Қайрат Жұмағалиев шығармашылығына арналған «Әуезі бөлек, жыры ерекше» атты әдеби – сазды кеш

Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы,
Тасқала ауылы
Қ.И.Сәтбаев атындағы Жалпы орта білім беру мектебі
Батырова Бибигуль Рахимовна

Тақырыбы: Қайрат Жұмағалиев  шығармашылығына арналған «Әуезі бөлек, жыры ерекше» атты әдеби – сазды кеш
Мақсаты: Егемендігіміздің, бейбітшілік пен жасампаздығымыздың арқасында, аға ұрпақ, орта буын өкілдері білгенімен, мектеп бағдарламасына енгізілмеген, сондықтан кейінгі жастар жағы біле бермейтін Қайрат Жұмағалиевтің өмірі, қызметі, өлеңдері, әндері  туралы мағлұмат беру.


                                   Жоспар
І «Ақынның өмірі » (слайд арқылы көрсету)
ІІ «Поэзия минуты» (ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу)  
ІІІ «Қайрат  әлемі» (Қайрат Жұмағалиев пен  тілші сұхбаты)  
ІV. «Құлақтан кіріп бойды алар» (ақынның әндерін орындау)
V. «Ақын жырлары – жан-дүние дидары» атты кітап көрмесі
Жүргізуші: Қадірлі әдебиет жанашырлары, сіздердің назарларыңызға төл әдебиетімізде өміршең өрнек қалдырған талантты жазушы, аяулы азамат Қайрат Жұмағалиев шығармашылығына арналған «Әуезі бөлек, жыры ерекше» атты кешті ұсынамыз.
Толқытар ойлар мың қилы,
Армансыз әсте күн бар ма?!
Жүрегі оның бұлқынды,
Анадан алғаш туғанда.
Оқушы жұртшылықтың назарынан тыс қалмай, қайта көңілінде ұялап, жанындай жақсы көріп кететін ақын–жазушылардың бірі.Мұндай жандардың әрбір жинағымен жүздескен сайын ең бір жақын досыңмен сырласқандай әсер қалдыраcың. Сондай авторлардың қатарынан ата жасына келген Қайрат Жұмағалиевтің өлендерін оқушылар  мәнерлеп оқып, әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерін шырқап айтып та жүр.
І «Ақынның өмірі » (слайд арқылы көрсету)
Жұмағалиев Қайрат (16.9.1937 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы Орда ауданын Бесқұдықа.) – ақын, аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. ҚазҰУ  бітірген (1959). 1959 – 84 жылдар "Жазушы" баспасында кіші редактор, редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1985 – 92 жылы Қазақтелерадио комитеттінде аға редактор, комментатор, редакция меңгерушісі, бас редактор, 1992 – 96 жылдары Қазақстан Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші. Қазір "Сарыарқа" журналында редактор қызметін атқарады. Алғашқы өлеңдер жинағы "Тұңғыш" 1964 жылы жарық көрген. Бір қатар шығармалары орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып басылған және ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне жеке өлендері аударылған. Француз, моңғол ақын-жазушыларының романдарын қазақ тіліне аударған. Ақын өлеңдеріне ән жазылған.
Марапаттары
Белорусь Республика Құрмет грамотасымен, Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, "Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін" медальдарымен, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының Грамоталарымен марапатталған.
1959 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген.
1959 — 1984 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып істеген.
1985—1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында аға редактор, бас редактор.
1993 — 1996 жылдары Қазақстан республикасы Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші және «Сарыарқа» журналында редактор болған. Қазіргі кезде Орал қаласында тұрады, «Жайық Пресс» газетінің кеңесшісі. Ақынмен сырластары: жергілікті ақын А.Нәріков, филология ғылымының кандидаты С.Шарабасов, Ж.Шаекенов.
Шығармашылығы
«Беймаза бақыт», «Шам шаһарында», «Самардың сарша тамызы», «Дос құшағы» поэмалары, «Құрақ көрпе», «Батыр туралы баллада», «Журналист» балладалары, балаларға арналған «Таба нан», «Жампоз», «Кәмпит туралы баллада», «Соқыр қыран» сияқты дастан, балладалары жарық көрген.
Гомердің «Илиада» поэмасын, Еврипидтің «Медея», «Троя арулары», «Елена» трагедияларын, Әл-Мааридің, Ш.Руставелидің, Физулидің, Низамидің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің, Есениннің, Хикметтің, Блоктың, Тувимнің, Мұса Жәлелдің, Светловтың, Лукониннің, Р.Рождественскийдің, Р.Казакованың шығармаларын ана тілімізге аударған. А.Дюманың «Граф Монте-Кристо» романын, монғол жазушысы Л.Тудэвтің «Тау тасқыны» романын, француз ақыны Беранженің шығармаларын, қырғыз эпосы «Манасты» қазақ тіліне тәржімалаған
Ақын өлеңдеріне жазылған әндер бар. Балаларға арналған көптеген ән мәтіндерінің авторы. Мәскеуде «Степная дорога», «Целомудрие» Алматыда «Раздолье», «Подарок малышам» атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. Шығармалары ТМД өздерінің тілдерінде, сондай-ақ ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне аударылған.
ІІ «Поэзия минуты» (ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу)  
«Туған өлкем» Махаббат 10-сынып
«Қазақстаным» Нұрайна10-сынып
«Таулар» Жансая 10-сынып
«Мұхит» Аида 10-сынып
«Сен жеткіздің» Әдемі 10-сынып
«Құлагер» Дәмеля 10-сынып
«Өлеңге Ода» Айдана 10-сынып
«Таңдану» Данара 10-сынып
«Пирамида туралы жыр» Самал10-сынып, Ажар, Жанбота  9-сынып
«Сапар шықсам» Лаура 8-сынып
ІІІ «Қайрат  әлемі» (Қайрат Жұмағалиев пен  тілші сұхбаты)  

 – Сізді әдеби орта жақсы ақын деп бағалайды. Оған орыс-қазақ тілінде жарық көрген жиырмадан астам жыр жинақтарыңыз куә. Сонымен қысқасын айтқанда, Қайреке, ақындық сізге қай тұқымнан дарып жүр?
– Турасын айтайын, ақындық маған нағашы жағымнан дарыған. Жарықтық анам ақын адам еді. Ақындық менің қаныма ана сүті арқылы енген. Қайран анам өле-өлгенше «Қайран, Нарын» деп жылап өтті ғой. Нарын құмы сонау Бөкей ордасында. Бұрынғы теңіздің табаны. Күрек бойы қазсаң мұздай суық, тап-таза су шығады. Кезінде орданы мекендеген хан тұқымдары қызыл құмға әкеліп қарағай отырғызып, көгал жасаған. Кеңес үкіметі бәрін тас-талқан етіп құртып жіберді ғой.
– Неге?
– Атақты «Капустин Яр» дейтін полигон осында орнаған жоқ па? Бұл «тажал» Семей полигонын үш орап алатындай пәлекет. Әрі ядролық, әрі лазерьлік, әрі ракеталық полигон.
– Әлгі бірнеше аудан халқын түгелдей жер аударған  оқиғаға себеп болған осы полигон ба?
– Оның ішінде біз де бармыз. Мен Орда ауданының «Азғыр» дейтін ауылындағы мектеп-интернаттың 8-ші класында оқып жүргем. Кенет сабақты тоқтатып 100 шақырым жерде орналасқан өзіміздің  ауыл Айғырқұмға алып келді. Бұл 1952 жыл болатын. Ауылға келсек адамдар: «Бізді Шымкент жаққа көшіреді екен» деп, дүрлігіп жүр.  Шымкентте қорғасын зауыты бар сақамызға қорғасын құйып ойнайтын болдық деп, балалар қуанып жүр.
Содан бір түнде көшірді. Не болып кеткенін біліп жатқан ешкім жоқ. Жан-жақтан келген әкім қаралар дік-дік етеді. Жарытып жауап та бермейді. Барлығымызды «Судабекр» дейтін әскери машинаға тиеп алып теміржолға қарай алып жөнелді.
– Қанша адам жер аударылды?
– Басқасын білмеймін тек біздің колхозда 250-ге тарта отбасы бар еді. Аудан көлемінде осындай үлкенді-кішілі 52 елді мекен бар деп ойла. Сонда қанша адам болады. Іштей есептеп көргін. Ауданды түгін қоймай таратты. Қазақ топырағындағы тұңғыш мектеп осы ауданда ашылған, өткен ғасыр басындағы ұлт зиялыларының бетке ұстар қаймақтары осында оқып, білім алған нағыз қазыналы мекен еді. Оның сыртында тұңғыш банк мен баспахананың тағаны да осында қаланған. Оны аз десеңіз алғаш рет еуропалық стандартпен емдейтін медкурстар осында ашылған.
– Сонымен сіздерді сыпырып-сиырып теміржолға қарай алып жөнелді.
–  Кетіп барамыз. Күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді, елдің бәрі еңіреп жылап, иттер ұлып, түйе боздап сұмдық болады екен. «Бұл жерден жеті жұрт көшіп еді, сегізінші болып біз көшіп бара жатырмыз» деп үлкендер бір түрлі күңіреніп сөйлейді. Жұрттың санасында сұмдық үрей бар. Осындай үрейді тым жас кезімде бір көргенім бар-тын.
– Ол не үрей?
– Ойбай-ау, Ұлы Отан соғысы кезінде біздің ауылға бомба түсті емес пе? Сонда жұрттың  өстіп қатты қорыққаны есімде.
– Үй-жай, мал-мүліктеріңізді не істедіңіздер?
– Ол кезде қайбір жетіскен жиһаз бар дейсің. Оны-мұны дүниемізді алдық. Үй-жай сол күйі қалды. Қолдағы малдарымызды жиып-теріп көрші аудандарға айдап кетті.
– Үй-жай мен малдың орнына өтемақы берді ме?
–  Әр жанұяның басшысына 1000 рубль, қалған жан басына 250 рубль ақша берді. Бәрі осының ішінде.
Содан бізді топырлатып «Сайқын» деген станцияға алып келді. Осы жерде бізді мал тасуға арналған  қызыл ағаш вагондарға  тиеді. Тура 17 күн жүрдік. Жолда кез келген өткізу пунктеріне тоқтаймыз. Қашан қозғаламыз, қайда барамыз ол жағы беймәлім. Ырғатылып келіп пойыз тоқтағанда жапа тармағай түсе қалып, самауыр жағып, шай қайнатып ішеміз. Кейде шай қайнағанша пойыз жүріп кетіп, ыстық суды төге салып, әрең ілінеміз. Өстіп, пойызға асығыс отырам деп жүріп, бір адам темір дөңгелекке басылып қаза тапты.
Вагонның ішіндегі ыстық ми қайнатады. Тоқтаған станциялардан бір шелек суық су әкеліп, қабырғаларға шашқанда өзінен-өзі қайнап, буланып ұшып кетеді. Қазір ойлаймын, тура тамыздың шіліңгір ыстығында елді көшіре ме, әдейі істелген қастандық сияқты.
– Қысқасы сіздерді қайда әкелді?
– Ол кезде Шымкент облысы, Жетісай ауданының «Тельман» дейтін колхозына алып келді. Жаңадан құрылып жатқан колхоз екен. Бізден бұрын Жамбыл жақтан адамдар көшіп келіпті. Мақта шаруашылығын өркендеткелі жатырмыз, – дейді.
Келген күннің ертеңінде даладан тасбақа теруге шықтық.  Себебі, мақта дәні алғаш өсіп шыққанда, қылтиған жасыл жапырағын тасбақа жұлып жеп қояды екен. Бүкіл даланың тасбақасын жиып-теріп өртеп жібердік. Әрбір тасбақа үшін бес тиын ақша төлейді.
– Колхоздан көшіп келгендерге баспана берді ме?
– Жоқ. Анам екеуіміз бұрын көшіп келген бір қазақтың «времянкасын» жалдадық. Ең үлкен қасіретті айтайын: сізге өтірік, маған шын, жаңадан көшіп келген елден күніне төрт-бес адам өліп тұрды.
– Неліктен олай болды?
– Өйткені, біз қоңыржай климатта, жер асты ылғалынан сүзіліп шыққан құдықтың суын ішіп үйренгенбіз. Мұнда келіп еріксіз арықтың суын іштік. Осыдан іш ауру пайда болып, әсіресе балалар қынадай қырылды. Көп кешікпей көшіп келген елдің 65 пайызы қырылып қалды. Тең жартысынан астамы.
Тіпті адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Шіркін, осының бәрін кезінде айта алмадым. Бұл ұзақ әңгіме, қарағым!
Заң қатты ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, шіркін-ай өлікті жерлеудің өзі сын болды ғой. Өлік көп, жерлейтін адам жоқ. Қандай қасірет еді! Осылай біздің арқамызда ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым-зират пайда болды. Зираттың үлкендігі соншалық білмейтін адам оны үлкен ауыл екен деп қалатындай дәрежеге жетті. Өйткені, зираттың қасында ауылымыз кішкене болып қалды.
– Сізді ауру шалған жоқ па?
– Мен де ауырып, екі ай төсек тартып жаттым. Қасымда еңіреп анам отырады. Ол кісі жұмысына кеткенде қасымда Бәкір, Тағай дейтін достарым қалады. Мені қарайды. Бір күні сандырақтап ауырдым. «Үстіме пеш құлап келе жатыр» деп атып тұратын көрінемін. Колхоздың бас есепшісінің үйінде көк биесі бар еді, анашым соның саумалын сұрап әкеліп, аузыма тамызады. Осы саумал сеп болды.
Екі ай дегенде, әйтеуір жамбастап жатып кітап оқитын халге келдім. Менің бетімнің бері қарағанын көрген анам, жалғыз қойын сойып садақа таратты.
– Қашып-пысып көшкендер болды ма?
– Тағы бір сұмдықты айтайын: біздің бәрімізде паспорт жоқ, адам санатында емеспіз. Құжат жоқ қайда барамыз. Бірлі-жарым қашып кеткендер болды. Содан аңду қойды. Мына мен өз көзіммен көрдім, 15 баласы бар бір әулет, 15-ін бірдей жерге беріп, ері мен әйелі ғана тірі қалды. Осы кісілердің сондағы зарлағаны әлі күні құлағымнан кетпейді. Осындай семьялар амалсыз күйіктен қашып, көшіп жатты.
Соның өзінде малын қорасына байлап, отын жағып қойып, ешкімге білдірмей айлы түнде соқа бастарын алып, қашып кетіп жатты.
– Қашқан адамдар қайда барып паналады екен. Туған жеріне қайтып барғандар болды ма?
– Болғанда қандай. Жоғарыдағы адамдар анда-мұнда жан сақтап жүріп,  жиырма жылдан кейін 1972 жылы Орда ауданы «Бөкей Орда» болып қайта ашылғанда елге барыпты. Рахметолла Егізбаев дейтін ауданның бірінші хатшысы болды. Бұрын Жәнібек ауданында бірінші хатшы болған екен. Жаңадан ашылған ауданға сұранып келіп, күллі Қазақстан жеріне шашылып кеткен ордалықтарды жинады.
Туған жердің құдіреті бөлек-ау, сонау Өскеменде, Талдықорған жақта мансапты жұмыс істеп жүрген бөкейліктер бәрін тастап көшіп кетіп жатты. Және онда барып қара жұмыс істеп-ақ күндерін көрді.
– Анаң екеуіңіз қайта көшіп баруға мүмкіндік болмады ма?
– Оған жағдайымыз болмады. Әйтпесе, бізде кететін едік. Әрі мен ауырғанда анам қатты күйзеліп кетті. Содан ауырып қалды. Анамның орнына мен барып мақта терем. Алғашында күніне 20-30 келі теретін басым, жатыла келе күніне 60 келіге дейін теріп тастаймын.
Сөйтіп жүріп 10 жылдықты бітірдім.  Бірге оқу бітіргендер жақын маңдағы Ташкент, Шымкентті сағалап білім іздеп кетіп жатыр. Менің аңсарым – Алматы.  Анама айтып едім жылады. Өйткені, біздің үйде менің  киім-кешек, қағаз-құралымды салып алатын шемодан жоқ болып шықты. Содан анашым ұннан босаған ақ қапты жуып, күнге кептіріп, киім-кешегімді соған салып, бет жағына таба нан орап берді.
Мен Алматыға аттанады, дегенді естіп, көрші-қолаңдар келді. Бәрінің қолында бір-бір таба нан бар. Соның бәрін ақ қабыма салғанда аузын шымшып ұстап әрең байладық.

– Сонымен ауыл болып сізді Алматыға атандырып салды.
– Ауыл шетіндегі үлкен күре жолдың  бойында шағын көпір бар еді. Сол жерге келіп автобус тоқтайды.  Іші тола адам екен. Көршілер мені көтеріп алды да, автобустың терезесінен ішке қарай нығап жіберді. Артымнан ақ қабым жетті. Есіктен кіру мүмкін емес.
Шымкентке келдім. Онда көрші досымның нағашысы Тұрды дейтін ағайды тауып алдым. Өзі теміржолда істейді екен. Алматыны басып өтетін  өзбектің пойызына салып жіберді. Жолсерік өзбек жүк қоятын үшінші полкіге жатқызып қойды. Ұйықтап кеттім. Таңертең Алматыға келдік.
Әрең дегенде жүк сақтайтын орынды тауып ақ қабымды өткізіп жеңілдеп алдым. Оның өзі бір мектеп болды.
– Бұл қай жылы?
– 1954 жылдың тамыз айы. Өзімнің дәмем зор трамбайлатып жүріп КазГУ-ды тауып алдым. Келсем есік жабық. Ешкім жоқ. Сөйтсем, күн жексенбі екен. Не істерімді білмей аңырап біраз тұрдым. Қасымда 40 тиынға сусын сатып жатыр екен, содан шөлімді басып алдым. Байқасам елдің бәрі «Абай» көшесін бойлап кетіп жатыр. Көппен бірге солай қарай мен де жүрдім. Сөйтсем орталық базар сонда екен.
Қаңғалақтап жүрген де күн түс ауып кетті. Алаңдай бастадым, қайда барам қонам. Аттанарда анам: «Алматыда Шағыров Шүкір деген нағашың бар, шамаң келсе сол кісіні тауып ал!» деген.
– Әдірес, бірдеңесі бар ма?
– Жоқ. «Алматыда тұрады» дегеннен басқа түк білмеймін. Жасы үлкендеу қазақ көрінсе «Көке, Шағыров Шүкірді танымайсыз ба?» деп жабысамын. Ешкім танымайды. «Ойпырым-ай қаланың халқы бірін-бірі танымайды екен-ау» деп, таң қаламын. Содан күн кешкірді. Сұрау салып, шарқ ұрып мен жүрмін.
Бір заманда қарсы алдымнан маңдайы жарқыраған, қияпат сүйкімді, аппақ киінген, тұлғасы мен бітімі ерек ақсақал ұшырасты. Тұра қалып: «Ассалаумағаликүм!» дедім. Басын тік көтеріп, көтеріңкі үнмен сәлемімді алды. «Балам, сені танымадым-ау» деді. «Алматыдан нағашымды іздеп жүрмін» дедім. Аты-жөні – Шағыров Шүкір. Ақсақал: «Е, сен балам, Шөкеңнің жиенісің бе, ол кісі «Сурин» көшесі 104 үйде тұрады. Алдыңда тиіп тұр, Шөкеңе сәлем айт!» деді. Тап сол сәтте жер бетінде менен бақытты адам болмаған шығар.  Осылай нағашымды тауып алдым.
– Нағашыңыз не істейді екен?
– Әжептәуір бастық екен. Жағдайы жақсы көрінеді. Сол үйде бір апта тұрдым. Мына қызықты қарамайсыз ба, алғаш мен көшеде кезіккен ақсақалдың аты  менің әкеммен аттас «Жұмағали» екен. Нақ бір мені Алматыға келгенде әкем қарсы алған сияқты.

– КазГУ-дың қай факултетіне құжат тапсырдыңыз?
– «Филфакқа» құжат тапсырмақпын. Бардым. Тізіліп бірнеше әйел отыр екен. Шетіндегі біреуі менің құжатымды көрді де қайтарып тастады. Себебі, менің жасым 17-ге толмаған. Үндемей құжатымды алдым да кетіп қалдым.
Қатты қапа болдым. Сенделіп жүрдім де қойдым. Қарасам, бір ересек қазақ жігіті: «Мен сүйтем-бүйтем, қолымнан бәрі келеді» деп, есіп тұр екен, соған барып жағдайымды айттым. Ол көрді де: «Бұл қолдан келеді?» деді. Талап біреу үш жарты қоясың! Ойбай, садағаң кетейін!
Метіркемді алды да қайтадан жамап-жасқап, мені 17-ге толтырды да жіберді. Барып едім құжатымды дереу қабылдады. Қуанғаннан «пысық ағама» төрт жарты алып бердім.
Содан емтихан басталды. Сегіз пәннен сынақ тапсыратын болдық. Соның бесеуін «беске», екеуін «төртке» тапсырдым, бірақ орыс тілінен диктант жазғанда оңдырмадым. Осылай оқуға қабылдандым. Қуанғаным соншалық есім шығып, жүгіріп жүргенде қалтамдағы ең соңғы ақшамды жоғалтып, көк тиынсыз қалдым.
Сол күні бәрімізді қолма-қол шаруашылыққа жұмысқа жіберді. Ертеңінде түскі  ас бергенге дейін нәр татпай бұратылып жүрдім.
– Оқуға қабылданғаныңыз жайлы анаңызға хабар бердіңіз бе?
– Айтпақшы мен оқуға аттанарда біздің үйде жалғыз бұзаулы сиыр болды. Анам жалғыз сиырын сатып менің жолыма пұл жасап беріп еді. «Мен оқуға түсті» деген хабар жеткенде, сиырдан қалған жалғыз бұзауды сойып той жасапты.
– Университетте оқытқан ұстаздарыңыз кімдер?
– Ұстаздарымның алды Мұхтар Әуезовтен басталады. Марқұм Мұхаң лекцияға келеді. Мен алдыңғы қатарда отырамын, басымда солдаттың бөркі, аяғымда керзі етік. Киімім өте жұтаң. Марқұм Мұхаң төңкеріліп қарайды. Ақырын аяғымды жинап, орындықтың астына жасырған болам.
Одан кейін Жетісудағы атақты Маман байдың ұрпағы, Ибрагим Маманов дейтін ұстазымыз болды. Осы кісінің шарапатын көрдім. Кәкен Ақанов дейтін шығыстың қазағы сабақ берді. Ғаламат адам еді.
– Сонымен 1959 жылы оқу бітіріп, Алматыға жұмысқа орналастыңыз?
– Тура оқу бітірген жылы «Жазушы» баспасына кіші редактор болып қызметке орналастым. Жарықтық Совет үкіметі кезінде жаңадан оқу бітірген адамға жұмыс тауып беретін заң болды. Соның арқасы.
– Алматыға орналастыңыз, енді ауылда қалған анаңызды көшіріп алмайсыз ба?
– Алғашқы жылы «анашым үлкен қалаға сіңісе ала ма, жоқ па?» деп, ойланып жүрдім. Бір уақта аңырап анам келді. Көршілер жиналды. Бір қойды сойып мәре-сәре той жасадық.
– Сонымен анаңызды алып Алматыға аттандыңыз.
– Ал, енді анамды Алматыға көшіріп әкетейін деп колхоздың бастығына барсам ол айтады: «Анаңның колхозға берешегі бар, ешқайда кетпейді». Осыны естігенде қаным қайнап шыға келді. Аға, – дедім: – Егер де кім де, кім анам екеуімізді айырғысы келсе, ісім сол адаммен болады, – дедім. Бастық сасып қалды.  «Анаңда паспорт жоқ қалай әкетесің?» деді, жұмсарып. Дегенмен, қазақ  емес пе, жөнге келіп, орынбасарын жіберіп анама паспорт жасатым берді. Үйіне шақырып, дәм татырып шығарып салды.

– Үлкен қалаға үйренісе алмай анаңыз қиналған жоқ па?
– Жоқ. Тіпті керемет шалқып-тасып ән салып жүрді. Байқаймын аяқ-қолы тіпті жеңілдеп кеткен. Бір күні сұрадым: «Ана, сіз, ән салып, шалқып жүретіндей жағдайымыз болмай тұр, пәтер жалдап қиналып жүрсек, неменеге шаттанып жүрсіз?». Анам айтты: «Қайратжан! Сені күнде көріп отырмын, маған бұдан асқан бақыт бар ма? Осы күнді мен қанша жыл аңсадым» деді.
– Саналы ғұмырыңыз Алматыда өтті, сонда жар сүйдіңіз, жеті баланың әкесі атандыңыз. Балаларыңыздың барлығын қазақша оқытып, тәрбиелепсіз. Шыны керек сізбен замандас қаламгерлердің көбінің балалары ана тіліне шорқақ, түгелдей орысша оқыған қарақтар көрінеді. Осы сұраққа жауап беріңізші?
– Менің отбасым төртінші балам дүниеге келгенге дейін қаланың сыртында орталықтан алыс тұрдық. Тұңғышым Марал мектепке баратын болды. Анам, әйелім екеуімізден «баланы қандай мектепке бермек ойларың бар?» деп сұрады. «Ойбай, сіз білесіз» дедік. «Менің көзім тірі тұрғанда немерелерім қазақша оқуға тиіс» деп кесіп айтты. Өзі жетектеп қазақ мектебіне алып барды. Осылай анашым өзі жетектеп жүріп барлық немересін қазақша оқытты.
Тіпті балаларды балабақшаға да бергізбеді. Өзі асырады. Бірде мынадай қызық болды. Анам жазда ауылға кетіп қалады. Соны пайдаланып әйелім екеуіміз балабақшаға барып, сый-сияпатымызды беріп, екі баламызды орналастыруға келісіп қойдық. Сөйтіп жатқанда анам келіп қалды. Балалы үйдің ұрлығы жата ма: «мыналар бізді балабақшаға бергелі жатыр» деп, апасына арызданды. Сондағы анамның ашуланғанын көрсеңіз. Жым болдық.
Жарықтық ең кенже немересін екінші сыныпты бітіртіп барып, дүниеден өтті.
– Соңғы сұрақ. Қайреке, алдын көрген ағаларыңыздың ішінен кімнің бәсін жоғары қоясыз?.
– Ілияс Есенберлин бөлек жаратылған тұлға еді. Ол кісі «Жазушы» баспасын басқарды, артынан Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болды. Ілекеңнің арқасында пәтерлі болдым. Баспаналы болғаннан кейін ішкен асың бойыңа сіңеді. Көңілің орнығады дегендей.
-Аға, әңгімеңізге рахмет!

ІV. «Құлақтан кіріп бойды алар» (ақынның әндерін орындау)
1. «МЕЙІРБАН ҰСТАЗДАР»  Нұрғазиева Тұрсынай
2. «Анашым»  Қайыров Асанәлі

V. «Ақын жырлары – жан-дүние дидары» атты кітап көрмесі
Мектеп кітапханашы  сөз алды.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше