Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің доценті,
«Мемлекеттік-құқықтық пәндер» кафедрасының
аға оқытушысы Баймұратова Гүлмира Әбенқызы
Зияткерлік сайыс бағдарламасы мен оның өткізілу барысы
16-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай
Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған ЗҚЭ-515 тобында өткізілген
«Тәуелсіз елдің үздік ұланы» зияткерлік сайыс бағдарламасы
Бағдарламаға қатысушы: ЗҚЭ-515 тобының студенттері және сайысқа қатысушы студенттер Сыздықов Нұрбек, Құдайбергенова Гүлшат, Құлжабаева Гаухар, Шылманов Нұрбол.
Сайысқа іріктеу жүйесі: «Тәуелсіздікке тағзым» тақырыбында шығармашылық туынды жазу.
Сайыс шарттары:
1. Бәйге. (Жалпылама қойылған сұрақтарға жауап беру) (20-сұрақ) Әр сұраққа дұрыс жауабы үшін 5 ұпайдан есептеледі.
2. Полиглот. Берілген мақалдағы жасырын сөзді тауып, оның түрік, орыс және ағылшын тілінде баламасын айту.(Толық жауапқа 20 ұпай, толық емес жауапқа 10 ұпай)
3. Қызықты үш пән. 1. Мемлекет және құқық теориясы. 2. ҚР Конституциялық құқығы. 3. Қазақстан тарих пәндері бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беру. (пән бойынша бір конвертте екі сұрақтан құрастырылған. Бір пәннің сұрағына толық жауап берсе 10 ұпай, сонда үш пән бойынша сайыскер 30 ұпай жинауы тиіс).
Ескерту: Жоғарыда көрсетілген үш турдан ең жоғары ұпай жинаған екі студент келесі сайыс турларында сыналады.
4. Жорға. Мақал-мәтел сайысы. (әр мақалы үшін 5 ұпайдан саналады, сайысушы екі студент бірінің айтқан мақалының ішіндегі сөздер бойынша кездесетін мақалды екіншісі тауып айтуы керек)
5. Шешендік қабілет. Белгілі тақырыпта өзі жазған шығармасы бойынша ауызша ойын жеткізу. (Студенттің тілдік қоры, ойлау қабілеті, сөйлеу шеберлігі, білімділігі сыналады. 20 ұпайға есептеледі)
6.Тосыннан қойылған сұрақ. (Әділқазылар алқасынан кез келген тақырыпта қойылатын сұраққа 10 ұпайға есептеледі)
1.Бәйге (Жалпылама сұрақтар)
- Желтоқсан құрбандары Қайрат пен Ләззат қай оқу орнының студенттері болатын?
Қайрат Рысқұлбеков- Алматы сәулет-құрылыс институтының студенті
Ләззат Асанова- Чайковский атындағы музыкалық училищенің студенті
- Желтоқсан қаћармандарының қойған талабы қандай еді?
Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына адамды неге сырттан әкеліп сайлатады, қазақтан қоймаса, республиканың жергілікті халқының жайын білетін орыс неге болмайды. Олар үлкен лауазымды орынға лайық деп Е.Әуелбековты, С.Мұқашевты, Н.Назарбаевты ғана айтып қойған жоқ, Қазақстанда істейтін В.Демиденко, О.Мирошхин, Н.Морозов т.б. кандидатураларды атаған, Г.В.Колбиннің сайлануына наразылық білдіріп, Д.Қонаевтың жастар алдына шығып, түсіндіруін талап етеді.
- Сол кездегі КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.П.Разумовскийдің биліктік әрекетінен нені аңғаруға болады?
Д.Қонаев әлі қызметінен босамай, КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі бола тұрып, пленумды өзі ашып жүргізуі тиіс еді. Алайда оны ашқан да, жүргізген де, сөйлеген де Г.Разумовский болатын. Ол Д.Қонаевқа қысқа ғана алғыс айтып, оны босату, ал орнына Г.Колбинді сайлау жөнінде ұсыныс жасады.
Мұны биліктегі өктемдік, кемісітушілік, көкіректен итерушілік, санаспаушылық деп түсінуге болады.
- Демонстранттардың қолдарындағы транспоранттарында қандай ұрандар жазылған еді?
«Ленин идеясы жасасын!», «Да здравствует ленинская национальная политика!», «Советтік Қазақстан жасасын!», «Біз, қазақ ежелден еркіндік аңсаған!», «¦лт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Каждому народу-своего вождя!»
- Желтоқсан оқиғасы кезеңінде КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы кім болатын?
М.С.Горбачев
- Шеруді басу жөнінде қолданылатын шараны кім және тікелей кіммен келісіп іске асырды?
Г.Колбин М.Горбачевпен тікелей келісіп іске асырды.
- Сегіз қаладан мұздай қаруланған армия және ішкі әскер бөлімшелерінен лек-легімен қарулы күштер әкелінді. Олар Новосибирск және Ташкен қалаларынан да шұғыл жеткізілді. Самсаған қарулы қол бейбіт талап қойған жанкешті жандарға суық ызғарын төгіп, қауіп төндірді. Сөйтіп, алаңға саны – 50 мың әскер, 20 мың милиция адамдары, 16 мыңдай жасақшылар шоғырландырылды.
Сонда да міз бақпай, қасқайып, қайрат сақтап, талаптарын қойған демонстранттардың саны қанша еді?
Он мыңға жуық
- Желтоқсан алаңында бейбіт демонстрацияға шыққандардың арасында қандай әннің мәтіні таратылды? Әр тұста шырқалып, алаңдағылардың рухын көтерген бұл әннің атауын табыңыз және оның авторлары кімдер еді?
«Менің Қазақстаным» әні. Авторлары: Ж.Нәжімеденов, Ш.Қалдаяқов.
- Қайраттың денесі қайда жерленді және оған қойылған ескерткіштегі жазылған жазу?
Семей қаласының маңына жерленді. Ондағы жазу:
13.03.1966ж
21.05.1988ж. әкімшілдік-әміршілдік жүйеге қарсы күрестің құрбаны, желтоқсан.1986-деп жазылған.
- Қайратқа қойылған ескерткіште жазылған төрт қатар өлең шумағын оқыңыз және оның авторын атаңыз!
«Қайрат деген атым бар.
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар….»
Қайрат Рысқұлбеков.
Көк аспандай көкпеңбек
Қазақстан жалауы
Көк емес ол тектен-тек
Елдің ашық қабағы
Ақ ниетті алтын күн
Жалауы бұл халқымның
Мәртебесі, Ту, ары
Бұлт баспасын күнімді
Тарылмасын өрісім
Биік ұстау туымды-
Қасиетті борышым!
- Қазақстан Жалауының авторы?
Ш.Ниязбеков
- Егеменді еліміздің ел ордасы – қазіргі Астана қаласы, әуелде Қараөткел атаныпты. Патшалық Ресей қазақ даласын отарлау мақсатымен 1892 жылы Ақмола бекінісін салыпты. Бұл «батыстағы қамал» деген ұғымды білдірген. 1961 жылы бұл шаћардың аты –Целиноград болып өзгертілді.
Қазақстан жаңа астанасының тұсаукесері қай жылы, қай айда болып өтті?
1998 жылы 10 маусымда
- «Астана-Бәйтерек» монументінің биіктігі қанша және бұл кешенді салу идеясының авторы кім?
Биіктігі-97 м, идеяның авторы Н.Назарбаев
Елтаңбасы елімнің
Неткен айбат әдемі
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі
Құт-береке-шаңырақ,
Орын алған ол төрден
Қанатты қос арғымақ
Екі жақтан көмкерген
Тәуелсіздік жолында
Талай-талай тер тамған
Билігім-өз қолымда
Еркіндігім Елтаңбам!
- Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы?
Шот-Аман Уәлиханов
Жандарбек Мәліков
- Қазақстанның жаңа әнұраны қашан, қай жерде тұңғыш орындалды?
2006 жылы 11 қаңтарда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың лауазымын ұлықтау рәсімінде
- Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының қызметінің түбегейлі принциптері?
1.Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық
2.Халық игілігін көздейтін экономикалық даму
3.Қазақстандық патриотизм
4.Мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелерді демократиялық әдістермен шешу.
- ҚР Президентінің 2005 жылғы Халыққа арнаған Жолдауындағы азаматтық қоғам институттарын дамыту туралы тоқталған мәселердің ең бастысы?
Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының, сөз бостандығының, бірлестіктерге кіру мен саяси ерік-жігерді білдірудің кепілдіктерін одан әрі дамыту.
- «Ақтабан шұбырынды» жылдарынан қазақ халқында қандай ән қалды? Және төрт қатар өлең шумағын есіңізге түсіріңіз.
«Елім-ай» әні.
Қаратаудың басынан көш келеді
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді
Ел-жұртынан айырылған жаман екен
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
- Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы?
Адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары
- Қазақстан Республикасының Конституциясында тіл туралы қай бапта және қандай мазмұнда көрсетілген?
ҚР Конституциясының 7-бабында көрсетілген.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтындығы айтылған.
«Қызықты үш пән» бойынша сұрақтар
(Мемлекет және құқық теориясы, ҚР Конституциялық құқығы, Қазақстан тарихы)
1. Мемлекет және құқық теориясы пәні бойынша
№1
- Мемлекеттің қоғамның саяси жүйесінде жетекші рольді иеленуінің себебі?
- Ø Оның аумақтық шекараларында азаматтық белгісі бойынша біріккен халықтың жалғыз ресми өкілі ролін атқарады
- Ø Егемендіктің жалғыз иесі болып табылады
- Ø Қоғамды басқаруға бағытталған әлеуметтік аппараты болады
- Ø Қарулы құрылымдары болады
- Ø Құқықшығармашылыққа қатысты монополияға ие
- Ø Материалдық құндылықтардың ерекше жиынтығына ие (мемлекеттік меншік, бюджет, валюта, ж.т.б.)
- Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың құқықтық нысандарын түсіндіріңіз.
1. Құқықшығармашылық- бұл нормативтік актілерді дайындау мен шығаруға қатысты қызмет;
2. Құқыққолданушы- бұл құқық қолдану актілерін шығару арқылы нормативтік актілерді жүзеге асыруға байланысты қызмет, бұл заңдарды орындау мен басқарушылық сипаттағы әртүрлі мәселелерді шешуге байланысты күнделікті жұмыс;
3. Құқыққорғаушы –бұл адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және кінәлі тұлғаларды заңды жауапкершілікке тартуға және т.б байланысты қызмет.
№2
- Құқықтық мемлекеттің белгілері?
- Ø Билікті заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында оны заңшығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлу;
- Ø Заңның үстемдігі, яғни, биліктің жоғарғы органымен барлық конституциялық тәртіптерді сақтай отырып қабылданған заң атқарушылық билік актілерімен жоққа шығарылуы, өзгертілуі және тоқтатылуы мүмкін емес.
- Ø Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі;
- Ø Қоғамдағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі;
- Ø Азаматтық қоғамның болуы және ол тарапынан құқық субъектілерінің заңдарды орындауына бақылау жүргізілуі;
- Ø Соттың жоғары беделі, ең сыйлы орган деп саналуы және соттың тәуелсіздігі;
- Мемлекет органдарының түрлері?
- Мемлекеттік қызметті жүзеге асыру нысанына қарай мемлекет органдары өкілдік, атқарушылық, сот, прокурорлық және басқа да бақылаушы-қадағалаушы органдар
- Биліктік тармақтарға бөліну қағидасы бойынша –заң шығарушы, атқарушы және сот органдары
- Қызметінің құқықтық нысандары бойынша- құқықшығарушы, құқыққолданушы және құқыққорғаушы органдар
- Бағыныстылық деңгейіне байланысты- республикалық және жергілікті органдар
- ¤кілеттіктерінің мерзіміне байланысты – тұрақты және уақытша
- Құзыретінің сипатына қарай жалпы (мыс, Үкімет) және арнайы (мыс, Министрлік) құзыретті органдар
№3
- Азаматтық қоғамның құрылымына кіретіндер:
- Ø Мемлекеттік емес, әлеуметтік-экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік);
- Ø Мемлекеттен тәуелсіз өндірушілердің жиынтығы (жеке фирмалар және т.б.)
- Ø Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер;
- Ø Саяси партиялар мен қозғалыстар;
- Ø Тәрбиелеу мен мемлекеттік емес білім беру саласы;
- Ø Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдардың жүйесі;
- Ø Отбасы;
- Ø Шіркеу және т.б.
- Антидемократиялық саяси режимге тән белгілер:
- Бір саяси партияның үстемдігі;
- Ресми идеологияның болуы;
- Бір меншік түрінің болуы;
- Саяси құқықтар мен бостандықтарды жоққа шығару;
- Қоғамның сословиелік, касталық және т.б. белгілер бойынша бөлінуі;
- Халықтың төмен экономикалық деңгейі;
- Мәжбүрлеу мен жазалау шараларының үстемдігі;
- Сыртқы саясаттағы агрессиялық сипаттағы әрекеттер және т.б.
№4
- Мемлекет нысаны бойынша унитарлы және федерациялық құрылым ерекшеліктерін түсіндіріңіз:
Унитарлы және біртұтас мемлекет – бұл өз ішінде бөлінбейтін тұтас мемлекет, оның өз ішінде дербес мемлекеттік құрылымдар болмайды, бұл мемлекетте жоғарғы органдардың біртұтас жүйесі, заңнаманың ортақ жүйесі, ортақ азаматтығы мен салықтардың бір каналды жүйесі болады.
Федерация – бұл күрделі одақтас мемлекет, оның бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік егемендікке ие болады; федерацияда жоғары федералдық органдар мен федералдық заңнамамен қатар федерация субъектілерінің жоғары органдары мен заңнамасы да болады, федерацияда салықтың екі каналды жүйесі пайдаланылады, оның белгілерінің бірі болып қосазаматтық табылады. Федерациялар аумақтық немесе ұлттық-мемлекеттік қағида бойынша құрылуы мүмкін.
2.Мемлекеттік аппаратты ұйымдастырудың және оның қызметінің қағидалары?
- адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының артықшылығы қағидасы;
- демократиялық қағидасы;
- биліктің тармақтарға бөліну қағидасы;
- заңдылық қағидасы;
- жариялылық қағидасы;
- кәсібилік қағидасы;
- алқалық және жалғызізіліктің үйлесі қағидасы;
- сайлаушылық пен тағайындаушылықтың үйлесу қағидасы;
- бағыныстылық қағидасы;
- ҚР Конституциялық құқығы пәні бойынша
№1.
- ҚР Азаматтығы туралы Заңның 21-бабына сәйкес азаматтықтан айырылу негіздері
ҚР Азаматтығынан:
1. ҚР мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, адамның басқа мемлекетте әскери қызметке қауіпсіздік қызметіне, полицияға, юстиция органдарына немесе өзге де мемелкеттік өкімет және басқару органдарына орналасуы салдарынан;
- Егер ҚР азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынса;
- ҚР мемелкетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша;
- ҚР Парламенті қандай орган, оның құрылымы?
ҚР Конституциясының 49-бабына сәйкес Парламент – Республиканың заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы. ҚР Конституциясының 50-бабына сәйкес Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
№2
1. ҚР Конституциясының 2 бабының 2 тармағына сәйкес республиканың егемендік ұғымын түсіндіріңіз.
Мемлекеттің егемендігі – ол ішкі және сыртқы саясатты белгілеу кезінде мемлекеттің басқа мемлекеттің ықпалынан дербестігі және тәуелсіздігі. Жоғары мемлекеттік билік органдарының билігі республиканың бүкіл аумағында жүреді. Ол мемлекеттік жоғары өкімет органдары (президент, парламент, Үкімет және т.б.) Қазақстанның бүкіл аумағында заңдық күші бар нормативтік-құқықтық актілерді дербес қабылдайды. Мемлекеттің егемендігі оның барлық жоғары органдарының өз өкілеттіктері шегінде республиканың бүкіл аумағында қажетті шараларды жүзеге асыратындығын білдіреді. Қазақстан республикасы құрылғаннан кейін мемлекеттік органдар басқа мемлекеттердің қысымына, ықпалына бағынбастан мемлекет қызметін дербес іске асырады. Аумаққа қол сұғылмаушылығымен және бөлінбейтіндігімен мемлекеттік тұтастық, мемлекеттің егемендігі сақталады.
2. Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерін кім шешеді?
ҚР Конституциясының 44-бабына сәйкес ҚР Президенті шешеді.
№3
- ҚР Азаматтығы туралы Заңның 17-бабына сәйкес ҚР азаматтығына қабылдаудан бас тарту негіздері
Егер ҚР азаматтығына қабылдау туралы өтініш жасаушы адам:
1. Азаматқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне әдейі қарсы шықса;
2.ҚР территориясының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса;
3.Мемлекет қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін құқыққа қарсы іс-әрекет жасаса;
4.Мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты қозыратын болса, Қазақстан республикасы мемлекеттік тілінің қолданылуына қарсы әрекет жасаса;
- Терроршылдық әрекеті үшін сотталған болса;
- Сот ерекше қауіпті баукеспе деп танылса;
- Басқа мемлекеттің азаматы болса, оның өтініші қабылданбайды
- ҚР Президенті болып қандай адам сайлана алады?
ҚР Конституциясының 41-бабына сәйкес Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда кемінде он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.
№4
- ҚР азаматтарының саяси құқықтарын атаңыз?
Бірлесу бостандығына, бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға; тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға; мемелкеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға; мемелкеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқықтары бар.
- ҚР Конституциясы бойынша Президент өкілеттілігі ол қайтыс болған немесе қызметінен кетірілген жағдайда қалай жүзеге асырылады?
ҚР Конституциясының 48-бабының 1 тармағына сәйкес ҚР Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді; Сенат Төрағасының өзіне Президент өкілетігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Парламент Мәжілісінің Төрағасына көшеді; Мәжіліс Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министріне көшеді.
- Қазақстан тарихы пәні бойынша
№1
- Қазақ хандығы қашан құрылды және оның негізін қалаған кімдер?
XV-ші ғасыр ортасында құрылды және оның негізін қалаған Керей, Жәнібек хандар
- Кенесары Қасымұлы көтерілісінің негізгі мақсаты?
Патша өкіметінің Қазақстандағы отарлауын тежеу.
№2
1.Қазақтың қай ханы өзінің көзі тірісінде үлкен абыройға ие болып, қазақ халқының есінде қазақ жерін біріктіруші ретінде қалды?
Абылай хан
2.XVII-ғасырда Қазақ хандығына қауіп төндірген көрші ел?
Жоңғар мемлекеті
№3
- «Жеті Жарғы» дегеніміз не?
XVII-ғасырдағы әдет-ғұрып заңдары
- XVII-ғасырда Қазақ хандығының астанасы қай қала болды?
Түркістан
№4
1.Қазақ халқының тарихына 1723-1727 жылдар қандай атпен қалды?
«Ақтабан шұбырынды»
2.Қазақ хандығының құрылуы екі мемлекеттің ішкі саяси жағдайына байланысты болды. Ол мемлекеттерді атаңыз!
Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан
Полиглот үшін жасалған мақал-мәтелдер тапсырмалары:
- Жері байдың – елі бай. (ел – народ – halk – nation)
- Елді қу бұзады, сүтті су бұзады.(су – вода – su – water)
- Жеті жұрттың тілін біл,
жеті түрлі білім біл. (білім–знание–bilim- knowledge)
- Би екеу болса, дау төртеу. (дау – спор – çatışma — conflict)
- Халқын алдаған би оңбас,
Әйелі салақ үй оңбас. (үй – дом – ev — home)
- Көз қорқақ, қол батыр.(қол – рука – el — hands)
- Жалқаудың өмірі босқа өтер
Іздеген мұратына жетер. (мұрат – цель – amaç — ame)
- Жамандық аяқ астында
Жақсылық ағаш басында.(ағаш – дерево – agaç — tree)
- Тұз астың дәмін келтірер
Мақал сөздің мәнін келтірер.(сөз – слово – söz — word)
«Тәуелсіз елдің үздік ұланы» тақырыбындағы зияткерлік сайысының өткізілу барысы
Сайысқа қатысқандар: ЗҚЭ-515 тобының студенттері, топ тәлімгері Г.Баймұратова, факультет деканының ғылым ісі жөніндегі орынбасары С.Мырзабекұлы, М.Абенова атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі, «Желтоқсан оқиғасына қатысқан куәгер» А.Жұмадуллаева, «Мемлекеттік-құқықтық пәндер және халықаралық қатынастар» кафедрасының оқытушылары з.ғ.к., профессор К.Шеметаев, оқытушы Д.Талдыбаева, аға оқытушы А.Алайдарова және кітапхана қызметкері ¦.Мырзабекова және т.б.
Сәйыстық бағдарламаға қатысушы: ЗҚЭ-515 тобының студенттері және сайысқа қатысушы студенттер Сыздықов Нұрбек, Құдайбергенова Гүлшат, Құлжабаева Гаухар, Шылманов Нұрбол.
Сайысқа іріктеу жүйесі: «Тәуелсіздікке тағзым» тақырыбында шығармашылық туынды жазу.
Сайысты жүргізушілер: топ студенттері Оспан Аида, Асылбекова Динара
Топ тәлімгері, аға оқытушы Г.Баймұратова сабақтың мақсаты мен маңызы туралы, сабақтың сайыс тәсілімен өткізілетінін айтып өтті. Сайысқа іріктеу топ студенттерінің Тәуелсіздік тақырыбы аясында шығармашылық туынды жазудан болғандығын, бұл іріктеуден топ студенттері Шылманов.Н, Сыздықов Н, Құлжабаева Г, Құдайбергенова Г оза шыққандығын, сайыс осы студенттермен болатындығын хабарлады. Одан әрі сайысты топ студенттері Оспан А мен Асылбекова Д жүргізді.
Сайыс барысы төмендегідей шарттармен өтті.
1.Бәйге. (Жалпылама қойылған сұрақтарға жауап беру) (20-сұрақ) Әр сұраққа дұрыс жауабы үшін 5 ұпайдан есептеледі.
2. Полиглот. Берілген мақалдағы жасырын сөзді тауып, оның түрік, орыс және ағылшын тілінде баламасын айту.(Толық жауапқа 20 ұпай, толық емес жауапқа 10 ұпай)
3.Қызықты үш пән. 1. Мемлекет және құқық теориясы. 2. Қ.Р Конституциялық құқығы. 3. Қазақстан тарих пәндері бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беру. (пән бойынша бір конвертте екі сұрақтан құрастырылған. Бір пәннің сұрағына толық жауап берсе 10 ұпай, сонда үш пән бойынша сайыскер 30 ұпай жинауы тиіс).
Ескерту: Жоғарыда көрсетілген үш турдан ең жоғары ұпай жинаған екі студент келесі сайыс турларында сыналады.
4. Жорға. Мақал-мәтел сайысы. (әр мақалы үшін 5 ұпайдан саналады, сайысушы екі студент бірінің айтқан мақалының ішіндегі сөздер бойынша кездесетін мақалды екіншісі тауып айтуы керек)
5. Шешендік қабілет. “Тәуелсіздікке тағзым” тақырыбында өзі жазған шығармашылық туындысы бойынша ауызша ойын жеткізу. (Студенттің тілдік қоры, ойлау қабілеті, сөйлеу шеберлігі, білімділігі сыналады. 20 ұпайға есептеледі)
6.Тосыннан қойылған сұрақ. (Әділқазылар алқасынан кез келген тақырыпта қойылатын сұраққа 10 ұпайға есептеледі)
Сабақтың ресми бөлімінен соң топ тәлімгері сабаққа қатысып отырған желтоқсан оқиғасына қатысқан қонағымыз Жұмадуллаева Айнұр апайды таныстыра отырып, сөз кезегін берді. Жұмадуллаева Г. студенттерге желтоқсан көтерілісінің басталу себептері мен оның маңызын және өзінің басынан кешірген сол оқиға аясындағы күндерін еске алып, әңгімелеп берді. Бұдан әрі топ тәлімгері Айнұр апайдың сөзін қуаттай отырып, студенттерге желтоқсан оқиғасындағы ағалар мен апайлардың ерлігін, ержүректілігін, намысқойлық қасиеттін сөз етіп, осы өтілген сабақтың берер тәрбиесі хақында айта келіп, сабағымызды әрі қарай жүргізу үшін топ студенттері А Оспан, Д.Асылбековаларға берді. Сайысты жүргізушілер топ студенттері Оспан Аида және Асылбекова Динара
1-ші жүргізуші: Армысыздар, қымбатты ұстаздар мен студенттер!
2-ші жүргізуші: Саламатсыздар ма құрметті қонақтар!
1-ші жүргізуші:
Ең бірінші байлығым-халқым менің
Соған берем ойымның алтын кенін
Ол бар болса- мен бармын, қор болмаймын
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің
2-ші жүргізуші:
Қазақстан-ұлан байтақ жерім бар,
Мұнай, алтын қазыналы кенім бар.
¦ланымын егеменді елімнің
Жолбарыстай мінезім бар, тегім бар!
1-ші:
16-сы желтоқсанның, Республика алаңы
Үндегендей бостандыққа ұйқыдағы даланы
Құрбан болған боздақтардың қанымен де жанымен
Көптен күткен Азаттықтың жанды мәңгі алауы!
2-ші:
1986 жылы желтоқсанның 16-да Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 18 минутқа созылған V- пленумы Д. Қонаевтың орнына КОКП Разуловскийдің ұсынысы бойынша Г.Колбинді тағайындайды. Ол бұған дейін Ульяновск облыстық комитетінің 1-ші хатшысы болып істеген. Яғни, Республикаға мүлдем бейтаныс адам болатын.
1-ші:
17-желтоқсанда таңертең Алматыда жаппай толқу басталды, кейінірек ол республиканың басқа да қалаларына тарады. Г.Колбиннің жоғары басшылыққа тағайындалуы сылтау ғана еді. Наразылыққа жылдар бойы қорланған себептер түрткі болды.
2-ші:
Орталық Комитет пленумының шешімін қанағат тұтпаған адамдарды 16-шы желтоқсанның кешінде әбігер ой мазалады. Талайдың түн ұйқысы бұзылып, алда халықты не күтіп тұр, ендігі күніміз не болады деген күдікті сезім биледі.
1-ші:
Жоғары басшылықтан бұрын-соңды қайырымдылық пен әділеттілік көре алмаған қауымның ішінде әсіресе, студент жастар арасы тез қозғалды. Пленумнан кейінгі түні жатақханалардағы студенттер толқып шықты. Сана мен жүрекке түскен от ұшқыны бықсып жатпай тез лаулап қоя берді.
2-ші:
Сөйтіп, ертең ертемен бір топ студенттер алаңға бет алды. Олардың тас-түйін ойы- Үкімет басшыларымен халықтың праволары мен проблемалары туралы сөз жүргізу. Алайда, оларды бір қолында «шоқпары», бір қолында «қалқаны» бар, бес қаруы сақадай сай сарбаздар қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт-шыт боп ұшып жатты.
1-ші:
Ия, олардың шеруі пленум шешіміне бейбіт түрде білдірілген наразылық еді. Ол саяси сипат алды. Ал, республиканың жаңа басшылығы жастармен тең сөйлесуге арланды, олармен терезесі тең түрде пікір алысып, ұсыныстарына құлақ асуды намыс көрді, яғни әкімшілік-әміршілдік өктем көкірек, өр мінез көрсетті.
2-ші:
Желтоқсанның 17 нен 18-не қараған түні алаң айнала қоршауға алынды. Демонстранттар үш қатарлы қоршауды қалды: жасақшылар олармен бетпе-бет келіп, алдында тұрды, одан кейінгі екінші қатарда милиция, үшінші қатарда әскер. Жастардың жүздерінде үрейдің ізі де білінбейді.
1-ші:
Милиционерлер алдымен шерудің алдыңғы сапында жүрген қауіпті белсенділерін күшпен алып кетіп жатты. Жағдайдың басқаша ауытқып бара жатқанын, сенім артқан белсенді жастардың қоршалып қалғанынан сезіктенген демонстранттар қимылға амалсыз ерік береді.
2-ші:
Осылай қақтығыс басталып, екі жақты қимыл барған сайын күшейе түсті. Одан әрі алаң қанды сойқанға айналды. Қалың қолды қарулы күштің қозғалысты басып-жаншып, қарусыз жастарды құшырлана ұрып-соғып, бас жарып, көз шығарып, шаштан жұлып, аяқтан сүйреп, өлермен етіп мертіктіріп, тепкіге салып жатты.
1-ші:
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақтың басы бірігіп, бір жұдырықтай жұмылған әрі бақытты, әрі қайғылы күні еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетпейді.
2-ші:
Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылдаған тоталитарлық жүйеге, халықтың ар-намысы таразыға салынған сын-сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыға келген жастарымыздың ерен ерлігі, сөз жоқ, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Желтоқсан оқиғасының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алынды.
1-ші:
Желтоқсан-заман толғағы байтақ даланың
Шарпысқан сәті үміт пен күдік наланың
Желтоқсан-Қайрат, Ләззат пенен Сәбира
Құрбаны болған осынау бір жаланың
2-ші:
Желтоқсан-Жеңіс, Желтоқсан ұлы жаңалық,
Қысымға қарсы қарсылық еткен саналық
Жәнібек, Бұқар, Абылай жолын жалғаған
Азаттық, Елдік, Ерлік пен Теңдік, Даналық!
1-ші:
Желтоқсандық өрендер ақталады,
Есімдері жыр болып жатталады
Ел намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады!
2-ші:
¤сер ұлттың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула Желтоқсанда мұзға жаққан алауы!
¤здеріңдей өр намысты жас өрені бар елдің
Ешқашанда да еңкеюге тиіс емес жалауы!
Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде ортаға әкелініп, Ән ¦ран шырқалды. ҚР Туын топ студенті Кенжебаев Сәбит әскери адыммен ортаға алып шықты.
Сайыс шарттарымен сайысқа қатысушы студенттер Желтоқсан оқиғасына байланысты жасалған жалпылама сұрақтарға, қызықты үш пән бойынша арнайы коннвертте дайындалған сұрақтарға жауаптар беру арқылы, мақалдағы жасырын сөзді тауып, оның үш тілдегі баламасын айту, жарыса мақал-мәтел айту және өзінің жазған осы тақырып аясындағы шығармашылық туындыларын оқып, ақтық сайысты әділқазылар тарапынан қойылған «Құқық белгілерін атаңыз», «Қазақстанның алғашқы әлем чемпионын атаңыз», «Университетіміздің алғашқы Президенті кім?» деген тосын сұрақтарға өздерінің тапқырлықтарымен ұтымды жауаптар берді.
Сайысқа қатысқан студенттердің арасынан Шылманов Нұрбол 165 ұпаймен және Құдайбергенова Гүлшат 154 ұпаймен оза шығып сайыстың келесі шарттарымен сыналды. Ал Сыздықов Нұрбек 122 ұпай жинаса, Құлжабаева Гаухар 100 ұпай жинап жақсы көрсеткіштер көрсетіп, танымдық қабілетін, білімділіктерін жан-жақты көрсете білді. Сайысқа профессор К.Шеметаев, аға оқытушы Баймұратова Г, оқытушы Д.Талдыбаевалар қазылық төрелік етті. Соңғы шарттардың қорытындысы бойынша Шылманов Н 95 ұпай, Құдайбергенова Г 110 ұпай жинап, өзінің тілдік қоры, ойлау қабілеті, сөйлеу шеберлігі, жалпы терең білімділігімен “Тәуелсіз елдің үздік ұланы” болып, топ студенті Құдайбергенова Гүлшат танылды.
Топ тәлімгері сайысқа қатысқан студенттерді алғыс хатпен және “Тәуелсіз елдің үздік ұланы” атанған студентке факультет әкімшілігі тарапынан дайындалған мақтау қағазымен марапаттады. Мақтау қағазын экономика және заң факультетінің ғылым ісі жөніндегі орынбасары С.Мырзабекұлы табыс етті. Сабақ соңында қатысқан қонақтарға алғыс айтылып, Желтоқсан оқиғасына қатысушы А Жұмадуллаеваға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды. Сабақты қорытындылай келіп, декан орынбасары С.Мырзабекұлы, кітапхана қызметкері ¦.Мырзабековалар шығып сөйлеп, сайыстың тақырыпқа сәйкес жақсы ұйымдастырылғандығы, сабақтың өз мәнінде жоғары деңгейде өтілгендігі туралы баға берді. Топтың жалпы тәртібі, студенттермен, оқытушылармен, кітапхана қызметкерлерімен этикалық қарым-қатынастары да жақсы жолға қойылған дей келе, ¦лжалғас апай студенттердің осындай тәлім-тәрбиелік өнеге көрсетуі топ тәлімгеріне тікелей байланысты, сондықтан осындай іс-шаралардың өткізіліп тұруын қуаттап, топ тәлімгеріне жылы лебізі мен ықыласын білдірді. Сонымен қатар бүгінгі сабаққа арнайы кітапхана қызметкерлері кітап сөрелері мен газет, журналдар көрмесін ұйымдастырып отырғандығын, желтоқсан тақырыбы аясында ізденушілерге тікелей көмек бере алатындықтарын айтып өтті.
Сабақта аудиториялар көрнекіліктермен безендіріліп, бейне таспалар қолданылды.