Без рубрики

Өлке тарихы. Нұр жауған — Нұржау

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау селосы,
Нұржау орта мектебінің тарих, құқық пәнінің мұғалімі
Мусина Анар Нуриқызы

Өлке тарихы. Нұр жауған — Нұржау

 Көрнекті қазақ ақыны Берқайыр Аманшин бір сапарында Нұржауға келіп «Ақ пейілін ақтарған, азар кеттім Нұржаудан, ел екенсің бақ қонған, жер екенсің нұр жауған» деп қимастықпен жырлаған екен. Содан кейін де талай зиялылар осы елдің тамаша табиғатына тәнтілік танытып, қалам тербегені тарихқа еніп, шежіреге айналды. Қазіргі Теңіз ауданы территорясы «Бөкей» губерниясының екінші примория округі деп аталған.Екінші примория округі 12 болыстан тұрған. Ол кезде әрбір аралдың халық қойған атаулары қоныстанған тұрғындары болды.Бұл күнде бұл аралдардың көпшілігінде адамдар тұрмайды. Сол оныншы болыстың жеріне 25 арал халқымен бірге енген.Мұндағы Қызылмұрын, Талды, Қамшау, Шешеген, Ұзынарал, Адайдың Ақтөбесі, Қожаның Ақтөбесі, Сазды, Бедір, Көкарна, Қатым аралы, Қарақамыс, Дәшін, Жаутай, Шағырлы, Маймантұғұл, Жарын-Жайық, Золотой, Шабай, Иван, Жәсен шағырлысы, Есенбай, Жар, Қоянбай, Қаракөл аралдары болатын оның халқының жартысы балық аулаған, жартысы мал баққан. Бұл өңірді қоныстанған рулар – Төре, Қожа, Табын, Бессары, Адай, Ноғай қазақ, Шеркеш, Сырлыбай.

Халқының әлеуметтік құрамы жөнінен бай – кулактар, орта шаруалар, кедей шаруалар сонымен бірге бай – кулактарға жалданып жұмыс істейтін азын – аулақ үй батырақтары болған.

XIX ғасырдың орта кезіндегі белгілі Артықов Жәсен деген байдың 1500 жылқысы, 1000 түйесі, 500 –ден астам сиыры, 3000 қой – ешкісі, 16 – 17 қарағай үйлері болған. Сауда кәсібімен де айналысқан, 5 – 6 дүкені, балық қабылдайтын станы болған. Үй шаруасына 15 – 20 батырақ ал малын бағатын 200 адам жалдаған.

Сол жылдары айтарлықтай мәдени ағарту орындары болмаса да, қарапайым халықтың балаларын оқытып, көзін ашып, қатарға қосуды мақсат еткен Сәтек әулетінің ұрпағы Шаймардан 1912 жылы Бедір аралында 40 – 50 балалық мектеп салып, осы мектептің алғашқы ұстазы болады. Сәтек әулетінің кейінгі ұрпаққа насихаттар өмірінің өнегелі кезеңдері, ағартушылық еңбектері көп. Сол әулеттің үшінші ұлы Әлмужаз ауыл адамдарының көмегімен Шешеген аралында «Теңдік» бастауыш мектеп ашып, алғашқыда 6 бала оқыса, жыл аяғында 60 бала бітіріп шығады.

1933-34 жылдары осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады.

1941-42 жылдары Төңкеріс, Бірлестік, Бірлік, Қаракөл бастауыш мектептері көшіріліп әкелініп сегіз кластық Ворошилов, кейіннен Ленин мектебі болып ал қазірде Нұржау қазақ орта мектебі болып аталады.

Нұржаулықтардың абызына айналған ҚР Білім беру ісінің үздігі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Фин соғысының, Ұлы Отан соғысының ардагері Бақтығұл Құспанов 1953 -78 жылдар арасында Нұржау советіндегі Ленин атындағы орта мектепте үздіксіз 25 жыл директор болып, мектепті облыс, республика, одаққа дейін танытты.

СССР оқу министрлігінің тәртібімен мектепке «Комсомольская правда» газетінің корреспонденті Д.Носков келіп, мектеп өмірімен танысып, 1 ай бойы зерттеп, аталған газетте «Достижения одной школы» деген тақырыппен мақала жарияланды. Осының өзі жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруде жасалған игі істер деп ойлаймын.

Өлкеміздің сол кезеңдегі қараңғы халқының санасына білімнің жарық сәулесін жаққан, халық ағарту саласында мінсіз қызмет атқарған, артында өшпес із қалдырған Сәтек және оның ұрпақтары ашқан білім ордасы ауданымыздың іргелі оқу орындарының бірі, іргетасының қаланғанына биыл бір ғасыр толады.

Тарихы сырға толы бұл білім ордасынан тәлім – тәрбие алған қазақтың белгілі ақыны, әрі жазушысы Жұмекен Нәжімеденов, композитор – домбырашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бақыт Қарабалина, жазушы сыншы Зейнолла Серікқалиев, ғылым докторы Ақылбек Ахметов, ғылым кандидаттары Муфтасих Бектенов, Қатиф Бектенов, Уәлитхан Қожахметов, Керей Мұстахишев, Құрақ Сарбасов, белгілі филиолог Әнуар Шаймерденов, белгілі ұстаз Жалел Ниғметов,Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері, айтулы қаламгерлер Тұрар Құрманғалиев,Рахмет Иманғалиев, Ғизат Әбілтаев,Жұмақай Ғұмаров, Таңатар Дәрелов,Амантай Жамалиденовтер осы мектептің тума түлектері.

Қасиетті Нұржау жерінің топырағында дүниеге келген Арсен Хатиф Испанияда болған самбо күресінен «әлем чемпионы» атанып келгені тарихи оқиғаға айналды, өз елін дүние жүзіне танытты.

Жалпы әңгімемнің желісіне арқау болған осынау шежірелі ауылдың Нұржау деп аталуы сол кезде «Потрука» аралын мекендеген шеркеш руынан шыққан Тайменов деген байдың жылқысын Нұржан есімді жетім бала бағады.Тұрмыстың ауыр азабынан қайтыс болады да, су ортасындағы кішкене аралға жерленіп, сол аралға Нұржан есімі беріледі.

Кейіннен осы аралға (жоғарыда айтып өттім) масқар руынан шыққан Жәсен бай көшіп келеді де байлықтарына мастанған Артықовтар өздерінің мекен еткен жерлерінің жетім баланың атымен аталғанын ар санап, Нұржан төбені Нұржау деп өзгерткен деген ауылдың көнекөз қарияларының естелігінен естігенім бар. Нұр жауған – Нұржаудың тарихы осындай.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Нұржау жері қайта түлеп, жаңарды. Жаңашылдық өріс алды тұрғындардың әлеуметтік жағдайлары өсті.

Ауыл тұрғындары аға ұрпақтың ерлік, еңбек дәстүрін алға жалғастырып, нұрлы болашаққа берік сеніммен нық басып келеді.

Бұл өркениетті Қазақстанның әлемдегі ең қабілетті 50 елдің қатарына қосылудағы бүгінгі қарышты қарқыны мен Ел Президентінің көреген саясатының айқын дәлелі.

 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.