Без рубрики

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, аудандық көркемсурет лицейі Шығармашылық жоба Тақырыбы: Бейнелеу өнеріндегі живопись түрлері бойынша «Натюрморт» жанрын оқушыларға танытып, түсініктерін қалыптастыру. Дайындаған аудандық көркемсурет лицейінің кескіндеме пәнінің оқытушысы: Құндақбаева Тамара Төлепбергенқызы

Тақырыбы: Бейнелеу өнеріндегі живопись түрлері бойынша «Натюрморт» жанрын оқушыларға танытып, түсініктерін қалыптастыру.
Жобаның қысқаша негіздемесі.
Живопись-өнер әлеміндегі орасан зор,өзіне еліктіріп әкететін сиқырлы аймақ.
Басқа өнерлердің арасында живопись суретшінің қырағы көзі шалғанның бәрін мейлінше толық бере алса керек.Сан жүздеген жылдар бойы ол табиғаттан үйреніп,дүниені қызғылықты ететіндердің бәрін-бейнелеудің таңдай қақтыратын жаңа әдістерін ойлап тапты.Оның бейнелеу құралдары шексіз бай бола бастады. Сызықтардың өте батыл жүргізілуі,бояулардың бай үндестігі,жарық пен көлеңкенің батыл, күтпеген контрастары,бейнелеп отырған нәрсені орналастырудағы ойлы мөлшерлестік және айқын логика,қиялдың қызықты құбылмалылығы-осының бәрі живопиське өз міндеттерін шешу үшін берілген.
Живописьті қабылдау үшін оның мәнерлеу тілін түсініп,ұғынып білу өте қажет.Тақырыптың мазмұнын терең ұғынған тәсілдерін меңгеру шығармашылық ізденуге тікелей әсер етеді.
Жобаның мақсаты: дені сау, адамгершілігі мол,қабілеті дамыған жан-жақты,саяси сауатты,ұлтжанды іскер, өрісі биік азамат тәрбиелеу.
Мұны жас жеткіншек жүрегіне қалай жеткізу керек?
Осы тұрғыдан живопись өнеріне қызығушылық қабілетін арттыруда 5 бағытты ұстадым.
1.Оқушының көркемдік сауатын арттыру.Өнердің шығу,даму тарихын білу,
2.Бейнелеу өнерінің адам үшін берері мол.Шығармадан оқушылардың көзін қанықтыру,таныстыру.
3.Практикалық жұмыс барысында ойлау,қиялдай білу,икемдік,өз бетімен жұмыс істеу қабілетін дамыту,шебер болуға баулу.
4.Оқушыларды өнерді сүюге тәрбиелеу.Бейнелеу өнері алуан түрлі де,алуан қырлы.Қазіргі кезеңде жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу жөніндегі,күрделі міндеттерді орындау мектеп оқушыларының өздеріне де үлкен талаптар қояды.
5.Бала алған білімін іс жүзінде қолдана біліп,өнермен,іс-әрекетімен күнделікті тіршілік қызметімен байланыстыра білгенде ғана өзіне не қоғамға да пайдасын,жемісін береді.
Жобаның міндеті:
-Оқушыларды живописъ түрлерінің натюрморт жанрын үйрету.
— Бейнелеу өнерінің орындалу жолдарына жаттықтыру, дағдыландыру.
-Оқушылардың бейнелеу өнеріне деген қабілетін қалыптастыру.
Сурет салу өнерге өте ерте кезден бастау алады.
Сурет салу өнерінің тарихы тереңде жатыр. Алғашқы қауым кезіндегі суретшілер тас немесе сүйек беттеріне айқын сызықтармен түрлі бұйымдар,жануарлар,тіпті адам бейнесін де асқан шеберлікпен сала білген.
Бұл туралы Қазақстан жартастарындағы бейнелеу шығармашылығы толық хабардар ете алады.
Сурет салуды адам кәсіпшілікте пайдаланғаны белгілі,нақтырақ айтсақ,көзешілік, яғни құмыра жасауда оның суреттері қарапайым жолдармен меңгере бастады.
Сурет салу өнерінің даму кезеңі қала құрылысының дамуы, қоғамдық орындар, ірі – ірі сарайлар салудың өркендеуі кезінде дамыды,арнайы өнер мектептері ашылып,суретшілер мен мүсіншілер,сәулетшілер дайындау қолға алынды. Бізді қоршаған ортадағы өзіміз пайдаланып келген көптеген бұйымдар да суретшінің нобайлары бойынша жасалады.
Егер салынатын зат, уақытша болса да, қозғалмайтын болса, онда оны асықпай салуға болады. Мұндай сурет-ұзақ салынатын сурет деп аталады.
Сурет салуды бастағанда ең алдымен салынатын суреттің бәрін түгел көз алдыңа келтіріп,пайымдап алуың керек. Сосын нобай (эскиз) жасау барысында қағаз бетіне өзің таңдап алған көру нүктесінен салынатын бұйымдарды немесе көріністі орналастыруға болады. Сонымен қатар жарық көзінің қай жақтан түсіп тұрғандығын да ұмытпаған жөн. Пішіннің құрылымын түсіну оның кеңестіктегі орналасуы,бұйымның көрінбейтін бөлігін сезу,қағаз бетінде заттың үш жақты көлемін түсіруге көмектеседі. Живописьте басты нәрсе- түс. Жалпы алғанда әрбір бояу түстерінің өз мағынасы бар екені сөзсіз.
«Натюрморт»-бірнеше заттар мен бұйымдарды үйлесімді етіп бейнелейтін көркем шығарма.
«Натюрморт»–французсөзі, дәлме-дәл мағынасы «өлі табиғат»деген ұғымды білдіреді.
Әрқашан натюрморт орындауда жалпыдан жекеге көшу принципін ұстау керек.
П.Сезанның «Живопись-алғашқы әсерді салыстыру,яғни түстер мен контурлар арасындағы қатынастарды ажырату өнері» деген қағидасын ұстануға болады. Өйткені шығармашылық ізденуде оқушылар форма мен композициялық тәсілдерді еркін игеру арқылы көркем шығарманың мазмұнын жетілдіре түседі.
Бояумен сурет салуға үйрету деген ең негізгі тапсырма натюрморт салу болып табылады.
а)заттарға талдау жасау;
ә)заттардың бір-бірімен қатысын анықтау;
б)заттардың композициялық құрылымын ойластыру;
в)денелерінің тұтас көрінуін байқау;
г)жарық пен көлеңкесін сурет салу заңдылығына сай орындау.
Оқушылар ұзақ мерзімді сурет салғанға жалығады,кейде шыдамы жетпейді. Сондықтан жылдам сурет салуға,яғни долбар жасауға үйрену қажет.
Долбар дегеніміз-контур мен үйлесімді сызықтар пайдалану арқылы орындалатын сурет. Долбар салуда ТМ,2М,3М сияқты қарапайым қарындаш түрлерін пайдаланамыз. Долбар салуға жаттығу жылдам сурет салуға бейімділікті қалыптастырады. Контур сызықпен долбар жасағанда заттың көлеңке жақ сызығы жуандау,ал жарық жағы жіңішке сызықтар арқылы орындалады. Сонда ғана зат көлемді,ауқымды болып бейнеленеді.Осы жаттығудың негізінде бірнеше заттан тұратын натюрморт орындауды үйренеміз.
Бейнелейтін нәрсеміздің биіктігін,енін,көлденеңін салыстыра отырып,ара қашықтығын анықтау арқылы суретін саламыз. Әрбір зат қағаз бетіне үйлесімді де орнықты түрде орналасуы керек. Пропорциясын қараймыз,пропорция дегеніміз-биіктігінің көлденеңіне,нәрсенің бір бөлігінің екінші бөлігіне шамалық қатынасы,сондықтан белгілегенде өте мұқият болу керек. Суреттің мазмұны мен құрылысы оның жеке бөліктерімен өзара байланысты болмаса,ол дұрыс шықпайды. Сондықтан компоновка жасаймыз.
Компоновка дегеніміз-орындалатын жұмысты жоспарлау.
Суреті салынатын нәрсені орналастыру,орнын белгілеу,көру нүктесін таңдау,қағазға дұрыс орналастыру үйлесімділіктің(композицияның)бастапқы негізі болып табылады. Бейнеленетін нәрселердің кеңістікте өзара орналасуын дұрыс белгілеу үшін көмекші сызықтар(тік,көлденең,көлбеу)сызылады. Күрделі,4-5 заттан натюрморт бейнелеу.
Сурет салуды бірнеше кезеңге бөліп қараймыз.
1-кезең: нәрсені қағаз бетіне ықшамдап орналастыру
2-кезең: нәрсенің құрылымына назар аудару
3-кезең: заттың өңін жарық пен көлеңке арқылы айқындау
4-кезең: бұл бейнелеген заттарды толықтай анықтау кезең болады.
Бір тұтас реңдік қатынасқа бағындырамыз. Орындалатын суреттің жарасымдылығына баса назар аударып,жұмыс аяқталады. Заттардың өңін айқындағанда ең жарық,ең қараңғы жерлерді анықтап алуымыз керек,ол үшін мына сурет заңдылықтарын естен шығармауымыз керек:
1.Жарық деп заттың үстіне түскен жарықты айтады.
2.Жылт деп заттың үстіне түскен жарықтың ең ашық жерін айтады.
3.Жартылай жарық көлеңке деп заттың үстіне жанама түскен жарықтан пайда болған жартылай көлеңкені айтады.
4.Меншікті көлеңке деп заттың бетіне жарық толық түспеген жерді айтамыз.
5.Шағылысу жарығы-заттың көлеңке жағында басқа жарықтың әсер етуінен пайда болған,әлсіз жарықты айтамыз,оны рефлекс деп те атауға болады.
6.Заттың түспе көлеңкесі-бір заттан екінші затқа немесе екінші жазықтыққа түскен көлеңкені айтады.
7.Меншікті көлеңкедегі жарықтау жерлер рефлекс деп аталады.
Бұл өзгерістер жарықтан бастап көлеңкеге дейін әртүрлі рең қоюлығына,яғни бояу түстерімен осылай бөлінеді.
Натюрмортта фон, артқы бөлігі елеулі роль атқарады. Натюрморттың артына тығыз орналастырылған фон біздің назарымыздан шашырап,қойылымнан кетуіне мүмкіндік бермейді.
Натюрмортты қоюдағы заттарды топтастырудың тағы бір ережесі-салыстырмалы түрде аяғында бос,жеңіл алдыңғы план.
Көзбен көруге мейлінше ауыр,ірі заттар артқа таман,неғұрлым жеңіл заттар-оның алдында тұруға тиіс,ал ең алдыңғы план мүлдем бос,ашық болуға тиіс. Сурет салуды керісінше емес,төменнен жоғарыға қарай жүргізген жақсы. Бұл тек натюрморттың суретін салуға емес,кез келген басқа да натуралдық қойылымды салуға қатысты.
Ең алдымен заттың өзіне тән түстік ерекшелігін қоршаған ортаға байланысты байқау. Мысалы: қоңыр нәрсенің артына көк шүберек ілсек,онда суық түс басым болады,ал қызыл түсті шуберек ілсек,жылы түс басым болады.Әр нәрсенің басым түсінің қалың болуына байланысты түстік реңді ажыратуға болады. Мысалы:сары шүберек ілінген фонда қоңыр құмыра бояуы қанық болады,ал сия көк шүберек ілінген фонда қоңыр құмыра жарықтау болып көрінеді.
Алдымен заттың өзіне тән түсін солғын бояй отырып,біртіндеп қоюлата жағылады. Акварель бояуымен жұмыс істегенде ашық түстерді шамадан тыс қолдануға болмайды. Біздің түстерді қабылдауымыз әдемі«сабақтас»түстің пайда болуына жарық,қашықтық (ауа қабаты) және түстік орта,түрліше боялған заттардың қатар тұруы шешуші ықпал жасайды. Белгілі бір заттың жарық түсіп тұрған және көлеңке бөліктері жарықтануы мен қатар жылы және суық түстік реңдер мен ерекшеленеді.
Егер жарық жылы болса,онда көлеңке суық реңге ауысады. Ал жарық суық болса,көлеңке жылы реңді болады. Жылы мен суық түстердің үйлесімді болып келуі живописьте әуен туғызады.
Музыка үшін 7 нота қандай роль атқарса,живопись үшін ең қою қалың бояудан ең нәзік реңдерге дейін сондай роль атқарады. Өйткені дүниенің бар байлығы мен сұлулығын осы түс қана бере алады.
Заттың қасиеті мен бояуын сол түс арқылы ғана бере аламыз. Шығармашылық жұмыс жасау оқушылардың сабаққа деген белсенділігі мен білімі арқылы дамиды. Олар бояумен жұмыс жасағанда мына ерекшеліктерге мән беру керек:шыны ыдыс-мөлдір,ағаш астау-жұмсақ,темір ыдыс-қатты,осындай әр түрлі материалдардың қасиеттеріне байланысыт түстік бояуды дұрыс қолдана білу оқушының шығармашылық жұмыс істеуін айқындайды. Заттың мөлдірлігі мен жылтыр болуы таза түстің бояуымен жұмыс жасауды қажет етеді,ал заттың тығыз,салмақты болуы күрделі қою бояулар арқылы шешім табуға жетелейді. Оқушылар натюрморт орындауда өздерін күнделікті үйреншікті жұмыс істеуімен шектемей,тақырып бойынша қомақты шығармашылық ізденуден туындаған натюрмортты орындауға көшу керек.
Мысалы: Т.Тоғысбаевтың«Асхана»атты интерьер көрінісінде орындалған натюрмортына назар аударып көрейікші. Қарама-қайшы ашық түстер мен бейнеленген бұйымдар мен заттардан ұлттық нақышты байқай аламыз. Қазақ халқының қонақжайлылығын меңзейтін дөңгелек дастарханы жайлып,көрпесі төселіп,қонақ күтіп тұрғандай көрініс береді. Алдындағы қуыршақ балғын баланың тәтті өмірін елестетсе,артқы фонда ас әзірлеген ана бейнеленген. Терезеден дала тіршілігімен тағдырлас әке бейнесі көзге елестейді. Мұның бәрін біртұтас дәмдес ететін дастархан екені сөзсіз.
Нәрсеге қарап салумен қатар,есте сақтап жатқа салу мәселелеріне ерекше назар аудару керек. Өз еңбегіне шығармашылық тұрғыдан қарай алатын оқушы жауапты жұмыс жасауға үйренеді. Оқушының шығармашылық белсенділік көрсетіп,жұмыс жасауы даму ерекшелігін байқатады.
Өнерді терең қабылдау үшін ең алдымен оны сүйе білу,оған деген қажеттілікті сезіну,оған енжар көз тастамай,қызу зейін қою керек. Көркем шығарманы жан-жақты түсіну,оның мәніне терең бойлай ену үшін асықпау керек.
Бейнелеу өнерін меңгеру-мұның өзі де білім мен дағдыларға ие болу.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.