Аймақ компоненттерінің экологиялық маңызы
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылы
«Тарбағатай жалпы білім беретін орта мектебі» КММ
Биология пәні мұғалімі Буданов Нұрбол Уалиұлы
Аймақ компоненттерінің экологиялық маңызы.
Бүгінгі таңда білім беру саласы жеке тұлғаны дамытуға бағыттау, оқыту мазмұнының құрылымына жаңаша қарауды талап етеді. Қазіргі кезде білім берудің негізгі сипаты- оның біртұтастығы, жеке тұлғаның мұқтажын қанағаттандыруға бағытталуы. Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын және экологиялық құзіреттілігін қалыптастыруда білім беру жүйесінің рөлі ерекше.
Жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларына экологиялық білім мен тәрбие берудің деңгейін арттыруда аймақтық компоненттерді пайдалану ерекше рөл атқарады. Сондықтан да жалпы білім беретін мектептерде экологиядан білім мен тәрбие беру үшін өлкетану материалдары кең көлемде қолданылады.
Аймақтық компоненттерді пайдалана отырып экологиялық білім, тәрбие берудің негізгі
міндеттері мынадай болуы тиіс:
-
Оқушыларды сезімталдық қасиетке баулу. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап табиғат сұлулығын көріп, тани білуге, яғни экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеу.
-
Оқушылар бойында қоршаған ортаны қорғау және онымен жарасымды қатынас жасауда оның өмірлік көзқарасын қалыптастыру, яғни азаматтық, әдептілік тәрбиесін беру.
-
Әртүрлі өндіріс саласында мектеп бітірушілерге жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды игеруге болатындай экологиялық білім беру яғни, экологиялық ғылыми білімнің іргетасын қалау.
-
Биология сабақтарында аймақтық компоненттерді қолдану арқылы, оқушылардың экологиялық санасын қалыптастыру. Сол арқылы мектеп мұғалімдері мен оқушылар арасында экологиялық білім, тәрбие құндылықтарын насихаттау. Аймақ компоненттерін сыныптан тыс жұмыстарға кеңінен қолдануға жол ашу.
Аймақтық компоненттерді танып білу көп жағдайларда сыныптан және мектептен тыс жерлерде өткізіледі. Сондықтан да жергілікті жердің табиғатын оқушылар өте жетік білулері қажет. Аймақтық компоненттерді пайдаланған кезде ең үлкен жетістік- айналаны, қоршаған сыртқы ортаны қорғаудың қажет екені бірден айқындала түседі. Өзінің туған ауылының биосферасын сүю, оны аялау, қоғау туған жеріне тек қана экологиялық білім мен тәрбие беру арқылы өлкетану материалдарын пайдалана отырып жүргізгенде ғана айтарлықтай қорытындылар алынады.
Өзінің туған жеріне, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, фенологиялық бақылау жасауда, жас жеткіншектер нақтылы экологиялық білім мен тәрбие алып қана қоймай, олар биосфераның қалай пайда болғанын, дамығанын және қазіргі кездегі жағдайын біледі. Мектепте жүргізілетін экологиялық оқу-тәрбие жұмыстары жаратылыстану пәндерінде оқылған тақырыптарды тереңдетуге ғана мүдделік танытпай, жас ұрпақтың табиғат сырын түсінуге бағытталған іздену жұмыстарына қозғаушы болуы керек.
