Туған жердің ақ таңы

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы
№13 жалпы орта білім беретін мектептің І санатты
биология пәні мұғалімі
Таугистауова Зинаида Саламатқызы

Тақырыбы « Туған жердің ақ таңы »

Мақсаты: Еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен,бойында ұлттық рухы,Отанға деген патриоттық сезімі қалыптасқан жастардың өмірін болашақ ұрпаққа үлгі ету, тарихымызды таныту.Тарихта аты елеусіз қалған күрескерлердің өмірін дәріптеу.

Көрнекілігі: Лозунг,плакаттар: «Тарих қиянатты кешірмейді», «Лаула ,лаула желтоқсанның мұздажанған алауы», «Қанды желтоқсан жадымызда» т.б Қазақстанның картасы,Елтаңба,Әнұран,Ту.Желтоқсан оқиғасының суреттері

Барысы: I-бөлім

Сахнаға екі жүргізуші шығады.

1-жүргізуші: Қасқалдақ ұшып көлінен

Шүрегей келіп қонған күн

Қыранды қуып көгінен

Қарғалар билік алған күн.

2-жүргізуші: Нашақор деп, ұлтшыл деп

Қазаққа күйе жаққан күн

Базары кетіп бір күнде

Қайғыға халық батқан күн.

1-жүргізуші:Қақаған қыстың ызғары

Сүйектен өтіп кеткен күн.

Қара көз қазақ қыздарын

ОМОН-дар бастап тепкен күн.

2-жүргізуші:Қариялар итке таланып

Ер басын күрек шапқан күн.

Аппақ қар қанға боялып

Қып-қызыл мұз боп жатқан күн.

1-жүргізуші:Озбырлық күшпен тұншығып

Үміттің оты өшкен күн.

Жаныңа таппай бір шындық

Ер Қайрат қыршын кеткен күн

2-жүргізуші: Қайғы езіп елдің еңсесін

Жаншыды-ау жанын батпан мұң,

Енді қайтып келмесін

Сол бір қарғыс атқан күн.

Соңына мәңгі ұмтылмас мұң қалдырып жыл өткен сайын тарих қойнауына сіңіп бара жатқан 1986-ның желтоқсаны қай қазақтың жүрегін сыздатпайды,кімнің көңіліне жара салмайды!

Атты бүгін азаттықтың ақ таңы,

20 жыл Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқаны.

Елі текті,киелі,қасиетті елімнің,

Құтты болсын еркіндігі, ата-баба арманы!

Мұғалім : Құрметті көрермендер! Қазақ елінің тәуелсіздік күні құтты болсын! Барлық қазақ халқына тыныштық пен береке, бақыт пен шаттық тілей отырып,бүгінгі тәрбие сағатымызды сол бір қанды оқиғаға қатынасып,еліміздің намысын қорғаған жастарға арнаймыз!Бүгінгі тәрбие сағатымыздың негізгі кейіпкері өз ортамызда елеусіз жүрген бірақ сол қанды оқиғаға қатынасып өмідің ащы дәмін татқан қазір Маңғыстау өңірінің тұрғыны Маржан Есентулиеваға арналады.Қазір қойылатын көріністер осы апамыздың өмір деректерінен алынған.

1-көрініс

-Қыздар, мен газет әкелдім,

-Қане, не жаңалық бар екен?

-Пленум болыпты.

-Қонаевты орнынан алады дейді.

-Онысы несі?

-Орнына кім болыпты?

-Колбин деген Ульяновтан келіпті.

-Қазақтан-ақ біреу қойсайшы!

(Қыздар шулап шығып кетеді)

2-Көрініс

(Бір топ жастар Менің Қазақстаным әнін айтып шығады)

-Пленум шешіміне Қарсымыз!

-Әр Ұлттың өз басшысы!

-Колбинді әкетсін!

-Қонаевтің өзі сөйлесін! Т.б

Оларды ОМОН,милиция киімін кигендер қуып таратады.

1-Жүргізуші

Қазақ жастары бір-бірін қолдай отырып,бейбіт шеруге 3-күн қатарынан шықты.

Осы шеруде Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнының неміс тілі факультетінде оқып жүрген Маржан Есентулиевада бар еді.Өз қатарластарымен бірге ел намысын қолдан бермей,қазақ халқының намысын қорғаған жастардың сол күндерде көрген азабы әлі күнге сол қалпында көз алдында

2-Жүргізуші

Алаңға қосалқы күн ретінде шақырылған орыс әскерлері бұларды шетінен ұрып-соғып,үстері малмандай су болған жастарды, мұз үстіне екпеттерінен жатқызып, кеуделерінен сыз өткен жастарды таптап жанши бастады.

Қыздарды бөлек,ұлдарды бөлек бар қолдарынан келгенше қорлады. Сеңдей соғыстан бұлдарды бір мезгілде түгелдей әскер адамдар қолдарындағы автоматтарымен қорқыта отырып, қарсы шыққандарын аяусыз ұрып машинаға малша тией бастады.

Бұларды түрмеге әкеліп бәрін бір камераға түгел қамады. Тікесінен тік тұрып түрмеде екі күн уақыт өтті. Содан кейін түрменің бастығы қазақ жігіті бұлардың ату жазасына кесілгендігендіктерін естіртті. Түрме іші у-шу.

Ату жазасын орындау мақсатында бұларды машинаға тиеп алып, 2-сағаттай жүріп айдалаға әкелді. Бір-бірін итермелеп машинадан түсірген жастарды жерге отырғызды.

-Ағатай сіз де қазақсыз ғой.

-Аясаңыздаршы жас өмірімізді не үшін қыймақсыздар?

-Аға, босатыңызшы.

-Босатыңыздаршы,біздің еш жазығымыз жоқ.

-Қазақтың азаматы емессіз бе?Бізді не үшін өлтірмексіздер!

Командир:-Жарайды,ендеше таңдау сендерде.Атылып өлгілерің келмесе,мына шұңқырға бәрің де түсесіңдер!

(Қыздар шұңқырға секіре бастайды)

1-жүргізуші:Желтоқсанның аңыраған ызғар желі сол күйі соғып тұрды.Жастар 8-метрлік шұңқырдың ішінде 3-күн бойы тыпыр етпестен жатады.Оларды орыс әскерлері қашан ыңырсып -жылаған дауыстар басылғанға дейін күзетіп тұрып алды.Үстерін қар басқан жастардың тірі қалғандарының ішінде Маржан мен Жұпар да бар еді.Олар бір-бірін сүйеп, сүйреген күйі жолға шығады.

3-көрініс

(Сахнаға бір бірін сүйреген екі қыз шығады)

-Қара,қара автобус

-Бұлар бізді іздеп жүрген болар

-Бізді құтқаратын шығар.

2-жүргізуші 19 жастағы жас та аңғал Жұпар ажалына бара жатқанын,Маржан өзінің көрер азабының әлі таусылмағандығын білмеген күйлері автобусқа ұмтыла берді. Автобус тоқтаған бойда оның есігіне ұмтылған қыздар, іші толы орыс солдаттарын көргенде барып,өздерінің оңбай қателескендерін ұқты

1-жүргізуші Оларды сол тұтқындалған күйі түрмеге қайта апарып тықты.Бұл Коргаленка ГОВД-сы болатын.Бұл жолғы тергеу мүлдем басқаша болды.Бұларды қорлап, ұрып-соғып студент екендерін мойындатуға тырысып бақты.Түрмеде бұлармен бірге тұтқындалғандардың барлығы жұмыс жасайтындар болып шықты.Бұларға сендер де студент екендеріңді айтпаңдар,әйтпесе өлтіріп тастап жүрер деді

4-көрініс

Тергеуші:

-Студетсіңдер ғой мойындаңдар

-Сен еш жерде жұмыс жасамайсың

-Қайда оқисың, кіммен біргесің

Алаңға Үкіметке қарсы шығу үшін шықтыңдар ма?

-Еш жерде оқымаймын.5 микоауданда ауруханада санитарка болып жұмыс жасаймын.

-Жалған

( Жұпарды тергеуші қатты ұрып қалады. Қатты тиген соққыдан Жұпар өліп кетеді)

-Өліп қалған сыяқты

-Тексеріп көр.

-Өліп қалыпты

-Алып кетіңдер

2-жүргізуші

Бірнеше күнге созылған тергеудегі ұрып –соғуға шыдамай Жұпар көз жұмды

Досынан айырылған Маржан енді қасарысудың жөні жоқ екендігін,бұлар туралы мәліметтің бәрібір шығатындығын ойлап,өзінің кім екендігін, алаңға неге барғанын айтып мойындайды.

5-көрініс

(Түрме іші. Маржанды кезекті тергеуге алып келеді)

-Аты-жөнің?

-Есентулиева Маржан

-Туған жылың?

-1967 жыл қаңтардың 15-і

-Қай жерде?

-Алматы облысында

-Қайда оқисың?

-Шет тілдер университеті Неміс тілі факультеті.

-16-18 желтоқсан аралығында қайда болдың

-16-18 желтоқсан аралығында Орталық алаңға жастар жиналып жатыр дегенді естігесін бардым.Бірақ ешқандай жаманшылық жасағаным жоқ.Біз тек бейбіт шеруге шыққанбыз.Достарыммен бірге елімді басқаратын басшының қазақ болғандығын қаладым

1-жүргізуші

Тағдырдың берген сыйы болар.Бұл жолы да тергеуді қазақ жігіті жүргізген болатын. Жас қыздың қанын мойнына жүктегісі келмеді ме,әлде үкіметтен қорқып білдірмегенмен бұларды қолдады ма Маржан көп ұзамай босатып жіберді.

2-жүргізуші

Оқу орны мен жатаханалары бұны енді кіргізбей кезінде,осы бір жатахана жанында үнемі бақшасының жемісін сатып жүретін орыстың кемпірі пана болар деп кім ойлаған.Орыс кемпірдің үйінде тығылып ата-анасына хабар жібереді.Ата –анасы бұл кезде қызының қайтыс болғандығын естіп қайғыдан қан жұтып отырған болатын .Бір айдан соң әкесі алып кетуге келеді

5-көрініс

(Сахнаға әкесі мен қызы шығады)

-Әке

-Қалқам-ау,бұның не?Аман-саумысың

-Аманмын

-Нең бар еді,нең бар еді сол алаңда?Жөніңе жүрсең болмас па еді,өлсең сүйегіңді қайдан табар едік

-Әке,не деп тұрсыз.Табан тіреп, өмір сүрген елімді бір ауыз сөз айтып қорғай алмасам несіне бұл елде өмір сүріп жүрмін.Әлде сіз де басқалар секілді бозөкпе,босбелбеу қара басын ойлайтын бала өсірдім деп ойлап па едіңіз!

-Кешір,кешір қалқам! Аман қалғаныңа шүкір.Елге қайтайық.

1-жүргізуші

Маржан апаны ата-анасы 4 жылға дейін Маңғыстау облысындағы Ералиев ауданындағы туыстарының үйінде тығып ұстайды. Сол төрт жылда үй қамауында болған Маржан апаны іздеушілер көп болды. Содан кейін Боранқұл селосына көшіп келеді .Кейін оның бұрынғы оқыған оқу орнына Ахметовтан шақырту қағаз келеді .Оған бойын қорқыныш билеген Маржан бармайды. Кейін Қазақтың зиялы қауымының өкілі,сол кездегі жастарды қолдаушы Мұхтар Шахановтан оқу орнына қайта шақырту қағазын алады.Хатта оның бұрынғы оқу орнына қайта бекітілгендігі туралы айтылған еді.Ел ағасының шақыртуынан бас тарта алмаған Маржан сеніммен Алматыға қайта барады.

2-жүргізуші

Маржан Есентулина университетті бітіргеннен кейін 13-жыл мұғалімдік қызмет атқарады. Қазіргі уақытта Ақтау қаласында жеке кәсіпкер.Жанұя құрып,екі баланың анасы атанған.Сол бір жастардың өмірін аяусыз қырған желтоқсан оқиғасын жүрегі жылай отырып еске алады. Ендігі тілегі тек барлық Қазақ халқы сол жастардың аруағын сыйлап, елде бейбітшілік болып,ұлт бақытты болса. Тыныш елде балалары бақытты өмір сүрсе деп тілейді.Ендеше бәріміз бірігіп ана туралы ән тыңдайық.

Ән «Мама» Орындайтын Айғаным

 

II-бөлім

1-жүргізуші:Рухсыз ұлт –ұлт емес.Оны тарих дәлелдеген .80 жылдардың екінші жартысында біздің халқымыздың рухы өсті,мұхиттай буырқанып,бусанып жатты.Тәуелсіздіктің өкпек желі үздіксіз соғып тұрды.Шарамыздың келесі бөлімі тәуелсіздігіміздің 20-жылдығына арналған «Мәңгі жаса жас Қазақстаным!»атты тәрбие шарамызды жалғастыруға рұқсат етіңіздер.

2-жүргізуші Қазақстан ол кезде әлі де болса Қызыл империаның құрсауында болатын,бірақ әне-міне деп құлдық шынжыр үзілгелі тұр еді.Осы құлдық шынжырды мезгілінен бұрын үзген,алмас қылыштай болған уақиға 1986 жылдың 16-18 желтоқсанында Алматы қаласында болған қазақ жастарының көтерілісі еді. «Мен- Қазақпын» деген әрбір қазақ бұны білуі тиіс.

1-оқушы Ақбота

Мен қазақпын , мың өліп мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен қазақпын , бір биік белеспін мен,

Еуропа да , Азияда емеспін мен.

Аралықпын жетінші құрылықтай,

Бірақ барша адаммен тең өстім мен.

2-оқушы Асхат

Республика!Ерікті ел-Қазақстан!

Келді ақыры көп күткен жаз алыстан

Келді алыстан аңсатып армандатып

Торды бұзған мен де бір мәз арыстан

3-оқушы Гүлдана

Мен-Қазақпын,биікпін байтақ елмін,

Қайта тудым өмірге қайта келдім

Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске

Айта бергім келеді айта бергім

1-жүргізуші

Күй « Өмір гүлі» Орындайтын Мөлдір,Пакизат.

1-жүргізуші

Тәуелсіздік!Ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық армандаған тәуелсіздік! Тәуелсіздік жолында халқымыздың басынан қандай оқиғалар өтпеді.Халық қамы үшін қан кешіп,құрбан болған ерлеріміз қаншама!?

2-Жүргізуші

Иә,өткен ғасырлардағы,үстіміздегі ғасырдың басындағы қанды шайқастар,ірілі -ұсақты небір көтерілістер,ең ақырғысы тарихқа «желтоқсан оқиғасы»деген атпен енген ,кейіннен «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі»деген бағағаие болған 1986 жылғы жастар мен студенттердің жанкештілігі,бостандық үшін жас жанын пида еткен жас боздақтардың ерліктері халық санасынан,мына сіздердің саналарыңыздан өшер ме?

1-жүргізуші

Жазықсыз опат болған жас боздақтар қаншама!Қан жоса болған қайран тағдылар- ай!Өздерінің туған жерінде жүріп керзі етік пен кесірліктің табанына түскен қайран жастық- ай!

2-жүргізуші

1986 жыл .Желтоқсан.Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты.Желтоқсан желі дауылға айналды.Өрттей қаулаған жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті.

4-оқушы Пакизат

Желтоқсанда шындықжырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді ел болам деп талпындың,

Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,

Айналайын,айналайын,жас өркені халқымның!

ӘН: ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ .ХОР.

1-жүргізуші

Ол тірі қалғанда ақын болар ма еді?!

Елбең,елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген

Арғымақ мінген жаратып,

Ақ сауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!

Биіктен құлаған тау суындай тасқын бар емес пе,бұл үнде? Жас тұлпар тұяғының дүбірі келмей ме,құлағыңызға?!

5-оқушы Темірлан

Қаймана қазақ қамы үшін

Қарусызшықтық алаңға

Алыстан әскер алдырып

Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм еді ғой

Басты себеп жанжалға,-деп жыр нөсерін төккен бозбала Қайрат еді ғой.

2-жүргізуші

Қайраттың ең соңғы сағынышты да,қайғылы мәңгі қоштасу хаты:

«Амансындар ма,ардақты асыл анашым, бауыр ет бауырларым,қадірлі қарындастарым! Өздеріңізге белгілі мен сорлының жазықсыздан жазықсыз темір торға торланғанымды,түйедей жала жабумен ақыры ату жазасын алғанымды.Иә,мен сіздерден еш жасырмаймын.Мен 18-ші желтоқсанда алаңға бардым.Барғандағы мақсатым-ол жерде не болып,не қойып жатырғанын өз көзіммен көру болды.Алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып,өлтіріп жатыр дегенді елден естіген соң қолымды қусырып отыруға еркектік ар-намысым жібермеді.Ел қатарында ер қара боп,саны бар сапасы жоқ ербеңдеп жүргеннамыссыз еркек мен емеспін.Кеудемде нағыз еркекке лайық намыс баршылық.Сол жерде қолымнан келген бір көмегімді де бергенім рас.Ол үшін еш өкінбеймін.Иә,мен сорлы жазықсыздан жазықсыз ату жазасын алдым,өзімнің кінәлі емес екенімді,адалдығымды,қолымның қан еместігін қанша зар еңіреп айтқаныммен ,өзімді еш ақтай алмай -ақ қойдым.Менің өліміме тек жалақорлар мен тергеуші соттарды кінәләңдар!Қошболыңдар!Қош бол,жарық дүние!Бар бақытымды о дүниеден табармын.

Сағынышты сәлеммен балаңыз Қайрат.

Күнадан таза басым бар

Жиырма бірде жасым бар

Қасқалдақтай қаным бар

Бозторғайдай жаным бар

Алам десең алыңдар

Қайрат деген атым бар

Қазақ деген затым бар

«Еркек тоқты құрбандық»

Атам десең атыңдар!

1-жүргізуші

Міне,ағайын,біздің елдің жігіттері қайраттай өр намысты,елі үшін жанын беретін патриот болуы керек қой.Осы желтоқсан оқиғалары кезінде Республиканың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында азаматтық ерлік көрсеткен,Қайсарлықпен қаза тапқан жастарымызды еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялаймыз! 2-жүргізуші

2-жүргізуші

Рахмет.Осы желтоқсан батырларының рухын,намысын,өрлігін берсін сендерге,жастар!1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қол қоюымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланды.Тәуелсіздік үшін күресте жастарды қолдап, дем берген ағамыз Мұхтар Шахановтвң мына өлең жолдарынан да көп нәрсені ұғуға болады.

 

 

СЫРЫМ

Желтоқсанда құрық түсіп арманға

Жас буынның өзегін өрт шалғанда

Үнсіздігі айналып зор қорғанға

Дәл бүгінгі батырлардың көбісі

Столына жасырынып қалғанда

НҰРЖАНАТ

Найзағайлар жарқ-жұрқ ойнап аспанда,

Ұлтымызға ызғарлы үрей шашқанда

Қыздарымыз қайсар мінез ашқанда

Кей еркектер құдай қара басқанда

Ұқсағанда піштірілген қошқарға.

Қонаевтың жақсылығын көргендер

Қонаевты жалғыз тастап қашқанда

ӘСЕМ

Сахаровқа іні болып табысып

Горбачевпен,Крючковпен қағысып.

Талай залым алпауытпен бәйгеге

Бар Қазақтың ар-намысын ап ұшып

1-жүргізуші

Міне ,осындай ерлікпен келген тәуелсіздігімізге биыл 20 жыл,Желтоқсан оқиғасына 25-жыл толып отыр.Ал енді ұстаз Алтынай Мұқанқызының «Желтоқсан желі ызғарлы» поэмасын тыңдаңыздар.

6-оушы Мөлдір

Еркіндікке Желтоқсаным бастады

Қазақ жасын бүкіл әлем қоштады

86 жаңғырығы жар салып,

Тәуелсіздік ұлы ұранын тастады

Елемепті қысқы ызғар, суықты,

Өне бойын жастардың тқан жуыпты.

Қайрат,Ләззат жас қырандар аяулы,

Өз халқының бағы болып туыпты.

Жиырма жылдай тәуелсіздік туғалы,

Қазақ елі бірлікке бел буғалы

Жиырма жылдай Қазақстан халқының

Өз тағдырын ,өзі шешіп тұрғалы.

Көгіңде тұр көк байрағың желбіреп,

Елтаңбаға қараймыз біз елжіреп.

Әнұранды шарықтата шырқаймыз

Бабаларды еске алып ержүрек

 

7-оқушы Ақтоты

Тәуелсіз аппақ таң атты,

Сейілді көктен бұлтты күн

Үш ғасыр күткен азаттық

Қазағым үшін құт бүгін

Қададық шаттық уығын,

егемен елсің енді деп,

Күміс күн кесті кіндігін

Егемен болдық ел болдық

Қазағым,бірақ шіренбе.

Ертеңіне сенген жұрт

Алладан рахым тілеуде!

8-оқушы Әсем

Оянды қайта иманым,

Домбыра сазы өрлейді.

Еліңнің бағын сыйлағын,

Бостандық босқа келмейді.

Қаны бар онда бабаңның.

Қаны бар онда ағаңның,

Қазақтығыңды танытсаң

Бақыты бала-шағаның.

9-оқушы Жақсылық

Болмаса елде бейбіт күн

Қона ма бақыт адамға

Үлгісін көрсет ерліктің

Ертеңің үшін алаңда,

Есіңде тұрсын ел қамы,

Қайысып соған қабырғаң

Жүргінші болма жолдағы

Не істерге білмей аңыраған

Талас пен өсек ішкі жау,

Іс бітпес босқа даурығып.

Бас қосып керек күш қырау

Намысы бойда бар жігіт.

10-оқушы Темірболат

Ұлтшылбоп қазақ көрген жоқ,

Көкезу де елде жоқ емес.

Күн кешпе жұртым телмеңдеп,

Даулы сөз соңы төбелес

Санаңды сілкіп серпілде

Еңсеңді басқан ұйқыңды аш.

Жатқанға құдай берсін бе,

Ғылымға қарай ұмтыл жас.

11-оқушы Дана

Шындықты шырылдатпағын,

Халқыңа қорған бола біл

Тәуелсіз елдің соқпағын

Соны да ,өзің сала біл.

Жебірді көзге шұқыған

Болашаққа атта жеңіспен.

Қорғағын елдің құқығын

Өнерлі елге өріс кең.

12-оқушы Темірлан

Уақытпен бірге жаңарып,

Ескіге қалмай жаңарып

Деңгейде Халықаралық

Ел бола алсақ жарадық.

2-жүргізуші

Енді Тәуелсіз Қазақстанның 20-жылдық мерейтойына байланысты өткен жылдарға көз жіберейікші,қандай тарихи даталар болды екен.

13-оқушы Гулдана

1991 жыл 16 желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздігі туралы заң қабылданды

2-қазан: Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубакіров ғарышқа ұшты.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі әскері құрылды.

1993 жыл 28 қаңтар ҚР Конститутциясы қабылданды,қараша айында ұлттық валюта теңге айналымға енді.

1994 жыл наурыз ҚР Жоғарғы Кеңесі сайланды.Орталық Азия одағы құрылды.Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.

1995 жыл Абай жылы болды

30 тамыз ҚР Жаңа Конститутциясы қабылданды.

14-оқушы Ақтоты

1996 жыл Жамбыл жылы 16 желтоқсанда Алматыда Тәуелсіздік монументі ашылды

1997 жыл Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын -сүргін құрбандарын еске алу жылы

10-желтоқсан Ақмола қаласы ҚР астанасы болып жарияланды

1998жыл Халықтар бірлігі мен ұлттық тарих жылы

1999 жыл Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы

2000 жыл Мәдинетті қолдау жылы

15-оқушы Айбек

2001жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы

2002 жыл Денсаулық жылы

2003-2005 жылдар Ауылды қолдау жылдары

2006 жыл Қазақстандағы Пушкин жылы

6-қаңтар ҚР жаңа Әнұраны бекітілді

11-қаңтар ҚР Президенттін ұлықтау күні

1-жүргізуші

Оқушылар осы даталарды есте сақтап,біліп жүргендерің абзал.Тәуелсізбіздеп еркін тыныстатқан,бар абйлығыма өзім иемін деп еңсе көтере сөйлеткен ұлы құжат қой бұл.Мұның бәрін елжірей еске ала отырып асыл армандарымызға жету үшін халқымыз талай –талай тар жол тарғақ кешулерді,зұлматтар мен нәубеттерді бастап өткергендіктерін қайта –қайта айта береміз,айтуға тиіспіз де.

16-оқушы Асхат

Өзіңдікі елің де,өзіңдікі жерің де

Өзіңді-өзің еткен бақ-

Тәуелсіздік төріңде,

Өзіңдікі туың да,от пен ауа,суың да

Жаса Қазақстаным,белді бекем буын да.

17-оқушы сағындық

Асқар тау да сенікі,

Бақша бау да сенікі

Қалытқысыз доспенен

Қатал жау да сенікі

Ұраның да,жасасын

Құраның да ,жасасын.

Қасиет кие дарыған!

Ұланың да жасасын!

Музыкалық номер :

2-жүргізуші

Егемендігіміз бен Тәуелсіздігіміздің арқасында халқымыз туған ана тілімен қайта қауышты.Тіліміз мемлекеттік мәртебе алды.Мұның өзі мақтаныш емес пе?

18-оқушы Дәурен

Ана тілім- ардағым, арым менің,

Алпыс екі тамырда қанымда едің.

Шаттанғанда сайрайтын сандуғашым,

Ашынғанда шығатын жалын демім.

Ана тілім пір тұтқан кием менің,

Алтын діңгек өзіңсің сүйенгенім.

Бар байлығым бабамнан қалған мұра

Бойтұмардай қастерлеп иемдендім.

19-оқушы Ақбота

Ана тілім салт-дәстүр тарихым да,

Жетең болса намысты жанитын да.

Білмей жүрсе тексіздер қадіріңді

Құдіреттің өзісің танитынға

Ана тілім –абырой атағым да,

Сарбазың боп келемін қатарыңда

Мәртебеңді қорғаймын қасиеттеп,

Қарсы тұрып қасқайып жат ағымға

1-жүргізуші

Міне оқушылар Ғабит,Мұхтар,Сакеннің тілі-Қазақ тілін әдемі сөйлегенге не жетсін!

Ана тілін қадірлеңдер.қазіргі уақытта Қазақстан жоғары дәрежеге көтеріліп келе жатырғаны да рас.

2-жүргізуші

Міне,ағайын,егеменді,тәуелсіз еліміздің тағыры 2030 –дың жастары біздердің қолымызда.Сондықтан да Тәуелсіз мемлекетіміздің жайнап,гүлденіп,нығая түсуіне сендер үлес қосады деп сенеміз.Еліміз Қазақстан гүлденіп ,жайнай берсін!

1-жүргізуші

Бірлік болсын-ел аман,

Тыныш болсын бұл заман.

Берекесін бере берсін

Бейбіт жатқан бұл далам!

Ендеше ағайын,атадан қалған ақылға назар аударайық!

20-оқушы Нұрбек

Ұрпақтарыма!

Өтірікке бейім болма, қарағым,

Қатарыңнан кейін болма қарағым

Тең тұсыңның рухын көтер еңбекпен,

Халқыңның бір қажетіне жарағын.

21-оқушы Пакизат

Билік тисе әділдікке мойынсын,

Жанжал ,шатақ жер бетінен жойылсын!

Өз қарныңның қамын ғана ойлама,

Өркендесін,жұртың бірге тойынсын!

Жаңа қоғам жаңа ойға жетелеп,

Сен атқарар,балам,парыз өте көп.

Халқыңды ойла,ертеңді ойла күні түн,

Тұл басыңның тойынғаны не керек?

Әлемменен туыстасқын рухыңмен,

Отанды сүй,сол ғой сенің құт іргең,

Елі қымбат,жері қымбат ұрпаққа,

Ол болмаса бейшарасың күші кем

22-оқушы Саламат

Ана тілді ардағыңа балай біл,

Көкірегіңде от боп жансын Абай-жыр,

Сені көріп атаң ылғи қуансын,

Ойлан балам,айтқан сөзім қалай бұл!

2-жүргізуші

Міне,ағайын Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ.Осы тәуелсіздікті тұғырында нық ұстау үшін сапалы білім мен тәртіп керек.Болашақ өз ұлтын сүйетін,өз елін,жерін,Отанын сүйетін ұлтжанды,өр намысты,биік рухты біздің қолымызда.

Қазақстанның өз жолы,өзіндік болашағы бар,бұдан былай және мәңгі тәуелсіз Қазақстанның тарихы жалғаса бермек!Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болсын!

Қарышта,жайна Қазақстан!Қазақстанның болашағы гүлдене берсін!

Ендігі музыкалық сәлемімізді өз сынып оқушыларының ойларында туындаған жыр шашуларымен жалғастырамыз!

ӘНҰРАН

Осымен Еліміздің тәуелсіздік күніне арналған тәрбие шармыз аяқталды.Уақыт бөліп, келгендеріңізге рахмет.Қош, сау болыңыздар.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше