Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы
С.Қожанов атындағы орта мектебінің ағылшын пән мұғалімі
Қасымова Гүлзада Төлегенқызы
Сыныбы: 7 “Г”
Күні: 8.10.2009 ж.
Тақырыбы:Сұлтанбек Қожанов “Ғибратты ғұмыр”.
Көрнекілігі: буклет, интерактивті тақта, плакат.
Мақсаты: Ұлтымыздың біртуар марғасқасын еске алып, ұлағатты өмірін ұрпаққа өнеге ретінде насихаттау.
Қазіргі тәуелсіздік алған еркін Қазақстан- өзінің, 20- шы ғасырда халық үшін қалтқысыз еңбек еткен халқымыздың зиялы қауымдарының еңбектерін жете зерттеуге кірісіп, ол кісілердің рухани бет-бейнесін айшықтайтын талай құнды дүниелерді дәлелдей отырып, бетке ұстар балқаймақтарымыздың жазықсыз жапа шеккендігін емірене еске алу, адамзат баласына, әсіресе қазақ жеріне өте ауыр тиді. Міне осындай патриоттарымыздың бірегейі- көрнекті мемлекет қайраткері, публист, ұстаз, ақын, дипломат- атамыз Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов.
Кеңестер Одағының бірінші хатшысы Иосиф Виссарионұлы Сталиннің өзі- Ортаазияның Шыңғыс- ханы деп мысқылдаған кезінде, Грузяның князі- деп өзіне кері жауап қатып, тайсалмай бетке айтатын қайсар мінезді тұлға болған.
20-шы ғасырдың алғашқы жылдарында Өзбекстан Компартиясы хатшысының орынбасары қызметінде жүргенде, Кавказ аймағындағы іссапарында өзінің көреген дипломат екендігін талай рет дәлелдегеніменен, елдің беріктігін сақтау мақсатында қазақты- қырғизия деген де, қазақия деп дәлелдеп халқымыздың салт-санасын ұлы дәстүрлерін дәлелді дәйектермен дәлелдей білді. Сол үшін зардабын да тартты. Халық жауы – деген қаралы жала қамытын кию Қожановтың да еншісінде болған оқиға.Ол өзі дүние салған соң, бақилық кезінде ақталды.Зайыбы Гүләндам да халық жауының зайыбы- деген жаламен тұтқындалып, Алжирде өзінің 11 жылын сарп еткізді. Бірақ халық жадында сақталып қалған қаhарман тұлға есімімен қазірде бірнеше елді мекендердің, мектеп, көшелердің аты Сұлтанбек Қожановтың есімімен аталады.
1-жүргізуші: Қош келіпсіздер құрметті де, аяулы ұстаздар. Бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатымыз Сұлтанбек Қожанов атамызға арналмақ. Тәуелсіздік тамыры өткен 1000 жылдық дөңгеленер тұста қалды. 20- шы ғасырда сол 100 жылдықта енді ешқашан қайталанбас қанды тәжирибие жасалған ағы мен қарасы аралас сол алабажақ кезеңде өмір кешкен азаматтарымыздың ұлт азаттығын көксеген, ұлт мүддесін көздеген күресі жайындағы ащы шындық бізге әліде таңсық, көпжәйіт бізге әлі де беймәлім.
2- жүргізуші: Иә, сондай азаматтарымыздың бірі Сұлтанбек Қожанов. Есімі, атқарған істері терістеліп, ұмыттырылуға жатқызылды. Сұлтанбек Қожанов Сталиндік қара тізім бойынша атылды.
-
Жүргізуші: Ендеше бүгінгі ұлтымыздың біртуар марғасқасын еске алып, ұлағатты өмірін ұрпаққа өнеге ретінде насихаттау мақсатында өткізгелі отырған “ Ғибратты ғұмыр” атты ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
(Буклет) таныстыру: Ұлданай.
2 – жүргізуші: Өлең сөздің патшасы сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы- деп Абай атамыз айтпақшы келесі кезекті қара өлеңге береміз.
Дарын: Дүние күнде өтеді, түнде өтеді.
Көңілге өлең айтсаң, кір кетеді.
Болғанда дүние бүркіт, адам түлкі
Бір күні қуып жүріп індетеді.
Абзал: Өтер жылдар- қайғырармыз, күлерміз,
Өтер жылдар- сарғаярмыз, кеберміз.
Өтер жылдар- қартаярмыз, өлерміз
Бірте- бірте құрып, шамдай сөнерміз.
Айдын: Мендағы өлең жазсам ұнамайма,
Ақынды жоқтан барғып құрамай ма?
Өлең ғып ұйқастырып тізіп қойсам,
Бір надан білгішсініп сұрамай ма?
-
Жүргізуші: Мен қазақпын биікпін байтақ елмін
Қайта тудым өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім …
-
Жүргізуші: деп Жұбан Молдағалиев атамыз айтқандай келесі кезекті Отан туралы әнге береміз. ( Гүлмира)
-
Жүргізуші: “ Мағжан мен Сұлтанбектің кездесуі” көрінісін қабыл алыңыздар.
Ташкент. Сұлтанбек Қожановтың кабинеті. Кабинетте Мағжан екеуі.
Сұлтанбек: (даусын соза) Иә-ә … Сен ақынсың. Ақын екеніңе еш шүбәм жоқ. Дегенмен…
Мағжан: Сұраңыз. Көңілде күдігіңіз қалмасын.
Сұлтанбек: Осы сені кімнен сұрасам да, кіммен сөйлессем де баяғыны, ескілікті көксеуші ақын дейді. Соның сыры неде? Сен қай ескілікті көксеп жүрсің?
Мағжан: ( күледі). Сұлтеке, ол өзі кішкене түсініспеушіліктен туған пікір.Өзіңіз- ақ ойлаңызшы, ақын өз елін, жерін сүймесе ақын ба? Ал, елін- жерін сүйген ақын оның тарихына да теріс қарай алмайды. Мен қазақтың ескілікті хандары, батырлары, билері туралы ой толғаған өлеңдер жазғам, бір емес, бірнеше өлең жазғам.Соларды атүсті оқи сала айтып жүргендері шығар.
Сұлтанбек: Мысалы, біреуін оқып бере саласың ба?
Мағжан: Әрине. Тек сіздің уақытыңызды алам ба деп…
Сұлтанбек: Оқы. Ауыр, бітпейтін жұмыстан қолым қалт еткен сәт.Сосын да сені әдейі шақырттым.Өз аузыңнан естіп,өз үніңмен тыңдағым келді.
Мағжан: Ендеше оқиын. (еңсесін тіктеп, өлең оқуға кіріседі).
Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды
Көрмесең көкіректен шер кетпейді.
Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей
Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.
Арқада Бурабайға жер жетпесе,
Алашта Кенекеме ер жетпейді.
Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!
Дариға, жүрегімді дерт өртейді!
Бұл- менің қазақтың ханы Кенесары туралы жазып жүрген шағын поэмамнан үзінді.Осылай жалғаса береді.
Сұлтанбек: Әрі, әрі қарай.
Мағжан: Тағы да жалғастырайын ба?
Сұлтанбек: Иә.Жалғастыр.
Мағжан (мақаммен оқиды)
… Алашта талай-талай ерлер өткен,
Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?
Сүйремей елін өрге, көрге сүйреп,
Ер емес, “ершіктер” ол елджі еңіреткен.
Жалғыз-ақ Кенекем ғой қайрат қылған,
Қазақты құтқарам деп қалың өрттен…
Сұлтанбек: Жә- жә.Ал енді.. сені не үшін шақырдым, соған келелік. Менің білуімде, сен өлеңдер жинағын әзірлеп, соны шығара алмай жүрген сықылдысың. Осы рас па?
Мағжан: Рас қолжазбам әзір.
Сұлтанбек: Сол қолжазба қайда?
Мағжан: Міне, оны өзіммен бірге алып жүремін ( сөмкесінен қолжазбаны шығарады). Бір жерге қалдырсам, біржола айырылып қалатындай қорқамын.Қанша дегенмен іштен шыққан шұбар жылан…
Сұлтанбек: Мұны маған бер.
Мағжан: Жоқ , атай көрмеңіз.Жоғалып кетсе.
Сұлтанбек: Маған кейбір жолдастар айтып еді, Мағжан қолжазбасын ешкімге ұстатпайды да, бермейді деп. Сол рас болды. Дегенмен, ойлан. Менде ептеп өлең түсінетін hәм оның қадірін білетін қазақ шығармын.
Мағжан: ( ұсына беріп) Қайдан білейін. Жалғыз данасы.
Сұлтанбек: ( қолжазбаны қолына алып тұрып) Мен мұны қарап шығайын. Сені шын түсіну үшін осылай түгел қарап шықпай болмас. Әйтпесе, шындыққа көз жетер емес. Ұнатпасам-ренжиме. Онда сөз басқа. Ал енді ұнап жатса, өзім алғыс сөз жазамын. Өзім бастырамын. Келістік пе?
Мағжан: Келістік. Тек жалғыз дана.
Сұлтанбек: Ол жағынан алаң болма. Мендегі зат жоғалмайды. Ал ендеше сау бол. Хабар өзімнен болады.
Мағжан: Сау болыңыз!
Сұлтанбек: ( іштей күбірлеп) Осы Мағжанды маған мақтаған бір қазақ жоқ, бәрі даттайды. Ол- ұлтшыл, ол- ескілікті көксеуші. Ол бүгінгі заманды жек көреді. Барлығының айтары осы. Ал шын мәнінде… Әй, сорлы қазақ-ай! Бірін-бірі көре алмайды. Біріне-бірі жау. Осы күні қазақты қудалап жатқан ешкім жоқ, өзін-өзі қудалап жүр. Бұл қазақ түбінде өзіне-өзі жау болмаса неғылсын. Өзіне-өзі пышақ салып алмаса….
2-жүргізуші: Хор «Атамекен».
1-жүргізуші: Сұлтанбек Қожанов туралы тірек сызба жазу.
2-жүргізуші:Биші бикеш ойқастап,
Оңға солға бой тастап
Жауған қардай қалықтап
Құйындай құйғып шарықтап
Мүдіруді білмеген
Бұрала толқып билеген-демекші, келесі кезекті мың бұралған бишілерге берсек.
1-жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем әнмен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең менше сүй-дегендей әсем әнге құлақ салсақ.
Қорытынды: Біздің халқымыз ер ұлдарын мақтаныш етеді, құрметтейді. Оларды есте қалдыру үшін аудан, ауылдарға, көшелерге, мектептерге аттарын береді, ескерткіштерін қойып, мұражайлар ашады.Бұл-перзенттеріне деген халық құрметі. Бізде қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов атамыз секілді Отанымызды сүйіп,ұлтжанды азамат болып өсейік!