Шәкірттің жағдайын кім ойлайды?
Бекматова Ботагөз Ескендірқызы
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Петропавл қаласы
Шәкірттің жағдайын кім ойлайды?
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдына үлкен жауапкершілік артып отыр. Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру- ұстаздың міндеті. Мұғалімдер қазіргі заман талабына сай азаматқа білім беріп, тәрбиелеу үшін өзі де заман ағысымен өзгерген, жаңа педтехнологияны меңгерген, кем дегенде үш тілді игерген болып, оқушыға білімді өзіне іздентіп игертетін, өзіндік пікірі қалыптасқан жас жеткіншекті қалыптастыруы керек. Мұғалімдердің білімдерін жетілдіру үшін әр түрлі оқу түрлері, семинарлар, конференциялар, сайыстар, мәдени шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыруға барлық жағдайлар жасалуда.
Қоғамымыз қалай жетілсе, ұрпағымыз да соған сай болуы керек. Ұрпаққа білім беріп, болашағына жол салатын- ұстаз бен ата-ана. Шәкірттің жағдайын ата-ана, ұстаз, мемлекетіміз ойлайды. Баласының жағдайын ойлаған ата-ана әрқашан аялы алақаны мен ыстық жүрегінен шыққан махаббатын арнайды. Өзінің жетпеген арман-тілегіне, биік шыңдарына білім арқылы жетулеріне бар күш-жігерлерін жұмсайды. Қазіргі балалар-бақытты. Заманымыз тыныш, оқимын деген балаға бар мүмкіндік жасалған.Бүгінгі күні шәкірттің жағдайын, болашағын ата-анасы, ұстазы ойлайды. Алдыңда көздері жаудырап отырған әрбір шәкірттің болашақта үлкен білімді азамат болып, ел мақтанышы, ата-ана мен мектеп абыройын жоғары көтергенін қалайсың. Әрбір баладан ерекше қабілет, талант иесі болғанын қалап, осы қасиеттерін дамытуға біліміңді, күш-жігеріңді жұмсауға тырысасың. Шәкіртті үнемі қанаттандырып, зор мейіріммен, жанашырлықпен қарасаң, ол өзінің мүмкіндіктерін ашуға тырысады.Мұғалім әр шәкірттің өмірден өз орнын тауып, қабілетіне сай мамандық алуына өз үлесін қосады. Үкіметіміз көптеген мамандықтар бойынша грант, несие алу мүмкіндіктерін жасап, «Болашақ» бағдарламасымен шет елге жастарды оқуға жіберіп жатыр. Мемлекетіміз білім беру саласын дұрыс жолға қойып, білімнің сапасын көтеруді мақсат етеді. Осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік, ұлтжанды шәкіртті тәрбиелеу- ата-ана мен мұғалімнің міндеті. Ұстаз-Ата-ана-Шәкірт арасындағы байланыс ынтымақ, бірлік негізде бір мақсатқа құрылса ғана жақсы нәтиже береді.
