"Арманы асқақ оқушы" байқауы

«Арманы асқақ оқушы» байқауына қатысушы — 10-класс оқушысы Мейрамбекова Айым Нұрболқызы

«Арманы  асқақ  оқушы» байқауына қатысушы — 10-класс оқушысы
Мейрамбекова Айым  Нұрболқызы

Ақтөбе қаласы  Үш тілде оқытатын  №21 орта мектеп-гимназиясының
тарих пәні мұғалімі Сәрсенбаева Сәулет Жамаладинқызы   

Мен интеллектуалдық сайыстарға, ғылыми жоба қорғау, зерттеу жұмыстарына, пәндік олимпиадаларға қатысып, жан-жақты терең білімін  көрсетіп жүрген оқушым- Мейрамбекова  Айым жайында айтқым келеді.
Айым төменгі класта оқып жүргенде-ақ ұқыптылығымен, білімге құштарлығымен, жауапкершілігімен, тапсырылған жұмысты уақытында орындай білетіндігімен, ізденімпаздығымен ерекшеленді.

7-класта  «Дарын» ғылыми жоба қорғау сайысына «Қазақстандағы ерте орта ғасырлардағы архитектуралық ескерткіштер» атты ғылыми жоба зерттеу жұмысын жазып, республикалық деңгейінен Мақтау қағазын алды. Айымның өзі   осы републикалық Дарын сайысынан алған әсерін былай деп әңгімелейді: «Жарыстың републикалық  кезеңіне қатысу мен үшін үлкен жаңалық болды. Бойымда сенімділік онан әрі бекіп, менің ғылыми зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығым арта түсті»

Айым «Қазақстандағы діни конфессияаралық келісім» атты қалалық дін тақырыбындағы конференцияда ІІІ орын иеленді.
Облыстық, республикалық Кіші Ғылым Академиясының ғылыми жоба қорғау сайыстарына да қатысып, жүлделі орындар иеленді. Биылғы оқу жылында Дарын ғылыми жоба қорғау сайысына қызу дайындық үстінде. Бұл жолғы зерттеу  тақырыбы — «Мың бала жасағы мен Сартай батыр Байжанұлы». Бұл тақырыпты жазуда Айым үлкен ізденіс жұмыстарын жүргізіп, Сартай батыр, Бүкірек батыр т.б. батырлар жайында қызықты деректер тауып, ғылыми жұмысын тереңдете білді.
Айым болашақта философия маманы  болғысы келеді және өзіне үлгі тұтар тұлғасы мен бұл мамандық иесі болуын былай түсіндіреді: «Әр адамның өмірінде өзіне үлгі тұтатын тұлғасы болады. Менің  де өзіме үлгі тұтарлықтай, еліктейтін тұлға бар. Ол – әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, зерттеуші Әбу Насыр Әл-Фараби. Ол «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» деген.

Әл-Фараби адамдардың өзі көздеген масатына жетуі оның өзіне байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды. Ғалымның еңбектері, өмірі мен шығармашылық жолы, қанатты  сөздері, ұлы ойлары адамды толық жеке дара тұлға ретінде қалыптастырады. Оның өмір жолы, еңбектері мен ғылыми жұмыстары – барлығы маған үлгі болып табылады».

«Мен де болашақта философия ғылымының маманы болуды алдыма мақсат етіп қойдым, — деп жалғастырды өз ойын Айым. — Сонымен қатар, осы ғылымды, мамандықты  игеруде маған Әбу Насыр Әл-Фараби секілді ғұлама ойшылдардың сөздері мен еңбектері және өзімнің тынымсыз ізденуім, білімге құштарлығым  көмектеседі деп ойлаймын».
 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.