Без рубрики

Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған тренинг жаттығулар

Назерке Айболатқызы Сейтжапарова
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы,
№8жалпы орта білім беретін
мектептің педагог-психологы.

Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған тренинг олардың бойындағы мынадай маңызды сапаларды: кәсіби іс-әрекеттің тиімді жеке-дара стилін қалыптастыру; оқушылармен, олардың ата-аналарымен, мектеп басшылығымен, әріптестермен сонымен қатар өз отбасы мүшелерімен ойдағыдай қарым-қатынас жасай алуын қалыптастырып, дамыту үшін қажет. Тренинг тағы мынадай қасиеттерді: балаға позитивті жағымды  қарым-қатынас, бастауыш сынып оқушысын эмоционалды қабылдау, олармен тілдесудің коммуникативті амалдарын дамыту, өзін-өзі реттеп басқарудың тиімді, ыңғайлы тәсілдерін қалыптастыруға көмек береді.

Бастауыш сынып мұғалімдерімен өтілетін психологиялық практикалық сабақ бағдарламасы психолог жұмысындағы арнайы психологиялық көмек берудің екінші кезеңі болып табылады. Бұл арада сабақтың негізгі бөлімінде өтілетін жаттығулармен ойындарға сипаттама берілген.

«Мұғалім-мектеп» циклы

«Қалаймын-Істей аламын-Қажет» жаттығуы

Жаттығу мақсаты: Мұғалімнің қажеттіліктеріне және өз армандарына  сенімін бекіту және белсендіру, дүниетанымын кеңейту және дамыту, педагогикалық іс-әрекеті стилінің жеке-дара тиімді түрін табу.

Мұғалімдер тобын жарты шеңбер тәрізді етіп отырғызамыз, жарты шеңбер алдына екі орындық қоямыз. Ортаға қалаулары бойынша екі мұғалімді шығарып орындыққа отырғызамыз. Олардың біреуі-тыңдаушы, екіншісі-сөйлеуші болады. Соңғысы психолог ұсынған басы берілген үш сөйлемді аяқтайды. Мысалы, «Мен өзімді сенімді сезінуге міндеттімін», «Мен өзімді сенімді сезіне аламын», «Мен өзімді сенімді сезінгім келеді».

Берілген сөйлемнің аяғы спонтанды және тікелей болуы маңызды. Адам не ойлағанын, есіне не түскендігі жайлы айтады. Одан кейін үш сөйлемнің қайсысы сенімдірек айтылғандығын, сөйлемнің қайсысында сөйлеушінің жеке-даралығы сезілгендігі жайлы талқылау жасалады. Алдымен бұл сұрақты тыңдаушыға қоямыз, содан кейін бүкіл топтан сұраймыз. Сөйлеушінің интонациясы, оның бет әлпетінің қимылы, жестіне және т.с.с. назар аударылады.

Әдетте басым көпшілігі әйелдер болып келетін аудиторияда «Мен міндеттімін» принципі бойынша өмір сүретіндігі анықталды. Көбіне өз армандары мен қажеттіліктерін (мен қалаймын) жүзеге асыруға уақыты да, күш-қуаты да жетпейді. Психолог жан саулығы мен оптимизмді сақтау үшін «өзіме арналған өмірге» азғантай болса да уақытын бөлу керектігін сендіруге ұмтылады.

«Баға» жаттығуы

Мақсаты: Оқушыларды бағалаудағы өзара әрекеттесудің тиімді коммуникативті амалдарын өндіру.

Топ шеңбер құрып тұрады, әрбір қатысушы бір жағымды (позитивті) және жағымсыз (негативті) баға айтуы қажет. Алдымен негативті баға айтылады, мысалы, «отыр екі». Әркім бұл сөз тіркесін айтуда өз сөздерін, интонациясын, мәнерін қолдануға мүмкіндік беріледі. Талқылауда топ мүшелері оқушы позициясынан сөйлейді. Психолог мұғалімге оқушыға негативті баға қойған кезде оған өзіндік жеке қарым-қатынасының көрініс табуын және тәрбиеленушінің жақсырақ оқуға мүмкіндігі  барына сенім білдіру керектігін көрсетеді. Негативті бағаны мынадай сөздермен айтуға болады: «Өте өкінішті, Анар, бүгін саған нашар баға қоюға тура келіп тұр, сен өте қабілетті қызсың, жақын күндерде өзіңнің екіңді жөндейтіндігіңе сенімдімін.»

Оқушыны позитивті бағалағанда да, баланың жетістігіне шынайы қуанышы мен психологиялық қолдаудың жаңа формаларының кәсіби амалдарын жетілдіруге болады. Мысалы, позитивті баға қойған кездегі сөз тіркесі төмендегідей болуы мүмкін: «Жарайсың, бүгін сені «бес» деп бағалаймын, ары қарай осылай оқуыңды жалғастыра бер.»

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.