Иманды ұрпақ – ұлт болашағы
Атырау облысы, Атырау қаласы
№19 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі
Суйеуова Гулайым Бисембаевна
Тақырыбы: Иманды ұрпақ – ұлт болашағы
слайд №1
Мақсаты: слайд №2
1. Қоғамдағы бүгінгі күнгі ең басты мәселе – жас ұрпақтың жат діни ағымдардың құрығына түсіп қалуына жол бермеу, оған қарсы тұру, экстремистік көзқарастардың орын алуына жол ашатын саңылауды жабу;
2. Ислам дінінің адам өміріндегі орны мен қазақ халқының дүниетанымындағы, тұрмыс – тіршілігіндегі рухани құндылықтарынының көркем мәтіндеріндегі яғни Абай сынды ғұламаларымыздың өлең, қарасөздері арқылы мән – маңызын саралау, түсіндіру.
3. Ислам дінінің негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттердегі құндылықтарды салт – дәстүр, әдет – ғұрып тәрбиелерімен сабақтастырып оқушы бойына сіңіру.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта. Ғұламаларымыздың және Елбасының
дінге байланысты айтқан ойлары, тақырыпқа байланысты суреттер.
М.Бесбаев әні «Иман», «Алланың бары – ақиқат»,
Қ.Нұртас әні «Аллаға шүкір»
Оқушылар шығармалашылығы (суреттер).
Қазақстан Республикасының картасы.
Сөздік жұмыс.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Құран Кәрім
-
Абай. Қарасөздері. Алматы «Өнер» 2005ж.
-
Абай Шығармалары ІІ томдық толық жинағы. Алматы «Жазушы»
1995ж.
-
Ш.Әділбаева. Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз. Алматы
2011ж.
-
М. Бесбаевтың «Иман» әні орындалады. слайд №3
-
Мұғалімнің кіріспе сөзі: слайд №4
«Қазіргі кезде ел болашағы – жастардың қолында, Қазақстанның келешегін көркейтетін білімді ұрпақ» – дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Қай халықтың да болмасын, мемлекеттік даму стратегиясында жастарға, жас буынға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылады. Бүгінгідей ақпарат пен техникалық жаңалықтар кең құлаш жайған заманда, оқуға, ғылымға, тәжірибеге сүйеніп, бұл салалардағы жетістіктерге иек артқан дұрыс. Алайда, жастардың саналы азамат болып қалыптасуының кілті тек білімде деп айтсақ жеткіліксіз.
Адам баласының тура жолдан адаспай, толық, кемел, ақыл-есі түзу азамат қатарына жетуі оның жас шағында алатын тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсете алуына байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде космополиттік идея кеуделерін улап, туған ұлтына жандары ашымайтын «мәңгүрт» типіндегі жастардың көбейіп келе жатуы алаңдатарлық жайт. Біз өркендеп өскен өскелең ұрпақты жаһанданудың жойқын соққысына, тілсіздік дертіне ұрындырып алмай, өз ұлтының мәдениет мәйегінен алшақтамай өсуіне жол ашуымыз керек. Ол үшін рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына ендірген абзал.
Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал – мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Қазіргідей «дүния үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» жандар кездесіп отырған кезде мұндай сөздің маңызы да жоғары. Жиған – терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік нәрсе бар деп білген аталарымыздың имандылық төңірегіндегі түсінігіне біраз толғаныс жасауды жөн деп санадық.
-
слайд № 5 Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата – бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет – болмысының, мінез – құлқының айнасы.
Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталады. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «иманигүл» деп ат береді:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жол осы деп әділетті, – дейді
Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден – дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде – ақ ұлан – ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір – тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат діні – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі ашылған перзенттерінен алды деп толық сеніммен айта аламыз. Екінші тірегі – салт – дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет – ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым – зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тілдің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты, ұлттың ұлан – ғайыр жерде бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды.
«Ана тілі» көркемсөз оқылады.
Міне, осындай басты – басты үш қасиетті берік ұстаған ата – бабалар біздерге, кейінгі ұрпақтарына «адастырмас айқын жолды» көрсетіп кетті.
-
слайд № 6 – 7 Аталарымыз осындан мың жылдай бұрын тек қана Исламды таңдаған. олай болса сол асыл діннен бізді ешкім ажырата алмайды. ол біздің қанымызда, жанымызда. Ислам діні – біздің өмір салтымыз. Мәдениетіміздің терең тамыры. Біз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «тегіміз – түрік, дініміз – Ислам» екенін ешқашан ұмытпаймыз.
Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Шөліркеген даладай қуаңсып, суалған көлдей құлазыған мекендер мұсылманшылықтың аяқ басуымен көгалды шалғын, көк майсалы жерге айналды. Мұсылмандық Орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне біздің дәуіріміздің VIII ғасырында ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлар мен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқаста мұсылмандардың жеңісі бүкіл Орта Азиялық аймаққа Ислам дінінің ғана емес, сондай-ақ оның мәдениетінің де еркін таралуына жол ашты. Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен Ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған терең ойлы ғұламалар шықты.
Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Солай бола тұрса да, соңғы кездерге дейін қазақтар көшпелі болды. Соның салдарынан ұлы далада туып өсіп, дүниежүзілік өркениетке үлес қосқан көптеген мұсылман ғалым бабаларымыздың аттары ғасыр парақтарында қалып қойды. Мысалы, Абай, Ыбырай, Шоқан бабаларымыз. Жаратқан бізге тәуелсіздік сыйлап, өз елімізге тән рухани, діни, мәдени жәдігерлерімізді қайта жаңғыртуға қол жеткізіп, олардың біразын анықтап маңдайымыз жарқырап жатқанымыз да бар. Ілгеріде өткен бабаларымыз, мысалы, Абай атамыз бізге рухани мол мұра қалдырып кетті. Оларды игеріп қана қоймай, зерделеп, қастерлеуіміз керек.
-
Әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінез-құлқымыз, халықтық болмысымыз, өмір салтымыз, тәрбиеміз, менталитетіміз де, Қазан төңкерісі әкелген жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз. Сол себепті рухани мұрамызды да осы тұрғыдан зерделеу қажет деп есептейміз. Олай болса Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу – бүгінгі біздің міндетіміз.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей, – деп Абай атамыз айтқандай, біз бүгін үлкен бір мәселені әңгімелемекпіз. Бұл мәселе – Иман мәселесі.
-
Абай атамыздың дін жөніндегі түсінігінің өз кезеңі үшін прогрестік мәні зор. М. Әуезов айтқанындай, Абай діні – « … ақылдың, сыншыл ойдың діні…». «… адамгершіліктің діні…» барынша діншіл көрініп отырған өлеңінің өзінде де, Абай Ислам дінін үгіт – өсиет ете халықты, жастарды имандылыққа, терең білімге, өнерге, адамның асыл қаситеттеріне шақырады. Қазақ даласында Ислам дінін үстемтаптың идеялогиялық құралына айналдырап, дінді дәріптеуші дүмше молдалар мен сопылар, ишандар мен имамдар, қажылар мен қазіреттердің іс – әрекеттері мен теріс қылықтарын аяусыз әшкерелейді.
Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі.
Білмейсің десе, жел өкпе,
Дейді дағы – тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе
Иемнің әділ пендесі?
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Мал құмар көңілі – бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.
Халыққа пайдасы аз, құлқынның құлы, жемқор, пайдақұмар молдаларды, олардың жасанды бет пердесін бейнелі сөзбен келістіріп әшкерелеуде Абайға тең келетін ешкім жоқ.
-
слайд № 8 Игі үгіттерге ұмтылу жолында Абай Сократ пен Аристотельге, Байрон мен Гетеге, Низами мен Науаиге, Пушкин мен Толстойға жақын, рухтас. Ол ешкімді дініне, нәсіліне, ұлтына қарай бөлмей, «Адам – адамға дос» деген халықтар достығын дамытуға үн қосып, жаппай ынтымақ, имандылық, достық идеясының жаршысы болды. Егер мұсылман ғұламалары «ақыр заман», «қиямет қайым» дегендерді ғасырлар бойы халық санасына сіңіріп, табиғат құбылыстары мен қоғамдық өмірдегі өзгерістерді, ғылымдағы жаңалықтарды сол «ақыр заман» мен «қиямет қайымның» таяп келе жатқанының белгісі деп түсіндірсе, Абай ескі заманның орнына жаңа заман, жаңа заманның орнына жақсы заман келеді деп, өз халқын жақсылық атаулыға, имандылыққа, білімге үндеді: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» деп тәңірге табынып, уақытты босқа өткізбей, әркімді өмірден өз орнын табуға шақырады.
Патша құдай, сыйындым
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне, – деп сөз ұқпаған өз руластарына қатты ренжіп, қынжылады.
-
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге?
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
-
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой —
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,*
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,*
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңiз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір* болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
-
Мұны жазған кісінің,
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден.
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл-мизан*, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі бұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупiм —бұл.
Өзің, үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің, бәрі — тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әрнәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл,
Ғұламаћи* Дауани
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқып және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл — гүл
-
слайд № 9 Абай атамыз дінге қоғамның маңызды институты ретінде қарады. М.Әуезов пікірінше, Абай үшін дін адамның жеке басының моральдық жетілуінің құралы болған. Абай дін мәселесін қарасөздерінде де алға тартып, оның әлеуметтік мәнін, мазмұнын ашады. Дінге беріле сенеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, құдайдың барлығына жұртты мойындатуды жөн санайды. Абай атамыз «Отыз сегізінші қарасөзінде»:
Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында болмақ. Кімге достығың болса, достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қас сағынбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ.
Бұл өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі! Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.
Һәм өзі өзгеше тұтатын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады.
Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын… Ол білім, ғылымы құдаға мұқтәди болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлки, бұларсыз тағат тағат та емес.
Белгілі, құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһад ләзім, сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд етіп, ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлламнің хадис шарифі «иннама-л-ағмал, бин-ниет» деген. Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан қалыпсыз ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат -батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.
-
Абайдың ұрпаққа ұсынар бағыты – адамгершілік жолы. Ақын өзінің көптеген шығармасына «адам бол» деген этикалық принципті арқау етеді. Абай «адам» деген ұғымды кең де терең түсінеді. Ойшыл ақынның түсінігінде адам – ақылдылық пен еңбек сүйгіштіктің, әділдік пен білімділіктің, махаббат пен адалдықтың жиынтығы. Осы қасиеттерді бойына сіңірген кісі нағыз иманды адам дейді.
-
Өлең — сөздің патшасы,сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол — ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі —надан,
Бұл жұрттың, сөз танымас бір парасы.
Әуелі аят, хадис — сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.
Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,
Мүнәжәт уалилердің зар наласы,
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.
Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп,
Елдің байын еліртіп “жау мұндалап”.
Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
-
слайд № 10 Қ.Нұртастың әні «Аллаға шүкір»
-
Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт – дәстүріміз, әдет – ғұрыптарымыз бен наным – сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет – ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.
Дүние жүзінде Аллаға құлшылығынан бастап, мінез-құлқы, адамгершілік қаситетері, саясаты, әкімшілік басқару істері, тәлім-тәрбиесі, әлеуметтік жұмыстары, әскери шаралары секілді әмбебап іс – әрекеттері мен жеке басына қатысты қарапайым амалдарына дейін үлгі ретінде ұсынылып, ғасырлар бойы ұрпақтан – ұрпаққа беріліп, әр бір іс-әрекеттеріне дейін қайталанып келе жатқан Мұхаммед пайғамбардан басқа ешқандай жан жоқ.
Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата – баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен үндесіп жаттуында. Енді осы үндестіктердің кейбіреулеріне тоқтала кетейік:
-
Әрбір істің бастауында «Бисмилла» сөзінің айтылуы. Бұл әдет мына хадистен туындаған: «Бисмиллаhпен басталмаған әрбір істің соңы келте»
-
Сәлемдесу. «Сәлем – сөздің анасы» дейді дана халқымыз. Пайғамбарымыздан бір күні «Қандай амал ең қайырлы?» – деп сұрағанда: «Адамдарға тамақ беру және таныған, танымағандардың бәрімен амандасу», – деген.
-
Нанды жерге тастамау, оны құрметтеу, жерге түскен нанды алу, нанның қиқымын баспау, нанды бір қолмен бөлмеу. Халқымыздың нанды құрметтеуі, жерге түскен қиқымды да баспай, жоғары көтеріп қоюы Пайғамбарымыздың: «Нанды құрметтеңіздер. Себебі, ол жер мен көктің берекеті», – деген өсиетінен туындағаны анық.
-
слайд № 11 Ислам дінінде ата-анаға қатты мән беріліп, адамзаттың ішіндегі ең қастерлі де сыйлы жан ретінде құрмет көрсетілген. Құран аяттары мен хадистерде ата-ананы сыйлау, оларға қарсы келмеу, қолғабыс болып, айтқанын екі етпеу, қартайғанда көңілдеріне қаяу түсірмей, қамқорлық көрсету мәселелері жиі айтылған. «Біз адамдарға ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста болуға бұйырдық. Себебі, анасы оны қиыншылықтарға төзе отырып құрсағында көтеріп жүрді. Туғаннан кейін екі жыл емізді. Ей, Адамдар! Алдымен Маған, сосын ата-аналарыңа алғыс айтыңдар. Соңында Маған қайта ораласыңдар…». «Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрғанда қартайса, оларға «уh» деп те айтпа. Оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр.»»
Адамзаттың ардақтысы хазрет Пайғамбардың осы хадистеріне сүйеніп, Шал ақын:
Мекке менен Мәдине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші, – деп халыққа өсиетін айтса, Шортанбай ақын:
Атаңды сыйла анаңмен
Меккені іздеп таппаққа, – деп, ата-ананы сыйлауға үндейді. Ал Ақтамберді жырау:
«Меккені іздеп нетесің,
Меккеге қашан жетесің?
Әзір мекке алдыңда
Пейіліңмен сыйласаң
Атаң менен анаңды!» – деп ата-анаңа көрсеткен сый – құрметің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ойды қорытады.
-
Ислам дінінде кісі ақысына қатты мән беріліп, кешірілмейтін күнәлардың қатарына жатқызылған. Себебі, адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі адамды Алланың да кешірмейтіні айтылған. Қазақ билері де төрелігін сұрап келген халықтың дау-дамайын, келіспеушіліктерін шешер кезде Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйеніп отырған. Халқымыз кісі ақысын жеуден қатты сақтанып, кейінгі ұрпаққа хазрет Пайғамбардан үйренгендерін өсиет еткен. Оларға:
Кісінің, менше, балам, хақын жеме,
Түбінде жарамайды жегіш неме…
…Ешкімнің хақын жемеңдер,
Артында оның сұрақ бар…
…Жақсыны алыс, жаманды жақсы деме,
Жақсы атансаң біреудің хақын жеме,
Жақсымын деп біреудің хақын жесе,
Жаман адам сол болар, мақұл деме…
-
Адамды өзін өрде жүргендей сезінетін, ал шын мәнінде оны өрге емес, керісінше құрдымға сүйрелейтін жағымсыз қасиеттердің бірі – өркөкіректік. Пайғамбарымыз өркөкірек, тәкаппар адамдар жайлы: «Бір күні бір адам әдемі киімдерін киіп алып, маңғазданып кетіп бара жатыр еді. Шашын тараған, өз-өзіне көңілі толып, жұртқа өзін көрсеткісі келген әлгі адамды Аллатағала жердің түбіне түсіріп жібереді. Қиямет күніне дейін жердің астында тыпырлаған күйінде қалды» – деген. Тәкаппарлықтың абырой әкелмейтінін жақсы білген аталарымыз:
Құдайдың барын білмеген
Айтқан жерге жүрмеген,
Менменсіген зор кеуде
Қисық жүріп кете алмас,
Аспанменен өте алмас,
Алдындағы жолығар
Құдайдың құрған тезіне…
деп оны сынайды әрі халықты бұл жаман қылықтан бойды аулақ салуға, ізгілікке, қарапайымдылыққа шақырады. Мұсылмандықты ту еткен халқымыз: «Ұлық болсаң кішік бол», «Кішіпейіділікпен кішіремейсің» деп, ұрпақты кішіпейіл болуға шақырған.
-
Алла тағала Құран Кәрімде: «Мұсылмандар – бауыр», – деген. Хақ Расул да өз хадистерінде осыны ескертіп: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Мұсылман – бауырына қастандық жасамайды, оны дұшпанға тастамайды. Кім мұсылман бауырына жәрдем етсе және оның кем-кетігін толықтырса, Алла тағала оған жәрдем етеді.» Осыны кейінгі ұрпаққа қатаң ескерткен халқымыз:
Жан зікірін көп айтсаң, ақ боларсың,
Сабырлық ақырында шат боларсың.
Өзің жетіп, өзгені ойға алмасаң,
Қарындас пен қауымға жат боларсың, – деген.
Қоғамда бауырластықты нығайта түсетін сыйқырлы бір күш бар, ол – бір-біріне жәрдем ету.
-
Жаңағы айтылған тәрбиелер ұлттық дәстүрге айналған сүннеттердің бір-бір тамшысы десек артық айтқанымыз емес. Себебі, мұсылман елі болғандықтан әрбір тыныс тіршілігімізде құран мен сүннетті негізгі өлшем етіп алған халқымыздың ғасырлар бойы жалғасқан өмір жолында бұл қазына жыл өткен сайын толыға түседі.
Елімізде дін айналасында атқарылып жатқан шаруалар да аз емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы қазақ жерінде әлемдік дәстүрлі діндер өзінің бейбітшілік рухын ұялатқанын мәлім етті. Ұлтаралық, дінаралық татулығы бар елдің шоқтығы әрқашан биік болмақ! Қазіргідей берекесі мен бірлігі жарасқан Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымыз – Елбасының салиқалы саясатының арқасы. 130 ұлт пен ұлыстың аспанына бейбітшілік көгершінін қондырған Елбасының саясатын қолдаймыз!
-
Оқушылар шығармашылығы. Оқушылар салған суреттері туралы түсінік береді.
-
слайд № 12 М.Беспаевтың «Алланың бары ақиқат» әні орындалады.
-
слайд № 13
Ел болуға Ислам дінің керек,
Екінші ардақты Ана тілің керек,
Шындық және адал иман керек,
Мейірімділік және терең білім керек.
Еңбек керек адамды адам еткен
Еш шүбәсіз осылардың бәрі болса,
Аю да, айдаһар да дірілдер ед, – деп «Иманды ұрпақ – ұлт болашағы» атты тәрбиелік шарамызды аяқтаймыз.
