«Жақсылық жолымен»
Ақтөбе қаласы, №15 «Жидек» МДҰ
Даярлық тобының тәрбиешісі: Көптілеуова Гүлназ Жарасқанқызы
Білім саласы: «Таным», «Денсаулық», «Қатынас»
Бөлім: «Өзін өзі тану» Тақырыбы: «Жақсылық жолымен»
Мақсаты: – «Жақсылық» ұғымы туралы түсініктерін кеңейту. – балалардың «сыйластық», «махаббат», «сүйіспеншілік» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту
Міндеттері: – жағымды қасиеттерін дамыту; – өзін қоршаған ортаға жақсылық жасауға тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: – плакат, үнтаспа, мультфильм дискі, тақта, гүл қиындылары, желім,теледидар.
Шаттық шеңбері:
– Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен осындай ақылды, мейірімді, әдепті, ұқыпты, қамқоршыл балалармен кездескеніме өте қуаныштымын достар, сәлеметсіңдерме.
– Ал, қазір балалар бізге келіп отырған қонақтармен амандасайық.
Кім кезіксе біздерге ,
таныс емес демейміз.
«Аға, тәте, әпкеге»,
дейміз, – сәлеметсіздер ме.
Әңгімелеу
Жарайсыңдар балалар, бүгін балалар біз «жақсылық» туралы әңгіме айтамыз.
«Жақсылық» көрсең біреуден,
Мен қандаймын деп ойла.
«Жамандық» көрсең біреуден
Мен қандаймын деп ойла.
– Балалар жақсылық деген не?
– Жақсылықты іздеп табуға болады ма?
Балалар бәріміз бірге мына мультфильмге көңіл аударып қарайық.
«Тоқты мен қосаяқтың жақсылықты іздегені» ертегісінен үзінді тамашалау.
– Балалар, ертегі не туралы? Олар не іздеп шығыпты?
– Бұл ертегіде не жақсы? Тоқты ма, қосаяқ па? Неге?
– Сонда балалар жақсылық қайда болады екен?
– Ал сендер қандай жақсылық жасадыңдар?
– Жақсылыққа жақсылық дегенді қалай түсінесіңдер
Балалардың жауаптары тыңдалады
Дәйексөз:
Бүгінгі сабақтың дәйексөзі «Жақсылыққа жақсылық адамдықтың белгісі», яғни отбасындағы сыйластық, сүйіспеншілік, бірлік, ынтымақ, бауырмалдық, өзара түсінісу жарастық орнатады.
Ойын: «Жақсылық жасау үшін не істеу керек».
Ойын шарты: Балалар берілген суреттердегі жандарға қандай жақсылық жасауға болады, айтып беру.
Балалардың жауаптары тыңдалады
Сергіту сәті: «Қара жорға» биін билеу
Балалар біз өзімізге қандай жақсылық жасаймыз, деніміз сау болу үшін не істейміз? Дұрыс шынығамыз, спортпен айналысамыз. Қазір бәріміз бірге тұрып шынығып, сергіп қазақтың білек биі «Қара жорға» билеу
Өзіммен өзім
Үнтаспадан алдын ала дайындалған өлеңді қосып қою.
Сылдыр, сылдыр, сылдырмақтар.
Шығыр, шыңғыр шыңғырлықтар.
Шыңғырлайды сыңғырлақтар
Былдырлайды балдырғандар.
1,2,3 көздеріңді жұмыңдар
Балалар денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көз алдарыңа өз достарыңмен орман ішін аралап жүрміз деп елестетейікші, Орман исі қандай тамаша. Терең демалайықшы. Күлімдеген, шұғылалы күн сәулесін төгіп тұр.Аралар мен көбелектер жұпар иісі аңқыған гүлдерге ұшып , қонып жүр. Ағаштар сендердің келгендеріңді естіп, бұтақтарын шайқап тұр. Құстар ән салып бір – бірімен әңгімелесіп отыр
Сылдыр, сылдыр, сылдырмақтар.
Шығыр, шыңғыр шыңғырлықтар.
Шыңғырлайды сыңғырлақтар
Былдырлайды балдырғандар.
1,2,3 көздеріңді ашыңдар.
Шығармашылық жұмыс:
Балалар қазір елесіміздегі тамаша табиғат көрінісін сурет бетіне түсірейікші. Ол үшін барлықтарыңды шығармашылық орталығына шақырамын. Балалар қараңдаршы мына көбелектер бізден көмек сұрайтын сияқты. Оларға қандай көмек көрсетеміз. Дұрыс айтасыңдар көбелекке гүлдер керек, шаршағанда қонады. Ал гүлдерге өсуі үшін не керек? Дұрыс ендеше көбелекке гүлдер, гүлдерге бұлт пен күнді жапсырайық.
Қорытындылау
Бүгін сабақта біз жақсылық туралы айттық. Оның мағынасын түсіндік. Өзіміздің қандай екенімізді бойымызда қандай қасиеттеріміз бар екенін білдік. Балалар біз бүгінгі күнге ризамыз ба? Бір – бірімізге ризашылығымызды білдірейік.
Жүректен жүрекке
Балалар, қане, шеңберге тұрып, бәріміз бірге келесі өлең жолдарын қайталайық:
Ұсақ болма ірі бол,
Өз ортаңның гүлі бол!
Ата анаңның көзінің,
Сөнбейтұғын нұры бол!
