АРМАН ЖОЛЫ АДАСТЫРМАЙДЫ
Айдана СЕЙТПЕШОВА,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық
институтының 3-курс студенті
Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу пешенеме жазылғанына мақтанамын. Ата-анам да егемендіктің елең-алаңында дүниеге келген тұңғыштарының қуанышы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорығандарын үнемі айтып отырады. Сондықтан да менің тәрбиеме айрықша қарапты. Алғашқыда орыс тілінің артықшылығын сезінген ата-анам мені Шалқардағы орыс мектебіне берді. Кейін қазақы салт-дәстүрден қол үзбесін, ана тілін білсін деген болуы керек, қазақ мектебіне ауыстырды.
Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келген перзент ретінде мен оның мағынасы мен маңызын түсінуге тырысамын. Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы армандап, аңсап өткенін, осы жолда қаншама алаш азаматтары басын бәйгеге тіккені санамызда сайрап тұруы керек деп ойлаймын.
Бүгінде тәуелсіздіктің 20 белесіне көтеріліп отырған Қазақстанның әлем алдындағы биік беделі мен абыройы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Сондықтан біз тәуелсіздік құрдастары ел ертеңі үшін, Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында қайтарымды еңбек етуге дайын маман болып шығуға талаптануымыз керек. Бұл жалаң сөз, бос ұран емес. Бұл бүгін өмір жолын бастаған әр жастың көкейінде жүрер асыл арманы, адал махаббаты болуы керек. Бойымызға Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді сіңіре отырып, тәуелсіздіктің мәртебесін көтеретін тың істерге атсалысу ғана біздің өміріміздің мәні болуы қажет. Егемендіктің жасампаз көріністері қоғамдық өміріміздің қай саласында да өзіндік айшығымен айқын аңғарылуда. Міне, осы жасампаздық жолды жалғастыруға біздер дайынбыз ба деген сауал әрбір жасты толғандыруы тиіс.
Айдана СЕЙТПЕШОВА, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының 3-курс студенті.
Ақпарат негізі: http://www.egemen.kz/319211.html
