Без рубрики

Ұстазым менің ұстазым

Арал қаласындағы №260 орта мектебінің
 қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
 Қошекеева Жадыра Жаңабайқызы

«Ұстазым менің ұстазым»
Күздің алғашқы айының алғашқы күні. Барлығы сәнді киініп, мектепке қарай ағылуда. Бәрінің жүзі жайдары, көңілдері көтеріңкі.  Мен ғана көңілсізбін. Жаным жабырқап, жүрегім сыздап отырмын. Неге мұңаямын? Құдай қаласа, бір айдан соң  өзім сағынған мектепке, шәкірттеріме қайта оралып, ең қызық та, ең қиын жұмысымды жалғастырамын ғой. Осы ой ғана маған жұбаныш.  Бәлкім, ұзақ ауырып, көңілшек болып кеткен шығармын.

Ой, шәкірттерімді қалай сағындым десеңізші! Менің жетекшілік ететін сыныбым мектептегі ең тентек балалардың сыныбы аталса да, мен оларды қандай жақсы көремін. Мен үшін олардан тәртіпті, олардан әдемі, олардан аяулы жан жоқтай.  Сынып ішін шаңға көміп, парта үстінде секіріп жүрген балаларды көргенде сәл ренжісем де, мектеп өмірі осынысымен де қызық емес пе деп өзімді жұбататын едім.  Талай терезе сындырып, талай лампаны жандырып жіберіп, менің  Ғалымжан ағайдың ( ол кісі біздің мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі) алдында қызаруыма тура келген еді.  Сонда да оларды қорғаштап, әйнек арқалап, әркімді аға-көкелеп терезе әйнегін орнына салып әбігерге түсіп жүретінім-ай.
Әр баланы бір жалғыз көріп, әр баланың қылығын көз алдыма елестетіп отырып, сыртта ұзақ отырыңқырап қалыппын.
Ұстаз. Осынау ұлы қасиетті атты иемденіп жүрген жандардың қатарында бір кездері менің де атым аталар ма екен? Әлде жай ғана мұғалім деген  мамандықтың иесі болып қана қалар ма екенмін?
               Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
            Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
            Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
            Азбайтұғын адамның алтындығы –
 деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай,   ұстаз атануға білімім мен білігім, батырлығым мен ақындығым жете қояр ма екен?  Мінезім жібектей есіліп, күн шуағын шашып жүремін бе , мен осы?  Осы орайда менің ойыма  өзім туған шағын ауыл, сол ауылдағы шағын мектеп, сол мектепте  сабақ берген ұлағатты ұстаздарым  орала береді. Олар «Ұстаз» деген құрметті атаққа  әбден лайықты еді.  Біздің ауылымыз аудан орталығынан шалғай, оңаша жатқан ауыл еді. Бүгінде сол ауылдың жұртында бес-алты үй ғана қалды. Жарықсыз, байланыссыз қалған ауылдың тұрғындары мектебі мен көлік қатынасы бар елді мекендерге көшіп кетті. Менің айтарым ол емес. Бір кездері кіп-кішкентай сол ауылда қайнаған тіршілік болып еді.  Біздің ұстаздарымыз мұғалім де, әртіс те, спортшы да, ұйымдастырушы да өздері болып, қаншама игілікті істердің бастамашылары болды. Жаңа істердің  жаршысы , жаңалықтың хабаршысы болған ұстаздарымның есімі есімде мәңгі қалары сөзсіз. Менің де осы мамандықты таңдауыма көзімді ашқалы  көргенім мұғалім  болғандығы себепші болған шығар. Менің анам ұстаз еді. Біз бала болып ойын ойнағанда , «апай-апай» ойнайтынбыз. Біреуіміз анамның сөмкесін, біреуіміз туфлиін , енді біреуіміз қалам, қағазын иемденіп алатынбыз. Анамның туфлиін киген інім Ғабит   үнемі  « Динар апай» болатын. Оның қоңқайған мұрны апайдың мұрнына ұқсайтындықтан, біз үнсіз келісетінбіз. Ал қалғандарымыз өзге ағай, апай болуға таласып жататынбыз.
Менің алғашқы ұстазым өзімнің анам- Тілеуова Бағымкүл апай болды. «А» деп Әліппені жаттатып, қалам ұстауды үйреткен адам өзіңнің анаң болса қалай мақтанбассың? Бірақ мен сыныпта дандайсып, мақтаншылыққа салынбадым. Үздік оқуға, сыныптың алды болуға тырыстым. Мұғалімнің қызы өзі оқымаса қалай болар еді. Біздің сыныпта да небір бір үйдің үкілеген үміттері, еркелеткен  жалғыздары оқыды. Ұстазымыз тентекті тезге салып, еркені екпіндіге айналдыра білді. Әріп танып, жүргізіп оқыған біздер балалықпен сол апайымыздың еңбегін елемеген де шығармыз.  Алғашқы ұстазымыздың әрбір тал шашының ағаруына, жүзіне  әрбір әжімнің  түсуіне біздің де үлесіміз бар шығар. Таңмен таласа тұрып, тынымсыз еңбекке араласатын сол ұстаздарымыздың бойындағы төзім, шыдам, шәкіртке деген шексіз махаббат  қандай еді?  Менің балалық шағымда  білім шырынымен сусындатқан тағы бір ұстазым – Қазиева  Роза апайым еді.  Апайым өмірден ерте озды. Иманы жолдасы болсын.   Жақсы адамдар  жаннатта орын тебеді дейді. Біздің апай да жаннат бағын мекендеген шығар. Роза апайдың  алғаш оқу бітіріп келген шағы. Шашы ұзын, өзі сұлу апайдың біздің ғана апайымыз болғанына  мақтанатынбыз. Көлденең көздерден қызғанатынбыз.  Жас апай жалынды  жігермен жұмысқа кіріскен болар, біздер жаңа әндер, тақпақтар үйрене бастадық.  Сабақ үлгіріміміз де күрт өсіп, апайымызды ренжітпеуге, айтқанын екі етпеуге тырысатын едік.  Балалығымыз  шығар, апайға көз салған, сөз салған жігіттерден  қызғанып та қоятынбыз. Тіпті ішіміздегі батылдауларымыз  «ол жігітке тұрмысқа шықпаңызшы» деп өтініш айтқан кездеріміз де болған еді-ау.   Біздің апайымыздың қалауы басқа жақта екен. Бір күні  шағын ауылды «дүр» сілкіндіріп кешірімшілер келді. Сұлу апайдың бізге ғана бұйырғанына іші күйіп жүрген өзге сыныптардың оқушыларының айыздары бір қанып еді сол күні. «Апайларың күйеуге қашып кетіпті» деген «суық хабарды» бізге  естірткендеріне мәз болып еді. Біз болсақ, қызғыштай қорып жүрген апайымыздың «қашып» кеткеніне ренжігенбіз .  Роза апайымыз жыл сайын Жолдасы Рай аға екеуі  ауылға қыдырып келетін. Роза апай келді дегенді естіген біздің сыныптың оқушылары сабақтан шыға салысымен солай   қарай жарысатынбыз. Апаймен амандасып, мәре-сәре болған соң, ыдысқа салып берген кәмпиттеріне таласып, апаймен ісіміз де болмайтын. Алаңсыз балалық шағымыз, қандай алыстасың. Бастауыш сыныптарда сабақ берген апайларымыздың ерен еңбегі арқасында  адал да  шыншыл, намысқой , әділдікті жаны сүйетін жастар болып өскен едік. Біздің мектебіміз ауылдағы мәдениет ошағы еді. Клубы жоқ шағын ауылға кино келсе, онда да келсе, біздің үйдің сыртқы жарына картинаны көрсететін. Ауыл адамдары жиналып, құмның үстіне отырып көретін. Қазір бұл кейбіреулер үшін ертегі сияқты.  Сол ауылды алға сүйреп, ұрпағының білімсіз болып қалмауы үшін еңбек еткен менің аяулы ұстаздарым.  
Шағын ауылдағы №237 орталау мектептен жыл сайын қанша бала үлкен өмірге қанат қағып, қайнаған тіршілікке араласып кетті десеңізші! Осы әр баланың өмірден өз орнын табуында  ұстаздарымыздың өлшеусіз еңбегі жатқан жоқ па? Осы мектепті ұзақ жыл басқарып, зейнеткерлікке де осы мектептен шыққан Құрманбаев Аралбай ағай біз үшін  теңдессіз математик еді. Математиканың қыр-сырын үйретіп, есепті шемішкеше шағатын ағайдың еңбегі әр бала  үшін зор болатын. Біздің Мойнақ ауылының мектебін бітіріп шыққан әр бала  Аралбай ағайдың есеп білмегені үшін басынан «тоңқ» еткізіп тықымай алатын сәтін ұмыта қоймаған шығар…  Мүмкін, басқа мектепке барып оқығанда,  теорема есіне түспей қалған сәтте есіне сан мәрте алған болар-ау…  Ағай мен басшымын, мың сан шаруам бар деп шапқыламайтын.  Оқушылардың білімді болуына, шығар асуларының биік болуына баса назар аударатын. Қазіргі кейбір мұғалімдердей  сабағын беріп бола сала үйіне қарай асықпайтын. Еңбек, дене шынықтыру сияқты сабақтардан сұрап алып, математика сабағын өткізетін.  Сол кезде ойынымыз қанбаған біздер  ағайға ренжуші едік. Онымыз бекер екен.  Сол кісінің ерінбей үйреткен есебінің рақатын кейін  үлкен қала мектептеріне барып оқығанда көрдік қой.  Аралбай ағай қазір зейнеткер. Бірақ ол кісінің ең абзал қасиеті көпшілікке әлі де үлгі болуда. Ол кісі Арал ауданы бойынша «Ең көп кітап оқыған оқырман » ретінде аудан жұршылығына жақсы таныс. Бала кезінен жан азығына айналған кітаптарды  ағай сонау алыстағы ауылдан алдырып оқиды.  Ағайдың бұл ізгілікті ісі аудан орталығында отырып, кітапханаға айына емес, жылына бір бас сұқпайтын  жандарға үлгі боларлық іс екені айтпаса да түсінікті.   
Менің тағы бір есіме алып, алғысымды айтар ұстазым- қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрышева Бағдагүл апай.  Менің  осы мамандықты таңдауыма апайымның да үлесі бар шығар. Апайдың әр сабағы қызыққа толы болатын.  «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын , «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын жатқа айтатын апайымыз әр жырды әртістік сипатпен жырлағанда, бала жүзіміз албырап, аузымыз ашылып тыңдайтынбыз.   Біздер орталау мектепті бітіріп, ірі қалаларға барып оқығанға дейін көзі тірі әртісті көрген жоқпыз.  Сондықтан ба біз үшін Бағдагүл апайымыздың дауысынан әдемі дауыс,  апайдан асқан биші жоқтай көрінетін.Жыл сайынғы жарыста біздің сынып өзбек әкәларымыздың биін билеп, әнін айтып шығатынбыз. Бағдагүл апай былқылдап  өзбек биін билеп, бізді сайысқа даярлайтын. Сонымен бірге апай қатал да әділ сынып жетекші болды. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.  Бала жаны  ақ парақтай таза, жүрегі нәзік болады ғой. Біздің балалығымыздың куәсы, үлкен өмірге бағыттаушы  ұстаздарымыз біздің жүрегімізде сол мәңгі жас, мейірбан күйінде қалары аян.   Өйткені олар — қанатымен су сепкен қарлығаштай сәл жақсылық болса бала жүрегіне ұялатуға, оқушысының көптен озуына бар күш-жігерін аямаған ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ ІЗГІ АДАМДАР.Аса көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, академигі Қаныш Сәтбаев «…1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ»- деп айтқан екен.  Әр жылдың бірінші қыркүегінде құлпырған қырмызы гүлімізді қолымызға алып, деніміз сау, салтанатты көңіл-күйде мектепке оралуға  Алла тағала нәсіп етсін! Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Ендеше ұстаздарымызды  тек қана мереке күндері емес, жыл бойы есімізге алып, құрметтеп жүрелік. Себебі, ұстаздар қандай құрметке де лайық.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.