Без рубрики

СЫНДАРЛЫ ОҚЫТУ ТЕОРИЯСЫ: ОҚУШЫЛАРДЫҢ БОЙЫНДА ХХІ ҒАСЫР ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Оспанова Айнұр Өмірзаққызы
Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің

физика пәні оқытушысы
Қызылорда облысы, Қазалы қаласы

Нағыз шәкірт белгілінің көмегімен белгісізді дамытуды үйренеді де,
сол арқылы ұстазына таман жақындайды.

И.Гете

 Жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге көзқарасы, жалпы болмысы ең алдымен мұғалімге байланысты. Көрнекті педагог В.П.Сухомлинскийдің: «Егер мен сабақ беруші ғана болсам педагогтық деңгейге көтеріле алмас едім, шәкірттерімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас тас қамалдай болып қала берер еді» — деген тұжырымдамасы педагогикалық қызметтің мәнін аша түседі.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін жағдайлар жасау» — деп атап көрсетілгендігі белгілі. Ал білім беру ошақтарында білім мен тәрбиені қатар жүргізетін тұлға – ұстаз. Заманына лайықты шәкірт тәрбиелеуі үшін ұстаз — ізденімпаз, сыни олай алатын болуы, қандай істі болсын бар ынта — жігерімен атқара білетін болуы керек. Міне, сонда ғана бойында сыни көзқарасы дұрыс қалыптасқан, білімге құштар, өз ойын жетік айтып, өз- өзіне оң баға беретін дәрежедегі оқушы қалыптасады. ХХІ ғасыр ғылым мен ақпараттықтехнологияның дамыған ғасыры, ал осындай қарқынды дамуға физика пәнінің қосар үлесі зор. Сондықтан мектептерде физика пәнін оқытуда жаңаша бағалауды қолдану оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.

Жаңару жолындағы Қазақстанға жаңаша ойлайтын өмірге көзқарасы тың, ақыл – ой және шығармашылық әлеуеті қалыптасқан, рухани адамгершілік мәдениеті жоғары шығармашыл мұғалім керек. Ал шығармашыл мұғалім – үздіксіз ізденісте болады. Әрбір маманның қызметіне қажетті кәсіби біліктіліктер болуы тиіс. Осыған орай физика пәнін оқытуда мұғалім мына қызметтерді бөліп қарағаны жөн:

  • оқыту – физикалық білім, білік, және дағды жүйесін қалыптастыру

  • тәрбиелеу – қызығуды, танымдық дербестікті, жеке құзыреттілікті қалыптастыру

  • дамыту – физикалық ойлауды және шығармашылық құзыреттілікті дамыту

  • бақылау – есептер мен нақты білім білік дағдыны бақылау мен бағалаудың құралы.

Жалпы білім беруде әр мұғалім көздеген мақсатына кол жеткізу үшін оқыту үдерісін жоспарлап қолданысқа енгізгенде оқушыларды бағалауды басты назарда ұстануы керек. Себебі, бағалау — сыныптағы оқушылар деңгейі әр түрлі болып келетіндіктен мұғалімнің сыныпта қалыпты атмосфераны құруына және оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру жолдарына елеулі әсер етеді.

Сындарлы оқыту теориясына сүйенетін болсақ, бағалау – одан арғы білім алу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жинақтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин болып табылады. /мұғалімдерге арналған нұсқаулық. 55 бет/ «Бағалау» термині «Жақын отыру» дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұхият бақылауы болып табылады. Бұл жорамал ресми тестілерден және емтихандардан бастап мұғалімдер сыныптарда күніне жүз рет өткізетін бейресми бағалауға дейінгі бүкіл бағалау спектріне қатысты. Бұған қарамастан, бағалау түрлі нысанда болуы мүмкін: бір тестілер қолдағы қарындаш пен қағаздың көмегімен жүргізілсе, басқалары сыныптағы әдеттегі сөйлеу кезінде сұрақ қоюға негізделеді: Бағалаудың барлық түріне жалпы сипаттамалар тән.

Оқушылардың физика пәніне қызығушылығын арттыруға жаңаша бағалаудың барлық түрлерін жүйелі қолдануға болады. Күнделікті сабақта немесе тарауды қорытындылауда оқушыларға екі жағында мынадай тапсырмалары бар бағалаудың жалпылау немесе сұрақтар үшін индекс карточкасын пайдалануға болады

1-кесте

Өткен тақырыптан негізгі идеяларды ата және жалпыла?

Өткен тақырыптан әліде не түсінбедіңіз, сұрақ құрастыр.

 

 

 

 

 

 

 

Жаңа тақырыпты түсіндіріп болғанда немесе берілген есептің шартын оқытып, онымен әрі қарай жұмыс жасауға бағалаудың қолмен сигналдармен көрсетуін сұрауға болады. Ол үшін оқушылармен алдын-ала қандай сигналдар қолданған дұрыс екенін анықтап алу керек. Мысалы, физика есептерін шығарту барысында мына реттілік бойынша жүргізуге болады:

Есептің шарты оқытылды;

Массасы 70 кг адам 20 кг жүкті 10м биіктікке көтереді. Осы кездегі адам қандай жұмыс атқарды?

  1. Есептің шарты түсінікті болдыма?

А) Түсінікті дегендерің басбармақты жоғары көтеріңдер

Ә)Түсінбедік дегендерің басбармақты төмен көрсетіңдер. /есептің шартын түсінбеген оқушыларға топта көмек беріледі/

  1. Есептің шартын түсінген оқушы өздігінен есептің берілгенін дұрыс жаза алады:

Берілгені: m1=70кг

m2 =20кг

g = 10 м/с2

h = 10м

Табу керек: А -?

Есептің берілгенін жазуда қателіктер жіберген оқушы бас бармағын көлденең қойып көрсетеді.

  1. Форуламен жүйелі жұмыс жасап, есептеу жолында қателіктер жіберген оқушы қолын бұлғайды.

Есептің шешуі: А=mgh

А=(m1 + m2)gh

А=(70кг + 20кг)10 м/с2 * 10м = 9000Дж = 9 кДж.

Жауабы: А= 9кДж

  1. Есепті толық әрі дұрыс шығарған оқушы екі қолымен басбармақтарын жоғары көтереді.

Жаңа сабақты түсіндіру барысында бағдаршаммен бағалауды қолданған ыңғайлы.

Әр оқушыда үш түс болады. Мұғалім оқушының түсінгенін не түсінбегенін осы түстермен көрсетуді сұрайды. Түсіндім — жасыл, сенімді емеспін – сары. Дымда түсінбедім — қызыл. Оқушының қаншалықты сабақты меңгергенін түсінгеннен — не түсіндің ал түсінбегеннен сендерге не түсініксіз болды, -деп жетелеу жүргізу арқылы мұғалім біле алады. Бағдаршам арқылы бағалау оқушы бойына өз – өзіне деген сенімділігін ұялатады және әр сабақта белсенді, ынта-жігермен қатысуы керектігін түсінеді.

Оқушылардың түсіну деңгейін бақылау мақсатында мұғалім жеке әңгімелесу жүргізуіне болады. Жеке әңгімелесу – оқушының мәдениетінің деңгейі мен ықыласы көтеріліп, шығармашылық қабілеті дамиды.

Сондай –ақ, сыныптағы оқушыларды шағын топтарға бөліп, тест сұрақтары бар парақ және жауап парағын таратады. Оқушыларға тест сұрақтарын талқылауға уақыт беріледі. Талқылаудан кейін әр оқушы өз жауабын жазуға болатынын ескерту керек. Талқылаудан кейін әр оқушы жауап парағын өз бетінше толтырады және жауап парақтарын тексергенде әр оқушының балы бөлек есептелініп бағаланады. Бағалаудың бұл түрін физика тарауларын қорытындылау кезеңдерінде қолдану сыныптағы оқушылар деңгейінің әртүрлі екендігіне қарамастан тиімді екені байқалды.

Александер. 2001

Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданылатын кез-келген нысананың артында тек қана обьективті немесе жеткілікті дәрежеде обьективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқуы, және уәжі туралы түсінік, сонымен қатар өзін –өзі бағалау, қабілеттілік және күш – жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады.

Өз іс – тәжірибеме жаңаша бағалау түрлерін енгізбес бұрын, оқушыларыма өздерінің жұмыстарын қалай бағалау керектігі, өз-өзін бағалауда қандай ұстанымдар болу керектігін, серіктестерін топта бағалауды, жалпы оқыту үшін бағалау дегеннің не екеніне дұрыс бағыт беру мақсатында мұғалімдерге арналған нұсқаулықты басшылыққа ала отырып бағалау жайлы мәліметтер мен формативті бағалау технологиясы жайында ақпарат бердім. Сонда үлестірме қағазына оқушылар өз ойларын білдірді.

Физика пәні жаратылыстану ғылымы болғандықтан физикалық құбылыстар, табиғат құбылыстары, қоршаған ортаның физикалық құбылыстары мен заңдылықтарды сабақ барысында оқушылармен зерделеу, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оқушы бойына ғылыми дүниетаным негіздері қалыптасуы мен қатар пәнге деген қызығушылығын арттыруда өзін –өзі бағалау және екі жұлдыз, бір ұсыныс арқылы бағалау тиімді. Бұдан оқушы өзінің оқуы жөнінде ақпарат жинайды, талдайды және өзінің жетістікке жетуі, дамуы жайлы қорытынды шығарады. Міндетті шарты – жұмысты бағалаудың критерийінің болуы және бұл критерий жұмыстың басында беріліп отыруы керек.

Мысалы, екі жұлдыз , бір ұсыныс арқылы бағалауды «Механизмнің пайдалы әрекет коэффициенті» тақырыбын өткенімде қолдандым. Мұнда үй тапсырмасына «Егерде мен өнер тапқыш болсам…» деген тақырыпта эссе жазуды берген болатынмын. Эссені бағалау критерийлеріне сүйеніп жазып келу керек, эссе жазудағы бағалау критерийлері:

а) терминдерді қолдана білуі;

ә) оқиғаны нақты сипаттауы;

б) жаңалыққа жақындылығы

в) талдай білуі.

Келесі сабағымда оқушылардың үйден жазып дайындап келген эсселерін жинақтап, оқып олардың барлығын екі жұлдыз, бір ұсыныс арқылы бағаладым. Үй тапсырмасына немқұрайлы қараған оқушыларға әсерлі болсын деп әр эссе соңына қызыл қаламмен жазып, сол берілген екі жұлдыз, бір ұсынысты ауызша оқып бердім. Ондағы мақсатым эссе жазбай енжарлық танытқан, шығармашылыққа онша мойын бұрмаған оқушының ынтасын ояту еді. Бұлай бағалау оқушыларға ұнады. Оқушыларға таратыған үлестірме қағаздарынан бағалау жайындағы өз ойларын ашық жазған. Бұрын күнделікті баға алу үшін ғана сабақ оқып келетінбіз, жазған жұмысымызға «нашар» баға алатын шығармыз деген ой серпілді, оқушылар бір сарын боп келген «5», «4», «3» бағалардан гөрі екі жұлдыз, бір ұсыныс арқылы бағалау сабақта мәжбүрлі болудан құтқаратыны жөнінде жазылған. Оқушының білімге деген құштарлығы және өзін –өзі бағалауы қалыптасқанын келесі сабағымда «Энергия не үшін керек?» деген эссені жазған оқушы саны артқанынан байқадым. Алдыңғы эссе де сегіз оқушы жазса, бұл жолы он төрт оқушы бар ынтасымен жазғанын көргенімде сабақ барысында тақырыпқа сәйкес формативті бағалау технологиясын пайдалану тиімді екендігін ұқтым.

Екі жұлдыз, бір ұсыныс арқылы бағалау түрін оқушыларға есеп шығарту кезінде де қолдандым, ол үшін алдын ала есепті шығаруға бағалауға мынадай критерий берген болатынмын:

1. Есептің шарты бойынша берілгеннің дұрыс жазылуы /берілген шамаларды дұрыс тауып, өлшем бірліктерінің бір жүйеде болуы/

2. Формуламен жүйелі жұмыс жасалынуы /есеп шығаруға қолданған формулалар дұрыстығы/

3. Математикалық есептелінуі /формулаға салып дұрыс нәтижеге жетуі/

Мұндағы менім көздеген мақсатым, оқушылар есепті шыруда өздерінің жұмысына бағалауды қалай береді, теориялық білімдерін практикада қолдану деңгейі қандай, есеп шығару арқылы оқушы пәнге қаншалықты қызығушылықпен қарайды және бағалауды қаншалықты үйренгендігін білу.

Оқушылардың топта шығарған есептерін қорғауы, соған сәйкес әр топ есептеріне баға беруі, оқушының өзін еркін ұстап топтың жұмысына бағалау беріп сөйлеуді үйренгендігі байқалды.оқушы ең алдымен өз –өзіне сеніммен қарап қасындағы серіктесінің есебін бағалай білді.

Бұл менің оқушылармен бірге жеткен жетістігім деп санадым

Физика пәнін оқытуда мұғалім — оқушының қызығушылығын арттыру мен жетістікке жету үшін тынбай жұмыс жасаумен қатар, сабақ соңындағы шығу парағында жазылған оқушылардың ұсыныс – тілегіне назар аудара отырып, оқушылармен бірлесіп өткен әр сабаққа «өзіндік баға» беруі керек.

Жалпы мұғалім жиі –жиі оқушыларға тілдік көмек беріп, мадақтау қажет, оқушыларға өздерінің жауаптарын құрастыруға көмек беретін формативті бағалау түрлерін қолданғаны жөн.

Пәнге деген қызығушылығын арттыруда бағалаудың түрлерін қолдану нәтижесінде сыныптағы оқушы:

— тапсырмаларға өз ойын айта алады

— өз деңгейін біледі

— өз тәртібі мен өзгенің тәртібі туралы және оның салдары туралы айта алады

— сабақта тапсырманы қалай жасағаны туралы немесе нені үйренгені туралы айта алады

— өз сезімі мен өзгелердің сезімі туралы біледі, көмектеседі және жігер береді

— жаңа тапсырмаға тосырқамай сеніммен қолға алады

— проблеманы шешуден ләззат алады

— топта ойласа отырып таңдау жасайды және шешім қабылдайды

— өз міндеттері мен мақсатын жоспарлайды

— қиындыққа тап болғанда мойымай табанды бола алады

— тапсырманы орындаудың өз жолдарын іздейді

— Мұғалімнің көмегінсіз өз ісінің көзін таба отырып, тапсырманы қашан әрі қалай орындау қажеттігін талқылайды

— сұрақ қояды және жауап ұсынады

— алға басуды қадағалайды және қажет кезде көмек сұрайды

— жеке және құрдастарымен бірлескен тапсырмаға қатысады

— бұрын естіген сөзді өз мақсатында пайдаланады

— өз бетінше тапсырмалар ұсынады.

Күнделікті сабақ барысында мұғалімнің жеке тұлғасы, білімі, нақтылығы, оқушымен қарым – қатынасы, әдістемелік шеберлікпен жаңаша бағалау түрлерін қолдана білуі — сыныпта оқушылардың танымдық, шығармашылық, қарым – қатынас құзыреттілігін арттыруға жол ашады.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық

  2. «Физика» республикалық ғылыми –әдістемелік журнал. №6. 2010ж

  3. «Тағылым» республикалық ғылыми –әдістемелік журнал. №4. 2012ж

  4. «Оқушылардың физика пәніне қызығушылығын арттыру» әдістемелік көмекші құрал. Қызылорда 2012ж

  5. «Әдеп» оқу құралы. Алматы. «Рауан» 1998ж

  6. Орта мектепте физиканы оқыту әдістемесі» М.Қ.Құдайқұлов. Қ.Жаңабергенов.

Алматы «Рауан», 1998 ж

  1. Оқыту үрдісінде танымдық және шығармашылық әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану. Дүйсенбаев Е.Ә.Балғожаев А.С. Қызылорда, 2006 жыл

  2. Оқыту процесіндегі инновациялық ізденістер. Өмірбаева К.Ө. Ақтөбе, 2001 жыл

 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.