Без рубрики

Сәлемдесу — ізеттілік белгісі

Доскожаева Жанар Алимусаевна
Ақтөбе облысы,Шалқар қаласы

І.Үргенішбаев атындағы орта мектеп
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі

Сәлемдесу –адамдардың бір-біріне құрмет білдіруі, достық пейіл танытуы. Әр адам күнделікті тірлігін бір- бірінің амандығын сұрасудан, бір-бірімен сәлемдесуден бастайды.

Амандасудың өз әдебі бар. Амандасатын адамыңның көзіне қарау керек. Күлімсіреп, ақ жарқын, жылы шырай танытқан жөн. Шынайы, сыпайы, достық пейілмен амандасқан дұрыс. Сәлемдесу кезінде аздап иіледі. Жас адам үлкен, құрметті адамдарға амандасқанда қаттырақ иіледі. Иіліп сәлемдескенде дене тік қалпында қалып, қол екі жаққа түсіріліп, өкшелер бір-біріне тиіп тұруға тиіс. Сәл иілу дегеніміз басты аздап еңкейтіп тағзым ету. Қатты иілу де басты еңкейтуден басталады да, сонан соң кеудені июге көшеді. Әдетте баяу, байсалды және сабырлы иілу керек. Сәлемдескенде сөзді анық, айқын айту керек. Сыпайы, достық пейілмен, жылы шырайлы сәлемдесуге нақ солай жауап қайырады. Сәлемдескенде ешқашан дауыс көтермеу, сабырсызданбау керек. Ал қыр көрсете, менменси, даусын өзгертіп, бет-аузын құбылтып амандасу — әдепсіз адамның қылығы.

Сәлем- сөздің анасы.

Әдебі жақсының-сәлемі жақсы.

Алыстан сәлем береді, әдепті елдің баласы.

Әдептілік белгісі-иіліп сәлем бергені.

Сәлем берген саулық алады.

Сәлемдесудің үлкен-кішіге қатысты айтылатын түрлері бар. Ер адамдар бір-біріне, өзінен жасы үлкен кісіге, ақсақал, қарт адамға «Ассалаумағалейкум!» деп амандасқан жөн, бұл жағдайда міндетті түрде «Уағаллейкумсалам!» деп жауап қайтару керек. Апа, әжелерге «Амансыз ба, әже!», «Амансыз ба, апа!» дейді. «Сәлеметсіз бе!» деп амандасу жиі айтылады. Жақын туыстардың есімін қосып айтып сәлемдесуге болады. Мысалы, «Амансыз ба, Маржан апа!», «Сәлеметсіз бе, Айбек аға!». Ұстазбен сәлемдескенде «Сәлеметсіз бе, Бекзат ағай!» немесе «Сәлеметсіз бе, Бекзат Шыңғысұлы!», «Сәлеметсіз бе, Дана апай!» немесе «Сәлеметсіз бе, Дана Абылайқызы!» деп айтуға болады.

Әдетте қарсы келе жатқан адаммен қатарласуға бірнеше қадам (3-4 қадам) қалғанда амандасады.

Қандай жағдайда орнынан тұрып сәлемдесу керек?

Орнынан тұру дегеніміз — құрмет көрсету. Ұл бала да, қыз бала да үлкен кісілермен амандасқанда орнынан тұрады. Жақындап келген немесе үйге кірген адаммен ұл бала да, қыз бала да орнынан тұрып амандасады. Көпшілік жерде ұл бала да, қыз бала да үлкен кісі кірген сайын орнынан тұрып, олар отырғаннан кейін ғана отырады.

Кімнің бірінші болып амандасуы керек?

Әдетте, кіші адам жасы үлкенмен, ұл бала қыз баламен бірінші болып сәлемдеседі. Кірген адам отырған адамдармен бірінші болып амандасады, ал кетіп бара жатқан адам қалушылармен бірінші болып қоштасады. Қонаққа барғанда ең алдымен үй иесімен, содан кейін барып өзге адамдармен амандасады. Қонақтармен олар отырса, сол ретімен амандасуға болады. Көшеде озып бара жатқан адам өзінің танысымен қатарласқан сәтте әрқашанда бірінші болып амандасады. Тұрған адамның жанынан өтіп бара жатқан әрқашанда бірінші болып амандасады. Әрине, тұрған адам сәлемдесушіге жүзін бұрады, иығынан қарап амандасу сыпайылыққа жатпайды. Көпшілік тұрған жерде ер адам ер адаммен бірінші болып амандасады.

Жауап сәлем және бір мезгілде сәлемдесу.

Сәлемдескен кезде әрқашан жауап қайтарады. Егер қасыңдағы серігіңмен амандасса, ол адам саған таныс болмағанның өзінде де, оның сәлеміне жауап қайтаруыңыз керек. Егер сіздің серігіңіз өз танысымен амандасса, онымен сіз де амандасуға тиіссіз. Егер сізге мүлде басқа адам сәлемдескен жағдайда жауап қаырып, оған өзінің қателескенін аңғартпау керек. Иығын қозғау немесе қаңырқағандық білдіру сыпайылық емес. Егер сіз танысыңызды тым кеш көріп, онымен амандасуға немесе оның сәлеміне жауап қайыруға үлгірмей қалсаңыз, онымен келесі кездескенде кешірім сұрауыңыз керек.

Кіммен, қай жерде сәлемдесу керек? Әдетте өзіңізге таныс адамдармен сәлемдесесіз. Өзіңіз жиі кездестіретін адамдармен де (жолда, дүкенде т.б) амандасуға болады.Көпшілік отырған жерге кірсеңіз, онда отырған жалпымен сіз иіліп немесе бас изеп амандасассыз. Өзіңіз үнемі барып жүретін асхана, кафеге және т.б. кіргенде өзіңізге көптен бері қызмет көрсетіп жүрген қызметкерлермен амандасу керек. Поездың купесіне, қайсыбір мекеменің қабылдау бөлмесіне кіргенде іштегілермен амандасу керек. Шығарда олармен қоштасады. Таксидің және алыс сапарға шығатын автобустың шоферімен сәлемдеседі.Бөтен адамнан бір нәрсе сұрамас бұрын онымен амандасып алу керек.

Қол алысу. Амандасқанла немесе танысқанда кіші адамға жасы үлкен адам, ер адамға әйел адам, шәкіртіне мұғалім және жұмыс кезінде қызметкерге басшы адам бірінші болып қол ұсынады. Қол алысу әрқашанда достық пейілді білдіруге тиіс, бірақ екінші адамның қолын ауыртатындай қатты қыспау керек. Тым болбыр қол алысу сияқты, тым қатты және ұзақ жібермей қол қысысу да орынсыз. Стол үстінен қол ұсынбайды. Қол алысу үшін ұсынылған қолды алмау-қорлағандық. Егер қандай да бір себептермен сіз қолыңызды бере алмайтын болсаңыз, мұны айтып, сыпайылықпен кешірім сұрауыңыз керек. Ерекше құрмет көрсеткісі келген адамына биялаймен қол ұсынбайды. Биялайды шешіп қол ұсыну- адамды құрметтегендіктің белгісі.

Сәлемдескендегі бас киім туралы. Бас киімді шешіп сәлемдесу — әдемі ғұрып. Мүмкін болған жағдайда (егер ол сіздің денсаулығыңызға зиян келтірмесе, ауа райы нашар кезде, екі қолмен ауыр жүк көтеріп келе жатқанда болмаса) бас киімді шешіп сәлесдескен дұрыс.

Сәлемдесу — ізеттілік белгісі: 1 комментарий

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.