Авторлық бағдарлама

Ұстаздық еткен жалықпас

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы
Сазды орта мектебінің
физика және математика пәнінің мұғалімі
Сегізбаева Нұргүл Сенбайқызы

« Ұстаздық еткен жалықпас »
Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға!

Абай!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманға білім беру жүйесі қажет», — деп білім беру жүйесінің ел экономикасын нығайтуда ерекше маңызды екендігін атап көрсетті. ХХІ ғасырға сай тиісті білім мен білік алып, әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман иесі болатындай құзіретті тұлға тәрбиелеу мақсатын қойып отыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің жас ұрпағына білім және тәрбие беру – ұстаздық міндеттердің бірі.

Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

Ғаламдандыру күннен күнге өсіп келе жатқан халықаралық бәсекелестік, қоғамда болып жатқан өзгерістердің ауқымы мен қарқынының өсуі білім беру саласының, мемлекет дамуының басты факторына айналуына себеп болады. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Білім біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы», — деп білім мен біліктілік жайлы үлкен ой айтқан. Себебі ертеңгі келер күннің бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын білім. Тек білімді педагог қоғамға қорғаушы болары сөзсіз. Педагогтың шығармашылығы мен құзіреттілігі мынадан көрінеді.

  1. Мақсаткерлік

  2. Мақсатқа жету жолындағы міндеттерді белгілеу және оны жүзеге асыру

  3. Мақсатқа сай белгілі бір проблемалық тақырыппен айналысу

  4. Оқу – тәрбие процесінде кездесетін проблемаларды жоғары біліктілікпен шешу, яғни теорияны практикамен, педагогиканы психологиямен, озық үлгідегі педагогикалық тәжірибені өз тәжірибесімен шебер ұйымдастыра білу.

  5. Оқыту мен тәрбиелеудің, дамытудың технологияларын, әдіс-тәсілдерін оқып үйрену, меңгеру.

Ұстаз үшін мектеп – алтын ұя. Мектепте әр адамның балалық, жасөспірім шақтары өтеді. Жастық шақ асқақ арманға қол созып, ғылымның шыңдарына ұмтылатын кез. Ұстаз әр баланы білім нәрімен сусындатып, биік қияға ұшырмақ.

Ұстаздық жолында негізгі менің ұстанған қағидам – оқушының білім мен біліктілігін қалыптастыру, өнерлі де өрелі, тәрбиелі де өнегелі, өз-өзіне сенімді, жігерлі және де шығармашыл ұрпақ тәрбиелеу. Педагог ізденімпаз, шығармашыл болса, оның жетістікке қол жеткізері анық. Шығармашыл педагог бүгінгі таңдағы білім мазмұнын нәтижелі білім сапасына ұштастырады. Нәтижеге қол жеткізудің төрт факторын атап айтуға болады:

  1. Жетістікке ұмтылу;

  2. Жетістікке жетуге үмітпен қарау;

  3. Жетістікке жетуді субъективті бағалау;

  4. Жетістікті бағалаудың субъективті эталондары.

Ұстаздық жолында еңбек еткеніме 14 жыл болды. Қиын да , қызығы мол ұстаздық жолымда көптеген жетістіктерге де қол жеткіздім. Білім сапасын арттыру мақсатындағы ҰБТ көрсеткіші бойынша математика пәнінен 57 , 67 , 86,100 пайызға ие болдым. Ал физика пәнінен оқушыларым 23,22,24 ұпай жинап , грант иегерлері атанды. Сонымен қатар бір оқушым , яғни Утемагамбетов С. АМПИ физика мамандығын «өте жақсы » деген бағамен аяқтап , қазіргі таңда магистратураның 2 курс студенті қатарында.

Облыстық дарын орталығының ұйымдастырылуымен өткізіліп отырған конкурстарға да оқушыларым қатысып , өз білімдерін көрсете білді және де жүлделі орындарға ие болды. Пәндер олимпиадасына да қатысып ,аудан көлемінде орын алды. Әрине бұл жетістіктер менің тынымсыз еңбегімнің арқасы деп санаймын .

«Дипломмен ауылға!» атты Елбасы көрсеткен жолмен мектебімізге келген жас мамандармен де жұмыс жүргізу барысында «Дарынды шәкіртке – талантты ұстаз » атты Республикалық байқауда математика пәнінен Кершибаева М.Н ІІ жүлделі орынға ие болды. Мен мұғалім ісіне деген сүйіспеншілікті , ізденімпаздықты өзіме бекітілген сарауыз балапан жас маманға да ұғындыра отырып , мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім , оқуды ,ізденуді тоқтасымен оның мұғалімдігі де жойылатындығын айта отырып тәрбиелеу мақсатында кеңес берілді.

Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзінің орнын алуы – білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты. Оны жүзеге асырушы педагог шығармашылығы мен құзіреттілігінің маңызы өте зор.

Бар адамның өмірі мектебімнен басталған.

Білім алған жастардың нұр шашуы басты арман.

«Ұстаз – мектеп жүрегі »атты жолменен ,

Осы жолмен ауылда жүрген мен, бір маман.

 

Ұстаздықтың киесі ізгілікті көрсету

«Ұстаз» сөзі шәкірттің жан-дүниесін тербету.

Ұстаз болу – ерекше тұлға болу деген сөз,

Балалардың қиялын ғарыштарға сермету.

 

Құмар болу жаңаға, тыным таппай іздену,

Оқушының сезімін қырағыша көзге ілу

Талантына шәкірттің талап қоя білу де,

Өз қайғыңды ұмыту, бала үшін түрлену.

 

Табыс көзі, білесіз, өз пәніңді сүюде.

Ұғындырып шәкіртке, ұқпай қалса күюде.

Ескі жолды ұмытып, жаңаша сабақ өту,

Бар баланы сабаққа қызықтыра білуде.

 

Әрбір ұстаз алдына қойсын мына сұрақты.

Қалайша мен өтемін қызықты етіп сабақты.

Оқушы мүмкіндігін жоғарылату міндетім,

Әр сабақта оқушы дара тұлға тұрақты.

 

Міне осылай мұғалім сапасы көрінеді.

Оқушыдан мұғалім еңбегі білінеді.

Білімді де, саналы шәкірттерден еліме,

Мәңгілік жасампаздық шуағы төгіледі.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.