Без рубрики

ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДЕГІ ОРНЫ

Болат Атыраубаев
АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫК "РУХАНИЯТ" МУЗЕЙІНІН ДИРЕКТОРЫ
 

Бұл мақалада ұлттық өнеріміздің арқауы зергерлік өнерінің тарихы, маңызы және ұлттық мәдениетімізде алатын орны туралы айтылған. 

Қолөнер – ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан қастерлі өнер, атадан балаға мұра ретінде бізге жеткен дәстүрлі де халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі. Қандай халықтың қолөнері болса да оның тарихымен, қоғамдық құрылысы, әдет — ғұрпы, жөн- жоралғысы, салт — санасымен астасып қатар өркендейді. Қолөнер адам баласының көркемдікке, нәзіктікке , сұлулыққа деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап бедерлеуін, сұлулықты іздеуге деген құштарлығын танытады.

Сан қилы кезеңдерден өтсе де, көркемдік бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін бұлжытпай сақтай отырып, ұрпақтан ұрпаққа мирас ретінде жалғасын тауып келе жатқан қолөнеріміздің ішіндегі киелі әрі күрделілерінің бірі – зергерлік өнер.

Зергерлік өнерінің ұлттық мәдениетімізде тарихи орны ерекше болумен қатар, бір жағынан халқымыздың материалдық мәдениетінің дәрежесін көрсетсе, екінші жағынан – рухани жан дүниесін, философиялық, эстетикалық көзқарастарын білдіреді.

Қазақ халқындағы зергерлік бұйымдарының бастау кезін алғашқы тайпалық бірлестіктер дәуірлерінен іздеген жөн. Неолит немесе мыс (б.д.д 3-2 мың жылдықтар), қола ( б.з.б. 2 ші мың жылдық – VIII ғғ) замандары мен алғашқы темір кезеңіне (б.д.д. VII-IV ғғ) байланысты қазбалардан шеберлердің зергерлік өнермен айналысқанын айғақтайтын жекелеген заттар мен заттардың фрагменттері табылған. Сондай — ақ, Биғазы, Дәндібай, Отырар төбе, Маңғыстау, Бесшатыр, Шілікті және басқа да обалар мен қорғандарды қазу барысында табылған зергерлік бұйымдары қазақ халқында бұл өнердің ертеден — ақ қанат жайып, өркендегенін дәлелдейді. Бұл адамның өмір сүрген кезінен бері қарай 2000 жыл өтті деп есептеген күннің өзінде зергерлік өнердің қандай деңгейде дамығанын айқын аңғаруға болады. [1. 9 б]

Біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта Солтүстік Қытайдан Алтай және Жетісу өңіріне дейінгі аумақты Хунну (Ғұн) ірі тайпалар одағы мекендеген. Олардың бай тарихи мұрасы алтын және күміс әшекейлерінде бейнеленген.

Үйсіндер – Орталық Азия аумағындағы ең ірі алғашқы тайпалық бірлестіктердің бірі (б.з. дейінгі II ғасыр). Мыс, темір, асыл метал өндіру, балқыту және өңдеу үйсіндердің шаруашылығында маңызды орында болып, алтын және қола кең көлемде қолданылды. Олардан білезіктер, сырғалар, сақиналар, киім әшекейлері жасалынды.Зергерлік бұйымдар арасында алтын, мыс, қола сымдарынан оратылып жасалынған сырғалар, тастан жасалынған салпыншақтар, бір жағы құстың мүсіндік бейнесімен әшекейленген қола түйреуіштер кездеседі. Алматыға жақын жердегі Қарғалы шатқалында табылған алтын бұйымдар ежелгі үйсіндердің зергерлік өнерін жарқын сипаттайды.

Диадема ежелгі үйсіндердің зергерлік өнерінде өз орнын тапты. Диадемадағы суреттерде үйсіндердің діни – нанымдары және мифологиясы бейнеленген болуы керек. Үйсін қоғамындағы ру – шонжарларының атрибуттары да өте қызықты: тастан және алтыннан жасалған мөрлер.

III — II ғасырларға жатқызылатын Қапшағай, Өтеген, Қызыл еспе, Қызыл ауыз, Қызыл қайнар қорымдары, Орта дәуірге (б.з. дейінгі I ғасыр) жататын қорымдар: Өтеген 1-2, Тайғақ 1, Қарлаақ 1, Алтын Емел, Қаратума, Талған, Ақтас; Соңғы дәуірге жататын қорымдар: (II — III ғасырлар) Қапшағай 2, Шолақ жиде, 1,2, Көр Қора 2, Қалқан 4 қорымдары зерттелді. [2. 85]

Әлемді елең еткізген өлмес мұраның бірі Есік Қорғанынан табылған «Алтын адам» кейпі. Жерленген мәйіттің басынан аяғына дейін алтынмен апталған, киім киісіне қарағанда оның патша сарайына қатысы бар, немесе бір тайпа елдің көсемі екеніне шүбә келтірмейміз. Бұл тек құнды археологиялық олжа ғана емес, ата – бабамыздың жоғарғы мәдениеті, тарихы, біздің тарихымыз, мәдениетіміздің алтын тұғыры. Төрт мыңнан астам алтын пластинкалардан құралған қапсағай сауыт, қанатты тұлпар мен арқар бейнесі қондырылып, алтын жебелермен көмкерілген шошақ бөрік және басқа да әшекейлер. Дулығаны көмкерген алтын бастырмалар өте бір нәзіктікпен бедерленіп сызылған. Бастырмалардың ішіндегі көңілді ерекше аударатыны «Тау басындағы барыс» бейнесі. Барыстың шиыршық атқан айбарлы кейпі, сан құбылған қимыл – қозғалысы, бедерлеме мәнерлі сызықтарының толқынды тарамдары — адамды арбап сүйсіндіреді. Екінші бір ерекшелігімен көзге түсетін зат белдеме – белдіктің айшықтары. Белдіктің қапсырмасындағы бұғының бейнесі бедерлеме өнер тарихындағы айшықтау тәсілінің озық үлгісі. [3. 106]

Адамдар өте ерте кезден ақ бір – бірімен сауда жасасқан. Бірінде жоқ құнды заттарды алғашында айырбас жасау түрінде жүргізді. Кейін келе оларды ақшаға сату немесе керектіні сатып алу жүзеге аса бастады. Осылайша жәрмеңке, базар, қала мен қаланы, ел мен елді бір – біріне жалғаған сауда жолдары пайда бола бастады. Сауда жолдары бір – біріне қосылып, батысқа, шығысқа, оңтүстікке, солтүстікке қарай созыла берді, осылайша Еуропа мен Азияда Ұлы Жібек жолы пайда болды. «Ұлы Жібек жолы» деген ежелден келе жатқан ат емес, бұл атау тек 1877 жылы пайда болды. Оны неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен қалыптастырды. Сол кездегі сауданың басты тауары Қытайда өндірілетін жібек болған, сондықтан жол «Жібек жолы деп аталған». Ұлы Жібек жолы үш тармақтан тұрды, олар: «лазурит жолы», «нефрит жолы», «бұлғын жолы». Яғни, Египет пен Вавилонда, Иранда өте әдемі бағаланатын әдемі көк тас лазурит тасымалданған. Екінші тармағында – Қытайдағы императорлар мен ақсүектердің сүйікті заты болған әшекейлер жасау үшін әдемі нефрит тасын тасымалдады. Үшінші тармақта «бұлғын жолымен» қымбат бағалы терілер тасымалданды. [4. 38]. Жібекпен бірге Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа Римде, Францияда, Византияда, Русьте, Иран мен Араб халифатында, Ерте түркі қағанаттарында, Қытай, Корей, Жапонияда өндірілген көптеген тауарлар ағылды. Экзотикалық тауарлар: хош иісті заттар, амбра иіс майлары, кардамон ас татымы, мускат жаңғақтары, морж сүйегі мен азу тістері, алмаз, яшма, кәріптас, теңіз маржандары, алтын, күміс, қымбат терілер мен теңгелер, садақ — жебе, найза – қылыш сонымен қатар арыстан, гепард, тотықұс, бөкен, Ферғананың атақты сәйгүліктері де саудаға салынды. Орталық Қазақстан

даласында жолдың бойында Испиджаб, Тараз, Құлан, Аспара, Отырар, Алматы, Сауран, Түркістан, Сығанақ, Сарайшық қалалары бой көтерді. Алматыға жақын орналасқан Талхир (қазіргі Талғар) қаласында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде әсіресе құйма ақшалар, күмістен соғылған табақтар, әшекейленген мыс табақтар, таңбаланған қытай айнасы, салт атты және айдаһар бейнеленген қола тұмаршалар, метал ақшалар, зергерлік бұйымдар асыл тас шеберлерінің бұл ғасырда да өз орнын тапқанын көрсетеді.

VI – IX ғасырдың бірінші жартысы арасындағы уақытта (орта ғасырларға дейінгі дәуір) Қазақстанның кең байтақ аумағында ежелден кәсіптік мәдениет дамуының ірі тарихи – мәдени орталықтар болған. Оңтүстік Қазақстан, және Жетісу өңірі солардың бірі болып табылады. Бұл аймақтың ішіне Орта Азия және Орталық Қазақстан, Орал, Сібір аумағы кірген.

VII – XIV ғасырларда қазақ жерінде шеберлік сәулет өнерлері кең өріс алды. Мұны дәлелдейтін бірсыпыра ғаламат ескерткіштер бізге жетіп отыр. Олардың ішінен Айша бибі, Қожа Ахмет Яссауи мазар кесенесі өзінің архитектуралық шешімімен, әсем ою – өрнектерімен тамсандырып, таңдандырады.

Жазба деректемелер мен жер астынан табылған өнер бұйымдары сол кездердің өзінде – ақ кәсіби шеберлердің, ұсталардың (теміршілердің), зергерлерлің, тас қашаушылардың, қолашылардың, тас оюшылардың (бәдізшілердің) болғандығын көрсетеді. [5. 5.]

Енді ұста сөзіне тоқалайық. Қазақ арасында жалпы темір соғатын ұсталарды да, зергерлерді де «ұста» деп атаған. Ұста сөзі өнегелі, ісмер деген ұғымда тізбектеліп айтыла береді: ағаш ұстасы, сөз ұстасы, темір ұстасы, ақыл айтуға ұста т.б. Ал ұсталарды «қара ұста», «ақ ұста» деп екі топқа бөлген. «Қара ұста» деп – темір, мыс, жез, т.б. металдарды өңдейтін он саусағынан өнер тамған, темірден түйін түйген адамдарды атаған. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ ұсталары негізінен шаруашылық саймандары: жер ағаш тісі, орақ, тырма тістері, кетпен, күрек, қырықтық, арбаның темір бөлшектері, қақпан, балта, шот; ер — тұрман әбзелдеріне арналған әшекейлер мен ауыздық, айылбас, үзеңгі, таға, кісен; әр түрлі үй бұйымдары – темір адалбақан, ошақ, мосы; қару — жарақ түрлерін ( пышақ, семсер, қылыш, найза ұшы, айбалта мен білтелі мылтық сияқты заттарды) жасай білді.

«Ақ ұста» – «қара ұстаның» істейтін жұмыстарын түгел меңгерген, әр түрлі қымбат бағалы (алтын, күміс т.б.) металдар мен асыл тастардан сан -алуан нәзік, көркем бұйымдар жасайтын қолы қарықты, шебер адам. Кезінде «ақ ұста» кейін «зергер» деп аталып кеткен ұсталар тобы көбінесе алтын, күміс сияқты қымбат бағалы металдар мен тастарды қолданып, өте нәзік зергерлік бұйымдарды әзірлеген. [6. 91б].

Зергерлерлердің соғатын заттарының түрлері көп болған. Оған күмістен соғылатын көптеген сәндік бұйымдар, әйелдердің әшекейлері, сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, қолтықша, тұмарша, білезік, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме, тана, тіс шұқығыш, сондай — ақ, киім – кешекке тағатын сәндік бұйымдары, ас- су жабдықтары, киіз үйдің ағаш сүйегіндегі ою – өрнек, жиһаздық заттар, ағаш ыдыс –аяқ, тері торсық, музыкалық аспаптар, қару – жарақтар, ат – тұрман әбзелдері, ерлерге арналған – кемер белбеу, кісе, ер-

тұрмандардың күмістелген, алтынданған әшекейлердің неше түрлісін, үй жиһаздары мен ыдыс – аяқ бетіне орнатылатын күмістелген әшекейлеумен бірге қару – жарақ беттерін күмістеу сияқты істермен де айналысты.

Енді зер сөзінің этимологиясына назар аударайық: зер сөзі 1. Әшекей, сән бұйымдарын жасауға пайдаланатын әдемі, сары түстес қымбат металл. Зер қадірін зергер біледі. (Мақал); 2. Алтын, күміс, мыс талшықтарынан тоқылған қымбат мата, кесте, оқа. 3. Зер талшықтарынан алынған жылтыр жіп. 4. Зермен безендірілген ою, өрнек, әшекей. Зер белбеу, зер шашақ, зер жіп сияқты.

Зергер – сәндік бұйымдарды зерлеп, айшықтап жасаушы шебер, ұста. Зергерлік – әшекейлі бұйым жасау өнері. [7.272]

Зәр сөзі парсы тілінде алтын деген мағынаны береді. Зәргәр, зәркеш жіңішке алтын жіп жасайтын зергер. Зәргун – алтын, алтынданған, алтын сияқты; зәрнешан – алтынмен әшекейленген деген мағынаны береді. [8.231]. С. Қасиманов «зергер» сөзін «Қазақ халқының қолөнері» кітабында қош етер, қош етуші (жұрттың бәрін қуантатын шебер) деп де атап өткен. [9. 181 б]

Бірақ, алтын, күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілер өздерін темір ұстасынан бөлек санаған. Осыған қарай оларды зергер деп атау Орта Азия халықтарында ерте кезден – ақ қалыптасқан. Бұл туралы П.С. Паллас өзінің 1776 жылғы «Путешествие по разным провинциям Российской империй» деген кітабында: «….. қазақтарда ұсталар да зергерлер де бар», — жеп жазады. Ал, революцияға дейін шығып тұратын санақ басқармасының: «Обзоры Акмолинской области за 1904 год» деген жинағында: …. у казахов существует особые художники и золотых дел мастера» деп атап көрсетілген. [10.138 б].

Әсіресе, зергерлік бұйымдардың ішінде қазақтың қыз — келіншек, әйелдердің тағынатын әшекейлерінің орны ерекше.

Ж. Манкеева зергерлік бұйымдарды саралау бағытында, әйелдерге қатысты зергерлік бұйымдарды шартты түрде:

1. Бас киімге тағылатын зергерлік әшекейлер;

2. Шашқа тағылатын зергерлік әшекейлер;

3. Сырт киімге тағылатын зергерлік әшекейлер;

4. Бойға тағылатын зергерлік әшекейлер;

5. Қолға тағылатын зергерлік әшекейлер, – деп беске бөлген. [11. 272 б].

Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу кезеңінің маңызды оқиғасы – 2003 ж. еліміздің Президентінің халыққа жолдауы еді. Мәдени мұра бойынша ҚР – ның Ұлттық Кеңесінің 3-ші отырысында Н. Ә. Назарбаев былай деді: «Бүгінде мемлекет мәдениетті дамыту мәселелерінің бұдан бұрынғы «қалдықтық» тәжірибесінен біржолата қол үзбеуге мүмкіндік алды. Және де бұл мүмкіндігімізді барынша іске асыруымыз қажет» [12. 5].

Қазақтың басынан қаншама қилы кезеңдер өтсе де, зергерлер мен олардың шебер қолдарының табы болған атадан балаға мирас болып қалған киелі өнер өз орнын табуда және таба бермек. Бүгінгі таңда қазақтың дәстүрлі өнерін, оның мәдениеттанулық негізін көрсете білуіміз қажет. Бар әдемі құндылықтарды сырттан іздемей, оны өзіміздің асыл мұралардан іздеу, оны жандандыру, қалпына келтіру, мәдениеттанулық деңгейге көтеру, оған дәнекер болу, қазақтың әрбір зергерлік мұрасын, ұлттық мәдениеттанулық деңгейге көтеру – бүгінгі күнгі көкейкесті, өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда жаһандану заманында қазақтың зергерлік бұйымдарын жан-жақты әсіресе мәдениеттану тұрғысынан зерттеудің, оның мәнін ашудың ғылым үшін де, өмірлік тәжірибе үшін де маңызы өте зор. 

ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДЕГІ ОРНЫ: 1 комментарий

  1. Жаксы жазылган  екен… Зергерлік бұйымдардың  сан ғасырдан    қалмай өз жалғасын тауып   келе жатқаны әмбеге аян. Ал, сол керемет дүниені жаратушы  "Ақ  ұста мен   қара  ұстаны"  бірі  білсе, бірі  біле   бермейді ғой. Сайтта осындай  салмақты  мақалалардың  көп болғаны,  нұр  үстіне нұр болар еді.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.