Менің Отаным – Қазақстан
Ақтобе қаласы
№30 орта мектебі
Шаманбаева Айгул Максотқызы
Бастауыш класс мұғалімі
Тақырыбы: Менің Отаным – Қазақстан
Мақсаты: Халық педагогикасын насихаттау; балаларды
ұлтжандылыққа, имандылыққа және адамгершілікке баулу.
Отанды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге,
атамекеніне,еліне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға
тәрбиелеу; сөздік қорларын байыту, тіл байлығын арттыру.
Көрнекілігі: Қазақстанның әнұраны, көк байрағы, елтаңбасы;
« Қазақ елінің рәміздері » кітабы; ұран сөздері жазылған
плакаттар; Қазақстан картасы; табиғат көріністерінің
суреттері.
Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Отан… Отан…
Сен болмасаң, не етер ем?
Өмірден бұл өксуменен кетер ем, – деп оқушыларды республикамыздың
рәміздерін құрмет тұту рәсіміне шақырып, мемлекеттік әнұранымызды хормен
бастайық.
1. Қазақстан Республикасы бойынша сұрақтар беремін.
1) Біз қай ұлтпыз?
2) Қандай республикамыз?
2. Қазақ елінің рәміздерін жеке – жеке сұрау.
1) Әнұранның негізгі мазмұны.
2) Көк байрақтың негізгі сипаты.
3) Елтаңбаның негізгі сипаты.
4) Әнұранның сөзін, әнін жазған кімдер?
5) Елтаңба, көк байрақтың жобасын жасаған кімдер?
6) Әнұранның әр жолдарының астарын анықтау үшін сұрақ беріледі.
Мұғалім: Бұрын-сонды қазақ халқының басынан өткен қандай тарихи
қиын-қыстау уақиғаларын білесіңдер?
Жоңғар шапқыншылығы, ақтабан шұбырынды, орыс патшасының 1916
жылғы майдан қара жұмысына халықтардан солдат жинауы, азамат
соғысы, отызыншы жылдар аралығындағы отырықшылық, Ұлы Отан соғысы,
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы… Міне, бұл жолдар осы сияқты ауыр
сындардан халқымыздың ар-намысты ту ғып ұстап, қайыспай күрескенін,
сөйтіп елдігін сақтап қалғанын паш етеді.
Қазақ халқының кеңпейілділігі мен бауырмалдылығының арқасында
республика көп ұлттың баласына алтын бесік болып отырғаны дәріптеледі.
1-оқушы: Ата-дәстүріміз бен ана тілімізді келер ұрпаққа мұрат етіп жеткізіп
тарихымыздың қазынасын молайтсақ, болашақтан жақсы үміт күтуге
болатыны белгілі.
2-оқушы: Күндер өтті кешегі,
Жігер құм боп жасыған,
Несіне оны жасырам?
Әнұраным бүгінгі
Баға жетпес асыл ән.
3-оқушы: Қазақстан Республикасының әнұраны – бірлікке, ынтымаққа,
достыққа қызмет етті. Жастарды ерлікке, қайсарлыққа. төзімділікке еліміздің
тәуелсіздігін қорғауға шақырады.
4-оқушы: Беріспей, батыр бабам армандаған,
Арман күн, ел-жұртына жалғанды аман.
Қаншама құрбандықпен жеткен күнді,
Әлдиле, байтақ елім, орман-далам!
5-оқушы: Мемлекеттік ту 1992 жылы 4 маусымда қабылданып, 6 маусым
күні күшіне енді.
6-оқушы: Тудың ортасындағы шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан
кыран бейнеленген, тікбұрышты көгілдір мата, матаның сол жағында өрнегі
бар. Ұзындығы 2 метр, ені 1 метр. Жалаудың жобасын жасаған – Шәкен
Ниязбеков.
7-оқушы: Мемлекеттік ту – егемен еліміздің, тәуелсіз жас мемлекетіміздің,
қазақ халқының ұлттық туы.
8-оқушы: Осы тудың астында демократиялық, зайырлы, құқықтық және
әлеуметтік қоғам орнатамыз.
9-оқушы: Осы тудың астында экономикамызды дамытып, қазақ халқының
дербес ұлт ретінде өсіп-өркендеуін, анық ғылым мен мәдениетін, ұлттық
салт-дәстүрлерін көркейте береміз.
10-оқушы: Осы тудың астында Қазақстанды мекендеген барлық халықтардың
ұлттық мәдениетін көркейтіп, олардың өзара бірлігі мен ынтымағын,
достығы мен рухани күш-қуатын дамыта береміз.
11-оқушы: Осы тудың астында біздің сүйікті Отанымыз Қазақстан
Республикасының қауіпсіздігін, бостандығы мен тәуелсіздігін, аумақтық
тұтастығын қорғаймыз.
12-оқушы: Жалаудың ортасындағы қалықтап ұшқан қыран бейнесі
тәуелсіздіктің алып қанатын кең жайған Қазақстан халқының қанаты осы
қыран құстай биіктерге самғай берсін демекпіз.
13-оқушы: Туың қандай?
Ту қандай?
Тура аспаннан туғандай?
Ал аспанды қазақтың
Көңілімен жуғандай.
Туың қандай?
Ту қандай?
Таң нұрымен жуғандай.
Қыран құсын самғатып,
Күн құшақтап тұрғандай.
14-оқушы: Елтаңбаның көркемдік шешімі: шаңырақ, жұлдыз, сондай-ақ
аңызға айналған қос пырақ. Қазақстан деген жазуы бар.
15-оқушы: Қанатты пырақ биік самғайды, болашақ жайлы армандауды
білдіреді. Ширатылған мүйіз қайсарлық, қайраттылықты меңзейді.
Сонымен егемен еліміздің елтаңбасында қазақ елінің бостандық пен күт-
береке ұмтылысы бейнеленген.
16-оқушы: Сан ғасырлар бойы исі қазақ, жаны қазақ, ата-бабаларымыз осы
қара шаңырақтың астында өсті, өркен жайды, болашаққа ұрпақ жалғастырды. Егемен еліміз бен тәуелсіз жас мемлекетіміздің елтаңбасын білу, ол бейнелеп тұрған ойды терең түсіну – азаматтық парызымыз.
Хор. « Менің Қазақстаным! »
Мұғалім: Б.Момышұлы: «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», И.С.Тургенев: «Отансыз бақыт жоқ, кім-кімнің де тамыр жаяр топырағы – туған жері», П.С.Нахимов: «Азамат өмірі – Отандікі.Отанға пайда келтіретін өзеуреушілік емес, шынайы батырлық»- деген екен. Ендеше, балалар Отан, туған жер туралы
мақал-мәтелдер айтайық.
Сағынған елін аңсайды,
Сарала қаз көлін аңсайды.
Отансыз адам,
Ормансыз бұлбұл.
Туған жерге туың тік.
Туған жердің түні де ыстық.
Елінен безген ер оңбас,
Көлінен безген қаз оңбас. т.б.
Мұғалім: Жақында бүкіл әлемді дүр сілкіндірген елеулі оқиға болды. Ол не?
…Олимпиада…
ХХХ Олимпиада ойындары Ұлыбритания елінің астанасы Лондонда өтті.
Бұл сынға Қазақстаннан 120 спортшылар қатысты.Бірнеше күнге созылған жарыста қазақ спортшылары жалпы 12 орынды иеленді.7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальдарға ие болды. Сендердің естеріңде кім қалды?
( оқушылар білгендерін атайды)
1.Александр Винокуров (веложарыс)
2.Зульфия Чиншанло (ауыр атлетика)
3.Майя Манеза (ауыр атлетика)
4.Светлана Подобедова (ауыр атлетика)
5. Илья Ильин (ауыр атлетика)
6. Ольга Рыпакова .(жеңіл атлетика)
7. Серік Сапиев (бокс)
8. Әділбек Ниязымбетов (бокс)
9. Ақжүрек Танатаров (еркін күрес)
10.Гузель Манюрова ( күрес)
11. Иван Дычко (бокс)
12. Марина Вольнова (бокс)
13. Даниял Гаджиев (грек-рим күресі)
(оқушыларға плакатты көрсету)
III. Қорытынды.
Ұлтарақтай болса да ата-қоныс жер қымбат,
Ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат –
демекші балалар бүгінгі тәрбие сағатында елді, Отанды, жерді сүюді, қадірлеуді біліп ұғындыңдар. Біздің Отанымыз – егеменді тәуелсіз қазақ мемлекеті. Онда 130 аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, дархан дастарқандай далада, егіні теңіздей толқыған алқапта, төрт түлігі шыңғырған өрісінде, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп,оның байрағын көкке көтеруді мақтан тұтады.
