Ғылыми жобалар

КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ТІЛІНДЕГІ ДИАЛЕКТИЗМДЕР. АВТОРЕФЕРАТ

ӘОЖ                                                             Қолжазба құқығында
Тулегенова Сания Батырбековна
КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ТІЛІНДЕГІ ДИАЛЕКТИЗМДЕР

6N0205- Филология (Қазақ тілі мен әдебиеті)
Филология магистрі академиялық дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
АҚТӨБЕ-2010

Жұмыс Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының  Қазақ тілі теориясы  және оқыту технологиясы
кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші:
филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұратбек Бағила Құрманбекқызы
Ресми оппонент: Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Күштаева Майра ТөлебайқызыДиссертация 2010 жылы «____»_______ сағат «____» Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология магистрі академиялық дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: Ақтөбе қаласы, 030000, Ә.Молдағұлова даңғылы,34.

Магистрлік диссертациямен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының кітапханасында танысуға болады.

 

Қорғауға жіберілді: _______Қазақ тілі және оқыту технологиясы  кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Ж.О.Тектіғұл

     Жұмыстың жалпы сипаттамасы.

Қай тілдің болмасын сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түп тамыры тіл иесі этностың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тарихының қалың беттерімен, мәдениетімен, мінез-құлқымен байланысты. Ұлтқа тән қадір-қасиетті танытатын тіл болса, тіл деректерінің тоғысар жері – көркем шығарма. Көркем шығарма – ұлттық болмысқа қатысты мәселелерді жинақтайтын күрделі құбылыс, біртұтас дүние. Көркем шығарма мәтінінде кездесетін әр алуан тілдік құбылыс ұлттық тілдің барлық тармақтарынан алынады. Жергілікті ерекшеліктер лексикологияда қолданылу өрісі тар, шектеулі қабатқа жатқызылады, олай болса, жергілікті ерекшеліктердің нақты көрінер, басқа танылар тұсы – көркем шығарма мәтіні.

Жазушы сөзбен сурет салу барысында образ іздейді, ол үшін оқырманға әсер етіп, кейіпкерді «өз тілінде» сөйлетуге тырысады. Міне, осы жағдайда диалектілер басты тілдік единица. Бұл мәселеге қатысты М. Әуезов «Қазақстанның бар өлкесіндегі халықтық тіл байлықтарын мол пайдалану мәселелерін үнемі шартты талап етіп, сынап отыру керек» [1,83], – деген екен, сондықтан әдеби тіл дамуының әр кезеңінде  жергілікті ерекшеліктер, диалектизмдер, олардың көркем әдебиетте қолданылуы мәселесі көтеріліп отыруы заңды.

Бұл зерттеулер көп жағдайда әдеби тілдің қалыптасуы әдеби тіл және оның нормасы, тіл мәдениетіне қатысты мәселелерді қозғайды. Ал соңғы жылдардағы зерттеулер қазіргі тіл ғылымындағы антропоцентристік бағытта дамып келеді. Осы орайда Ж.Мұхамбетов, А.Есенбай, Р.Асылбеков сынды ғалымдарды  атап кеткен жөн.

Олай болса, қазақ этносының бітім-болмысын  жан-жақты тани түсуге мүмкіндік беретін тіл иесімен бірге, заманнан-заманға озып, сақталып келе жатқан жергілікті ерекшеліктерінің көркем шығармалардағы қолданыс күйін көркем әдебиет стилі, әдеби норма мәселелерін зерделеу бүгінгі таңдағы өзекті мәселе қатарына жататыны анық.

    Зерттеудің өзектілігі. Көркем мәтін – ұлттық бітім-болмысты, ұлттық психологияны, ұлттың дүниетанымы мен оның өмір сүру тәжірибесін, салт-дәстүр мен наным-сенімді таныстыратын біртұтас дүние. Көркем мәтін —  ұлттық мәдениеттің тілдік көрінісі, айнасы. Сондықтан әрбір көркем шығарманың бойынан сол ұлт туралы материалдық та, рухани, эстетикалық та мәдениет негізін тануға болады.

Көркем шығармалар арқылы, автордың танымдық аясы мен ақиқат дүниені бейнелеу қабілетіне қарай жазушы баяндап отырған ортаның мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, танымдық ерекшелігін анықтауға болады. Әрбір көркем шығарма – бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұрағат. Сондықтан жазушы тіліндегі әрбір тілдік бірлік сол заманның мәдениетін, өмірлік болмысынан шынайы ақпарат беретін тарихи мұра десек те болады.  Демек, кез келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан ғасырлық жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде орныққан мәдениетімен, ой танымы екендігі. Автордың ішкі көркемдік дүниесі мен оны  тудыру шеберлігін мәтін арқылы тани аламыз. Көркем мәтін автор ойын объективтендіріп, оның шығармашылық көзқарасын таныту, адам туралы, айнала қоршаған әлем туралы білімі мен түсінігін бейнелеп жеткізу үшін және автор танымындағы әлемді басқаға сол қалпында дәл жеткізу үшін жұмсалады. Көркем шығарма тілін семантикалық зерттеу арқылы сөздік қорымыздағы сан алуан тілдік бірліктердің стильдік, мағыналық, функционалдық қызметтерін, олардың заттық мәдени мағынасын, ұлтты таныту қасиеттерін, этимологиялық қалыптасу тарихын анықтауға болатыны белгілі. Осыған байланысты көркем әдебиеттердегі диалектілік лексемалардың қолданылу себебін анықтап, оның ішінде әдеби тіл қатарына енуге бейім тұрған жеке атаулық (номинативтік) мағынаға ие болып, қазіргі заман талабына, яғни тілдік норма талаптарына сай келетін диалектизмдерді айшықтап, ажыратып көрсету жұмыстың өзектілігін танытады.

Қазақ тіл білімінде жергілікті тіл ерекшеліктерін талдауда,  антропоцентристік бағыттағы,  зерттеулер жанданып келеді. Бұл орайда М.Атабаева, Ж.Мұхамбетовтың еңбектерін атауға болады.  М.Атабаеваның зерттеуі қазақ тіліне ортақ этнодиалектизмдерге арналса, Ж.Мұхамбетов кандидаттық диссертациясында Батыс Қазақстан аймағындағы тұрғындар тіліндегі этнодиалектизмдерді талдауды мақсат еткен. Жұмысымызда  жазушы тіліндегі  жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданысы қарастырылды.  Осы уақытқа дейін  жергілікті тіл ерекшеліктерінің лексикалық, грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктері сөз болғанымен,  көркем шығармадағы уәжді-уәжсіз қолданылу ерекшеліктері арнайы сөз болып, материалдық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктері этнолингвистикалық сипатта, тіл мен мәдениет сабақтастығында қарастырылмаған болатын. Тақырыптың өзектілігі де осы мәселелерден туындайды деп ойлаймыз.

     Зерттеудің мақсаты – көркем мәтіндегі жергілікті тіл ерекшеліктерінің  қолданысына кешенді түрде талдау жасау. Ол үшін мына міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

–                    лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің негізінде қазақ тіліне тән лингвомәдени көркем мәтіндерде берілу ерекшеліктерін анықтау;

–                    лингвомәдени көркем әдебиеттегі қызметіне талдау жасау, өзіндік ерекше топтарын жіктеу, төркінін анықтау;

–                    көркем шығармалардағы диалектизмдерді кешенді талдау жасау арқылы жергілікті тіл бірліктерінің мәдени, танымдық табиғатын, қолданымдық сипатын анықтау;

–                     көркем шығармада кездесетін диалектизмдердің өзіндік ерекшеліктерін анықтай отырып, тақырыптық топтарға жіктеу, лексика-семантикалық жақтан сипаттау;

–                    фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктердің стиль түрлеріне қатысын айқындап, стилистикалық мағына мен реңк тұрғысынан зерделеу;

–                    материалдық және рухани мәдениетке қатысты диалектизмдерді  лингвомәдени бірлік деңгейінде талдау;

–                    лингвомәдени деректі диалектизмдерді этимологиялық жағынан талдау;

–                    көркем мәтіндегі диалектизмдердің қолданысын әдеби тіл нормасы.  Көркем әдебиет тілі заңдылықтарына қатысты мәселелерді өзегінде көрсету;

–                    көркем шығармадағы диалектизмдердің қолданылу уәжділігін анықтай отырып, олардың аймақтық сөйленістер тобына қатысын, сипатын белгілеу;

–                    жергілікті тіл ерекшеліктерінің жұмсалуының қазіргі қазақ көркем әдебиеті тіліндегі көрінісін, өріс алу бағытын анықтау;

–                    жазушылардың жергілікті тіл ерекшеліктерін уәжді-уәжсіз қолдануы;

–                    диалектизмдердің эмоцияналды-экспрессивті (бағалауыштық) сипаты;

–                    диалектизмдерді қолданудағы жазушының стильдік мақсатын көрсету;

–                    жазушылар тіліндегі әдеби норма мен жарыспалылықты, қажетсіз дублеттер тудыратын тұлғаларды анықтау;

–                    көркем шығармалардағы диалектизмдерге талдау жасай отырып, өңірлерде қалыптасқан материалдық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін сипаттау.

     Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.       

   Зерттеуде жергілікті диалектизмдердің көркем шығармадағы қолданылу сипаты, оның ерекшеліктері, тілдік, стильдік табиғаты арнайы қарастырылып, өзіндік белгілері айқындалып отыр.

— кейіпкер тілінде кездесетін диалектизмдер мен қарапайым сөйлеу тілі элементтері көркем мәтін аясындағы стильдік қызметімен тұтастықта қарастырылған;

—   көркем мәтіндегі  өзіндік тіл ерекшеліктерін көрсететін сөйлеу тілінің стилистикалық аспектілері анықталды;

— зерттеу нәтижесінде көркем шығармалардағы диалектизмдер фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктер тұрғысынан сұрыпталып, лексикалық ерекшеліктердің мағыналық топтары ажыратылып,  аталымның семантикалық деңгейінде тарихи, әлеуметтік, экстралингвистикалық факторлардың әсері анықталды;

—           көркем шығармада диалектизмдерді қолданудың мақсатына сай прагматикалық, стилистикалық белгілері көрсетіліп, стилистикалық мағына, реңк тұрғысынан сөз болды;

—           көркем шығармада фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерді қолданудың  стилистикалық мақсаты сараланып, жазушы сипаттап отырған өңірге қатыстылығының тарихи әлеуметтік себептері айқындалды;

—           жазушылардың жергілікті тіл ерекшеліктерін уәжді-уәжсіз қолдану сипаты анықталды;

—           қазақ әдеби тілі лексикасын толықтырып, әр алуан қажеттіліктерін өтеуге жарайтын диалектизмдер мен кәсіби сөздер қатары анықталды;

—           қаламгер тіліндегі жарыспалылық, қажетсіз дублеттер тудыратын тұлғалар көрсетілді;

—            қазақ әдеби тілі лексикасын толықтырып, әр алуан қажеттіліктерін тануға жарайтын диалектизмдер мен кәсіби сөздер қатары айқындалды.

    Зерттеу нысаны. Зерттеу жұмысында көркем мәтіндегі диалектизмдердің қолданысы және жергілікті тіл ерекшеліктерінің танымдық мәнін ашу зерттеу нысанына жатады.

    Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында салыстыру, талдау, жинақтау, баяндау, сипаттау және кей тұстарда тарихи-этимологиялық зерттеу әдістері қолданылды.

    Зерттеудің материалдары. Жұмыс барысында қазақ жазушыларының шығармаларындағы жергілікті ерекшеліктер, аймақтық, түсіндірме, фразеологиялық сөздіктердегі  деректер, көркем мәтінде қолданылған жергілікті мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері  негізге алынды.

     Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысының дереккөздеріне:  «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі», «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», Ә.Қайдардың «Халық даналығы», Р.Сыздық «Сөз құдыреті», «Сөздер сөйлейді», «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі», Ж.Бабалықұлының, Х.Арғынбаев, С.Мұқанов, С.Қасиманов т.б. еңбектері алынды.

    Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негізі ретінде Зерттеу жұмысына жалпы тіл білімі мен отандық тіл білімі бойынша лингвостилистика, диалектология, мәтін лингвистикасына және лингвомәдениеттану саласына байланысты жазылған В.А.Маслова, В.Виноградов, Н.Гальперин, Б.Уорф пен Э.Сепир, В.Ф.Гумбольдт, А.Байтұрсынұлы, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков, С.Омарбеков,  Б.Шалабай,  Ж.Манкеева, М.Серғалиев, Н.Уәли, Г. Смағұлова, Г.Әзімжанова, А.Ислам т.б. ғалымдардың зерттеулері теориялық-әдістанымдық тұрғыдан басшылыққа алынып, ғылыми негіз болды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

— жергілікті тілдік ерекшелік материалдық және рухани, мәдение бірліктерде сол аймаққа тән диалектизмдерді ұрпақтан-ұрпаққа беріп, сол арқылы тілдің маңызды қызметтерінің бірі диалектизмдер — ақпарат жеткізуші қызметін орындайды;

—  диалектизмдер көркемдегіш құрал ретінде көркем әдебиет стилінде жиі қолданыла алады, ал ғылыми, іскери тілде қолданылмайды;

— диалектизмдер өзге  жанрлармен салыстырғанда прозалық шығармаларда жиі кездеседі  және фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерге қарағанда, лексикалық ерекшеліктері басым;

—   мақсатты түрде, дұрыс қолданылған  жергілікті ерекшеліктер тілдің прагматикалық (эмоционалды-экспрессивті және стильдік функциясы болып табылады;

—  фразеологиялық диалектизмдерде, аймаққа тән ономастикалық жүйеде, прецеденттік мәтіндерде сол өңірге тән ерекшелік, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс айқын көрінеді;

— жазушы тіліндегі уәжді, мақсатты түрде қолданылған  диалектизмдер экспрессияның тиімді құралы;

— көркем шығармалардағы жергілікті тіл ерекшеліктерінен тіл иесінің ертеден қалыптасқан ұлттық болмысы,  әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен дүниетанымы айқын көрінеді;

— көркем мәтінде лексикалық ерекшеліктермен қатар, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер де кездеседі, олар жазушының қолдану мақсатына орай стилистикалық қызмет атқарады;

— қаламгер жергілікті ерекшеліктерді кейіпкерлердің сөз машығын таныту үшін стильдік мақсатта қолданған;

— жеке қолданыстағы стильдік мақсат көздеген тілдік бірліктер ғана қазақ әдеби тілінің лексикасын толықтырып, қажеттіліктерін өтеуге жарайды;

— арнайы стильдік мақсат көздемей,  көркем мәтінде авторлық баяндауда қолданылған сөздер  әдеби тіліміздің дамуына кері әсерін тигізіп, жарыспалылық пен қажетсіз дублеттер тудырады;

— қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері – ұлт болмысы мен мәдениетін сипаттайын этномазмұнды ақпарат көздерінің бірі.

— жергілікті тілдік ерекшелік ретіндегі материалдық және рухани мәдениет бірліктер халқымыздың дүниетанымы, салт-дәстүріне қатысты белгілі бір аймаққа тән тілдік бейнені жасауға негіз болатын коннотациялық сипаттағы тілдік бірліктер.

     Жұмыстың құрылымы.  Жұмыс кіріспе, екі тарау, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

  1. 1.      Көркем шығармадағы материалдық мәдениетке  

қатысты диалектизмдердің берілуі.

Диалект (грек тіліндегі dialektos — әңгіме, сөз дегенді білдіреді)- жергілікті немесе әлеуметтік негіздерде бөлінген ұжымдардағы аралас-құраластық жасау құралы ретіндегі тіл ерекшелігі. Диалект – тілдің тууы мен өмір сүруінің аса маңызды формасы, ол шаруа, тұрмыстық және өндірістік қарым-қатынастар жасауының негізінде пайда болған алғашқы ұлттық тілдің ерекше белгісі. Тілдің әркелкі түрлері: онда әдеби тіл және жергілікті тіл ерекшеліктері (диалектілер), ауызекі тіл және арго (толық емес, редуцирленген – сөздік деңгейіне дейін қысқартылған тілдік жүйе) бар екендігі белгілі.

Прозалық шығармаларда диалектілік ерекшеліктер негізінен кейіпкерлердің тілінде қолданылады. Сонымен қатар, кейде автор сөзінде қолданылуы да орын алып отырады. Жазушылар диалектілік ерекшеліктерді  көбінесе жергілікті тұрғындарды сипаттауда, халық тұрмысын шынайы көрсету, белгілі бір аймаққа тән материалдық және рухани мәдениет ерекшеліктерін беру үшін, халықтың болмысын, рухын шынайы түрде бейнелеу мақсатында қолданады.

Жергілікті ерекшеліктердің лирикалық поэзияда қолданылуы мен прозалық шығармаларда қолданылуының өзіндік ерекшеліктері бар. Экспрессивті қызметі автордың жеке өзі таратып отырған хабардағы көріністермен байланысты, ендеше сөз өз тұлғасын білдіре алудың құралы ретінде қызмет етеді. Импрессивті қызмет сөйлеушінің жеткізгелі отырған хабарына қаратыла айтылады десек, ол сөйлеушінің әсеріне байланысты адресат хабардың қандай  тілмен жеткізілгені туралы ақпаратты алумен қатар, автордың осы хабарға деген эмоционалдық жай-күйін біле алады. Бұл қызмет белгілі бір әрекеттерге байланысты адресаттың көңіл-күйіне, сезіміне, талап-тілегіне ықпал жасай алады.

Прозалық шығармалармен салыстырғанда, лирикалық шығармаларда диалектілік ерекшеліктер әлдеқайда аз қолданылады, оның үстіне онда негізінен лексикалық ерекшеліктер, ал фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер мейлінше аз. Бұл жерде жергілікті тұрғындардың тіліндегі фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерді көрсету емес, ойын нақты беру, қысқа да түсінікті етіп жеткізу мақсатынан туындаған.

Лексикалық ерекшеліктер өз ішінен бірнеше топтарға жіктеледі. Атап айтқанда: нақты лексикалық ерекшеліктер – әдеби тілде баламасы, синонимі бар сөздер;

семантикалық ерекшеліктер – белгілі бір тұрғындардың тілінде жалпыхалықтық қолданыстан бөлек мағынасы бар сөздер;

этнографиялық ерекшеліктер – белгілі бір аймаққа ғана тән, басқа жерлерде қолданылмайтын немесе олардан түбегейлі ерекшеленетін заттар мен құбылыстардың аттары.

Этнографизмдердің жалпыхалықтық тілде баламасы болмайтындықтан, оларды сипаттама түрінде ғана беруге болады;

фразеологиялық ерекшеліктер – белгілі бір аймаққа ғана тән, сол жерде ғана түсінікті болатын тұрақты сөз тіркестері.

Кейіпкер образын жандандыра түсу тәсілдерінің бірі – оның тілінде сол өңірдің жергілікті ерекшеліктерін беру. Әрбір субъектінің жасына, қызметіне, өмір сүрген ортасына, күнделікті тіршілігіне қарай сөз қолданысы да басқалардан ерекшеленетіні белгілі. Олай болса, жазушы образ сомдауда осы ерекшеліктерді мүмкіндігінше мол қамтуға тырысып, экстралингвистикалық факторларды ескеріледі.

Жазушы тілін, сөз қолдану ерекшеліктерін сөз еткенде, ең алдымен, екі факті:

а) белгілі бір сөздерді қолдануда автордың өзіндік позициясын, мақсатын түсіндіру;

ә) автор  бейнесінің ерекшеліктеріне мән беру.

Ақын-жазушылардың шығармаларында кейіпкер тілінде (кейде лирикалық кейіпкер автормен астасып, орайласып жатады) жергілікті тіл ерекшеліктерінің кеңінен қолданылуы – шығарманың құндылығын  арттырады.

Дегенмен қаламгер тілінде жергілікті ерекшеліктерді қолдануында екі түрлі басты кемшілік байқалады:

а) жергілікті ерекшеліктерді автордың өз  баяндауында (автор мен лирикалық кейіпкер сәйкес келмеген жағдайда) қолдануы;

ә) сол өңірге жат, таныс емес, басқа аймақта қолданылатын  сөздерді қолдануы, яғни, автор жергілікті тіл ерекшеліктерін қолданғанмен, оның қай аймаққа тән екендігінен туындайтын фактор, себебі лексикалық ерекшеліктер  зерттеушілер  назарын ертеден-ақ өздеріне аударған, бір тілде сөйлейтін екі адам өз ара түсініскенмен, жекелеген сөздерді білмеуі немесе қолданбауы,  екінші жағынан, сол сөзге тілдік жағынан назар аудартады.   Фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер сөйлеуші тіліндегі кейбір ерекшеліктерді байқауға мүмкіндік береді, бірақ өзара түсінуге елеулі-ықпал ете алмайды. Ал лексикалық ерекшеліктерді жекелеген дыбыс,  фонема, қос морфема көлемінде емес, тұтас лексикалық  бірлік болғандықтан, адресанттың ойын түсінуде олар маңызды қызмет атқарады.

Көркем шығармадағы материалдық мәдениетке қатысты диалектизмдерді зерттеу жұмысымызда төмендегідей топтарға бөліп қарастырдық:

1) Ыдыс-аяқ және үй-жай атауларындағы диалектизмдер.

2) Киім-кешек және тағам атауларындағы диалектизмдер.

3) Құрал-жабдық пен кәсіп-шаруашылыққа қатысты

диалектизмдер.

4) Жануарлар, өсімдік атаулары мен жер бедері атауларындағы

диалектизмдер.

 

1.1 Ыдыс-аяқ және үй-жай атауларындағы  

      диалектизмдер.

Жалпы сөйленістер лексикасында сөйленіс иелерінің таным – түсінігінен мол хабар беретін деректердің маңыздысы – үй-жай, баспана тақырыптық тобын құрайтын диалектизмдер. Үй-мекен, үй-шаңырақ ұғымының пайда болуы, жетілуі адамның табиғаттың саналы перзенті екендігін сезінуінің дәлелі. Сондықтан да батыс сөйленістерінде осы топқа енетін атаулар көлемі мол. Мысалы, жазушы Ә.Кекілбаевтың шығармасында оның там, жай, бықынажай, құжынажай, майхана, сәлемхана, шатпа, шошала, сағанақ теппе, сылама т.б. түрлері кездеседі. Бұлардың ішінде жиі қолданылатын сөздің бірі там. Жалпы қазақ сөйленістерінде там сөзі – көп мағыналы: қолдан құйған балшықтан, кірпіштен салынған үй; мола, зират, бейіт; қабырға, дуал. Там сөзінің Қазақстанның түрлі аймақтарындағы мағынасы туралы Ә.Нұрмағамбетов оның үй, мола, бейіт мағынасы оңтүстік говорлар тобына тән де, екінші мағынасы солтүстік-батыс говорлар тобына тән.  Алматы, Жамбыл, Шымкент тұрғындары тіліндегі там сөзі «үй» мағынасында қолданылып келеді де, Қызылордадан асып, Аралға жақындай бергенде, бұл мағынасынан айырылып, «мола», «бейіт» мағынасына ауысып кетеді», –  дейді [2,  114-115.].

    Ыдыс-аяқ атауларындағы диалектизмдерді күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін зат атаулары құрайды. Бұлардың да көлемі мол: дүмше, бақыраш, зерен, топатай, сапы, метей, күйентей т.б. Дүмше – шай шығаратын аққұман, шәйнек Шәйдың дәмі ұнайма, айтыңыз. Сізге шәйді басқа дүмшеден құйсын. Дүмше — шай шығаратын ақ құман; қолға су құятын ұзын мойынды құман. Парсыша – дом>дүм – құйрық, бір нәрсенің артқы жағы [3, 137.] сөзінен шығуы мүмкін. Сол сияқты бір нәрсенің түп жағы, түбі. Бақыраш 1) кішкене шелек, 2) ожау, шөміш. Бұл сөз көршін деп те аталады.  Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйе міне алмас!… Ал диалектологиялық сөздіктерде бұл сөздің бес түрлі мағынасы беріледі. Cөздің архисемасы М.А.Хабичевтің бақыр сөзінің түсімен, металмен байланыстыратын тұжырымы арқылы анықталады, кур, гур түркі тілдеріндегі «қызыл» сөзінің түбірі де, бой – бояу – бұлардың бәрі жез ұғымынан тарайтын атауларға негіз болады. Бақыраш – жезден жасалған ыдыстың бір түрі [4, 38-39 .].

Заттық мәдениет категориясына жататын лингвокультуремаларға күнделікті тұрмыста тұтынылатын заттар мен шаруашылыққа қажетті зат атаулары жатады.

Тақыт тақ. Мысалы, «Бас тақыт бос». Осы сөз Ә.Кекілбаевтің тілінде жиі кездеседі. Парсыша тәхт деген екі түрлі мағына береді: 1) патшалардың отыратын орны, орындығы; 2) ауысп. мәртебесі жоғары, шоқтығы биік. Ә.Кекілбаев осы сөзді тақ сөзімен қатар қолданып отырады. Қазақ тілінде сөз соңындағы қатар келген екі дауыссыз дыбыстың біреуі айтылмай түсіп қалады: тақт>тақ не болмаса ол екі дауыссыз дыбыстың арасына бір дауысты қыстырма (дәнекер) дыбыс қосылып айтылады: тақыт. Тәхт сөзі тақ түрінде айтылуын қазақ тілінде парсыша дуст, раст сөздерінің соңындағы т дыбысы түсіріліп, дос, рас болып айтылу заңдылығымен салыстыруға болады. Тақ пен тақыт бір сөздің екі түрі (дыбыстық нұсқалары). Біреуі – ескі түрі (тақыт), біреуі – оның жаңа түрі (тақ). Олар әуелі қатар жүріп, жарыса қолданылады да, жүре-бара біреуі ауызекі тілде қалған. Ай тақырда отырып тас қорғанның ішіндегі алтын тақыттан дәмету, бір қарағанда, есерлік сияқты!. Абдыра сөзі қазақ сөйленістерінде а-ә алмасуларына сәйкес абдыраәбдіре түрінде ұшырасады, «сандық, кебеже» мағынасын білдіреді. Монғол тілінде авдар – кебеже, сандық, қырғызда абдыра – үлкен жәшік, сандық, тува – аптара, хакас тілінде – абдыра қобдиша, кішкене сандық, қалмақ – авдр, сандық, жәшік. Бұл сөз абдари түрінде парсы тілінде ұшырасатыны және парсы тіліне түркі тілдерінн ауысқан дейтін пікір бар, өйткені маньчжур тілінде «абдари моо» емен тұқымдас ағаш атауын білдіреді. Кебеже, сандық сияқты заттар ағаштан жасалған, оның ағаш мағынасын білдіретін моо сөзі  түсіріліп, «абдари» атауы зат ауына ауысқан.  Бұл сөз оңтүстік сөйленістерде абдырая тұлғасында, Қытай қазақтары тілінде Абдыра гидронимі, Абдыра ойконнимі ретінде қолданылады. Ә.Кекілбаев шығармаларында әбдіре формасында «сандық» мағынасында қолданылып тұр» (Әбдіре мен жүкаяқты екі келініне қолдатып жіберді).

 

  1.2 Киім-кешек және тағам атауларындағы диалектизмдер.

Түніменен «соқыр теке» деп жүргенде, құжантық ілінбес шарқатыңа (Ғ.Сланов «Дөң асқан» 17 б.).

Қара кемпір арқасындағы ішіне түйе жүн салып сырыған пүліш жадағайын баласының аяқ жағында бір уыс боп бүрісіп жатқан келінінің иығына жапты (Ә.Кекілбаев «Құс қанаты» 51 б.).

Бірен-саранының киімі жаңа  дүрсін тәуір: дөңгелек қара бөрік, кәнәуіз шапан, мәндәлә бешпент-шалбар (Б.Аманшин «Исатайдың семсері» 5 б.).

Ашық омырау, қынама бел қара мауыт бешпет, шашақты тақия ауыл арасының қазағы емесін танытады (Ә.Кекілбаев «Аш бөрі» 22 б.).

 

Қыз жамылышын иығына жеңіл іле салып үйіне қайтпақ ниет білдірді  (Ғ.Сланов  «Замандастар» 217 б.).

«Парсыша – қазақша түсіндірме сөздікте» шарқат сөзі – бас орамал, жаулық деп  түсіндірілген. Н.Ильминский сөздігінде шарқат сөзі үлкен қызыл шәлі» деп сипатталады.  Ә.Нұрмағамбетов шарқат сөзі шор – төрт, қат – жақ, бүйір  мағанасында жұмсалатын екі түбірден біріккенін айта келіп, қазақ тіліндегі мағынасын «төрт жақты, төрт бүйірлі» деп түсіндіреді [5, 133.]. Яғни заттың формасы атауға негіз болған.

Кәзекей/кәжекей сөзінің түп-төркіні туралы Ә.Нұрмағамбетов былай дейді: «Сөз төркінін монғол тілі дерегіне  сүйене отырып табуға болатын тәрізді. Монғол: қамзол – ханта аз, ал бешпент – хасаг ханта аз,  хасагдах – қысқару, ықшамдалу. Осы деректерге табан тіреп, мына жорамалдарға келуге мүмкіндік бар: Біріншіден, «хасаг» сөзі «қысқа» мағынасын берсе, ол «хантаза» тұлғасымен тіркесіп (хасаг хантаз) – қысқа камзол дегенді білдіреді

     Тағам атауларындағы диалектизмдер жазушы Т.Нұрмағанбетов шығармаларында өте жиі кездеседі, олардың арасында кәсіби диалектілер де, кірме сөздер де баршылық, мысалы: қақ, қауынқұрт, май, құрт, ірімшік, бауырсақ, құмшекер, талқан, сөк, бәліш, манты т.т., сондай-ақ ет тағамдарына байланысты да бірталай атаулар қолданылған. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай сусын түрлері де қолданылған: Өйткені ентіге жүгіріскен көптің бірінің қолында нәски, шұлықтар, қолғаптар, тоқылған бас киімдер, екіншісінің қолында қысқа арналған тері күртеше, жүн кеудеше… сосын лимонад, кока-кола сатқандар… шұжық, қазы сатқандарпіскен бас, әсіб сатқандар… тары, қуырылған жүгері мен қуырылған бидай сатқандар… таба нан, бәліш сатқандар… Шұжық, қазы, піскен бас, әсіп, қуырдақ… Көркем сөз шеберлері өзіне керекті материалдарды халық өмірінен, халық тілінен алатыны, оны өздерінің шығармашылық елегінен өткізе отырып пайдаланатыны анық. Халық тілінің табиғи мүмкіншілігін ежелден қалыптасқан тілдік дәстүр негізінде меңгерген ақын-жазушылар ғана оны бұрынғысынан әрі дамыта, жаңарта, қолдану аясын кеңейте алады десек, Тынымбай Нұрмағамбетов — осы үдеден шыға білген қаламгер.

1.3 Құрал-жабдық атауларындағы диалектизмдерге үй тұрмысына, күнделікті қолданысқа қажетті зат, бұйым атауларына қатысты атаулар жатады.

Ендігі сәтте жанынан оттық алды да:

– Қарағым, Қатира, шамыңды әкелші… Тұрдыахонды жіберіп едім, барған жоқ па? – деді (Қ.Сланов, Шалқар. 4-т. 212-б.).

Кисляктің балтамен ағаш шабатын сандалына екі рет теуіп, жерге бір түкіріп қалып, дыбыс беріп, ішке кірген баланың әкелген қабары селт еткізерлік еді (Х.Есенжанов, Ақ Жайық. 2-кітап. Шыңдалу. 20-б.).

Енді қызу қолға алатынымыз – кесек соғу (Қ.Сланов, Ағыннан туған ақ сәуле: 5-т. 313-б.).

   Кәсіп-шаруашылыққа байланысты диалектизмдерге негізгі шаруашылық түрлеріне байланысты туған диалектизмдер кіреді. Бұл топтағы диалектизмдер осы өңірге тән кәсіп түрлеріне байланысты,

Қараса, Берден әйкелден түсіпті (Ә.Кекілбаев. «Ең бақытты күн» 37 б.).

Өнге жерден гөрі әнтек қарауытқан тебін ортасындағы ағарған тас әйкел барған сайын бұлдырай түсті (Ә.Кекілбаев. «Аш бөрі» 29 б.).

Қауғаны астауға сырғытып жіберіп, әйкелде талтайып тұрып алды (Ә.Кекілбаев. «Ең бақытты күн» 36 б.).

Әйкел — құдықтың аузындағы тастан дөңгелек тоқаш  ретінде  ойылған  тас. Арғы түбі арабтың «һайкел» деген сөзінен шыққан. Арабшасының мағынасы да «дөңгелек» дегенді білдіреді.

 

1.4 Жануарлар, өсімдік атаулары мен жер бедері атауларындағы диалектизмдер.

Еміс-еміс білетіні – қызыл балықтар. Теңіздегі балықшылар: «Шіркін, қызыл балықтың етіндей ет бар ма? Ондай балық бар деймісің!» десіп, ауыздарының суы құритын (Ғ.Сланов. «Дөң асқан» 39 б.).

 

Әйтеуір қызыл балықтың зор болатынына, сазаннан да дәмдірек болатынына шек келтірмейтін сияқты (Ғ.Сланов. «Дөң асқан» 39 б.).

Ол бір қортпа ұстады. Алып келіп өлшегенімізде салмағы 80 пұт тартты ғой (Ә. Сәрсенбаев. «Толқында туғандар» 68 б.).

Халық қолданысында «қызыл балық» деген атаумен белгілі атақты балық әдеби тілде, оқулықтарда бекіре тұқымдастарына жатқызылады. Жазушы Ғ.Слановтың қызыл балық атауын қолдануы кейіпкер бейнесін шынайы етіп сомдау үшін, оқиға желісін нанымды да қарапайым етіп беру үшін қызмет етіп тұр. Қызылбалық – (ор. красная рыба) бір балықтың аты емес,  бірнеше балықтардың  (шоқыр, қортпа, бекіре, мекіре) жалпы аты. Ә.Нұрмағамбетов қызыл балықтың негізінен Каспий теңізінде кездесетінін айтады. Қортпа (белуга) – қызыл балықтың бір түрі, етінде тікені, қылтанағы жоқ, үлкен балық.

Сөйтсе, жарықтық, жаңа дүкеннен әкелген бір бөтекесі бітеу малдың шабысы екен (Ә.Кекілбаев. «Құс қанаты» 29 б.).

Жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі мұндай атаулардың бірқатары  әдеби тілде орыс тіліндегі атауымен берілуі де мүмкін. Осыған байланысты аң-құс, өсімдік атауларында сақталған қазақы атауларға ұқыптылықпен қарап, жергілікті тіл ерекшеліктерін әдеби тілді байытудың бірден-бір көзі деп танимыз.

Өсімдік атауларына қатысты этнодиалектизмдерге мысал ретінде күнбағар, құмаршық т.б. атауларды келтіруге болады.

Соғыстың қанды кешу жылдарында поезд жолы май мен қант вагон-вагон арпа, бидай, күнбағар жөнелтіп, қора-қора қой айдап, табан-табан жылқы иіріп, әуке, шуданы мыңдап өргізген де осы өлке (Ғ.Сланов. «Бір өлкеде» 259 б.).

Бастары қауқиған күнбағарлардың алтын шаштары түсіп қалыпты да жиі-жиі пістелері біздиіп, ойлы адамның маңдайындай дөңес тартқан  (Ғ.Сланов. «Барлаушылар» 210 б.).

Қырдың қызыл шағылында қаңбақ сияқты бір шөп болады. Оны құмаршық дейді. Мынау – соның дәнінен істелген нан (Ә.Сәрсенбаев. «Толқында туғандар» 323 б.).

Жоғарыда келтірілген мысалдарда әдеби тілдегі күнбағыс сөзінің орнына күнбағар атауы қолданылған, яғни әдеби тілде зат есім тудыратын ыс жұрнағының көмегімен сөз жасалса, күнбағар дегенде есімшенің -ар жұрнағы жалғанып, тұтас сөз есім орнына  жұмсалып тұр.

Жалпы өсімдік атауларын саралауда жергілікті тіл ерекшеліктерінің берері мол. Қазіргі таңда орыс тіліндегі немесе еуропалық нұсқасы қолданылып жүрген өсімдік атауларының ел арасында халықтық атаулары сақталған. Сондықтан жергілікті тіл ерекшеліктерін жинастыру сол жердің тұрғындарының тіліндегі өзгешеліктерді көрсетумен қатар әдеби тілді байыта түсетін негізгі көздің бірі болып табыла

  Жер бедері атауларындағы диалектизмдерге көркем  

  шығармалардан  мысалдар келтірсек:

     Тұманның арты жібіскі жаңбырға айналды. Жібіскі сіркіреп, майдалап жауатын жаңбыр. Ауыс мағынадан қолданылған сөз. Сөйленістерде жіпселеу – жасырын, білгізбей, ептеп мағанасында. Сөз түбірі — жіпіс, -кі деген – сын есімнің өнімді жұрнағы. Осы түбір етістік тұлғасына айналғанда жіпіс-е -леу>жіпселеу, п//б сәйкестігі арқылы жібіс деген формасы шығады. Қазіргі қазақ тілінде жыбысқылау (сыздықтау, жіңішкеру) деген сөз бар. Оның сингармониялық жіңішке варианты жібіскілеу, түбірі — жібіскі. Өсек айтқан адам, әрине, жасырын, білгізбей, ептеп, сыбыр-лап, күңкілдеп, күбірлеп, біртіндеп, майдалап, абайлап айтады. Ұшқанақ – ұшқындап (қылаулап) жауған қар. Екі жыл қатарынан сол желтоқсанның басындағы тобық шылар ұшқанақтан басқа ештеңе түспеді. ҚТТС-та ұшқалақ, ұшқалақтау деген сөз бар. Сөз түбірі ұш (ұшуу>ұшыу>ұшу) болса керек. Л//н сәйкестігі арқылы ол ұшқанақ болып та айтылады. Оңтүстік Қазақстанда қар ұшқалақтап жауып тұр десе, Ә. Кекілбаев бұл сөзді ұшқанақ… (сөз түбірі — ұшқанақ) деп заттық мағынада  қолданып отыр. Ал қағу – құрғақ салқын самал жел. Миы зеңитіндей күн бүгін әдеттегісінен әлдеқайда қағу.

 

  1. 2.      Көркем мәтіндегі рухани мәдениетке қатысты  диалектизмдердің қолданысы.

Көркем әдеби стилінде кейбір диалектизмдер әдеби тілдік баламасы бола тұрса да қолданылады. Бұл – таза стильдік мақсатпен байланысты мәселе. Кейде бір сөйлемде бір сөзді екі рет немесе одан да көп қайталап қолдануға тура келеді.  Егер ондай әдеби сөздің жергілікті халық тілінде диалектілік сыңары бар болса да оны жазушылар көркем әдебиет стилінде қолданады.

Жергілікті ерекшеліктер жалпы көпшілікке бірдей таныс болмайтындықтан, олардың көркем әдебиеттегі қолданылуы көп талас тудырған мәселелердің бірі болып келді. Ол, ең алдымен, шығарманың тақырыбына, мазмұнына, суреттелетін оқиғаларға, автордың мақсатына, эстетикалық идеалы мен шеберлігіне байланысты.

Кейіпкерлерінің тілін бейнелеуде жергілікті ерекшеліктер қолданылады. Орынды, мақсатты түрде қолданылған  жергілікті ерекшеліктер тілдік экспрессияның тиімді құралы болып табылады.  Жергілікті тіл ерекшеліктерінің эстетикалық мәні контекстегі қолданысы мен ішкі уәжділігі негізінде айқындалады. Шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылуы белгілі бір аймақтың колоритін, шығарманың шынайылығын бере алмайды. Сонымен қатар әдеби тілде жергілікті ерекшеліктерді шамадан тыс қолдану да шығарманың тілін шұбарландырып, түсініксіз етеді.

Көркем шығармадағы жергілікті ерекшеліктердің эстетикалық мәні туралы сөз еткенде, автордың қай сөздерді таңдап алғанын ескеру қажет. Мәтіннің түсінікті болуы сияқты талаптар үдесінен қарағанда, қосымша түсіндірулерді қажет етпейтін, констекст арқылы да ұғынықты болатын жергілікті тіл ерекшеліктердің қолданылуы туралы сөз болады. Диалектілер, сөйленістер (говорлар) – ұлттық тілдің белгілі бір аймақтағы сөз құрауда, сөз тіркесін жасауда тарихи қалыптасқан, өзіне ғана тән дыбыстық ерекшеліктері бар тармақтары болып табылады. Алайда ол «дұрыс» сөйлеу тілімен салыстырғанда, нормадан ауытқу болып есептеледі. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің эстетикалық мәні контекстегі қолданысы мен ішкі уәжділігі негізінде айқындалады. Шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылуы белгілі бір аймақтың колоритін, шығарманың шынайылығын береді. Алайда әдеби тілде жергілікті ерекшеліктерді шамадан тыс қолдану да шығарманың тілін шұбарландырып, түсініксіздікке ұрындырары сөзсіз.

Демек, көркем мәтінде қолданылатын диалект сөздердің мән-мағынасын ашып, қолданымдық аясын зерттеп, стильдік қызметін анықтау жұмысы  орынсыз қолданылған жергілікті тіл ерекшеліктері мен әдеби тіл қатарына енуге бейім тұрған диалектизмдерді айқындауға мүмкіндік береді. Ақын-жазушылардың сөз қолданысы арқылы тілдің сөздік құрамы ұлғаяды.  Олардың индивидуальді-авторлық сөз тудыру негізінде қалыптасқан атауыштық сөздер мен ұмытылып бара жатқан көне этнографизмдерді жаңғыртуы арқылы және де кейбір естілмей жүрген заттық мәдени диалектизмдері дүниеге қайта әкелуі арқылы сөздік қордың шеңбері ұлғая түседі.

Диалектизмдердің көркем әдебиет стиліндегі қолданылуы екі түрлі: бірі – авторлық ремаркада, екіншісі – диалогта. Авторлық ремаркада, кейіпкер тіліндегімен салыстырғанда, диалектизм аз қолданылады. Ақын, жазушылардың қай-қайсысының да шығармасынан диалектілік ерекшеліктер кездеспей отырмайды. Өйткені, әр адам, әсіресе әрбір сөз шебері – таза әдеби тілдің ғана емес, сонымен қатар белгілі дәрежеде, белгілі бір аймаққа тән диалектіні де сақтаушы.

Рухани мәдениетке қатысты диалектизмдерге мына диалектизмдер жатады: туыстық атауларына, жас, жыныс ерекшелігіне, гендер категориясына қатысты диалектизмдер, мал шаруашылығына, ауруды емдеуге қатысты диалектизмдер және ойын-сауық, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып атауларына қатысты диалектизмдер

 

    2.1 Туыстық атауларына, жас, жыныс ерекшелігіне, гендер    

          категориясына қатысты диалектизмдер.

    Туыстық атауларына, жас, жыныс ерекшелігіне, гендер категориясына жататын этнодиалектизмдердің қатарында апа, тәте, ақа, құдағай, әке т.с.с. жатқызуға болады. Жоғарыда аталған сөздер Қазақстанның барлық өңірінде де қолданылатыны белгілі. Алайда оларды арнайы беруміздің өзіндік себептері бар. Апа сөзі оңтүстік өңірінде әже сөзінің баламасы ретінде қолданылатын болса, батыс өңірінде бұл сөз өзінен жасы үлкен әйел, қыз балаға қатысты (“сестра” мәнінде) қолданылады. Сол сияқты тәте сөзі Жетісу өңірінде әйел адамға қатысты қолданылса, батыс өңірінде ер адамға қатысты қолданылады.

Талдауға негіз болып отырған шығармалардың ішінде Қ.Сланов еңбектерінде әке сөзі қолданылады. Бұл сөз “Қазақ тілінің сөздігінде”:

1. Баласы болған ер адам. 2. ауыс. Бір нәрсенің ең үлкені, зоры. Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің (мақал). 3. жергілікті. Қарағым, қалқам. Арабшаға шорқақ ем, оқып бересің бе, әке, – деп түсіндірілсе [6],  жазушы қолданысында бұл сөз ауыспалы мәнінде, яғни жасы кішіге, балаға қатысты қолданылады.

Мысалы: – Әкелерімнің жараса қалғанын қарашы! – деп ақкөңіл Қайырбек төрдегі қонақтарына бірі, өз қызы Қатираға бір қарап мәз боп отыр (Қ.Сланов, Шалқар. 4-т. 56-б.).

– Барсам ба деп ем ораза күні де келіп қалды, қайдам әкем … – деп қасындағы Жабағыға көзінің бір қырын салып қойды (Қ.Сланов, Шалқар. 4-т. 163-б.).

– Айналайын, Баршагүл! Әкем-ау … (Қ.Сланов, Шалқар. 4-т. 147-б.).

   Әке сөзінің мұндай мәнде қолданылуы Жетісу өңіріне тән “Әке” және “тегі” сөздерінің семантикалық өзгеруі жайлы” атты мақаласында Е.Қойшыбаев әке сөзіне “Жетісу төріндегі дулат, шапыраштылардың, олармен өріс-қонысы бір Сорбағыш, Солты қырғыздарының сөйлеу тілдерінде әке сөзінің негізгі мағынасымен бірге ауыспалы мағынасының болуы”, яғни жасы кішіге, балаға қатысты қолданылатыны туралы айтылып, ол көненің қалдығы ретінде қарастырылған [7]. Бұл жерде тағы да Қ.Слановтың батыс өңірін суреттеп отырған шығармасында Жетісу өңіріне тән тілдік ерекшеліктерді орынсыз қолданғанын көреміз. Әке сөзі осы мәнде М.Әуезов шығармаларында да кездеседі:

“Табанынан жарылған жануар-ай! – Айызымды бір қандырды-ау!” Алматының төресі мен қарасы, шоңы мен шорасы сүйсінгеннен таңдай қақты! Шұлғып қалды ғой мүлдем. Атама әкем, тегі. Әмісе жолың болғай-ақ, та! (М.Әуезов, Шығ.).

Бұл орайда сөз құдіретін терең түсінген  жазушы Жетісу өңіріндегі оқиғаларға арналған шығармасында, Жамбыл сөзінде әке сөзін өте сәтті қолданған.

Көркем шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің уәжді-уәжсіз қолданылу мәселесін сөз ете келіп, академик Р.Сыздық былай дейді: “Диалектизмдерді көбірек қолдану өзге жазушыларды да, әсіресе соңғы ширек ғасыр ішінде жарық көрген үлкенді-кішілі проза үлгілерінде орын алады. Мұндайда екі нәрсені іздеуге тура келеді: бірі – қалың көпшілікке бейтаныс сөздерді шамадан тыс әрі түсіндірмей қолданып, көркем шығарманың басты шарты жалпыға ортақтықтан ауытқу, екіншісі – шығарма тілін диалектілендіру екендігі айтылады. Әрине, жоғарыда келтірілген мысалдар бірінші жағдай танытады, мұнда диалектизмдерді жазушы белгілі бір стильдік мақсатпен әдейі қолданған деуден гөрі, жауапсыздық көрсеткен, нәтижесінде көркем сөз нормасынан ауытқыған деп тануға тура келеді” [8, 242].

Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін зерттеуде жер-жерлерге жіберілген арнайы экспедиция материалдарымен қатар көркем шығармалар мен баспасөз материалдарының мәні ерекше. Алайда жазушының жергілікті тіл ерекшеліктерін орынды-орынсыз қолданған тұстарын бағалау – ол басқа мәселе.

2.2 Ойын-сауық, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып атауларына қатысты диалектизмдерге: тоқым сілкер, байрақ, суын, дүз, қауын, сыранғы, ырысқан, т.б. жатқызуға болады.

Тек салынып жатқан мектептің бір тұсындағы шалғыны орылған беткейде балалар шулап, қақпақыл салып, доп ойнап жатыр (Қ.Сланов, Шалқар. 4-т. 135-б.).

“Ақ көйлектер” жаңа сергігендей ашына қимылдап, Кендебайдың бауырлата зымыратып оң қанат айдаушысы Тұрдыахонға жөнелткен добын қақпақылдап әкетті де лезге жеткізбей-ақ “Шалқыма” қақпасына шүйіріп барып та қалды (Қ.Сланов, Шалқар. 4-т. 145-б.).

“Қазақ тілінің сөздігінде” қақпақыл сөзіне былайша анықтама берілген: 1. Домалақ бес тасты қолмен қағып ойнайтын ойын; бес тас, қақпақтас.

2. Допты бірден-бірге жүгіртіп ары-бері тебу әдісі. 3. ауыс. Біреулерден көрген түртпек; қақпай.

Құдалық жол-жоралғылары, кәделері мен ырымдары: жаушы жіберу, алдынан өту, қалың мал, құда түсу, өлі-тірі, бата-аяқ, жазып ішу, той малы, есік ашар, ат байлар, той бастар, құйрық-бауыр, көрімдік, отқа құяр, құда аттандарар, кебіс киер т.б. Күйеу жолы мен кәделері: ұрын бару, есік көру, көрімдік, күейу табақ, қалыңдық ойнау, қызқашар, құда-күйеу келгенде: сүт, ат байлар, босаға аттар, күйеу табақ, жеңгетай, отау жабар, қол ұстатар, шаш сипатар, ит ырылдатар, бақан салар.

Жергілікті тіл ерекшеліктерін ақын-жазушылардың шығармаларынан іздеу, бір жағынан, сол аймаққа тән сөйлеу ерекшелігін танытса, екінші жағынан, сол жердің тұрғындарының салт-дәстүрінен де бірқатар құнды мәлімет  береді. Қазақ халқының салт-дәстүрі ортақ болғанымен, белгілі бір аймаққа тән өзіндік ерекшеліктері де бар. Мәселен, Қазақстанның батыс өңірінде 14-наурыз күні “көрісетіні”, онда “бір жасыңмен”, “жастан-жасқа жете бер”-деген сияқты бата-тілектер айтылып, жасы кіші адамдар ауыл ақсақалдарына, үлкен адамдарға бұрын барып амандасуды өздеріне парыз санайды.

Е, бұ да бір ағайын. Ныспысы – Әурен. Осы елдің ат үстіндегі азаматтарының бірі. Қалада қызмет атқарады. Еліне демалысқа келіп жатыр екен, маған көрісе келіпті, — деді (Ә.Кекілбаев, Аш бөрі. 23-б.).

Сонымен қатар, Қазақстанның көпшілік жерінде көрісу сөзі “қайтыс болған адамның жақын-жұрағатымен құшақтасу” мәнінде қолданылса, батыс өңірі жазушыларының шығармаларында бұл сөз амандасу, есендесу, амандық сұрасу мәнінде жұмсалады.

Тәттібекпен жас мөлшері қатар болған соң құрбылық әжуаға ашынажай екен. Қолдасып көрісіп жатыр… (Қ.Сланов, Замандастар. 133-б.).

Ал Қазақстанның оңтүстік аймағында көрісу атауы негізінен кісі қайтыс болғанда жасалатын ырымдармен байланыстырылады. “Көрісу” сөзінің мұндай қолданысын сөз мағыналарының тарылуы негізінде түсіндіруге болатын сияқты. Яғни әуел баста “көрісу” сөзінің мағынасы батыс өңірлерінде сақталғандай, амандасу, есен-саулық сұрасу мәнінде болып, кейін сөз мағынасы тарыла келе “қаралы адаммен кездескендегі жылап-сықтау” мәніне көшкен сияқты. Ал батыс өңірінде “көрісу” сөзінің бастапқы мәнінің сақталу себебі – осындағы әдет-салтқа байланысты. Яғни жақыны қайтыс болған адам келген кісілермен дауыс шығарып, көріспейді, мүмкіндігінше жыламауға тырысып, сабыр сақтайды.

 

   2.3  Көркем шығармадағы диалектілік тұрақты тіркестер  

          мен мақал-мәтелдердің стильдік мәні.

Диалектілік тұрақты тіркестер халық тілінің жемісі. Олар да әбден екшелген, қалыптасқан тіркестер, ұтымдылығы мен экспресситік бояуы жағынан әдеби фразеологиядан кем емес, айырмашылығы — әдеби тілдің фразеологиясы жалпыхалықтық қолданыстағы тіркестер де, диалектілік фразеологизмдер – белгілі бір аймақ көлемінен аса алмаған, тек жергілікті халық тілінде қолданылып жүрген тіркестер. Диалектілік фразеологизмдердің стильдік қолданысын зерттей келе, олардың шығарма көркемдігіне ешбір нұқсан келтірмейтіндігін, керісінше, образдылық жағынан шығарма жетістігін арттыра түсетінін аңғардық. Сондықтан тілімізде әдеби фразеологизмдер тұрғанда, жазушы неге диалектілік фразеологизмдерді қолданған деуге болмайды. Мысалы, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы балықшылар өмірінен жазылған шығарма болғандықтан, кейіпкердің тілінде балық шаруашылығына байланысты диалектілік фразеологизмдер орынды қолданылған. «Қайығым желге өрлеп тұрғанда, о тәйірі, неден тайынайын. Тартынбадым». Осында ісі оңға басты деген мағынаны жазушы «қайғы желге өрлеу» тіркесімен өте орынды берген. « — Еркем, шайың кесіліп қалыпты ғой, енді демдеп әкелген аққұманнан құярсың», — деп сыбырлады да, сыртқа шығып кетті». Шайдың қызылы кесілуі – шайдың ағарып кетуі, батыс қазақтарының тілінде әлі күнге қолданылады. Автор өз кейіпкерлерін жергілікті тіл ерекшеліктерімен сөйлете отырып, шығарма шыңдығын арттыра түскен.

Жалпы жинақтай келгенде айтарымыз – көркем шығарма тілінде диалект сөздер мен диалектілік фразеологизмдердің қолданылуына бір тұрғыдан қарауға болмайды. Диалектілік сөздердің әдеби тілде, жалпы халықтық қолданыста мағыналас атаулары бар. Сондықтан олар жазушының мақсатына қарай кейде орынды, кейде орынсыз қолданылып жатады. Ал диалектілік фразеологизмдердің қолданысы – мүлде басқа мәселе. Диалектілік фразеологизмдер алдымен бейнелі, эмоциялы-экспрессивті тіркестер, осы жағынан, олардың көркем шығармада қолданылуы негізінен орынды,- деп те ойлаймыз.

Қандай да бір ежелгі тұрғындар бір жерде ұзақ уақыт өмір сүрсе, ондағы жергілікті географиялық ерекшеліктер оның лексикасынан, сөздік қорынан көрініс табады.

Аймақтық мақал-мәтелдердің жасалуы ондағы көп таралған өсімдіктермен («Жантақтан әтір шықпас, Қорқақтан батыр шықпас» (оңт.қаз), «су кетсе, тас қалар, оспа кетсе, қас қалар» (өзбе.қаз)); жануарлар мен жәндіктермен «Көксінің арқары көп, мергеннің тартары көп» (ҚХР), «Сопы сұмнан шығады, ешкемер батпан құмнан шығады» (Түркімен қаз.); жер-су аттарымен («Сайрамның күні сарқырап, жабдықтың күні жарқырап(, «Емегейті – жер жақсысы, Қанас – көл жақсысы, Үш ата – ел жақсысы» (ҚХР)) т.б. байланысты екенін көреміз.Кейбір аймақтарда антрополды факутілердің әсерінен бірқатар жануарлар түгелдей жоғалып, атаулары тек халық тілінде ғана сақталған («Бұланнан үлкен аң болмас, Бұланайдан үлкен тау болмас» (Қатай қаз)).

Демек, аймақтық мақал-мәтелдер құрамында кездесетін жан-жануарлар мен жәндіктер, өсімдіктер, жер-су аттары сол аймақтың тарихын, географиялық жағдайын білуге мүмкіндік береді.

    Қорытынды.

Көркем әдебиет тілінде  жергілікті ерекшеліктерді,  диалектизмдерді,  қолдану шеңбері, принциптері, әдістері – әлі де болса шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. Қазақ тілі говорларында әдеби тілдің кәдесіне жарайтын, оны байытатын элементтер де, керісінше, әдеби тілді шұбарлайтын, оның дамуына, нормалануына,  бір қалыпқа түсуіне,  кедергі келтіретін элементтер де бар. Бұрын говор белгілі бір аймақ шеңберінде ғана қолданылып, кейін жазушының жиі-жиі қолдануы нәтижесінде диалектілік лексика тар шеңберден шығып, тілдің әдебеи деңгейіне дейін көтерілген. Жалпыхалықтық қолданыс дәрежесіне жеткен сияқты сөздеріміз аз емес. Жазушы  әр өлкеде,  белгілі бір аймақта ғана айтылатын әдеби тіл лексикасын байытуға аса қажетті кәсіби сөздерді жалпыхалықтық қолданыс дәрежесіне дейін көтеру мақсатымен барынша жиі  қолданып, оларды сілтемеде түсіндіріп отырса, құба-құп болар еді. Қазақ говорларында әдеби тіл кәдесіне жарайтын, сөздік қорымыздың баюына қажетті бау-бақша, мақта, зергерлік, аңшылық, құсбегілік, тағы басқа толып жатқан шаруашылық түрлеріне байланысты сөздер аз емес.

Демек, көркем мәтіндегі диалектизмдердің уәжді қолданылуы, мақсатты жұмсалуы сөздік қорымыздағы кейбір сөздердің  мағыналарын толықтырып, мағыналық өрісін кеңейтуге, кірме сөздердің баламасын беруге едәуір септігін тигізетіні сөзсіз. Көркем мәтінде қолданылатын диалект сөздердің мән-мағынасын ашып, қолданымдық аясын зерттеп,  стильдік қызметін анықтау жұмысы  орынсыз қолданылған жергілікті тіл ерекшеліктері мен әдеби тіл қатарына енуге бейім тұрған диалектизмдерді айқындауға мүмкіндік береді. Ақын-жазушылардың тілі арқылы сөздік қорымызды кеңейтеміз. Олардың индивидуальді-авторлық сөз тудыру негізінде қалыптасқан атауыштық сөздер мен ұмытылып бара жатқан көне этнографизмдерді жаңғыртуы арқылы және де кейбір айтылмай  жүрген заттық-мәдени диалектизмдері қайта қолданысқа енгізуі   сөздік қордың шеңберін ұлғайта түседі.

 

 

 

 

 

                      Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М.О. Шығармалар жинағы. 12-том. – Алматы: Жазушы, 1969. –       533 б.

2.  Нұрмағанбетов Ә. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні. – Алматы: Мектеп, 1985. – 159 б.

3. Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан 1974. – 76

4. Атабаева М.С. Қазақ тілі диалектілік лексикасының этнолингвистикалық негізі. – Алматы: Білім, 2006. – 228 б.

5. Нұрмағамбетов Ә. Қазақ тілі говорларының батыс тобы. –Алматы, 1978

6. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы: “Дайк-Пресс”, 1999. – 776 б.

7.Қойшыбаев Е. “Әке” және “тегі” сөздерінің семантикалық өзгеруі жайлы” // Қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер. – Алматы: “Ғылым”, 1973. Б. 149-157.

8. Сыздық Р. Сөз құдіреті. –Алматы: Санат, 2005. –272 б

 

 

Диссертацияның негізгі мазмұны төмендегі басылымдарда жарияланды:

1. «Жергілікті тіл ерекшеліктерінің көркем әдебиетте қолданылуы» «Жас ғалым – 2009» III Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Тараз, 2009 жыл.

2. «Диалектизмдердің көркем шығармада қолданылу ерекшеліктері».

«Жұбанов тағылымы» VII Халықаралық-ғылыми конференция материалдары. Ақтөбе, 2009 жыл.

3. «Диалект сөздердің көркем мәтіндегі қолданысы». Ғылыми-әдістемелік журнал. Ақтөбе мемлкеттік педагогикалық институтының хабаршысы. №2, 2010 жыл.

4. «Жергілікті тіл ерекшеліктері және тілдік норма мәселесі».

З.Бисенғалидің мерейтойына арналған «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті және ЖОО-да оқыту мәселелір» атты республикалық-ғылыми практикалық конференция материалдары/ баспада.Алматы, 2010 жыл.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.