Бала тәрбиесінде халықтық педагогика идеяларын қолдану – негізгі бағыт.

Ақтөбе қаласы, № 15 МДҰ меңгерушісі: Жекеева А.Р.

Бала тәрбиесінде халықтық педагогика идеяларын қолдану – негізгі бағыт

    Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Қазіргі кезде ата-ананың сұраныс деңгейі биік. Баланы жан-жақты, дені сау, үйлесімді болып өсуіне ата-анасы қаржысын аямай ден қояды. Кішкентай жастан музыка, би, шет тілдер, спорттық үйірмелерге қатыстырады. Оның барлығы, әрине заман талаптарына сай, бірақ ең бастысы рухани адамгершілік тәрбие –  тәрбиенің бастамасы екендігін ұмытпағанымыз дұрыс.

      Қазіргі бас иіп жақсы айтты деп сүйсініп, жаман айтты деп өкініп жүрген шет елдерден ғылым мен озық технологияларды алмасақ, үлгі-өнеге, жарасымды тәрбие алмайтынымыз анық. Еліміздің егемендік алған уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгерістер болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқанын белгілі. Ел ертеңі, ұлт болашағы   үшін этнопедагогика мен этнопсихология ілімдерінің жетістігін тәрбие құралына айналдыру – бүгінгі күннің басты сұранысы. Егеменді елімізге сай ұрпақ тәрбиелеп шығудың бірден  бір жолы  – өсіп келе жатқан ұрпақты эстетикалық тұрғыдан шыңдау. Осыны халықтық педагогика арқылы жүзеге асыруға болады. Халық педагогикасымен айналысушылар қоғам  дамуының алғашқы сатыларында-ақ тәрбиеге өзіндік көзқарас  болғандығын, мақсатқа сай  тәрбиеленудің жолдары ойластырылғандығын мәлімдейді.

     Қазақ этнопедагогикасының қайнар- бұлағы біздің заманымызға дейінгі дәуірден бастау алады. Ұлттық мәдениеттің тегі сол ұлттың ұлт болып қалыптаспай тұрған кезінен бастап- ақ жеке ұлыстардың ұрпағын тәрбиелеуден туындағаны белгілі. Балалардың жан- жақты дамуы үшін, әсіресе сұлулық пен сымбаттылыққа қанық болулары үшін оқу- тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканы қолдану өте маңызды. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім –тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын  жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал- мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне  байланысты әдеп-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда –ақыл –ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда- әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланған. Демек, халықтық педагогика- тәлім- тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы. Бұл жердегі еске алатын негізгі жайт: осындай  халықтық мұралардың бәрі бірдей кәдеге жарай бермейді, олардың озығы мен қатар тозығы да бар. Ең негізгі мәселе- бұларды күннің талап тілегімен байланыстыра пайдалана білу болмақ.

        Қазіргі таңда қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы серпінді өзгерістер білім беруді әлемдік кеңістікпен ықпалдастыру талабын қойып отыр. Жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жойылып кетуге соқтыруы мүмкін рухани мәңгүрттіктен сақтану және халықтық тәжірибеге тән тәрбиенің мазмұнын сақтап қалу үшін өткен тарихымыз бен мәдени мұраларымызды зерделеуге, рухани құндылықтарымызды саралап, оны білім беру жүйесіне кешенді ендіру арқылы ұрпақ тәрбиесін ұлттық негізде құруға басты мән беру өте маңызды. Қазақ халқының тарих қойнауында қанша ғасыр өтсе де, тәлім- тәрбиелік мәнін жоғалтпаған  ұлттың болмысына, сана- сезіміне, тұлғалық сипатына сай жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар қатарына жататын асыл дүниелер бар екені белгілі. Осындай рухани құндылықтарды тәрбиенің мазмұнына  арқау ету жетілген тұлғаны қалыптастыру мәселесі педагогика ғылымының тарихына жаңаша көзқарасты қажет етеді.

     Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:  «Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы» – деген еді. Елбасының бұл сөздері педагогтар үшін негізгі бағыт, бағдарлама болып табылады. Біздің  №15 «Жидек» мектепке дейінгі ұйымда осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақ тілі апталығын өткізу бақшамыздың дәстүрлерінің біріне айналды, балалар халқымыздың салт-дәстүрі, халық әдебиеті, ұлттық өнер, мәдениетімен танысады. Тақырыптық апталық қаламыздың басқа да әлеуметтік институттарымен өзара тығыз байланыста өтеді, атап өтсек, Н.Байғанин атындағы балалар кітапханасы, өлкетану мұражайы, «Алақай» қуыршақ театры, Т.Ахтанов атындағы драма театры және т.б.  Мектепке дейінгі ұйымның бүлдіршіндері жыл сайын қалалық «Бала тілі- бал» конкурсына қатысып, жұлделі орындарға ие болуда.

Ата- бабаларымыз өздерінің сан ғасырлар бойғы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін қалыптастырған. Қазақ халқы «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле», дегендей халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмаймыз.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше