріс жайып берген батасы. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылған және ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалған. Атаның теріс батасын алғандарды халық та жек көрген.
Арыздасу (ғұрып). Бұл өмірден өтіп бара жатқан адам соңғы сағатында туған-туысқандарымен, бала-шағасымен соңғы рет тілдесіп, олармен қоштасады. Қатесі болса, кешу сұрайды. Өсиетін, арманын айтады. Бүкіл ел-жұртымен, туған елімен қоштасады. Арыздасу – тірі адамның соңғы тілеуі, ақырғы сөзі. Мұны өлім сәті таянғанын сезген әр адам есі, тілі барында айтып қалуға тырысады. Мұнда ауру жанында отырған адамдар «бақұл бол», «қияметте кездесейік» деп көзіне жас алады.
- Жырдың жинақталып, хатқа түсуі туралы баяндаңыз.
Бірінші рет басылуы 1894 жылы. Кімнен жазып алып, кім шығарғаны мәлім емес, «Қисса Қыз Жібек» деген атпен Қазанда басылған. Жинаушысының сөзіне қарағанда сол кездегі қазақ арасында болған татарлардың бірі тәрізді. Өзі ноғаймын дейді.
«Қыз Жібекті» екінші рет баспаға ұсынған фольклорды көп жинаушы адамдардың белгілі бірі Жүсіпбек Шайқұл Ислам (1900ж). 1894 жылдан бері Қазанда талай рет басылады. Совет үкіметі кезінде тағы да үш рет басылып шықты (1933ж, 1939ж). Ең соңғы басылуы 1957 жылы (Қазақ Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты).
- Жырдағы жағалбайлы елі мен шекті елінің мекен еткен тұрағы қай жер?
Жырда жағалбайлы елінің қонысы Қара теңіз жағасы бұл Каспий (Атырау) теңізі. Сол кездегі шектілердің қонысы Ақжайық болған.
Әдебиет.
- 1. Төлегеннңі өскен ортасы, әкесі мен анасының оған деген мейірімі жырда қалай көрсетілген?
- 2. Жыршы Жібектің сипатын қалай бейнелейді?Жырдан үзінді келтір.
- 3. Жырдағы Қаршыға, Шеге сияқты адамгершілігі мол, сыйлы азаматтар туралы өз пікіріңізді айтыңыз.
- 4. Қай оқиға суреттелген? Жырдан үзінді келтір. Төлегеннің алты қазбен қоштасуы.
ІІ. Мағынаны тану
Тақтада үш қыздың көші бейнеленген суреттер жапсырылады. Әр көштің пәуескесінде тапсырмалар жасырылған. Әр көштен өткен сайын тапсырмалар деңгейі күрделене түседі. Ең соңғы көш Қыз Жібектің көшіне жетулері қажет. Тапсырмалар тотпа орындалады. Тапсырмаға жауап берген оқушыларға фишкалар үлестіріледі.
І деңгей
- Төлеген мен Жібектің кескін-келбетін, адамгершілік, арлылық, жан сүйсіндірер қылық мінездерін, екі жүректің шынайы махаббатын жырдағы нақтылы оқиғаға сүйене отырып айтып беріңдер.
- Төлегеннің сүйіспеншілік талабына бөгет болған төрт түрлі қара күш кедергі бар. Соны атап көріңіздер.
- Төлеген мен Бекежан қандай образдар?(Венн диаграмасын қолданыңыз)
ІІ деңгей
- Бекежан болсам мен егер…
- Егер Төлеген Шекті еліне бір күн кешігіп шыққанда, оқиға ары қарай қалай жалғасуы мүмкін еді?
- Айналайын жеңеше-ау,
Төлегеннің мен білдім
Бір кеткен соң келмесін,
Жарық дүние опасын
Білдім көзге ілсем.
Егер Қыз Жібек Төлеген кетер кездегі түсін былайша жорыса не болар еді…
ІІІ деңгей
- Жібектің Сансызбайға қосылуына қалай қарайсыңдар? Оның түпкі тамыры неде?
- Жырдағы Қыз Жібек бейнесі сіздерге қандай қасиеттерімен ұнады? Қыз Жібек сияқты ибалы, тәрбиелі қыздар туралы не айтар едіңіз? Қазіргі кезде ондай қыздар кездесе ме?
- Төлеген алыс та азабы мол жолға неліктен бел байлады, оған не себеп болды, оны нендей арман жетектеді? Төлегеннің бойындағы қандай қасиеттерді өздеріңізге үлгі тұтасыздар? Төлеген сияқты сезімге адал, махаббатқа берік жігіттер туралы не айтасың? Қазіргі кезде ондай жігіттер кездесе ме?
ІІІ. Толғаныс
«Еркін жазу» стратегиясы
«Адал сезім бар кезде арамызда…»
Мына суретте Төлеген мен Жібектің бір-бірімен әңгімелесіп отырғаны берілген. Бірақ дыбысы шықпай тұр. Сендер Төлеген мен Жібектің не туралы сөйлесіп отырғанын болжап, диалог құрастырасыңдар. Диалог құрастыру барысында Төлеген мен Жібектің бет ажарына, бет қимылындағы өзгерістерге назар салып отырыңдар
Үйге тапсырма: Егер сіз шет елде оқысаңыз өзге елден жиналған құрбыларыңызға қазақ ауыз әдебиетінің асыл қазынасы, мәңгілік махаббат гимініне айналған «Қыз Жібек» жырын қалай таныстырар едіңіз… «Мәні терең, көркем жыр тақырыбында» ой толғам жазу.
Бағалау.
