Абай әндерінің тәрбиелік мәні
Қызылорда қаласы, №4 облыстық дарынды балалар интернаты
Гүлмира Шамұратова
Тақырыбы: Абай әндерінің тәрбиелік мәні
Мақсаты: Абай әндерінің тәрбиелік мәнін ашу.
Тәрбиелілігі: Абай әндері арқылы көркем сөз бен тілдің халық шешендігін, тілдің құдіреттілігін ұғынуға, оқушыларды адамгешілікке, ізгі қасиеттерге тәрбиелеу, әсемдікке, әдептілікке тәрбиелеу.
Дамытушылығы: Оқушылардың ойлау, шығармашылық қабілетін дамыту.
Көрнекілігі:
1. Абай суреті.
2. Абайдың ән- өлең туралы сөздері.
а) Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
ә) Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
б) Жақсы әнді тыңдасаң ой-көзіңмен
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.
в) Әннің де естісі бар есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
г) Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар.
1. «Абай қазақ өлеңінің құрылысына жаңа формалар енгізді». Г.Шомбалова.
2. «Абай қазақ халқының дәстүрлі музыкалық шығармашылығы негізінде қалыптасты, халық композиторының өнерінен нәр алды». Б.Г.Ерзакович.
3. «Абай әндері өзінің табиғатымен, рухымен, нағыз ұлттық ән үлгісі болды, олар қазақтың халық музыкасы дәстүріне негізделген, орыс әуендері мен романстарының элементтерін енгізу, арқылы ұлттық музыка өнерін байытты, кеңейтті толықтырды». А.Қ.Жұбанов.
І. Сабақтың барысы: Сабақ сынып оқушыларының «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындаумен басталады.
Кіріспе: Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев қазақ халқының мәдени тарихында ерекше орын алады. Соңында тамаша өлеңдер мен қара сөздер қалдырған Абай тек қана ақын емес, композитор және өз өлеңдерін орындаушы.
Бүгінгі тәрбие сағатымыз Абайдың бір ғана қыры – әндерінің тәрбиелік мәнін ашуға ғана арналады.
Ғасырлар бойы дамыған қазақ ән өнері ХІХ ғасырдың екінші жартысында көркемдік пен кемелдіктің шыңына өрледі. Абай өмір сүрген осы кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыз дәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері ауыздан – ауызға, заманнан – заманға ауызша ауыса отырып жетті.
Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі, халықтың жүрегінде сақталуға, сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында.
Композитор Абай дарынына қанат бітірген, ән нәрімен сусындатқан орта қандай еді? Оның композиторлық өнерінің бұлақ бастауы қайда? Әндерінің сипаты мен тақырыбы қандай? Кезекті оқушыларға берейік.
ІІ. Абай әндерінің сипаты туралы – Дастан. Абайдың ән мұрасы, композиторлық шығармашылығы қазақ музыкасына енген баға жетпес тың жаңалық болып табылады. Академик А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары еңбегінде Абай әндерінің әуені, өлшем ырғақ, құрылым – пішіні жағынан өзіне дейінгі бірде – бір халық композиторының шығармашылығына ұқсамай, айрықша дара тұрғандығын ашып керсетті.
Абайдың композиторлық шығармашылығының қалыптасуы және «Үш ұлы бастау» – Нұрзат . Үш бастау . 1. Қазақ халқының жазба әдебиеті.
2. Шығыс елдердегі классик поэзиясы.
3. Батыс Еуропа мәдениеті.
Осы үш бастау Абайдың музыкалық шығармашылығының қалыптасуына тікелей әсер етті. Абай өз заманында өнердің дамуына аса ден қойып отырған халық шығармашылығына жай еліктеп қана қоймай, зердесіне тоқып өскен. Абай аулында әрқашан ән-күй үзілмеген.
Абай және орыс музыкасы – Айдана.Абай орыс әндерін, музыкасын алғаш естуі, әлеуметтік жағдайға байланысты болды. Орыс тілін жетік меңгерген Абай А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Крылов шығармаларын қазақшаға аударып, аударма әндерге ән шығаруы қазақтың музыка өнеріне қосқан үлесі. «Евгении Онегин» поэмасын аударып шығарған әндері қазақ даламсына кең тарады.
Абай әндерінің тақырыбы – Әділет. Абайдың вокальдық шығармаларының тақырыбы сан қилы. Зерттеушілер Абай әндерін азаматтық тағылымдық, сатиралық, философиялық тақырыптарға топтаса келе сезімдік, психологиялық толғаныстар басым махаббат лирикасын ерекше атайды. Лирикалық әндерге «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Татьянаның хаты» жатады. Абай әндері өсиетке, ұлағатқа, ақыл – парасатқа өте бай. «Ата –анаға көз қуаныш», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім».
ІІІ. Абай туралы жалпы мәлімет. (Компьютер арқылы). Таныстыратын Әбдірахман.
ІV. Абай әндерінің тәрбиелік мәнін ашу.
1 топ. «Бойы бұлғаң» әні. «Сатира» тобы.
2 топ. «Өзгеге көңілім тоярсың». «Лирика» тобы.
3 топ. «Сегіз аяқ». «Ырғақ» тобы.
4 топ. «Қараңғы түнде тау қалғып». Романс тобы.
1 топ. «Бойы бұлғаң» әнінде байлығы мен дәулетіне мастанған байды өткір сықақпен шенейді. Бойы бұлғаң
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым
Қатты састым
Тұра қаштым, жалма – жан.
Ақын топас екі жүзі адамдардың әрекет – қылықтарына ашу- ызасын білдіреді. Ақын өткір сыншы, сатирик ретінде көрінеді. Адам бойында кездесетін жағымсыз мінез әдеттерден (екіжүзділік, жағымпаздық) қасиеттерден аулақ болуға, жақсы, жаман қасиеттерді ажырата білуге тәрбиелейді.
2 топ. «Өзгеге көңілім тоярсың» адам өміріндегі әннің мән- маңызы туралы тұжырым жасайды. Ән-дертке дауа. Ән құдіретін тек көкірегі ояу түсінігі мол, саналы адам ғана ұғына алады. Ән халық шешендігін, тілді құрметтеуге, адамгершілік және эстетикалық қасиеттерді ұғына білуге тәрбиелейді.
3топ. «Сегіз аяқ» өлең мәні әуені жымдасқан жаңа ұйқас үлгісімен құрылған ән.
Өткірдің жүзі
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас
Білген маржан
Білмеске арзан
Надандар бәһра ала алмас
Қиналма бекер тіл мен жақ.
Көңілсіз құлақ ойға олақ. Бұл шумақтарда қызыл тілдің құдіреттілін айтса,
Басында ми жоқ,
Өзіңе ой жоқ.
Күлкішіл кердең наданның
Көп айтса көңді
Жұрт айтса болды
Әдеті надан адамның
– деп адам бойындағы жігерсіздік, жасықтық сияқты жағымсыз қасиеттердің мінеп шенейді. Ән көркем сөз бен тілді құрметтеуге, жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға, адамгершілікке, тәрбиелейді. Қызыл тілдің құдіреттілігін мақтап, еңбек етуге шақырыды.
4 топ. «Қарыңғы түнде тау қалғып»
Аударма болғанмен ұлттық нақышқа толы. Әуенде орыс романсының элементтері бар. әннің ерекшелігі мәтін мен әуен ажырамастай тұтас.
Қараңғы түнде тау қалғып
Ұйқыға кетер балбырап
Даланы жым-жырт, дел-салғып
Түн басады салбырап.
Түнгі табиғат көрінісі, қараңғылық кезіндегі адамның сезімі суреттеледі. Табиғатпен бірге адам да ұйқыға кетердей, әннің әуені мен мәтіне керемет жымдасқан.
V. Музыка тыңдау.
«Сегіз аяқ» орындайтын. Қ.Байбосынов.
«Қараңғы түнде тау қалғып» орындайтын. Қ.Байбосынов.
«Татьяна хаты» орындайтын. Қ.Байбосынов.
VІ. Қорытынды. Көрнекіліктерімен таныстыру. Сонымен қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбаев композитор және орындаушы. Бүгінгі тәрбие сағатында Абайдың ән мұрасымен және әндерінің тәрбиелік мәні туралы мағлұматтар алдық. Абайдың музыкалық шығармашылығының қалыптасуы, әндерінің сипаты, тақырыбы және әндерінің тәрбиелік мәнін ашуда оқушылар құнды пікірлер айтты.
Абай әндері бұл күндері қазақтың музыка мәдениетінің алтын қорына енді. Оның әндері Қазақстан композиторының күрделі шығармаларына арқау болды.
Мысал ретінде А.Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсын Г.Жұбанованың «Татьяна әндері» ораториясын айтуға болады. Жүрекке жақын көкірекке жылы ұялаған Абайдың әсем әндері үй-іші, семья ортасында, үлкен мерекелер мен концерттерде жиі орындалып жүр. Мұның өзі Абай творчествосына деген халқымыздың өлшеусіз махабатының дәлелі.
Абайдың әндері өлмейтін өміршең әндер. Ол өмірді жырлаған. Өмір дегеніміз айнала қоршаған табиғат, жанымыздағы адамдар, көңіл-күйіміз, сезімісіз, қарым- қатынасымыз. Яғни Абай әндері өзімізді қоршаған ортадағы әсемдікті қасиеттерден аулақ болып, ізгі қасиеттерді бойға сіңіре білумен қатар өмір сүруге тәрбиелейді.
