Без рубрики

Натюрморт жанрының өркендеуі. Натюрморт және тарих

Абенов Данияр Әбдімәлікұлы,
Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің  бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі,
Ыбырай ауылы, Созақ ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы

  
Сабақтың тақырыбы:
Натюрморт жанрының өркендеуі. Натюрморт және тарих

Сыныбы: 4

Сабақтың мақсаты:

а) Білімділік: Бір бірінің пікірін құрметтейтін ортаны қалыптастыру,

өзін-өзі сынай қарауға дағдыландыру, оқушылардың өзін-өзі

тексеру, оқушылардың бірін-бірі тексеруі, оқушылардың

ойлау қабілетін арттыру.

ә) Дамытушылық: Оқушыларды сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту

арқылы өз ойын тұжырымдауға және басқалардың

көзқарасын сыйлауға үйрету.

б) Тәрбиелілік: Балалардың ойлау қабілетін дамыту, ұқыптылыққа,

жинақтылыққа тәрбиелеу, балалардың эстетикалық

талғамын байыту. Өзін-өзі басқара іс атқаруға, шыншыл,

әділетті, бір-бірімен ұйымшыл, дос болуға тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар, көрнекті құралдар: Түрлі қарындаштар, өшіргіш, қағаз көркем суретті альбомдар, акварель, гуашь, қылқалам түрлері, дидактикалық құралдар және т.б.

 

Сабақтың өту барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі.

  2. Үйге берілген тапсырманы тексеру.

  3. Жаңа тақырыпты түсіндіру.

  4. Тапсырмаларды орындау.

  5. Сабақты бекіту.

  6. Үйге тапсырма.

 

Сабақтың барысы:

Натюрморт жеке жанр болып бірден қалыптасқан жоқ, яғни суретшілер тек жансыз денелерден ғана тұратын картиналарды бірден жаза бастамаған. Жансыз заттардың неғұрлым шыншыл бейнелері Грекия мен Римде ерте замандарда пайда болды. Ежелгі римдік Помпей қаласына қазба жұмыстарын жүргізгенде адамдар тұтынған тұрмыстық заттардың алғашқы бейнелері табылған. Ғалымдар бұл қабырға өрнектерін біздің дәуіріміздің I ғасырына жатқызады. Суретшілер құдайлар мен ауқатты адамдардың думандарын храмдар мен сарайлардың қабырғаларына бейнелеген кезде тұрмыстық бұйымдарды да жаза бастаған. Бірақ олар әлі «натюрморт» деп аталмаған және мозаикалар мен фрескалардағы (қабырғаның кеппеген сылағына ойып орындалатын суреттер) бейнелердің негізгі бөлігіне айналмаған. Заттар адам тұрмысының ажырамас бөлігі ретінде суретшілердің назарынан тыс қалмасы белгілі еді.

Орта ғасырларда әр түрлі жансыз денелерді бейнелеу басқа жанрлар шығармаларында толықтырғыш бөлшек ретінде жиі көріне бастады. Мына суреттегі IX ғасырдың миниатюрасынан жансыз заттарды — кітап, қалам, сиясауытты көріп отырсың, бірақ олар натюрморт болып құралмаған. Кейінірек суретшілер бұл заттарды өз натюрморттарында жиі бейнелейтін болған.

1504 жылы итальяндық суретші Якопо де Барбари жазған картина Еуропадағы алғашқы натюрморт деп есептелінеді. Ол «Құр, садақ оғы мен қолғап» деп аталады. Ондағы бейне шынайы берілгендіктен, оны өзіңе таныс алдамшы натюрморт түріне жатқызады.

Сонымен XVI ғасырда натюрморт жеке жанр ретінде белгілі болды. Бұл натюрмортты 1596 жылы Микеланджело де Караваджо салды. Ол қандай да бір картинаның бөлшегі емес, жеке шығарма ретінде жарық көрді. Суретші жеміс-жидектердің, жарық пен пішіннің өзгерісін сүйсіне отырып бейнелеген. Осыдан кейін бейнелеу өнерінің қызық та ерекше жанрына суретшілердің басым көпшілігінің қызығушылықтары арта түседі. Суретшілердің қылқаламынан қандай тамаша шығармалар туған десеңізші! Италия, Германия, Испания, Франция суретшілері натюрморт сала бастайды. Әрбір суретші бұл жанрдан өз стилі мен жанына жақын тақырыбын табады. Голландиядағы суретшілердің натюрморттары ерекше мазмұнға ие болды. Алғашында оларда адамдар бірге бейнеленетін, бірақ суретшінің де, көрерменнің де назары негізінен адамдарға емес, жансыз заттарға ауысты. Голландықтардың картиналарында жансыз табиғат денелері «қаптай» бастады. Мұндай шығарма түрлері stilliven («бірқалыпты өмір») деп аталды. Голландиялық суретшілердің натюрморттары адамдарды қоршаған барлық заттарға деген сүйіспеншілікке толы. Натюрморт көрерменді заттар дүниесінің сұлулығын танып білуге жетелейді.

Натюрморттың жемістер мен гүлдерді, аң-құстар мен балық аулау, тұрмыстық кереқ-жарақтар, таңғы ас, музыка аспаптары бейнеленген түрлері өркендей бастады. Бальтазар ван дер Аст — натюрморттың жаңа түрі — гүлдер натюрмортының негізін қалаушылардың бірі. Бұл әр кезеңдегі суретшілердің ең сүйікті натюрморт түріне анйалды. Бұл жанр түрі голландиялық суретшілердің ерекше ықыласына ие. Натюрморттың бұл түрінің асқан шеберлері Питер Клас, Вильям Хеда болып табылады. Олардың натюрморттары онда бейнеленген ыдыстар мен маталардың әсемдігімен әрі түстің әсерлі берілуімен таңғалдырады. Голландиялық натюрморттардың негізгі тақырыбы — таңғы ас. Суретшілер күмістен жасалған бағалы әрі мөлдір шыны ыдыстарды, жібек маталар мен ас мәзірін бейнелегенді ұнататын. Жай ғана құрастырыла салған бұл заттар оларды пайдаланушы адам бірер минутқа ғана шығып кеткендей әсер қалдырады. XIX ғасырда натюрмортқа деген көзқарас өзгерді. Импрессионист-суретшілер мен оларға еліктеушілер натюрмортпен тәжірибе жасай бастады. Олар заттарға тамсанып қана қоймай, пішін, көлем, сызық, жарық пен көлеңкенің өзара байланысын көрсетуге тырысады. Француз суретшісі Поль Сезанн төгілдіріп қойған мата қыртыстарының түсін, пішіндерді, түстер мен жарықтың құбылуын бейнелегенді ұнататын.

 

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында көптеген суретшілер өз сезімдерін, көңіл күйін нақты бір зат арқылы беруге ұмтылады. Мына суреттен XIX ғасырдың ең әйгілі натюрморты «Күнбағыстарды» көріп тұрсың. Голландиялық суретші Винсент Ван Гог бұл шығармасын өзінің досы, суретші Поль Гогенге арнаған. Картина жұмсақ, шуақты гаммада орындалып, суретші сол арқылы өзінің досына деген жылы сезімдерін білдіргісі келген сияқты.

Натюрморт көрерменге көп жайды жеткізе алатынын білесіңдер. Мысалы, натюрморттар арқылы өткен күндердің тұрмысын зерттеуге болады. Ертеде жазылған натюрморттардан өткен ғасырларда адамдар қолданған, қазір мүлде кездеспейтін тұрмыстық заттарды көре аласың, сондай-ақ олардың әдет-ғұрыптары мен мәдениеті жайында көптеген мөліметтер жинауға болады. Көне натюрморттар көрмесін аралау немесе олардың репродукциялары жинақталған альбомдарды тамашалау арқылы натюрморттың тарихын тереңірек білетін боласың. XVIII ғасырда өмір сүрген орыс суретшісі Т.Ульяновтың натюрмортынан күнделікті қолданып жүрген кітаптар, қайшы, тарақ, кілт сияқты заттармен қатар, өздеріңе бейтаныс — қауырсын қалам мен сиясауыт, шылым шегетін ұзын трубка, мұқабасына ілгек тағылған кітаптарды көресіңдер. Бұл заттардың иесі кім болуы мүмкін? Сол адамды елестетіп, суреттеп беріңдер.

Ал голландиялық суретші И. Леманстың мына шығармасындағы заттар қазіргі заман адамдары үшін мүлде бейтаныс. Сендер мұндай заттарды ешқашан ұстап көрмеген боларсыңдар. Картина «Аңшылық натюрморты» деп аталады. ХVІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген адамдар үшін бұл үйреншікті заттар. Олар аңшылардың күнделікті қолданып жүрген бұйымдары — иттерге арналған аңшылық мүйізшесі, дорба, құстарды шақыратын құрал, тор, аңшының пышағы. Заттардың барлығы әдемі, қымбат, бәлкім олардың иесі де ауқатты адам болған шығар.

Қазақ халқының танымал суретшісі Гүлфайрус Ысмайылова өзінің натюрмортында қазақ қыздарының ұлттық бас киімі — сәукелені бейнелеген. Бұл жай бас киім емес, қалыңдықтың үйлену тойында киетін бас киімі. Бұрынғы кезде оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отырған. Сәукелені тігу өте көп уақыт алатын болғандықтан оны қыз бала дүниеге келген күннен бастап дайындай бастаған. Ал оған тағылған асыл тастардың құны кейде бірнеше түйенің құнына тең келетін.

 

Тақырыпты бекітуге арналған тапсырмалар.

Мына натюрморттарға назар аудар. Олардың қай кезеңде орындалғанын шамамен анықтап көр

Ұнаған тапсырманы таңдап, оны орында.

1. Кітаптар, энциклопедиялар мен көркем фильмдер бойынша белгілі бір тарихи кезеңмен таныс. Сол тарихи кезеңді бейнелейтін натюрмортты есіңе түсір.

2. Натюрморт арқылы болашаққа өзің туралы не айткың келетінін ойлан. Онда өз болмысыңды, мінез-құлқыңды білдіретін қандай заттарды бейнелер едің? Енді сол натюрмортты салуға кіріс.

3. Үйіңде өз жанұяңның тарихына байланысты бірнеше заттарды тауып алып, олар жайында ата-анаңнан, әжеңнен сұрап біл. Сол заттардан натюрморт құрастыр.

4. Белгілі бір мамандық иелері қолданған заттар бейнеленген натюрморттар жиі кездеседі. Мысалы, натюрмортта музыкалық аспаптар бейнеленсе, олардың иесі музыкант екен деп болжауға болады. Сен де белгілі бір адамның мамандығын немесе кәсібін білдіретін натюрморт орында.

 

Үйге тапсырма беру: Әр түрлі кәсіп немесе мамандық иелерін білдіретін заттардан натюрморт орында.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.