Оңтүстік Қазақстан облысына – 80 жыл!

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі
Мырзахметов А. И. мырзаға

Құрметті Асқар Исабекұлы!
  Сізді және Сіз арқылы Оңтүстік өңірінің барша азаматтарын, қадірлі жерлестерімді Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
  Оңтүстік өлкесінің елімізде алатын орны ерекше. Бітімі бөлек, тарихы терең бұл өңiр – ата-бабаларымыздың қашаннан бергi жазылған жайлауы, мекен еткен құтты қонысы. Қойны кенге, үсті ырыс-несібеге толы қазыналы аймақ. Бойына бұққан сыры мол шежірелі өңір. Облыс ретіндегі тарихына 80 жыл толғанымен, арғы тарихына бойласақ, тым тереңге тартады, ұзақ хикаяға арқау болады.

  Бастысы – ата дәстүрі мен ана тіліне берік, жүрегіне жылу мен мейірім ұялаған киелі халқы бар. Ел басына күн туған талай қиын-қыстау замандарда халқымызға пана болған, ұлыстың ұйытқысы болған да осы өңір. Бұл өлке аузымен құс тістеген ақындарымен де, жезтаңдай әншілерімен де, әлемді аузына қаратқан ғұлама ойшылдарымен де, көне тарихты домбыра шанағында күмбірлеткен дәулескер күйшілерімен де, таңды-таңға ұрып жырласа, түбі көрінбейтін төкпе жыршыларымен де, саз балшықты қамырша илеген алтынқолды шеберлерімен де, көне тарихты шыжымдап тарқатар шежіреші қарттарымен де, адал да ақкөңіл еңбекқор жандарымен де, істің көзін табар кәнігі кәсіпкерлерімен де мақтана алады. Бұл қасиеттердің негізін осы өңір халқының тарихи түп-тамырынан ажырамауынан, алтын өзек болып тартылып жатқан баба дәстүрден қол үзбеуінен іздеген жөн.

   Олай болатыны бұл өңірде иісі қазақтың ғана емес, тұтас түркі дүниесінің түпқазығы, рухани ордасы – екі дүниенің есігі болған Түркістан орналасқан. Онда түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи шәкірт тәрбиелеп, білім таратқан. Сансыз баптар мен әулие-әнбиелер дін шашқан. Ұлтқа ұран болған, ақылман абыз Бәйдібек баба мен Домалақ ана ұрпағына ұлағат айтқан. Ұлылар мекеніне айналған киелі Отырар орын тепкен. Өңірдің тіршілігіне қан жүгірткен ұлы Сырдария өзені ағады. Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған қасиетті Қазығұрт тауы, қазақтың киесіне айналған қазыналы қарт Қаратау жатыр. Қазақты қайтсек ел қыламыз, ұшпаққа шығарамыз деп күнде кеңес өткізген Күлтөбе осында. Алашының жолында аянып қалмаған азулы хандарымыздың асыл сүйектері де осында тыныс тапқан. Осы арқылы бұл өңірдің аты мен атағы ежелден-ақ төрткүл дүниеге түгел мәлім болған. Ғасырлар қойнауынан жаңғырып, жаңарып шыққан сол рух, желісі үзілмеген рухани сабақтастық өңір халқының бүгінгі өміріне де өлшеусіз қуат беруде, болашағына береке сыйлауда.

  Ендеше, бүгінгідей мерейлі күніне мол жетістіктермен, толағай табыстармен жетіп отырған киелі Оңтүстік өлкесі әрқашанда ұлтымыздың ұйытқысы, өркениеттің бесігі, елімізді ілгері сүйрер көшбасшы бола береді деп сенемін.

  Жерлестерімнің әрбіреуінің шаңырағы бақ пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, дәулет пен молшылықтың ұясы болсын деп тілеймін.

  Берекесі мен бірлігі жарасқан, сәулеті мен дәулеті тасыған елдің тізгінін қолына ұстап отырған бауырым Асқар, еңбегіңіз жемісті болсын. Әрқашан халқыңыздың алғысына бөленіп, абырой биігінен көріне беріңіз.

            Ізгі тілекпен,
            Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының
            президенті, академик                                            Ө. Айтбайұлы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше