Жеті жұрттың тілін біл
Ақтөбе қаласы
«Сымбат» жеке мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі
Кайдакова Жанат Бекболатовна
Тақырыбы: «Жеті жұрттың тілін біл»
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға мемлекеттік тілдің маңызы туралы түсінік беру, өлең, тақпақ, ойлы сөздер айту арқылы алған білімдерін дамыту, ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқи білуге дағдыландыру, өз тілін қастерлеуге, басқа ұлттардың тілдерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы.
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Қазақстан Республикасының әнұраны орындалады.
Елдік, бірлік, ерлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың, – деп ақын М.Жұмабаев жырламақшы, ана тілі – небір зобалаңды бастан кешіріп, құрудың аз – ақ алдында қалған ұлы мұра.
1989 жылыҚазақстан Республикасында алғаш рет «Тіл туралы Заң» қабылданды. Егеменді Мемлекеттің басты белгілерінің бірі – тіл.
ІІ. Кіріспе бөлім.
– Ата заңның 7 бабында «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылдың 11 шілдесінде ҚР Парламенті «Тіл туралы» жаңа заң қабылдады. Онда мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңімен көшіру туралы айтылды.
ІІІ. Негізгі бөлім.
Жүргізушілер:
– Амансың ба,Әсем!
– Амансыңба, Қанат!
– Әсем, бүгінгі күн ерекше болмақ. Бірден сөз бастауға үлкен кісілерден ұялыңқырап тұрмын.
– Несіне ыңғайсызданасың? «Сөз атасы – сәлем» деген емес пе, алдымен амандасайық.
– Бармысыңдар балалар. Бүгінгі өткізгелі отырған тіл мерекесінің ашылу салтанатына қош келдіңіздер!
– «Тілге құрмет – елге құрмет» демекші, бұл жиында тіл туралы ақын – жазушылардың өлеңдерімен танысасыздар.
– «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер?» демекші біздің сыныптың татулығы мен ауызбірлігіне не жетсін.
– «Төртеу түгел болса – алар, алтау түгел болса – алдырар» деген ғой.
– «Бірлік түбі – тірлік» деген ғой ата – бабаларымыз. Бірлік болсын.
ІV. Әдеби монтаж.
1 – оқушы: Ақыл – ойың дананың.
Ана тілден аламын.
Ана тілің ардақты
Ақ сүтіндей ананың.
Өсірген ой білімді,
Сүйемін туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді. Әбдібай Табылдиев.
2 – оқушы:Ана тілің біліп қой
Еркіндігің, теңдігің,
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл…
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! Қадыр Мырзалиев.
3 – оқушы: Ана тілі – біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе
Анасынан безген ұл деп біліңіз. Мұзафар Әлімбаев.
4 – оқушы: Ана тіл – асыл күні бабамның,
Қуатымсың ақ сүтіндей анамның.
Сәби шақтан бесігімде жыр тыңдап,
Туған тілді жаттап өскен балаңмын.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін. Әбділда Тәжібаев.
5 – оқушы: Қасиетің ана тілі, көп сенің,
Өзің барда ескірмес, тозбас елім.
Сен болмасаң ұлы ақын Абай болып,
Мұқағали отты өлең жазбас еді.
6 – оқушы: Ана тілім – күшім менің, қуатым
Жырым сендік жүрегімнен туатын.
Тауысар ма ырысыңды, қорыңды
Тізерлесіп қатар жазса, мың ақын
Мейлі шарлап теңіз өттім, тау бастым,
Мейлі көктің ақ бұлтына жармастым.
Сондадағы сен қалмассың көкейден,
Сондадағы сені ұмыта алмаспын
7 – оқушы: О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің – анаң сыйлап өтіңдер.
Әркімнің туған тілі – туған шеше
Оған бала міндетті сан мың есе. Сәбит Мұқанов
V. Сұрақ – жауап.
Мұғалім:
Туып өскен Торғайдың даласында
Қайран елі – қазағы арасында.
Тілі үшін жазықсыз жапа шеккен
Арысың кім, ойланбай табасың ба?
-
Балалар, бұл өлеңде айтылған ана тілі үшін құрбан болған жандар кімдер деп ойлайсыңдар?
-
Аталарымыз Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов.
VІ. Қорытынды сөз.
