Без рубрики

Тілден асқан байлық жоқ

Пән мұғалімі:Пірімқұлова Гүлзат
2011-2012 оқу жылы
Мақсаты:
Білімділік: оқушылардың тілін дамыту, сөзжасау, сөйлемді дұрыс құру, дұрыс сөйлеу тәсілдерін меңгерту, өз ойларын жинақы, көркем тілмен жеткізе білуге ұмтылдыру;
Тәрбиелік: тіл туралы тағылымдар арқылы оқушыларды адамгершілік қасиеттерге баулу, азаматтық бейнелерін қалыптастырып, тілімізді сүюге, көздің қарашығындай қорғауға шақыру, еліміздің елдігін танытатын тілі мен өнері екенін ұғындыру;
Дамытушылық: пікір таласуға қатысқан әр оқушының ойына, қиялына, дүниетанымына ерік бере отырып, өздерінше ой түйіндеп, соны дәлелдей білуге баулу.

Жұмыстың түрі: пікір алмасу, пікірлесу
Жұмыстың көрнекілігі: интерактивті тақта, пікірлесуге ұсынылатын тақырып жоспары жазылған плакат бет.

Жоспары:
1.Атадан қалған асыл мұра.
2.Қазақ тілінің қазіргі кездегі тыныс тіршілігі.

   
   Мұғалім: — Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не?

1-оқушы: Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.

2-оқушы: Әр халықтың өзінің ана тілі бар.Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым.

3-оқушы: Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – еліміздің іргетасы, «Ұлттың қуаты — тілінде».

4-оқушы: Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем». «Тіл – асыл ойдың бұлағы». «Тіл — құдірет». «Тіл – тәуелсіздік тұғыры». «Тіл – ұлттың жан дүниесі».

5-оқушы: Тіл құдіреті ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді.

6-оқушы: Тіл – ұлттың жан дүниесі.Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі.Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.

Мұғалім: Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Осы сияқты ой-тұжырымдардың баршасы ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздер. «Тәрбие басы — тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз ХІ ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне қатысты.
   Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық.

7-оқушы:  бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Ал кейінгі 2005 жылғы жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр.

   Мұғалім: Жоғарыда айтып өттіңдер ғой небір сын-сағаттарда ата-анамыздың өздерімен алып жүрер байлығы туған тілі екенін. Ендеше сол ата-бабаларымыздың бізге, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған туған тіліміздің бүгінгі ахуалы, тыныс-тіршілігі қандай?..

  (интерактивті тақтадан «Орыс тілді қарындас» көрінісі  көрсетіледі)

8-оқушы:  Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қазақтар үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіиті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері орыс тілінде сөйлейді. Басты кемшілігіміз – осы.

9-оқушы:  Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Ауылдық жерде жақсы, қалалы жерлерде тіл құнарлылығы сұйыла түскен.

10-оқушы:  Мен көріністі көре отырып, кезінде қазақ тілінің жанашыры болған сатирик ақын Шона Сымаханұлының бір шумақ өлеңі есіме түсіп тұр.

Қазіргінің баласы,
Көп білем деп көкиді.
Әкесінің жазғанын
Аудармадан оқиды.

Расында, өзінің жазғанын балалары аудармадан оқитын жазушыда не өмір бар?!

11-оқушы: Жоғарғы көріністе көргеніміздей олардың ұлты қазақ бола тұрып ана тілінде сөйлей алмауы – досқа күлкі, дұшпанға таба қылатын ұят тірлік. Ұлтымыздың жазылмас дерті десек те болады.

12-оқушы: Қазір орыс пен орыс орысша сөйлескенде, қазақ пен қазақ та орысша сөйлеседі. Тіл – әр ұлттың намысы. Орыстар намысын қорғап орысша сөйлеседі, ал сонда қазақтардың намысы қайда кеткен деген ойға қаласың…

13-оқушы: «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел боп жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.

Мұғалімнің қорытынды сөзі: Сонымен, ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл – ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Ақын Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңінде:

Көрінерсің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де,
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей…

Ана тілде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар, — деп өлең жолдарында өз тілің өзге тілді үйренуге басты тірек екенін соқырға таяқ ұстатқандай етіп айтып берген.
   «тілден асқан байлық жоқ». Тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық  дей келе біз бүгін 2011-2012 оқу жылының 19-24 қыркүйек аралығында өткізілген «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» тақырыбында жүргізілген қазақ тілі апталығымен қоштасамыз, келесі оқу жылында кездескенше қош сау болып тұрыңдар!!!

Тілден асқан байлық жоқ: 1 комментарий

  1. Пікірлесе білубаға жетпес байлық дегеніміз не? Түк түсінген жоқпын. Ұстаз тайтқан жоқ.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.