Қызылорда облысы, Арал қаласы №71 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахметова Самал Ағытайқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ойын
технологиясын қолданудың тиімділігі
ҚР-ның білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Мектептегі білім сапасы сапалы даярланған педагогтармен айқындалады.Олар бұл білімдерін әртүрлі әдістермен білім алушыларға береді»-деп кәсіби даярлықтың жоғары сапалы қол жетімділігі- кәсіби сауаттылық негізі екенін анықтап берді.
Сапалы білім беру қызметін көрсету-педагог алдында тұрған міндет,сондықтан педагог кадрлардың білім сапасын арттырып,инновациялық әрекеттерге дайындаудың маңызы ерекше.
Педагог мамандардың кәсіби деңгейін ұдайы көтеріп отыру,олардың теориялық білімін,әдістемелік білігін үздіксіз жетілдіру,оқытудың озық әдіс-тәсілдерімен қаруландыра отырып,шығармашылық жұмыстарына жол көрсету,яғни мұғалім мамандығын жетілдіру-«Нәтижеге бағытталған білім беру негізі» болып табылады.
Атақты педагог-ғалым В.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық-бұл адамтану,адамның күрделі және қызықты,шым-шытырығы мол жан дүниесіне үңіле білу.Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер-ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады»-деп мұғалімдік өнерге ерекше баға берсе,Ушинскийдің « Бала балқытылған алтын,оны қандай қалыпқа құйып,қандай мүсін жасаймын десе де мұғалімнің қолында»-деген екен.
Жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру әрбір ұстаздан шығармашылықпен жұмыс істеуді,үлкен ізденісті талап етеді.
Алдыма қойған мақсатым-оқушыларға ана тілін құрметтей білетін,өз бетімен дами алатын,өмірдің қиындықтарына төзе білетін,белсенді, білімді жеке тұлға қалыптастыру.
Оқушылардың білім-білік дағдыларын жетілдіру мақсатында сабақтарымда ойын технологияларын үнемі пайдаланып отырамын. Бұл технология, дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді,өйткені ол оқушының ойлау,елестету мен есте сақтау қабілеттерін,ынтасын,белсенділігін,білім сапасын арттыруға көмектеседі.Әр оқушының мемлекеттік (стандартқа) деңгей алуына кепілдік береді.
Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың даму деңгейі де әрбір оқушыдан сапалы және терең білім алып,олардың шығармашылықпен жұмыс істеуін,ойлау қабілетінің болуын талап етеді. Ойын технологиясын қолданудағы мақсатымды жіктеп айтатын болсам;
1.Оқушылардың мемлекеттік білім стандарты талаптарына сай білім алуын қамтамасыз ету.
2.Оқушыларды пәнге қызықтыру,ынталандыру,оларды өз қабілеттеріне,мүмкіндіктеріне сенуге дағдыландыру.
3.Оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу дағдысын дамытып,шығармашылық белсенділігін арттыру.
Ойын технологиясын жүзеге асырудағы қызметімді желі түрінде көрсетуді жөн көрдім.Осы технология бойынша 7 сыныпта « Тұйық етістіктің түрленуі» тақырыбы бойынша ашық сабақ өткіздім. Сабақтың әр кезеңінде ойын элементтерін қолдандым.
Үй тапсырамасын «Шашу» шашу арқылы сұрадым. Әр оқушы өзінің «Тәттісінде» жасырынған тапсырамасын ашып, үйге берілген тапсырмаға жауап берді.
Үй тапсырмасы тексеріліп болған соң, оқушыларды екі топқа бөліп, топтық жұмыс жасадық.
«Арқан тартыс» ойыны арқылы 210-жаттығу бойынша тұйық етістікті теріп жазу, қандай жалғау түрлерін қабылдап тұрғанын анықтау.
«Қанталапай» ойыны арқылы 211-жаттығу бойынша тұйық етістіктерді тәуелдеу, септеу және көптеу.
«Сақина салу» ойыны. 212- жаттығу бойынша есім сөздерден тұйық етістік тудыру,сөйлем құрау.
«Теңге алу» ойыны. 213-жаттығу. Мұнда әр топтан екі-екі оқушыдан ойынның осы түрі арқылы заттық және қимылдық мағынадағы тұйық етістіктерге мысал келтіріп, тәуелденген, септелген түрлерін пайдалана отырып, диалог құруы керек.
Сабақ «Орамалтастамақ» ойыны арқылы бекітілді. Оқушылардың жұмысының нәтижесі ұпайлық жүйемен бағаланды.
Ойын технологиясы арқылы оқушылардың қызығуларын,қажеттіліктерін ескеру негізінде қалыптасатын дәлелді оқыту сапасын арттыруға,оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік туғызады.
Ойын технологиясының оқыту жүйесінің сапасын арттыруда тиімді жақтары көп. Біріншіден,сыныптағы оқушыларды жұмыспен қамтамасыз етеді,әрбір оқушының белсенді түрде қатысуын қадағалайды,белсенділігін оятуға түрткі болады.Екіншіден,өз бетімен жұмыс істеу оқушылардың біліміне ғана әсер етпейді,сонымен қатар тәртібімен мінез-құлқына да тигізер ықпалы зор.Оқушыларды тиянақтылыққа,бастаған ісін жемісті аяқтауға,төзімділікке,ұстамдылыққа тәрбиелейді.