Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Сегізбай селосы Тасбұлақ орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі Кабиева Гаухар Кажикеновна
«Арманы асқақ оқушы» байқауына қатысушы Сванкушуков Бекнұр
Бастауыш сынып – оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды, қайталанбас кезең. Сондықтан да бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Оқушының өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты. Бастауыш сынып оқушыларының қабылдау мүмкіндіктері әр түрлі болады. Дегенмен әр баланың әр нәрсеге бейімі болады. Бейімділік – оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі.
Осыған орай мен өз 3 – сыныбымдағы Сванкушуков Бекнұр жайында айтқым келеді.Ол бірінші сыныпта – ақ өзінің ерекше бала екенін байқатты. Ол өте таза, ұқыпты, тәртіпті оқушы. Әр сабаққа тыңғылықты, өте мұқият, тиянақты әзірленеді. 2 – сыныптан бастап Бекнұрдың қызығушылығы, логикалық ойлауы ерекше екенін аңғардым.Ол суретке әңгіме құрағанда, шығарма жазғанда өте мазмұнды, мәнді етіп жазады. Сол оқиғаның ішіне өзі де кіріп кетеді.
Теңеу сөздерді қолданып, салыстырып әңгіменің мазмұнына сәйкес мақал – мәтелдерді мысал ретінде келтіре отырып дәлелдеп жазғанда, іштей көңілің толып, риза боласың. Бекнұр жан – жақты болып өсіп келеді. Қазан айында болған облыстық интеллектуалдық «Айналайын» конкурсына да қатысты. Мектепішілік сайыстарға да белсене қатысады. Би өнеріне де бейім. Ұлттық билерді нақышына келтіріп тұрып билейді.Анасы да қажетті киімдерін сатып әперіп, тігіп беріп, әр кез баласының тілегін орындап, демеуші болып жүреді. Мектепте болған «Халықтар достығы» фестивалінде қазақтың «Қара жорғасын», «Орыстың пляскасын» билеп жиналған жұртты тамсандырды.
Бекнұр қазір сынып үздігі, сыныпта староста қызметін атқарады. Оқушылармен тез тіл табысады.Әрдайым адамгершілікті, кішіпейілділікті, еңбекқор болуды, білімді болуды қолдайды. Өскенде сіз сияқты ұстаз болғым келеді дейді.Балаларды оқуға үйретіп, тәлім – тәрбие беріп, егеменді еліміздің саналы азаматтар қатарын көбейтсем дейді.Мен Бекнұрдың асқақ арманының орындалатынына сенемін.Ол алдына қойған мақсатына жету үшін қазірден бастап талмай еңбектеніп, оқып, білім алып жатыр. Бекнұрдың келешегі жарқын болсын!