ТАҢЖАРЫҚОВА ЛӘЗЗАТ КАМАҚЫЗЫ
Әйтеке би кенті, №170орта мектеп
Ел мен ел, халық пен халық жиі араласып, халықаралық қатынастар ерекше көтеріліп жатқан қазіргі таңда дүние жүзінің әлеуметтік мәдени талап тілегіне орай бірнеше тілді қатысымдық құзыреттілікті дамыту күрделі міндеттердің бірі болып табылады. Адамдар ең бірінші бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынас жасайды дейтін болсақ, сол тіл арқылы түрлі мәдениеттер арасындағы тілдесу диалогпен өркендейді. Тіл — әр ұлттың дәстүрлі мәдениетімен астасатын күрделі қарым-қатынас құралы.
Ағылшын тілін өзге ұлт өкілдеріне меңгертуде сөйлеу әрекеті түрлері бойынша, олардың ішкі салаларына қарай, деңгейлік оқыту негізінде, кәсіби бағдар негізінде жүйелеу мәселелері аса өзекті ғылыми мәселеге айналуда.
Қазіргі кезде халықаралық қатынастардың күшейіп, соған сәйкес халықтар арасындағы өзара түсіністік мәселесінің алдыңғы қатарға шығуы және ағылшын тілін қазақ балаларына меңгертуде тіл мен мәдениет мәселелерінің ара қатынасына, олардың өзара байланысына, әртүрлі ұлт өкілдері арасында диалогтық сөйлесу өзара түсіністік, ынтымақтастық жағдайында өрбін, қалыптасуына ерекше көңіл бөлінукерек. Және осы талап ағылшын тілін меңгерту үрдісінде ұлтаралық қатысымды негізге ала отырып, ағылшын халқының тілі мен мәдениетіндегі ұлттық ерекшеліктерді сыйлап, құрметтеуге бағытталады. Ұлтаралық және мәдениетаралық қарым-қатынаста әр халықтың тілі мен мәдениетіндегі ұлттық ерекшелікті есепке алу – тілді өзге тіл ретіндегі әлеуметтік лингвистика мен лингодидактиканың басты салаларының қатарына жатады. Сонымен қатар, әрбір адам басқа мәдениет өкілімен тілдесу ретінде өзінің ана тілін пайдаланады. Тілдесу үстінде адам өз халқының мәдениеті, ұлттық ерекшелігін тілдік бірліктер арқылы білдіреді. Диалогқа қатысушылар осылайша өздерінің тілден алған білімдерін де, өздерін де жеке тұлға ретінде көрсетуге мүмкіндік алады. Демек, оқушылардың диалогтық тілдесім мәдениетін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Тіл меңгерту үрдісінде қазіргі ғылымда кең қолдау таба бастаған лингвоелтану, лингвомәдениеттану құзыреттіліктерін қалыптастыру, сол арқылы диалогтық тілдесімге шығару. Бұл міндетті жүзеге асыру диалогтарды пайдалану қажеттігін алға тартады. Диалогтарды тіл меңгертуде пайдалану өзіндік күрделілігі бар мәселе. Оларды тіл меңгерту тақырыбына сәйкестендіріп іріктеудің өзіндік ұстанымдарын қалыптастыру мен пайдалану жолдарын ұсыну қажеттігі туындайды.
Адам тілдесу барысында да әр түрлі көмекші құралдарды да пайдаланатыны белгілі. Сондықтан диологтық тілдесім үстінде көмекшілік қызмет атқаратын ым, қимыл, ишара мәселелері туралы, олардың диолог мазмұнынан алатын орнын, ағылшын тіліндегі ерекшеліктеріне де ерекше мән беруді талап етеді. Диалогтық тілдесу жағдаяттық негізде жүретіні де белгілі. Ал жағдаяттардың түрлері мен қызметі және олардың тіл меңгерту үрдісіндегі тиімділігі және оларды пайдалану жолдары осы уақытқа дейін тиянақты зерттелмей келеді.
Оқушылардың ағылшын тілін толық меңгеріп, бір-бірімен мәдениетаралық қатысымға қол жеткізуі үшін сол халықтың мінез-құлық мәдениеті ерекшеліктерін де меңгеруі қажет екені белгілі. Ол үшін оқушының ағылшын тілінің өзіне тән семеантикалық-құрылымдық және стильдік ерекшеліктерін, тілдегі аялық білім мәселелерін білуі керек. Ал бұл мәселе оқулықтарда қамтылмайды. Аталған мәселелердің жете қарастырылмауы өзге тілді оқушылардың лингвоелтану, лингвомәдениеттану құзіреттіліктерін жетілдіруде қиындық келтіреді. Лингвоелтану тілді өзге тіл ретінде меңгертуде оқушылардың қатысымдық құзыреттілігін қамтамасыз етіп, жалпы білім беру ісіндегі мақсаттарға қол жеткізуге ұйытқы болады. Көптеген ғалымдар (Е.М.Костомаровб Е.М. Верещагин, Ю.Е.Прохоров, Г.Д.Томахин, Л.И.Харченкова т.б.) лингвоелтануды лингводидактиканың маңызды саласы ретінде зерттеп, оны өзінше оқыту пәні, өзіндік оқыту әдістемесі ретінде қарастырып жүр. Лингвоелтану тілді өзге тіл ретінде меңгерту арқылы үйреніп жатқан тіл халқының мәдениеті мен сол елдің әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, өзіндік тіл ерекшеліктеріне қатысты мәліметтерді игеруді қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезде өзге тілді үйретуде, көбінесе, ауызша тілдестіруге мән беріліп жүр, осы күнге дейін өзінің мән-маңызын жоймаған әдіс – коммунативтік әдіс немесе қатысымдық әдіс. Бұл әдістің негізін Е.И.Пассов салды. [1,23] Бұл әдістің негізіне коммунативтік лингвистика, психологиялық әрекеттесу теориясы, мәдениеттер сұхбатында жеке тұлғаның белсенділігін дамыту мәселелері де енді.
Диалог термині туралы сөздіктерде былай деп береді: 1) “Тіл білімі сөздігінде”: «Диалог (сұқбат) (грек, dialogos-әнгіме, сұқбат). Диологтық сөйлеу (сұхбаттасу) өзара тілдесу негізінде ауызша тілде сөйлеу формасы. Диалогтық сөйлеу ауызша, ауызекі сөйлеу сипаты сөйлеуші мен тыңдаушының тікелей байланысынан туатын, сондай-ақ, Адресат пен Адресанттың (Якубский бойынша) жалпы ортақ апперцепциялық базасы болатын коммуникацияның вербалды құралдарының рөлін атқарады. Осыған байланысты диалогтық сөйлеуге құрылымдық жағынан толықсыздық және репликалар байланысы тән (сұрақ/жауап, қарсыласу / келісу, тіл мәдениеті толықтыру, қайталау.т.б)», — деп жазады [2,107].2. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Диалог екі я бірнеше адам арасындағы әңгіме», — дейді. [3,125].3. Қазақ тілі энциклопедиясында: «Диалог (грек. Dialogos – сөйлесу, әңгімелесу) – екі адамның тіл қатысуы», — деп көрсетеді [4,96].
Адамдар кез келген жағдайда өз ойын біреуге түсіндіріп, білдіруде, пікірлермен алмасу үшін тілдік қарым-қатынасқа түседі, демек диалог құрып сөйлеседі. Зерттеушілердің пікірінше, адамның бір-бірімен қарым-қатынас жасауының үштен бір бөлігі. Сөзден, сөйлесе қарым-қатынас жасаудан және олар тілдік үнемі тілдік
қарым-қатынасқа түсуден тұрады. Яғни адамдар арасында үнемі диалогтық сөйлесу жүріп жатады. Диалогтық сөйлесудің табысты жүруі сөйлесетін серіктестерінің біліміне, тәрбиесіне, сөйлесе білу әдебіне, мінез-құлық мәдениетіне т.б. шарттарға байланысты болып келеді. Сол себепті диалогтық сөйлесу ұғымы – философиялық, психолингвистикалық, әдістемелік тұрғыдан зерделеуді керек ететін күрделі категория.
Зерттеуші ғалымдардың пікірлері бойынша диологтық сөйлесудің негізгі бөліктерін: сөйлеу оқиғасы, сөйлеу жағдаяты, айтушы мен тыңдаушының диалогтық сөйлесу барысында бір-біріне әсер етуі деп бөліп көрсетеді. Бұлай бөлу сөздің тууы мен оның қабылдануынан, сөйлесетін серіктестер қолданған айтылыстар мен сөйлеу жағдаяттары арасындағы байланыстардан, диалогтық сөйлесуді қиындататын факторлардан, оны түсінуді жеңілдететін факторлардан тұруы мүмкін.
Сөйлеу оқиғасы деп диалогтық тілдесім кезінде сөйлеу жағдаяты арқылы көрінетін дискурсты айтамыз. Сөйлеу оқиғасы сөзбен айтылатын, сөзбен хабарланатын, яғни сөз арқылы жететін диалогтық сөйлесу мен ым, қимыл, ишара т.б. көмекші құралдар арқылы сөзбен айтылған ойды демеп отыру нәтижесінде дискурстың қалыптасуы; диалогтық сөйлесу жүретін кеңістік, уақыт, жағдай, оған қатысатын серіктестер секілді екі негізгі бөліктен тұрады. Осылайша сөйлеу оқиғасын дискурс пен сөйлеу жағдаятының қосындысы деп түсінуге болады.
Сөйлеу жағдаяты хабарланған дүниенің мән-маңызын түсінуге көмектеседі, кейбір грамматикалық категориялардың маңызын нақтылайды, яғни, уақыттық көрсеткіштерді, «қазір, енді, ана жақта, міне, осында» сияқты. Сондай-ақ, сөйлеу жағдаяты айтылысты дұрыс жеткізуге, оның мақсатын нақтылауға (өтініш білдіру, ұсыныс жасау, қорқыту, кеңес беру), осы айтылыстың басқа оқиғалармен байланысының себебін ашып көрсетуге ықпал етеді.
Диалогтық сөйлесу немесе тілдік қатынас жасаудың өзіндік лингвопсихологиялық ерекшеліктері бар құбылыс болып табылады. Белгілі бір айтылыстар арқылы диалогтық сөйлесудің пайда болуы – сөйлеу әрекетінің жемісі. Сөзіне қарап адамның психологиялық көңіл-күйін (толқып сөйлеу, шын сөйлеу, өтірік сөйлеу, дөрекі сөйлеу, еркелете сөйлеу т.б), оның мақсатын (сендіре сөйлеу, үгіттеу, хабарлау) оның қатысымдық маңызын (мазмұнды сөз, мағынасыз сөз, ойлы сөз), айтушының тыңдаушысына көзқарасын (келемеждей сөйлеу, мақтай сөйлеу, кінәлай сөйлеу) т.б. байқап аңғаруға болады.
Диалог ешбір дайындықсыз, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, кенеттен күнделікті өмір тақырыбына да, саяси, мәдени, іскери, әдеби тақырыптарға да жүре береді. Диалогтық сөйлесуде тіл өзінің мән-маңызын барынша толық көрсете алады.
Диалогтық сөйлесудегі сөз жүйесі қатаң талап қоюға көрінбейді. Оны өңдеуге, жөндеуге мүмкіндік жоқ. Ол осылай монологтан ерекшеленеді. Диалогтық сөйлесуге сөз таңдау да өзгеше, онда қалыпты нормативтік грамматикадан ауытқу да кездеседі. Диалогтық сөйлесуде дауыс ырғағының да айрықша мәні болады. Бұдан шығатын түйін, диалогтық сөйлесу өзінше тілдік қатынастың жүйеге құрылған бірлік, ол жекелеген қатысымдық, жағдаяттық айтылыстар тізбегінен тұрады.
Кез келген тілде диалогтық сөйлесуге шығару үшін оның құрамдас бөлігі болып табылатын қатысымдық, жағдаяттық айтылыстарды меңгертуді жеңілдететін оқытудың оңтайлы да тиімді технологияларын, ұстанымдарын меңгеру үрдісінде орнымен қолдана білу қажеттілігін көрсетеді.
Қазақ тілді оқушылардың ағылшын тілінің оқулықтарында әрбір сабақтың тақырыбына сәйкес дайын диалогтар бар. Бұлар сол тақырыптың көлеміндегі ғана лексиканы қамтиды. Мұндай диалогтарды рөлге бөліп оқу да, мазмұнын сұқбат түрінде айтып беруге де, монологқа айналдыруда да толып жатқан арнайы тапсырмаларды орындаудың өз кез келгені тек сол тақырып ауқымынан аспайды. Мұндай диалогтарды оқу диалогтары деп атайды. Қазіргі кездегі ғылыми еңбектерде оқу диалогтарына әр түрлі анықтама беріп жүр. Мысалы, В.Л.Скалкин диалог мәтініне сипаттама бере отырып: «диалог екі немесе одан да көп серіктестердің ауызша сөйлесу әрекетінің үйлесімді жемісі, ол — өзара байланысы бар мәтін», — дейді. [5,20]. Өзге тілді оқушыларға тіл меңгерту барысында оқыта отырып сөйлетуге бағытталған диалогтардың ішінде ықылас қойып, назар аударуға тұратын диалог-сұрақ, диалог-дау, диалог-әнгіме және диалог-пікірталас түрлері қолданылып жүр. Осылардың арасында диалог-сұрақ сабақ үрдісінде жиі пайдаланылады. Бұл диалог түрі бастапқы деңгей оқушылары үшін ауыр болып табылады.
Қазіргі уақытта тіл иесі халықтың күнделікті тұрмыста қолданатын сөздерімен, нағыз, шынайы тілдік қатынас кезінде пайдаланатын сөздермен сөйлеуге шығаруды меңгерту қажеттігі туып отыр. Зерттеушілер осы жолды өзге өзге ұлтты тіл үйренушіні тілді тез және түсініп меңгеруге мүмкіндік беретін жол деп көрсетіп жүр. Бұл диалогтың түрі табиғи диалог деп аталып жүр.
Оқу диалогтары мен табиғи диалогтар арасында айырмашылықтар болады. Днгенмен тіл меңгерту барысында сөйлетуге үйретудің мақсаты оқушыларды күнделікті өмірдегі шынайы диалогтық сөйлесуге дайындау боп табылады. Сабақ тақырыбына арналып дайындалған диалогтар күнделікті өмірдегі табиғи тілдесудің талаптарын қанағаттандыра алмайды. Сондықтан оқушылардың диалогтық сөйлеуін қалыптастыру үшін тіл иесі халықтың күнделікті өмірінен алынған мәтіндер негізіндегі диалогтарды пайдалану керек. Осындай диалог мәтіндеріне тіл үйренуші тіл халқының күнделікті өмірде табиғи жағдаяттар негізінде шынайы сөйлесу барысында ылғи қолданып жүрген ақпараттық және прагматикалық сипаттағы диалог мәтіндері мен эстетикалық қызметін атқаратын кез келген стильдегі мәтінді жатқызуға болады.
Табиғи диалогтардың түрлері көптеп кездеседі. Солардың ішінен екеуін бөліп айтуға болады. Олар – микродиалог және макродиалог.
«Микродиалог» дегеніміз екі келісілген репликадан тұратын (микродиалог немесе диалогтық бірлік) диалогты айтамыз. «Макродиалог» деп диалогтық жанрларда: әнгіме, дау, интервью, диссертация қорғау, сыныптағы сұрақ-жауаптың кеңейген түрлерінде, ұрыс-жанжалдардарда өзінің мән-маңызын табатын кең көлемдегі диалогтың түрін айтамыз.
Адамдар бір-бірімен сөйлескенде өз ойларын, көңіл-күйлерін сөзбен ғана білдіріп қоймайды, соған сәйкес көмекші құралдарды да пайдаланады. Көмекші құралдарға ым, қимыл, ишаралар кіреді. Ым, ишара арқылы айтушы өз сезімін толық білдіре алады. Ым, қимыл, ишаралардың адамдардың диалогтық сөйлесуі барысында елеулі орын алатын көмекші құралдар болып табылады. Диалогқа қатысушы серіктестердің бір-біріне көзқарастарын білдіреді.
Тіл меңгеруде сөйлеу әрекетінде тілдің жүйесіне қатысты фонетика, грамматика, лексика, графика, орфография ережелерін міндетті түрде меңгеріп үйренуді қажет етеді. Диалог құру жұмыстарында фразаларды құрастыруда сөйлеу әрекетінде әртүрлі сөйлемдер болады. Сөз таңдауда тағы басқа формаларын пайдалануда ережелерді, заңдылықтарды білуге тура келеді. Демек, ағылшын тілін үйретуде тілдің ерекшеліктерін меңгертудің маңызы зор.
Оқушылардың тек сөйлемді дұрыс құрастыру жай ғана емес, алған білімдерін, меңгерген сөздік қорларын қарым-қатынас негізінде, яғни сөйлеуде пайдалана білу мүмкіндігі ескерілуі тиіс. Соның негізінде жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге де сөйлеу арқылы сауаттылықты меңгерту және сол арқылы тілдік қарым-қатынасты үйрету ең негізгі шарт.
Сөйлеу әрекетінде тіл үйренуші сөйлемнің мәніне, мағынасына, формасына көңіл аударып, оны ойымен пайымдауы арқылы өз санасынан өткізіп, материалдың түсінікті, жүйелі болуы нәтижесінде ауызша сөйлеу тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырады.
Диалог арқылы тіл меңгеру – сөйлеу кезінде сөзді дұрыс айта білу және қажетті ойын тілдік қарым-қатынаста дұрыс қолдану арқылы түсінікті сөйлеу тәжірибелерін жан-жақты игеру болып табылады. Яғни, бұл дұрыс сөйлеу білу мен сөйленген сөзді дұрыс тұсіне білу дағдыларын меңгеру дегенді білдіреді. Дұрыс, сауатты сөйлеу білу, түсіне білу-сөйлеу әрекетін де жоғары деңгейде меңгеруге көмектеседі.
Тілдік қарым-қатынас, коммуникацияның қай-қайсысы да тек диалогтың арқасында өмір сүреді. Ағылшын тілін қазақ тілді аудиторияда оқыту барысында тілдің сөйлеу әрекеті кезіндегі заңдылықтарды меңгертуге ерекше назар аударған жөн. Ағылшын тіліндегі осындай мәселелерге ерекше көңіл аудару – қазақ тілді аудиторияда сөйлеу әрекетін меңгерту барысында ағылшын тілінің табиғи қалпын сақтауға үйретеді.
Оқушыларға арналған диалог арқылы тіл меңгерту практикалық сабақтарда оқушылардың пайымдауын жеңілдетеді. Тіл үйрету мен меңгеру ісінде – диалогпен жұмыс ерекше мәнге ие болады. Диалог көркем, бейнелі, жеңіл болса – студенттің тіл меңгеруіне көп көмек етеді. Диалогтың маңызы, мәні, белгілі бір тақырыпта құрылуы да тіл үйренушілер үшін аса пайдалы болмақ.
Тілдік қатынас қатысымдық тұлғалар арқылы іске асады. Демек, тілді меңгертуде, сөйлеуде диалогтың алатын орны ерекше. Диалог құрып, тілді жете меңгермесе, тілдік қатынас та жүзеге аспайды. Олай болса, дұрыс сөйлеу әрекетіне көңіл аудару қажет.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Пассов Е.И. Коммунативный метод обучения иноязычному говорению. – Москва: Просвещение, 1991.-22б
-
Тіл білімі сөздігі / Жалпы ред. Басқарған проф. Э.Д.Сүлейменова. – Алматы: Ғылым, 1988.-540б
-
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі 3 том / Жалпы ред. Басқарған. А.Ы.Ысқақов. – Алматы: Ғылым, 1978.-735б
-
Қазақ тілі энциклопедия / Қазақстан даму институты. –Алматы: Жедел басып шығару баспаханасы, 1988.-508б.
-
Скалкин В.Л. Обучение диалогической речи / Пособие для учителей.-Киев: Рад.Школа,1989.-156б