Калиева Сания Еркинкызы
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Кемерши селосы
Қожабай Жазықов атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі.
«Жас Дарын» ғылыми қоғамының жетекшісі
«Ұстаз аты – мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып…» атты кеш сценарийі
Мақсаты: Оқушыларды ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіре отырып, ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге , сыйлауға, қадірлеуге баулу.
Жүру барысы:
І жүргізуші:Армысыздар, құрметті де, ардақты ұстаздар!
ІІ жүргізуші: Бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты мерекелік кешті бастауға рұқсат етіңіздер!
Хор: «Мейірбан ұстаздар»
«Құтты болсын мереке»
І жүргізуші: Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
ІІ жүргізуші: Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.
Өмірді алға қарай өрлететін,
Сендерде Ұлы Отанның болашағы –
І жүргізуші: Ұстаз … Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз.
ІІ жүргізуші: Дұрыс айтасыз …
«Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған.«Ұстаздан тәрбие алған » немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер « ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
І жүргізуші: Иә, Нұрбағым.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің » дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
ІІ жүргізуші: Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде еңбегі зор.
І жүргізуші: Шәкірттерге білім беруде ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Сондықтанда ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
ІІ жүргізуші: Олай болса, қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
І жүргізуші: Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.
І, ІІ жүргізуші: Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем бола берсін демекпіз.
І жүрг: Ардақты ұстаздар, орындалар ән сіздерге арналады.
ІІ жүрг: «Мектебім» әнімен ортаға Дәулетова Дильназ бен Болатова Әсемді шақырамыз! Қошеметпен қарсы алайық!
Тұрыңыздар келе жатыр мұғалім!
Кім боласың?
Кім болсаң да аман бол.
Бастықпысың?
Өте жақсы, тұра қал.
Мұғалімді келеке еткен бар құлар,
Мықты болсаң, мойындарын бұра бар!
Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары –
Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі!
Мектеп көрген әдептілер айтпақшы,
Мұғалімнен шықпаңыздар жоғары
Орындалып, айталық, бір ойдағы іс,
Отырармыз қуанышта, тойда біз.
Сондай кезде есте болар бір нәрсе:
Мұғалімнен бұрын сөйлеп қоймаңыз!
Ақыл. Сана. Сабыр. Талас-тартысу
– Мұғалімнің табиғаты, жалпы осы.
Бос уақыты: ойдан басқа ойы жоқ,
Бос уақыты: әрбір түннің жартысы.
Махабаты: бала және Отаны,
Сүйікті ісі: Қағаз-кітап қопару.
Демалысы: шәкірттерге хат жазу,
Ал, кәсібі: от беру мен от алу!
Қашан көрсең бұл халықтың шат бәрі,
Қашан көрсең күліп бара жатқаны.
Күлетіні: бақыттылық нышаны,
Байлықтары: шәкірттердің хаттары!
Ал, мұғалім барса алдыңа, дұрысы:
Жұрегіңмен сездір дағы ұлы ісін,
Ұшып тұрып, қалбалақтап қол беріп,
Тастай қылып тындырып бер жұмысын!
Кім боласың?
Ұмтылмаңыз жоғары.
Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі!
Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба,
Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!
І жүргізуші: Асыға сәлем жолдап жүректен біз,
Бірге өсіп ен жайлаған ұл менен қыз.
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем әуен
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз, — дей келе мектебіміздің ең кішкентай бүлдіршіндерін өз өнерлерімен ортаға шақырайық.
І жүргізуші: Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән – мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар.
ІІ жүргізуші: Иә, ол – ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі – бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады.
Ортаға Дәулетқалиева Елнұрды «Ақылшым мұғалім» әнімен қошеметтеп шақырамыз! Қабыл алыңыздар!
І жүргізуші: «Ұстаз» ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.
ІІ ж: Иә, ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар аға ұрпақ өкілдері, мектептің жүрегі ұстаздарымыз ортамызда отыр.
І жүргізуші: Құрметті қонақтар, сіздер салып кеткен сара жол – ұстаз жолы – ұлы жол. Өткен жолдарыңызға көз жіберіп, еске ала отырып, өздеріңізге бірнеше сұрақ қоюға рұқсат етіңіздер!
1 сұрақ: Ұстаздық өмірге қалай келдіңіз? Жүрек қалауымен бе, әлде осы мамандықты таңдауға себепші оқиға немесе бір жағдай болды ма?
2 сұрақ: «Ұстаз болу жүректің батырлығы» дейді, осы ұстаздық қызметті таңдауда батырлық пен қандай қасиет адам бойынан табылу керек деп ойлайсыз?
3 сұрақ: Мектебіңізге,ұстаздарға, шәкірттерге айтар тілегіңіз?
ІІ жүргізуші: Сіздерге көп рахмет, аяулы да, мейірбан ұстаздар! Өздеріңізге
І жүргізуші: Ұстаз – шәкірт алдында сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да көп.
ІІ жүргізуші: Шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына оқушыларымыз жыр шумақтарын ұсынады. Қабыл алыңыздар!
(Оқушылар шығармашылығы)
І жүргізуші: Сен қалай ойлайсың, Нұрбағым? Менің ойымша, кез – келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық – өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез – келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
ІІ ж: Апай, мен осы сөзіңіз дәлелді бола түсу үшін мына жыр шумақтарын қосайын.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
І жүргізуші: Ендеше, «Ұстазым» әнімен ортаға Нәбиева Көркемді «Ұстазым менің» әнімен ортаға шақырайық!
І жүргізуші: Ұстаздардың шаршамайтын еңбегіне таң қалам,
Ұлылықпен, даналықпен өмір заңын талдаған.
Талай ғасыр құпиясын ашып келген ғаламның
Сол арқылы сүйемін мен қасиетін даламның.
ІІ жүргізуші:Сол ұстаздың мерекесі елім бүгін тойлайтын,
Жақсы тілек, адал ниет ұстазға әркез ойлайтын.
Мен де қосам сол тілекке биіктерден асатын
Бақытты боп жанұясы, ұстаз мәңгі жасасын.
Ортаға мектептің сері жігіттерінен құралған КВН құрама командасын шақырайық. Көңіл көтеріп, күле отырайық, ардақты ұстаздар!
І жүргізуші: Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға,
Тарап демде кетеді шаршауыңда.
Бал – бұл жанған балғын жүз, жәудір көздер.
Тұрғанында солардың қоршауында.
ІІ Жүргізуші: Қиындықта кезіксең көп асу да,
Қанша терің төгіліп жол ашуға.
Сен шәкірттің ұстазы болмайсың тек,
Сен өмірдің ұстазы боласың да! Ортаға мың бұралған биші қыздарымызды шақырамыз. Қарсы алыңыздар!
І жүргізуші: Ұстазға әркім басын ию керек
Кемеңгер, ақылды деп білу керек.
Сен бүгін керемет боп кетсең – дағы,
Жеткізген осы күнге ұстаз деп білу керек.
ІІ ж: Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз — ана дана бола алады.
Ең бастысы ұстаз мына өмірде
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.Ұстаз туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаздар, қабыл алыңыздар!
Бахилин Сержанның орындауында «Ардақты мұғалім» әні, қошеметпен қарсы алыңыздар!
І жүргізуші: Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ – даңқын асырды бар әлемнен.
«Ұстаз» деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең — дей отырып, «Шәкірт лебізі» атты оқушылардың жүрек жарды ұстаздарға арналған ақ тілектерінің кейбіріне кезек берейік.
ІІ жүргізуші: Ұстаз мектепте ұстаз болса, отбасында ол – аяулы ана. Ана туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаз – аналар!
«Анаға арнау» әнімен ортаға Қанатов Аманғос пен Жауынбаев Русланды қошеметпен шақырайық!
(Оқушылардан келген тілектерге тоқталу)Оқушылар атынан ұстаздар қауымына арнап Абилова Айгерім «Ұстазым» әнін жолдайды, қабыл алыңыздар!
І жүргізуші:Тіршіліктің тылсымын ашу үшін жаралған,
Ұстаз қымбат, ұстаз биік қадірлейтін бар адам.
Ұстаз берген өнегемен өлшенеді дүние
Ұстаз берген өнегемен қаланады бар арман.
ІІ жүргізуші: Әл – фараби, Абайлар да осы ұстаздан нәр алған,
Ұстаз қымбат бұл өмірде, ол – ерекше жаралған.
Абыройы асар биік, төбесіне күн тиген,
Өлеңменен кім бар екен ұстаз орнын таба алған.
І жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Біздің мерекелік кешіміз осымен аяқталды. Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын!
ІІ жүргізуші: Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер азаматтар болып өссін! Мына ән сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!
«Ұстазым» әнімен ортаға Рахметов Бағдат пен Болатова Құндызды шақырамыз!