«Сыр-сандық»

Ақтөбе қаласы. Заречный мектеп- балабақшасының
тәрбиешісі  Мухамбетпайзова Нурила Рахметовна

Ересектер  тобындағы «Сыр-сандық» ойын- сауығының  сценариі.

Мақсаты:  Балдырғандар мен тәрбиешілердің, ата-аналардың халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, ұлттық қолөнер туралы білімдерін, танымдарын кеңейту. Көтеріңкі көңіл-күйге бөлеу.
Қажетті құралдар: Әріптер, зырылдауық, белгілер, сандық.

Ойын барысы:

Залдың ортасындағы үстелге зырылдауық қойылады.

Жүргізуші: Құрметті балалар, тәрбиешілер, ата-аналар! Алдын ала келісім, даярлығымыз бойынша бүгін біз «Сыр-сандық» білімдік-танымдық сайысын өткізгелі отырмыз. Алдымен ойынға дайындығымызды байқап көрейік.

Өзгермейтін сөздер.

Ата-аналарға:

Оңға оқы сол санмын,

Солға оқы сол санмын.

Өзгермейтін қайсармын,

Білсең айтшы, қай санмын? (қырық).

 

Иә, «қырық» қазақта қасиетті сан болып саналады. Мысалы «қырықтың бірі – қыдыр» деген сөз бар, бала дүниеге келгеннен кейін қырық күннен соң қырқынан шығарады, адамды ғайып ерен қырық шілтен періштелері қорғайды деген наным бар. Т.б.

Тәрбиешілер мен ата-аналарға:

Оңға оқы – ешкімін,

Солға оқы – ешкімін.

Сәл кішілеу демесең,

Бойымда жоқ еш мінім. (шыбыш).

 

Қой мен ешкі – егіз түлік. Қойға қарағанда, ешкі өсімтал. Ешкі егізден, кейде үштен лақтайды. Соны сезген халық «Есің кетсе, ешкі жи, ешкі жи  да есің жи» дейді.  «Сойып жесең бір күндік, сауып жесең мың күндік» деп ешкі етінің аздығын, ал сүтінің молдығын, құнарлы, нәрлілігін білдіреді. Ешкіні де жасына қарай бөлген. Лақтан үлкен, тушадан кіші ешкіні шыбыш деп атаған.

Алғашқы әрпін өзгертсең…

Баста мені «қ» менен

Байлығы мол бір малмын

Баста мені «т» менен,

Қонағы көп думанмын. (қой – той).

Қой малы қысы қатал, жазы ыстық суыққа төзімді, қысы-жазы өз аяғымен жайылып күн көретін, көп күй таңдамайтын өсімтал мүлік. Соны жақсы білген мал өсірген халық: «Малды болсаң, қойды бақ, май кетпейді шарадан», «Қойдың сүті – қорғасын» деп, қой өсіруді дәріптеген.

Адам өмірінде көптеген оқиғалар болады: қуаныш та, реніш те кездеседі. Аталарымыз өмірдегі қуаныштарын тойлай білген. Мысалы шілдехана, бесік той, сүндет тойы, мүшел той, үйлену тойы, тұсау кесер, т.б.

«к» ден бастасаң – қалаңмын,

«ж» дан бастасаң – тағаммын.  (кент-жент).

Бабаларымыз көшпенді халық болғанымен тарих, мәдениет орталықтары бар үлкен қалаларымыздың да болғаны белгілі. Мысалы, Отырар, Созақ, Сығанақ т.б. қалалар.

«Ас -адамның арқауы» дейді атамыз қазақ. Қыста да, жазда да ат үстінен түспей мал баққан, көшіп-қонған, қыста сұрапыл боранмен, жазда ыстықпен алыса отырып, төрт түлігін өргізген бабаларымыз жеген асының, ішкен суының нәрлілігіне мән берген. Сол нәрлі тағамдардың бірі – біздің ұлттық мақтанышымыз – жент.   Женттің құрамында сөк, талқан, сары май, мейіз, кейде ірімшік, кейде бал болады. Сондықтан да ол көпке дейін адамның қарнын аштырмайды.

 

Ал енді «Сыр сандық» ойынын бастаймыз.

 

І  бөлім. Киіз үй сүйегіне байланысты.

а) тәрбиешілерге, ата-аналарға:

Шаңырақта жауын шашын іркілмес үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштар. (Күлдіреуіш).

ә) балаларға:

Киіз үйдің негізгі қаңқасы. (Кереге).

ІІ бөлім. Киіз үйдің жиһаздарына байланысты.

а) Тәрбиешілерге, ата-аналарға: киімдерді, т.б. заттарды іліп қою үшін қолданылатын үй жиһазы. (адалбақан).

ә) балаларға:

Әртүрлі жүннен тоқылған төсеніш (алаша).

ІІІ бөлім. Салт-дәстүрге байланысты.

а) балаларға:

Кішкентай бала тәй-тәй  жүретін кезінде жасалатын рәсім (тұсау кесу).

ә) Тәрбиешілерге, ата-аналарға:

Әлі туылмаған балаларын ниеттеп атастырған құдалар (белқұда).

ІҮ бөлім.

а) Тәрбиешілерге, ата-аналарға:

Қазақтың үрмелі ұлттық  аспабы (сазсырнай)

ә) балаларға:

Қазақша жыл аты (Ит)

Соңында жеңімпаз ойыншы анықталып, сыйлықтар тапсырылады.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше