Без рубрики

І кіші топ балаларының сенсорлық дамуындағы ойынның маңызы

Сағындықова  Ақжарқын Сағындыққызы
 ІІ санатты тәрбиеші.
                                       Атырау облысы. Исатай ауданы.
№9 Құлыншақ балабақшасы

     Қазақстанның  білім саласындағы  саясатын айқындайтын «Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарда білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы», сондай-ақ «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды құруда жеке адамдардың, қоғамның және еңбек нарығының талаптарын қанағаттандыра алатын, бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған «Білім туралы» заң білім беру жүйесін реформалауды қамтамасыз ететін аса маңызды құжат болып отыр.
    Білім беру жүйесін реформалау жағдайында оқыту мен тәрбиелеудің жеке тұлғаға бағдарлануы басты орынға шығып отыр. Сондықтан да білім берудің жаңа моделін құру жағдайында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді ұлғайту, балалардың жан-жақты дамуына бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету негізгі міндет болып табылады.

    Мемлекеттік жалпы міндетті мектепке дейінгі жастағы балаларға білім беру стандартында  «Мектепке дейінгі білімнің нәтижеге бағытталған жаңа моделінің педагогикалық үрдісі баланың психологиялық қорғанышын, өмірге деген сенімділігін, өмір сүру қуанышын /психологиялық саулығын/, жеке тұлғалық қалыптасуын / жеке мәдени базасын/, сонымен қатар балалар мен педагогтерді артық жүктемелерден қорғайтын, жеке бағыттағы сипатты көрсетеді »1, — делінген.         
    Мектеп жасына дейінгі баланы дамыту үшін жас баланың психологиялық ерекшелігін жақсы білуі керек.Өйткені бала психологиясын білмей,баламен жұмыс жасап,одан нәтиже шығару мүмкін емес.
     Сондықтан «баланың бойында не бар, ол не істей алады, жасы өскен сайын ол қалай өзгеріп, нені үйреніп келеді?»-дегенді анықтау әлдеқайда маңызды. Баланың дамуы үлкендерді үнемі таңдандырады, әрі қуанышқа бөлейді. Ол бүгін кешегісіне, ал ертең бүгінгісіне ұқсамайды. Алғашқыда  басын жерден шаққа көтеретін,ол екі айдан кейін отырып,шылдырмақтармен ойнайды, ал тағы бірнеше уақыттан соң тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасайды. Бұл қадам әлі сенімсіз, тәлтірек болғанымен, ең маңыздысы оның басталуында. Енді оның алдынан жаңа кең байтақ дүние – бұрын ол ағаш бесіктің тал қоршауының ішінде отырған кезде ойына  кіріп те шықпаған жаңа дүние есігін ашады. Тағы бірсыпыра күндерден кейін ата-анасының ет-бауырын елжіретіп «ма-ма-ма», «ба-ба-ба» дегенді айтады. Содан соң сәби «мама» деп те, «папа» деп те, «бер», «ал» деп те айта бастайды. Әлі де сөз қоры аз  болғанымен, бұл жердегі ең бастысы оның сөйлеуді бастағаны, оның адамзат тілінің бай қазынасына  жол ашқаны. Баланың үнемі ілгері ұмтылуы, оның мінез-құлқында, іс-әрекетінде  жаңалықтың пайда болуы қарапайындылықтан неғұрлым  күрделі,  ойланып атқарылатын  қимылға ауысуы, сөйлеуді игеруі, дербестілігінің алғашқы көріністерінің пайда болуы,  міне, осылардың бәрі сәбидің дамуын сипаттайтын фактілер.
 Жеке балалардың дамуындағы өзгешеліктерге, олардың өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, бүкіл сәбилердің бәріне ортақ қасиеттер болады. Олардың барлығы да дамудың  бір кезеңдерінен, сатыларынан өтеді.
    Психолог ғалым Ә.Алдамұратов сәби жастан бастап, баланың өсуін,дамуын үш кезеңге бөліп сипаттаған:
    «Алғашқы саты-сөйлеуге дейінгі кезең.Бұл кезең баланың екі айлығынан он бір айға дейінгі сатысы деп аталады.Екінші саты-баланың алғашқы тілінің шығу кезеңі-он бір айдан 1 жыл 7 айға дейінгі аралық. Үшінші сатыда бала тілдің грамматикасын меңгере бастайды.Бұл кезең үш жасқа дейінгі  уақытты қамтиды.Бала тілінің шығуы оның дүниетаным шеңберін кеңейтіп,сөйлеу тілін дамытады»,-деп қорытқан.
    Мектеп жасына дейінгі баланың психикасы толық жетіліп қалыптаспағаны,қоршаған дүниені әлі толық танып-білмегені,сондықтан оның сөздік қоры да шамалы екенін барлық дерлік психологтар көрсетіп отырған.Т.Тәжібаев ол туралы былай деген:    «Мектепке дейінгі бала заттар мен құбылыстардың шын мазмұны мен қарым-қатынасын толық аша алмайды.Заттардың мазмұны мен ішкі байланыстарын дұрыс аша алмағандықтан, бала көбінесе заттардың сыртқы көрінісі мен құрылысына қарай бір-бірімен байланыстыра қабылдайды» — деген.Бұдан жас бала затты танығанмен,оның қасиетін бірден біле алмайтыны анықталды,олай болса заттың ішкі сырын ашуға тәрбиешінің көмегі керек екені анықталды.
    Ал психолог Қ.Жарықбаев:    «Мектеп жасына дейінгі балалар түрлі нәрселерді ұстап,байқап,сипап қарайды, олардың формасын,үлкен- кішілігін көреді.Кейін есейіп, тәжірибесі артып, ой-өрісі кеңейген кезде заттардың кеңістікте орналасуын жақсы аңғара алатын болады» -деп көрсеткен.
     Психолог ғалым М.Мұқанов     «қоршаған дүниеде заттар көп,олардың ұқсастығы да,айырмашылығы да бар.Мектеп жасына дейінгілердің таным әрекетінде қоршаған дүниенің заттары мен құбылыстары бірінен соң бірі тәртіпсіз көрінеді.Оны қабылдау үшін ойша тәртіпке келтіруді ұсынады. Ойша тәртіпке келтіру деп отырғаны мынау:құбылыстар мен заттар тым шексіз,түрі мен қызмет жағынан ұқсас болып келеді.Заттар мен құбылыстардың осындай ұқсас жақтарын,біріншіден,бір ұғымға жатқызып,топтастырып отыру қабылдау кезінде тәртіпсіздікпен күресуге мүмкіндік беретінін айтады.Екіншіден,тиісті нәрселерді ойша тәртіпке келтіру үшін нендей қасиеттер мен құбылыстар нәрсенің қандай түріне жататынын білу қажет. Үшіншіден, заттың салмағын,көлемін ұзын не қысқа екенін өлшемей-ақ білмесек, онда ортамызға бейімделу қиынға соғар еді».     
    Баланың дүниетанымының өсуі қоршаған дүниемен таныстырумен тікелей байланысты. Сондықтан да ғалымдардың бәрі қоршаған ортамен таныстыруды баланың ақыл-ойын дамытудың негізгі нысаны ретінде алып отырған.Бұл мәселе туралы психолог-ғалым Х. Т. Шерьязданованың өте
пайымды жан-жақты  талдағанын ғалымның төмендегі пікірінен көруге
болады:    «Баланы қоршаған дүниемен таныстыру-баланың психикасын дамытудың, жеке бастың сапасын қалыптастырудың қажетті шарты.Тәрбиешінің міндеті заттар жөнінде, адамдар мен олардың еңбегі жайындағы балалардың ой-өрісін кеңейту болып табылады»- деп көрсетті.
     Енді мына біздің алдымызда үш жасар бала делік. Бұл — өзінің ерекше ішкі дүниесі, өзіндік тілегі, әдеті, талғамы бар, көп жағдайда өз дербестігін  көрсетіп, оны табандылықпен сақтай алатын  адам. Ол жүруді, қол сілтеп әр түрлі қимыл жасауды ғана емес, сонымен бірге киімдерді, ыдыс-аяқты, басқа да көптеген заттарды қолдану тәсілдерін де игереді, яғни сәбидің сенсорлық дамуының қарқынды кезеңі басталады.Сенсорлық даму ақыл-ой тәрбиесінің негізі-сенсорлық тәрбие арқылы жузеге асады.Ол баланың сезімдік тәжірибесінің дамуын және баюын қамтамасыз етеді,заттардың қасиеті мен сапасы туралы түсінігін қалыптастырады.
    Сенсорлық тәрбие дегеніміз- бұл түйсік пен қабылдаудың дұрыс бағытта дамуы.Түйсігі мен қабылдауы мол баланың қоршаған дүние жайлы көзқарасы кең,жан-жақты келеді.Сөйтіп баланың сенсорлық мәдениеті,оның түйсігі мен қабылдауының даму деңгейі ойдағыдай дамыған таным қызметінің алғы шарты болып табылады.
    Мектеп жасына дейінгі баланың сенсорлық дамуының бір-бірімен байланысты екі жағы бар.Біріншісі- заттар мен құбылыстардың әр түрлі қасиеттері мен байланыстары жөніндегі түсініктерді меңгеру. Екіншісі- қоршаған ортаны толықтай және жекелей қабылдауға мүмкіндік беретін қабылдаудың жаңа әрекетін игеру.
    Мектепке дейінгі балалық шақта бала өзінің сенсорлық тәрбиесін жинақтау нәтижесі болып табылатын заттық үлгілерді қолданудан көпшілік қабылдаған сенсорлық этолонға ауысады. Сенсорлық этолондар дегеніміз – қасиеттер мен қарым-қатынастардың әр түрінің негізгі жеке түрлері жөнінде адамзатта қалыптасқан түрлері. Бұларға түс, пішін, заттардың шамасы, олардың кеңістіктегі орны, дыбыс күші, уақыт аралықтарының ұзақтығы, тағы басқалар жатады. Баланың сенсорлық этолондарды игеруі балалар бақшасының бағдарламасына сәйкес жеке геометриялық пішіндермен, түстермен танысудан басталады. Заттардың қасиеттері туралы кез-келген түсініктер пайда болу сияқты сенсорлық этолонды меңгеруде, үлгілердің мәніне ие болуға тиісті тексерілуге  бағытталған пішіннің жеке түрлері, түсі, шама бойынша қатысы басқа да қасиеттері мен қатыстылығы қабылдау  әрекеттерінің нәтижесінде өтеді. Әйтсе де бұл жеткіліксіз
    1 жастан 3 жасқа дейінгі сенсорлық тәрбие балалардың әр түрлі сенсорлық әсерлерін байытуға бағытталған.Ол баланың жалпы ақыл-ой дамуының негізін құрайды, сенсорлық этолондар мен қарапайым рәміздік нысандарды меңгеруге негізделеді  және кейінгі танымдық, интеллектуалды, шығармашылық қабілеттерді дамытудың алғы шарты болып табылады. Сенсорлық тәрбие жалпы сенсорлық қабілеттерді қалыптастыруды және   
балалардың бойында аналитикалық қабылдауда, түстердің үйлесімін
заттардың пішіндерін тани білуді, шаманың жекелеген өлшемдерін ажыратуды көздейді.
    Балаларды сенсорлық этолондардың көптеген түрлерімен және оларды жүйелеумен  тетелес таныстыру — мектеп жасына дейінгі балаларды сенсорлық тәрбиелеудің басты міндеттерінің бірі. Мұндай таныстырудың негізінде әрбір қасиеттердің негізгі жеке түрлерін тексеру мен есіне сақтау балалардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру жатыр. Осы жеке түрлер этолондар мәніне ие болуы тиіс. Балаларды сенсорлық этолондармен таныстыру заттардың қасиеттерінің негізгі жеке түрлерін білдіретін сөздерді баланың есінде сақтауын ұйымдастыру болып табылады. Балаларға геометриялық пішіндердің, түстердін, шамалар қатынасының жеке түрлерін тек қана көрсетіп, олардың аттарын есте сақтауға қол жеткізген жағдайларда, тіпті дұрыс қолданатын сөздің өзі мектеп жасына дейінгі баланың ұғымдары мен қабылдауларын жетілдіруге себепші бола алмайды.
    ХХ ғасырдың басында Монтессори талдап жасаған сенсорлық тәрбие жүйесі балалардың түстер мен реңктерді,пішіндер мен көлемдерді ажырату дәрежесі жоғары болуына қол жеткізуді өз алдына мақсат етіп қояды.Ол пайдаланған дидактикалық материалдар өзін-өзі бақылау принципіне сәйкес жасалған,сезімдік органдардың дамуы тіл дамуымен,өнімді қызметпен байланысты болған жоқ.
    Е.И.Тихиева сезім органдарын жетілдіру жұмысын бала тілінің дамуымен, қоршаған заттар дүниесімен таныстырумен байланыстырды. Ол жасаған дидактикалық материалдар, ойындар да түсті, көлемді, пішінді ажырата білуге бағытталған,балаларды заттардың қасиетімен,сапасымен таныстыру ойын әрекеті үстінде жүргізіледі, оның өзі білім мен ұғымды жақсы игеруге көмектеседі.Ойын-балалар үшін оқу да, еңбек те. В.Сухомлинский «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ол дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспеттес, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын-ұшқын білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар отыр+»1- деген ой айтқан.
Ойын теориясы мен практикасын отандық және шетелдік педагогтер, психологтар, социологтар зерттеуде. Мысалы: Иохан Хейзингтің «Ойыншыл адам», Д.Б.Элькониннің «Ойын психологиясы», Эрик Берннің «Адамдар ойнайтын ойындар» атты еңбектері жазылды. Ойын теориясын зерттеуші Ресей ғалымдары: А.В.Вербицкий, Т.В.Кудрявцев, И.П.Пидкасистый, қазақстандық ғалымдар: Н.К.Ахметов, Ж.С.Хайдаров т.б.
Ойын кезінде жан-жақты тәрбиелеудің мақсаты әр жас кезінде ойын әрекетінің психологиялық негізінде құрастырған жағдайда ғана табысты іске
асырылады. Бұл ойынның дамуы баланың психикасын үдемелі өзгертумен және ең алдымен бала тұлғасының барлық жағынан дамудың фундаменті болып табылатын оның интеллектуалдық ортасына байланысты  
Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді
Мазмұнды – бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық пен шығармашылық сипатта болады.
Құрылыс материалдарымен ойын кезінде пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, белсенділік көрсетеді.
    Дидактикалық ойындар барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтармен, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға  үйренеді.     Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Мұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді.
    Мемлекеттік білім беру стандарты деңгейінде оқыту үрдісін ұйымдастыру әрбір педагогқа оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, инновациялық педагогикалық технологияларды ендіруді міндеттейді. Ол үшін әрбір педагог өзінің инновациялық даярлығын қалыптастыруы қажет.
Адам ойынының жалпы құрылымдары түрінде ұйымдастырылған педагогтың белсенді бірлескен оқу және оқыту әрекеті – оқытудың ойын формасы  деп аталады.
Оқытудың ойын формасын (ООФ) қолдануда екі жақты дидактика  байқалады: біріншіден, ойнау үшін білу, үйренудің қажеттілігі, екіншіден, баланың ойнай отырып өзіндік білім алуы, өмір тәжірибесін жинақтаудың қажеттігі.    Ойын бала үшін жаңа ортаға тезірек бейімделуге мүмкіндік береді. Баланың психологиясында сапалы өзгерістер туғызады.  «Ой-ойыннан басталады» десек, баланың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығуын, белсенділігін арттыру үшін, тәрбиешілердің, жалпы ұстаздардың қолданатын басты әдісі ойын болуы керек.Ойынның сабақтағы орны бірнеше факторларға байланысты: баланың дайындығына, меңгерілетін материалға,  сабақтың мақсатына. Ойынның нәтижесіне жету тәрбиешіге байланысты. Тәрбиешінің балаға деген сенімі, көзқарасы дұрыс болса , олар ойынды ғана емес ,басқа да жағдайларда өздерін көрсете алады.
Педагогикалық үрдісте ойынды дұрыс пайдалану сабақтың тиімділігін арттырады, балаларға қуаныш сыйлайды.. Баланың сенсорлық дамуы ойында психикалық үрдістер: қабылдау, ойлау, ес, сөйлеу әрекеттері арқылы қалыптасады. Сәбилердің  бірінші тобында басталатын сезім, түйсік, қабылдау сияқты психологиялық процестерді жетілдіру сенсорлық  тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл міндетті орындауда берілетін білім, білік дағдылары балаларға оқыту үрдісі кезінде ойын әдістері арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да І кіші топ балаларының сенсорлық дамуын қалыптастыруда  қолданып жүрген танымдық ойындарды іс-тәжірибе ретінде  ұсынамын.
Психологтар баланың сенсорлық қабілетін дамытуда зейін үлкен қызмет атқарады деп санайды.Зейін қойып тыңдау – дұрыс ұғуды, түсінуді қамтамасыз ететін факторлардың бірі. Ол туралы психолог Қ.Жарықбаев былай деген: «Адамға тән әрекетінің кез-келген түрінде зейін орын алмаса, оның нәтижелі болуы мүмкін емес. Дәлірек айтқанда, зейін дегеніміз – айналадағы объектілердің ішінен  керектісін бөліп алып, соған психикалық
әрекетімізді тұрақтата алу»1. Бұдан баланың сенсорлық қабілетін дамытуда
баланың  зейінін тәрбиелеуді ойын арқылы ұйымдастырудың маңызы зор деген қорытындыға келуге балады
«Мен сияқты жаса» ойынын ойнатудағы негізгі мақсатым: Құрылыс материалдарын  көлемдері мен пішіндері бойынша орналастыру.
Жүру барысы:Ойын балаларға арналған құрылыс жинағының негізгі детальдарымен ойналады. Алдымен, екі-үш пішінді ойыншықтардан шағын құрылыс тұрғызамыз. Бала тәрбиешімен бірге сол түсті пішіндерді тауып құрастыруы керек.Ойынның күрделі нұсқасы «жасырылған құрылыс» болады. Мұнда бала көзін жұмып отырады, қалай құрастырып жатқанын көрмейді. Көзін ашып құрылысты жасауы керек.
    Нәтиже: Балалар зейінін тәрбиешінің іс-әрекетіне аудару арқылы құрылыс материалдарын көлемі,түсі,пішіні бойынша салыстыра отырып, дәл тәрбиеші жасағандай құрылыс құрастырады.
    Балада есте сақтау белгілі бір іс-әрекет арқылы жүзеге асады. Бала іс-әрекетте неге зейін қойса,оған не әсер етсе,не қызық болса,соны ғана есте сақтайды.Мысалы:  «Қуыршаққа арналған сыйлықтар» ойынында
шығармашылық ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыта отырып түстері бойынша заттарды топтастыра білуге үйрету.                                                                                                    
Жүру барысы:Бұл ойынға балалар екі топқа бөлініп қатысады. Қуыршақтың туған күніне келген балалардың бірінші тобы әр түрлі түстегі пішінді ұсынса, қарсы топтағы балалар сол түске сәйкес, үстел үстіндегі затты қуыршаққа сыйлайды. Мысалы: қызыл түсті дөңгелекті ұсынса, екінші топ оған қызыл не түс бар, яғни алманы ұсынады.Алманы қуыршақ не істейді? деген сұраққа жауап алынады.Ойын нәтижесінде балалар пішіннің дөңгелек, түсі қызыл екенін атайды да,қызыл түсті дөңгелекті алма бейнесінде қабылдайды,яғни салыстыру, топтастыру және тілдері дамиды.                              Сәбилік шақта баланың ойлауын дамытудың негізі қаланады.Балалар сыртқы бағдарлау іс-әрекетінің көмегімен заттар мен құбылыстар арасындағы байланыстар мен қатынастар орнатуды талап ететін мәселелерді шешуден бейнелерді пайдалана отырып,қарапайым ойлау іс-әрекеттерінің көмегімен ойша шешуге көшеді.

«Кімнің киімі» ойыны.

Мақсаты: Ұл бала мен қыз бала киімдерін танып білу, ойлау қабілеттерін дамыту. Өз киімдерін ажыратуға үйрету.

Жүру барысы: Ұл бала мен қыз бала киімдерін үстел үстіне тастап, тәрбиеші көрсеткен қуыршаққа өз киімін тауып беру. Бұл ойынға балалар түгел қатысуға болады. Мысалы: тәрбиеші қыз қуыршақты көрсетсе, оған қандай киім кигізетінін бала тауып беруі керек.

Ойын нәтижесінде балалар ойлау арқылы ұл және қыз бала киімдерін ажыратып, киім аттарын дұрыс айтуға және түстерін атауды үйренеді.

Бала сәбилік шақта-ақ заттардың кеңістікте орналасуын, көру іскерлігін меңгереді.Кеңістіктің бастапқы бағыттары туралы үшке қараған баланың ұғымы оның өз денесімен байланысты.Өз денесі оған центр,«есепті бастау» нүктесі болады,бала бағытты тек осыған байланысты анықтайды.

«Кішкентай көңілділер» ойыны.

Мақсаты: Сұлбалы суретті көріп қабылдау арқылы қолдануды үйрету.

Жүру барысы: Бұл ойын барысында бала сұлбалы суретті қолдануды үйренеді, әрқайсысында адамның сұлбалы суреті бейнеленген бірнеше карта дайындаймыз. Әр сызбадағы адам белгілі бір жаттығу жасап жатыр. Ойынды бастар алдында балаға сызбалардың бірін көрсетіп, түсінбей тұрғанын сұрау, сызбада көрсетілген жаттығуды дұрыс жасап жатыр ма? Осылайша барлық сызбаларды көрсетіп, балалармен бірге жасаймыз.

Ойын нәтижесі: Балалар суреттегі сызбаларға қарап, өз дене мүшелерін кеңістік бағыттары бойынша қозғалысқа келтіруді суретті сызба арқылы қабылдау нәтижесінде сенсорлық дамуы мен қимыл-қозғалыстары қатар дамиды.

Сенсорлық этолондарды меңгеру заттардың қасиеттеріне баланың бағдарлануы мен тығыз байланысты екінші жағы-қабылдау іс-әрекетін жетілдірумен байланысты.

. «Әр түрлі етіп көрсет» ойыны.

Мақсаты: Балаларға биік-аласа, жылдам-баяу, ауыр-жеңіл ұғымдарын меңгерту.

Жүру барысы: Биік-аласа. Бұл ойынға топпен қатысуға болады. Балалар шеңбердің бойымен жүреді. Тәрбиеші былай дейді: «Қазір сендер қақпа арқылы өтесіңдер, егер мен қақпа биік десем, осы қалыптарыңмен жүресіңдер, ал егер аласа десем еңкейесіңдер». Балалардың барлығын қатыстырып әрі қарай жылдам – баяу, ауыр-жеңіл сияқты қарама-қарсы сөздерді қолдана отырып, жалғастыруға болады.

Ойын нәтижесінде балалар затты балама түрде қабылдап қимыл-қозғалыс жасау арқылы көлем туралы ұғымдарды ойын арқылы меңгереді.

Ойынның айқын біртіндеп дамитын жүйесін пайдалана отырып,тәрбиеші балалардың дене құрылысы дамуының тиімділігін арттырады. Ол ойында балалардың шат, сергек көңіл күйін туғызады, ал эмоциялық ахуалдың дұрыс болуы баланың дене құрылысы мен нерв-психика жағынан толыса дамуының кепілі

Тәрбиеші ойын түрлерін балалардың жас және жеке ерекшеліктеріне сәйкес түрлендіре отырып,жаңа тақырыпты өткенде,өтілген материалды қайталағанда ,балалар ұғымын тиянақтау,яғни сабақтың кез – келген сәтінде оқыту әдісінің құралы ретінде пайдалануға болады. Ойын үстінде ақыл-ой міндетін шеше отырып, сәби өз еркімен есте сақтауға және қайта айтып шығуға, жалпы белгілері бойынша заттарды немесе құбылыстарды жіктеуге, заттардың қасиеттері мен сапаларын бөліп көрсетуге, жекелеген белгілеріне қарай оларды анықтауға жаттығады.

Ойын іс-әрекеті үстінде оқу ісі де қалыптаса бастайды, кейінірек ол бала іс-әрекетінің басты түріне айналады. Ойын кезінде қарапайым оқу әрекетін меңгеріп жүргенін сәбидің өзі де аңғармайды, яғни тәрбиеші оқытудың ойын формасын қолдану арқылы сәбидің оқуға көзқарасын ақырындап байқаусыз қалыптастырады.

 

Іс-тәжірибе ретінде бір сабақ жоспары үлгісін ұсынамын

 

Тақыры бы

Кіріктіріл ген іс-әрекет түрлері

Мақсаты

Көрне кілік

Әдістер

Білімділік

Дамытушы

лық

Тәрбиелік

 

Қыс

 

 

Тіл дамыту,

саз

Балаларға қар және оның ерекшеліктері туралы түсінік беру.

 

Қыс мезгілінің белгілері арқылы балалар дың сенсорлық қабілетін және тілін дамыту.

Қысқы табиғат әсемдігі арқылы табиғатты сүйе білуге тәрбиелеу.

Күн. Қыс қалашығы. Ақша қар.Шелектегі қар.

Сөздік, көрнекі лік,практика лық, ойын.

 

Сабақтың жүру барысы:

 

І. Бастапқы бағыт.

Сабақтың бастапқы бағытында балаларды бірлескен іс-әрекет жасауға,барлық балалар арасында эмоциялық қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында амандасу, ізгі тілек тілеу іс-әрекеттерін шеңбер бойына тұрғызу арқылы ұйымдастырдым.Шеңбер-ол ең бірінші ашық қарым—қатынас жасау мүмкіндігі.Шеңбер пішіні — балалардың өзара қарым—қатынасына үйлесімділік береді,өзара түсіністік пен өзара әрекеттестікті жеңілдетеді .

«Күн шуағын шашады» ойын-жаттығуы.

Тәрбиеші: — Балалар жоғарыға қараңдаршы, мынау не?

Балалар: — Күн

Тәрбиеші:- Дұрыс, балалар, күн бізге шуағын шашып жылуын береді.Қазір

біз осы күннен бойымызға жылу алайық. Ол үшін екі

қолымызды жоғарыға күнге қарай созайық.

— Күннен жылу алдық па?

— Иә

— Енді осы күннен алған жылуымызды алақан арқылы үрлеп, бір-

-бірімізге таратайық. Енді апайларға да жылу таратайық.

Тәрбиеші:- Балалар қазір жылдың қай мезгілі?

— Қыс мезгілі.

«Қыс белгілерін ата» қимыл-қозғалысты ойыны.

Шарты: Балалар тәрбиеші сұрағына жауап береді және қимылмен көрсетеді.

1. Қыста күн қандай болады? – Салқын, аяз болады.

2. Не жауады? – Қар жауады

3. Терезеге не тұрады? – Қырау

4. Қардан не жасаймыз? – Аққала

«Қыс қалашығына» серуенге дайындық.

Қысқы киімдер аттарын айту және киімді ретімен кию дағдыларын

қалыптастыру бағытында балалар киімдерін киген қимылдарын ойын әрекетімен береді.

— Балалар, біз қазір қыс қалашығына серуенге барамыз.

Ол жақ салқын, сондықтан дұрыстап киініп алуымыз қажет. Киініп болсақ, шапшаң жету үшін музыкамен аяғымызды топылдатып шапшаң жүруіміз керек.

(музыкамен Қыс қалашығына келу)

ІІ. Негізгі жаңа ұғымдарға бағыт.

Негізгі жаңа ұғымдарға бағыт бөлімінде баланың эмоциялық-тұлғалық танымдық, сенсорлық қасиеттерін дамытуға арналған ойын-жаттығулар түрінде ұйымдастырдым.

«Ақшақардың сиқырлы сандықшасы»

Балалар, қыс қалашығына келіп қалдық. Бұл жерден не көріп тұрсыңдар?

— Аққала, қар басқан үйлер.

( Қолында сандықшасы бар Ақшақар қызға назар аударту)

Балалар, қараңдаршы, мынау Ақшақар ол да сендердің қыс қалашығына келгендеріңді біліп, сендермен бірге қалашықта бірге болғысы келеді, Ақшақардың қолында кішкентай сандықшасы бар. Балалар бұл сандықшаның ішінде не бар деп ойлайсыңдар?

«Не істер едің?»сөздік ойыны.

Егер осы сандықшаның ішінен ойыншық шықса не істейсіңдер?

Кәмпит шықса…

Қарындаш шықса…

Қасық шықса…

Ойыншық шықса…

Машина шықса… (Балалар өз ойларын айтады)

 

Ал, балалар, сандықшаны ашып қарайық.

— Балалар мынау не деп ойлайсыңдар?

— Шелек

— Қазір ашып қарайық, ішінде не бар екен?

(Қақпағын ашып, ішіндегі қарды балалардың алақанына салу)

— Қолдарыңдағы не ?

— Қар

— Қардың түсі қандай?

— Ақ

— Қатты ма ,жұмсақ па?

— Енді қарды алақанымызға салып домалақтайық.

— Жұмсақ болды ма, қатты ма?

— Қатты

— Енді осы қолымыздағы қарды алақанымызбен қысып тұрайық.

— Алақанымызды жұмып тұрып, Ақшақар қызға арнап «Ақшақар» әнін

орындайық. (Ән орындалады)

Енді алақандарыңды ашыңдар, алақандарыңда қар бар,ма? Жоқ

-Ол қайда?

— Еріп кетті

— Дұрыс, қар еріп, су болып кетті.

— Қолымыздағы суды кептіру үшін қолымызды бір-біріне уқалаймыз.

Мен сендерге қар туралы өлең оқып берейін.

Қар жатыр, аппақ

Ойнауға жақсақ.

Осындай шақта

Кім үйде жатпақ? (2-3 рет қайталау)

«Қар лақтыру» кеңістік бағыттарын ажырату ойыны.

-Балалар, далаға ойнауға шыққанда қармен қалай ойнайтын едік?

-Лақтырамыз.

-Олай болса, қар лақтыру ойынын қимылмен жасап кішкене сергіп алайық.

-Қарды жерден алу, домалақтау, оң қолмен, сол қолмен, қос қолмен секіріп

лақтыру.

ІІІ. Жаңа ұғымдарды бекіту.

-Бүгінгі сабағымызда біз қайда келдік?

-Қыс қалашығына

-Онда нелер бар екен?

-Үйлер, аққала, Ақшақар

-Ақшақар қыз бізге не алып келді?

-Сандықша

-Сандықшаның ішінде не бар екен?

— Шелектегі қар

— Ақшақар біздің қар туралы білетіндігімізді байқау үшін балмұздақтың шелегіне салып

әкеліпті.

— Қардың түсі ақ болады. Қар тағы қандай заттарға ұқсайды екен? (Балалар жауабы)

— Қар жұмсақ па, қатты ма?

— Қар туралы жаттаған тақпақты қайталайықшы

-Балалар, Ақшақар қызбен қоштасып топқа қайтайық

(Топқа келу)

Жаңа ұғымдарды бекіту бөлімінде рефлексия жүргіземін.Бұл арқылы бала сабақтың өзіне қалай ұнағанын, берілген ұғымдарды қалай меңгергенін өз көңіл күйлерін түстер арқылы белгілетемін.Ол үшін балаларға ақ және сары түсті дөңгелекті таратып беремін де, бүгінгі сабақ сендерге ұнаса ақ түсті,ұнамаса сары түсті көрсетіңдер деген кезде балалар өз көңіл-күйлеріне байланысты көрсетеді. Әрине, І кіші топ балаларының рефлексияны бірден қабылдауы қиынға соғады,дегенмен әр сабақ сайын тәрбиеші берілген ұғымдарды жүйелі түрде бекітіп отырса,нәтижесі болатынына көз жеткіздім.

Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы нормативтік құжаттары-Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы», «Қазақстан Респубикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 ж.ж.» мемлекеттік бағдарламасы алдыңғы орынға баланың жеке бас қабілеттілігін ерте жастан анықтау міндетін қояды.Сондықтан да қазіргі таңда балаға деген көзқарас пен қарым-қатынас та баланы объект деп қарамай,оны дамушы тұлға ретінде қабылдап, олармен оқу-тәрбие жұмысының жаңаша түрлерін қолдануды талап етеді.Сондықтан да оқыту үрдісінде балалардың сенсорлық қабілетін дамытуда ойын әдістерін пайдалану бала өмірінде тәрбиенің шешуші шарты болып табылады.Өйткені баланың таным-түсінігі ойыннан бастау алады да, болашақ өмірінде жалғасын табады. Ойындағы жетістіктер баланың сабақтарда жүйелі білім алу мүмкіндігіне маңызды әсер етеді,құрбы-құрдастары мен ересектердің ортасында оның шынайы адамгершілік,эстетикалық бағытының жетілуіне мүмкіндік туғызады.

Оқытудың ойын формасын пайдаланудың тиімділігі:

— Бала тілінің дамуына зор ықпал етеді.Ойын жағдайы оған араласқан әрбір баладан тіл қарым-қатынасы дамуының белгілі бір деңгейін талап етеді.

— Психикалық қасиеттері мен жеке басының ерекшеліктері неғұрлым тез қалыптасады.

— Ойын баланы қызықтыра отырып,білімді берік меңгерту құралы болып табылады.

-Оқу үрдісінде ойын түрлерін пайдалану–бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қалыптастыру құралы.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.