ТАҚЫРЫБЫ: ИНФОРМАТИКА САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН АРТТЫРУ
ОРЫНДАҒАН: Т.ІЗТІЛЕУОВ АТЫНДАҒЫ №29 ҚАЗАҚ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ИНФОРМАТИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ, С.К.МЫҢЖАСАРОВА
Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі технологиялар дамыған заманда оқушылардың компьютерді қолдануы және бағдарламалармен жұмыс жасау мүмкіншілігі жоғары. Сонымен қатар телекоммуникациялар жүйесі қарқынды дамып, интернет жүйесі әр тұтынушыға ұсынылып, әр оқушы интернет жүйесіне қосылуға мүмкіндігі бар. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланып, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру.
Мақсаты: Оқушылардың өздігінен, топпен, жұппен жұмыс жасау арқылы шығармашылық қабілеттерін арттыру.
Міндеті: Білім деңгейлері әртүрлі оқушылардың бірігіп, бірге жұмыс жасауға үйрету, дағдыландыру.
Жоспары:
І. Кіріспе. «Ел болам десең, бесігіңді түзе»
ІІ. Негізгі бөлім:
а) Шығармашылық – жаңалық ашатын әрекет.
ә) Оқушылардың пәнге қызығушылығын ояту.
б) Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру жолдары.
ІІІ. Қорытынды.
ІҮ. Пайдаланылған әдебиеттер.
Аннотация
Мектепте берілетін білім мазмұны тәрбиелеу мен сезімді дамытудың барлық өрісін ескере отырып, оқытудағы негізгі салмақты оқушылардың шығармашылық ойлауы мен еңбектенуі мақсатына аудармақ. «Шығармашылық» сөзінің төркіні – «шығару», «іздену», «ойлап табу» дегенге саяды. Демек, бұрын тәжірибеде болмаған жаңа нәрсе ойлап табу, жетістікке қол жеткізу деген сөз. Үлкен энциклопедиялық сөздікте «Шығармашылық деген – қайталанбайтын тарихи қоғамдық мәні бар, жоғары саладағы жаңалық ашатын іс — әрекет» деп тұжырымдалады.
«Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші, бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сондықтан, әр мұғалімнің алдындағы ізгі мұраты — өз пәнінен білім беріп қана қоймай, әр баланың «менін» ашу, «менді» шығармашылық тұлғаға жетелеу. Бұл жұмыста осы әрекеттердің нәтижесін көру үшін жүргізілетін жұмыстар жайлы баяндалады.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», деп М.Әуезов айтқандай, еліміздің бесігі – мектеп. Ал мектеп – білім ордасы. Ал білім – жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз. « Надан жұрттың күні қараң, келешегі – тұман» деп М.Дулатов айтқандай, еліміздің ертеңгі тірегі – бүгінгі білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты жас ұрпақты тәрбиелемесек өспейді, өнбейді. Қазіргі мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған басты міндет – оқушылардың шығармашылық білім – дағдыларын қалыптастыру. Міне, өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбекқор, абзал азаматы болып өсуі үшін шығармашылықпен оқу – тәрбие үрдісін тиімді қалыптастыра білуі керек.
Мектепте берілетін білім мазмұны тәрбиелеу мен сезімді дамытудың барлық өрісін ескере отырып, оқытудағы негізгі салмақты оқушылардың шығармашылық ойлауы мен еңбектенуі мақсатына аудармақ. «Шығармашылық» сөзінің төркіні – «шығару», «іздену», «ойлап табу» дегенге саяды. Демек, бұрын тәжірибеде болмаған жаңа нәрсе ойлап табу, жетістікке қол жеткізу деген сөз. Үлкен энциклопедиялық сөздікте «Шығармашылық деген – қайталанбайтын тарихи қоғамдық мәні бар, жоғары саладағы жаңалық ашатын іс — әрекет» деп тұжырымдалады. /«Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру». Ш.Қ.Мухамедиева. http://www.45minut.kz сайты./
«Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші, бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сондықтан, әр мұғалімнің алдындағы ізгі мұраты — өз пәнінен білім беріп қана қоймай, әр баланың «менін» ашу, «менді» шығармашылық тұлғаға жетелеу. /«Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру бағытындағы жұмыстар. Б.Т.Молдағалиева. http://www.45minut.kz сайты» /
— Ұстаздық тәжірибемде оқыту барысында алдыма қойған мақсатым – рухани бай, жан – жақты, түсінігі мол, өзін — өзі басқаруға, бір – бірінің пікірін тыңдап, бағалай білуге қалыптастыру.
Оқыту барысында ұстазға шеберлік, шыдамдылық, мейірбандық секілді қасиеттер қажет. Осыны ескере отырып, әр сабағымды «жеңілден ауырға» мақсатымен өткізуге тырысамын. Ол үшін сабақ беретін сыныптарымда әр оқушыны жан – жақты біліп, жас ерекшеліктерін, білім дәрежесін, тәрбиесін, оқуға қызығуын ескере отырып, сабақ жоспарымды жазамын. Тақырып бойынша берілген тапсырмалады, олардың көлемін, күрделілігін ескере отырып, оқушылардың өтілген тақырыпты толық меңгеруіне мүмкіндік туғызатын жолдарды іздеймін. Мұндай жағдайда оқушының жұмысы жеңілдейді.
Мұғалімге оқулық бойынша мәтіндерді оқып, сұрақтарға жауап алып, әртүрлі жаттығулар орындап, сабағын өткізу – жеткіліксіз дүние.Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай деген екен: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып, құртып тынады». /«Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру». Ш.Қ.Мухамедиева. http://www.45minut.kz сайты./ Әр мұғалім ізденімпаз, шығармашыл болуы қажет. Ол үшін мұғалім қазіргі уақыттағы білім беру үрдісін жетілдірудің бағыттарын, технологияларын жетік білуі, меңгеруі керек. Мұғалім өзінің іс тәжірибесінде:
— мұғалімнің білімділігі, ұстамдылығы;
— алдында отырған шәкірттерін өзімен тең ұстауы;
— шәкірттің дамуына жан – жақты дамуына жан – тәнімен қызмет етуі;
— технология әлеміндегі жаңалықтарға үңілуі;
— психология мен педагогиканы терең білуі маңызды роль атқарады.
Қазіргі біз оқушыларға көбінесе тек тақырыпты қосымша материалдармен толықтыру арқылы мақсатты жүзеге асыруды қолданамыз, өйткені мұны кез келген мұғалім қолдана алады. Тақырыптың мақсатын қоя білуге тоқталсақ, онда біз ол мақсаттың тек қана жекелеген бөлек, бір – бірімен бірікпеген оқу үрдісінің талаптарын көздегенін байқаймыз. Оқыту үрдісінің мұндай түрі оқушылардың өз қызметін бақылап, оған баға беріп, нәтиженің тиімділігін қалыптастырмайды. Мұндай жағдайда оқушының танымдыққа емес, оқуға деген қызығушылығының артуы екіталай.
Информатика пәнінде әртүрлі информатика терминдерін түсіну арқылы оқушының қызығушылығының өсуі мен белсенділену барысында логикалық ойлауы дами түседі, пәнге қызығушылығы артады. Мұғалім оқу үрдісінің негізінде тақырыпты оқытуда қызығушылықты арттыруға көп көңіл аударғанда ғана оқушының қызығушылығын, танымдық, логикалық ойлау қабілетін қажетті деңгейде дамытып, соның нәтижесінде білімнің қаншалықты маңызды да, нәтижелі болғанын көреді.
Мектеп оқушыларының информатика пәнін оқып – үйренуге деген ішкі қызығушылықтары мол. Информатика пәнін оқытудағы ең бірінші қызығушылық компьютерде болып табылады. Ол балалардың ішкі құпия туындысын және жаңа мүмкіндіктерге деген қадам тудырады. Компьютер баланың досына, әрі көмекшісіне айналады. Компьютер арқылы оқушы дамиды, әрі дүние жүзімен байланысуға мүмкіндік алады, бірақ күн өткен сайын компьютер балалардың тұрмыстық құралына айналып қызығушылық күшімен ойлары жоғала бастайды. Оқушы компьютерге көп отырғаннан компьютерге деген қызығушылығы төмендейді. Ал мұндай әрекеттерді болдырмау үшін көп тер төгуге тура келеді. Сондықтан мен бұл тақырыпты факт ретінде алып, оқушылардың қайтсе компьютерге деген қызығушылығын бір қалыпты ұстауға болатынын іздедім.
І. Оқушылардың көзқарасын өмірмен байланыстыру.
Бұл әдісте оқушылардың бәріне таныс мысалды алып, оның маңыздылығын жаңа материалды меңгертуде ұсыну. Осы мысалды оның жалған емес, өмірден алынған ақиқат екенін түсіндіру.
Мысалы: Монитор
ҮІІ класта «Дербес компьютердің құрылғылары» тақырыбын өткенде былай түсінгенбіз. Дисплей – компьютердің экранына ақпарат (информация) шығаруға арналған құрылғы. Сыртқы пішіні жағынан дисплей түрлі – түсті теледидардың экранына ұқсайды, сондықтан оны көп жағдайларды монитор деп те атайды. Дисплейді адамға ақпарат беріп отыратын компьютердің тілі деп қарауға болады. Оқушылардың жауаптары әртүрлі болғанымен, оларға Интернет жүйесін пайдалану арқылы қандай фирма өндіретінін және оны қайдан алуға болатыны айтуға болады. Бұл жолмен оқушыларға монитор туралы нақты деректерді іздету жаңа сабақтың тақырыбының негізі болады. Қызығушылықты тудыру үшін оқушыларды оң көзқарастар әсерлерімен толықтыру қажет. Бұдан басқа да оқушымен байланыс жасау тек қана олардың қызығушылықтарын тудыру әдісі емес, оқушылар тәжірибелік іс — әрекет арқылы білімдернің қолдануының маңыздылығын көреді.
ІІ. Проблемалық жағдай тудыру немесе жұмбақтау әдісі.
Көбімізге бұл кең таралған тәсіл ретінде қолданылатынын білеміз. Ол бағдарламаға сәйкес оқушылардың дағдысын іс — әрекетін, білімін қалыптастыра отырып, кейбір проблемалық жағдайды шешудің негізі болып саналады. Проблемалық жағдай арқылы жаңа материалды меңгерту проблемалық жағдайға деген қызығушылықты үнемі қанағаттандырмайды деп ойлаймыз. Бірақ жұмбақтау арқылы сабақтың тақырыбын ашуға бұл әдістің берері мол.
ІІІ. Рөлдік, іскерлік ойындар.
Бұл жағдайда оқушылар тобына негізгі не қосалқы ойыншылар ретінде қатысу ұсынылады. Мысалы: Алгоритмнің жасанды орындаушысы рөлі. Бұл рөлді оқрындау оқушының шарттарды тұжырымдап, игеріп алуларына итермелейд. Сабақты өткізудің бұл формуласын жетекшілік рөлін жетілдірудегі іскерлік ойын ретінде қарау қажет.
Іскерлік ойынында әрбір оқушының толық белгілі рөлі болу қажет. Іскелік ойынды дайындаумен ұйымдастыру жан – жақты және тыңғылықты дайындықыты қажет етеді. Бұл өз кезегінде оқушылардың сбақты толық игеруіне кепілдік береді.
Оқушыларға ойнау әрқашанда оқудан гөрі қызықтырақ. Тіпті үлкендердің өзі беріліп ойнау кезінде әдеттегідей оқу процесін аңғармайды.
Әдетте іскерлік ойындарды жүргізу экономикалық бағыттағы есептерді шешуге қолайлы. Осы арқылы біз интеграциялық сабақ өтуімізге болады. Мысалы: ақпараттық есептеуіш технология+экономика, т.б. (банк, банкомат, факс, таксофон)
ІҮ. Стандартты емес немесе логикалық есептерді шешу әдісі.
«Математикалық логика» тақырыбын оқыту барысында логикалық есептерді қолдану өте тиімді. Ол оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, танымдық белсенділіктерін арттырады.
Мысалы:
1-есеп. Кез келген үш таңбалы сан жаз оған өзіндей үш таңбалы санды тіркеп жаз. Осы шыққан алты таңбалы санды өзіндей алты таңбалы санға қос. Нәтижені 2002-ге бөл. Бөліндіні байққап қара, қандай сан?
Шешуі: 365
365365+365365=730730
730730:2002=365365- бірінші жазылған сан.
2-есеп. Баласы әкесне:-Әке маған жұмбақ үйретші, -дейді. Сонда әкесі:-Сенің жасыңды үш есе көбейтсе менің жасым шығады. Ал менің жасымнан сенің жасыңды алып тастаса 20 қалады.Мен нешедемін, өзің нешедесің?
Шешуі: Баласы-х жаста дейік, әкесі -3х жаста
Теңдеуі: 3х-х=20x=10
3*10=30
Жауабы: баласы – 10жаста, әкесі – 30 жаста.
Ү. Ойындар мен танымдық сайыстар әдісі.
Ойынның сабақ барысында басты мақсаты – білім беруді ойынмен ұштастыру. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет. Ойын арқылы оқушы неге үйренеді?
— қисынды ой – қабілетін дамытады;
— өздігінен жұмыс істеуге үйренеді;
— сөздік қоры байиды, тіл дамиды;
— зейіні қалыптасады;
— байқампаздығы артады;
— өзара сыйластыққа үйретеді;
— ойынның ережесін бұзбау, яғни, тәртіптілікке баулиды;
— сабаққа қызығушылығы артады. / Садықов Т.С., Әбілқасымова А.Е. Қазіргі заманғы сабақ. Оқу процесін ұйымдастыру. Алматы, 2004ж.-218б /
Шығармашылыққа үйрету үшін мынадай жағдайларды ескеру тиіс. Мұғалім ең алдымен
— сыныпта шығармашылық көңіл – күй тудыру үшін баланың назарын бір нәрсеге бағытауы;
— оқушының шығармашылықпен айналысуына мектепте, сабақ үстінде, үйде қолайлы жағдай туғызуы;
— шығармашылық бағытқа баланы жүйелі, сапалы түрде қалыптастырып отыруы маңызды.
Мұғалім сабақта әдіс-тәсілдерді пайдаланып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға, өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әдіс–тәсілмен өткізілген әрбір сабақ оқушылардың ойлауын және қиялын дамытып, сөйлеуге үйретеді. Өз бойындағы қабілеттерін байқап, дамытып, өшуіне жол бермеу оқушының рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі. Ал мұндай нәтижеге жету үшін, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін мұғалімдер уақыт талабына сай оқытудың жаңа ақпараттық технологиясын пайдаланаған жөн деп ойлаймын. Ғалымдар қазіргі таңда оқытудың елуден астам технологиясы бар екендігін айтып, осылардың кейбіреуі біздің білім беру жүйемізге еніп, тәжірибемізден орын алуда. Оларға «Дамыта оқыту» технологиясы, «Ақпараттық – коммуникациялық» технология, «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясы, «Үш өлшемді әдістемелік жүйе», «Модульдік» технология, «Сатылай – комплексті талдау» технологиясы және т.б. оқыту технологиялары жатады.
Осы оқыту технологияларының ішінде мен 2012 жылдың қаңтар айында «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясымен таныстым. Енді оқушылардың информатика сабағындағы шығармашылық қабілеттерін арттыру үшін осы технологияның элементтерін пайдаланып өткізген сабағымды мысалға келтірсем.
Пәні: информатика. Сыныбы: 9
Тақырыбы: «Интернет туралы мәлімет»
Мақсаты |
||
Білімділік |
Дамытушылық |
Тәрбиелік |
бүкіләлемдік өрмек – интернет туралы оқушылардың түсініктерін кеңейту. |
оқушылардың танымдық, ойлау қасиеттерін қалыптастыру, шығармашылыққа баулу, пәнге қызығушылығын арттыру |
ұқыптылыққа, ізденімпаздыққа, жан – жақтылыққа, өз ойын еркін айтуға тәрбиелеу. |
Түрі: практикум элементтері бар көрсете түсіндіру.
Типі: аралас сабақ
Жабдығы: компьютер, INTERNET желісі,
Пәнаралық байланыс: тарих, физика, экономика.
Барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі:
а) оқушыларды түгелдеу;
ә) оқушыларды ТҚЕ-мен таныстыру;
б) оқушылар назарын сабаққа аудару.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:
а) Бақылау сұрақтарын қою:
- Модель дегеніміз не?
-
Модельдің қандай түрлерін білесің?
3.Модельдеудің негізгі кезеңдерін ата.
ә) Минирефераттар:
- «Интернет дегеніміз не?»
«Интернеттің шығу тарихы»
ІІІ. Жаңа сабақ бойынша
1. Тақырыптық терминдік сөздік
CERN – Ядролық қаруларды зерттейтін еуропалық организация (The European Organization for Nuclear Research)
WWW – бүкіләлемдік өрмек (World Wide Web)
INTERNEТ – ғаламтор, халықаралық желі (International Network)
ISOC – Интернет қоғамы, интернетке қол жеткізу және дамытумен айналысатын халықаралық кәсіби организация (Internet Society, ISOC).
ARPANET – ақпараттың берілуін зерттеу агенттігі (Advanced Research Projects Agency)
EDFA – оптикалық күшейткіш (Erbium-Doped Fiber Amplifier).
2. Конференциялық диспут.
— Бүкіләлемдік ғаламторға қанша жыл?
1980 жылы ағылшын физигі Тим Бернес-Ли Женевадағы Европалық CERN лабораториясына бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі қызметінің кеңесшісі ретінде бар болғаны жарты жыл жұмыс істеді. Ол өзін жақсы жағынан көрсеткенімен лабораторияның толыққанды қызметкері ретінде тек 1984 жылы қабылданған. Дәл осы уақытта ол ғылыми зерттеулердің нәтижесі мен кейбір мәселелерді шешуге кірісті.
1989 жылы алға қойған мақсатына жетіп, 1990 жылдың күзінде CERN қызметкерлері Тимнің жазуы бойынша алғашқы рет «веб-сервер», «веб-броузерді» пайдалануға қол жеткізді. «WWW» – «WORLD WIDE WEB» (Бүкіләлемдік ғаламтор) европалық жобаның тиімділігі өз нәтижесін береді. Ал 1991 жылдың жазында бұл жобаны америкалық «INTERNEТ» жобасы басшылыққа алған, бүгінде бүкіләлемдік ғаламтормен біз күнделікті пайдаланамыз.
— Байланыс қызметін қанша адам пайдалануда?
Мұның қанша екенін ешкім дәл айта алмайтынын дұрыс түсіне білуіміз керек. Себебі, пайдаланушылар саны әрбір секунд сайын өзгеріп тұрады.
2009 жылдың 31 наурызына дейін желіні пайдаланушылардың саны 1,6 миллиард шамасына жеткен.
— Интернетті кім басқарады?
Ешкім емес. Себебі, интернетте орталық жоқ, ол бүтін нәрсе емес, оның желілік ресурстарының толық тізімі белгісіз. Сондықтан да ешкім басқара алмайды. Сонымен қатар, интернетте жұмыс істеу үшін қажет жабдықталу мен бағдарламалық қамтамасыз етудің басшылары кездесіп қалады. Сондықтан да интернет тегін емес. Коммерциялық желілер ұлттық корпорацияларды басқарып, интернетте жұмыс істеуді ұлттық негізде қамтамасыз етіп, неғұрлым ұсақ жергілікті желілерді байланыстырады.
1982 жылы желіде қолданылатын Интернеттің барлық ақпараттық құжаттарына ресми иеленуге құқы бар халықаралық кәсіби коммерциялық емес ұйым құрылды. Оның мақсаты – интернетті дамыту, тиімділігін қамтамасыз ету болды. Ол ISOC (Интернет қоғамы) деп аталды және оған 20 мыңдай жеке тұлғалар және әлемдегі 180 елдің 100-ден астам ұйымы кірді.
— Интернет ядролық соғыс үшін жасалды ма?
Әрине, басында бұлай емес еді. Алғашқы кезде желі коммуникациясының негізгі идеясы – ғалымдар мен ғылымның басқа да қызметкерлерін ақпарат алмастыру үшін байланыстыру еді. Алайда, тиімді байланыс әскерилерді де қызықтырмауы мүмкін емес еді. Ал АҚШ Қорғаныс министрлігі бұл жұмысты қаржыландырғанда, әрине, жұмыс нәтижеге бағыттала бастады. Алғашқы ARPANET компьютерлік желісі Американың төрт ғылыми мекемесінің басын біріктіреді. Аталуы да алғашқы әріптерінен алынған ARPA (Advanced Research Projects Agency) және де бұл АҚШ Қорғаныс министрлігінің агенствосы болып қала бермек. Бірақ, АҚШ-ның Қорғаныс министрлігі де, Ресейдің Қорғаныс министрлігі де бүгінде интернетті пайдаланбайды. Олардың жеке желісі бар, әрі интернет бейбіт өмірдегі құпия деңгейікті қамтамасыз ете алмайды.
— Континеттер арасындағы байланыс қандай?
Бұл мақсатта су асты коммуникациялық кабель жұмыс жасайды. 1851 жылы инженер Брет Ла-Манш арқылы Англияны Европа континетімен телеграфтық жүйеде байланыстыратын алғашқы су асты кабелін жүргізді. Бұл гуттаперчидің (су астында ток жүргізетін сым) пайда болуы нәтижесінде мүмкін болды. Су асты кабелімен жіберілген алғашқы телеграмма 1856 жылы АҚШ-ның президенті Джеймс Бьюкененнің Англияның патшайымы Викторияны құттықтауы еді. Бұл байланыс қымбат еді, техникалық жағынан жабдықталуы да аяқталмаған. Сонда да 1866 жылы телеграф жүйесі тұрақты жұмыс істей бастады. Ақпарат жеткізу жылдамдығы минутына бар болғаны 17 сөз. Қазіргі заманғы су асты кабелдері шыныталшықты технологияларды пайдаланады. Мұндай кабель алғаш рет 1988 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда мұндай кабельдер су асты және Әлемдік мұхиттың түбімен Антарктидадан басқа барлық континеттерді байланыстырады. Шамамен әрбір 100км сайын EDFA-күшейткіші орнатылады. Ол оптикалық сигналдың қуатын қалпына келтіреді. Интернетте суасты коммуникациялық кабельдердің тізімі бар. Шынайы өмірде бұл кабельдер өте сезімтал. Мысалы, жер сілкіну, кеме зәкірлері, тіпті кез келген адам қасақана зақым келтіруі мүмкін. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде контрабандиттер әдейі келіп, кабельдерді қиып кетіп отырған. Сонымен бірге кейбіреулер оның құрамындағы мысын металлолом үшін өткізіп жіберетін. Кабельдің бір километрі 10 тоннаға дейін жетсе, ал диаметрі – 69мм.
3. Қызықты деректер:
— Орташа есеппен адамдар Интернет желісінің 1 сеансы үшін 51 минут уақытын өткізеді;
— Ал Интернетті пайдаланудың айлық орташа көрсеткіші – 25 сағат;
— Веб-беттерін қараудың орташа көрсеткіші шамамен 45 секунд;
— Алғашқы 5 жыл ішінде Интернетті пайдаланушылар саны 50 миллионға жеткен, ал радио үшін 38 жыл, телевидениеге 13 жыл уақыт кеткен;
— Интернет желісін пайдаланушылардың кең көлеміне қарамастан оны әлемнің 80% халқы ғана пайдаланады;
— Интернет желісін пайдаланушылардың 70% ер адамдар;
— Әлем бойынша Интернет желісін жалпы пайдаланушылар саны шамамен 2 миллиард;
— Интернеттің біздің өмірімізге келтіретін ең сорақы қаупі – Интернет – тәуелділігі;
— Интернет тиімділігін жеткізуде алғашқы орында Бермуд аралы тұр, ал Жапония 22 орында.
— Google іздеушісі әрбір ай сайын 35 миллиард сұранысты қанағаттандырады.
ІҮ. Интернет – гид.
Электронды почта арқылы әр оқушыға бір тапсырмадан беріледі. Тапсырманы орындау уақыты 3 минут.
№1 тапсырма – www.rambler.ru іздеу порталына кіріп, «Қызылорда облысының тарихы» туралы реферат ізде.
№2 тапсырма – www.googlе.kz іздеу порталына кіріп, «Болашақтағы компьютерлер» туралы суреттер ізде.
№3 тапсырма – www.rambler.ru іздеу порталына кіріп, «Салауатты өмір салты» туралы мақала ізде.
№4 тапсырма – www.infust.kz сайтын адрес жолына енгізіңіз. Ашылған терезеден ұнаған сайтты таңдаңыз да көшіріп алыңыз.
№5 тапсырма – Интернет арқылы жұлдызнамаға кіріп, өз жұлдызнамаңызды тап
№6 тапсырма –Ақтаудың бүгінгі ауа райының болжауын Интернет арқылы біл.
№7 тапсырма – www.googlе.kz іздеу порталына кіріп, «Информатика ғылымына үлес қосқан ғалымдар» туралы реферат ізде.
№8 тапсырма – www.kuttybolsyn.kz сайтын адрес жолына енгізіңіз. Ашылған терезеден ұнаған сайтты таңдаңыз да көшіріп алыңыз.
№9 тапсырма – Қызылорданың бүгінгі ауа райының болжауын Интернет арқылы біл
№10 тапсырма – Интернет арқылы жұлдызнамаға кіріп, өз жұлдызнамаңызды тап
Ү. Бекіту.
а) Бекіту сұрақтарын қою:
1) Интернет дегеніміз не?
2) Интернетке қосылу үшін бізге қандай құрылғылар қажет?
3) Интернеттің мүмкіндіктері қандай?
4) Бүкіләлемдік Интернет күні қашан?
ә) «Кім білгір?» электронды тест – тапсырмаларымен жұмыс.
б) Сөзсызбадан бүгінгі тақырыптың терминдерін табу.
ҮІ. Үйге тапсырма беру.
Өтілген материалды оқу, «интернет» туралы қызықты мәліметтер жинап келу.
ҮІІ. Бағалау.
Оқушыларды бағалау, журналға, күнделіктеріне баға қою.
Көптеген ғалым – педагогтардың, практик мұғалімдердің тәжірибесіне сүйенсек, оқу – тәрбие үрдісі негізінде дамыту мәселесінде басты рөлді, ең алдымен, оқушының өз бетімен әрекеті, белсенділігі атқарады. Себебі сабақ қаншалықты сапалы болсын, мұғалімнің білімі, тәжірибелік шеберлігі мол болсын, бірақ бала тарапынан өзіндік белсенділік, әрекет болмаса жұмыстың нәтижелі, сапалы орындалуы мүмкін емес. Бұл сабақта оқушылар жеке де, жұппен де, топпен жұмыс жасады. Оқушылар интернет – гид және электронды оқулық тапсырмаларын орындау барысында өз бетінше, сөзсызбамен жұмыс істеу кезінде жұппен, конференциялық диспутта топпен жұмыс жасауды үйренді. Ал жұппен және топпен жұмыс жасау оқушының шығармашылық қабілетін арттыру кезіндегі бірден бір жол.
Мектеп оқушыларының информатика пәнін оқып үйренуге деген қызығушылығын арттыру үшін оқу үрдісі айрықша түрде ұйымдастырылуы тиіс. Қазіргі мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілеті, өздігінен іздену деңгейі төмен. Оқушылар тек қана тыңдаушының рөлі ғана емес, ізденушінің рөлін де атқаруы қажет. Оқушылардың білуге деген қызығушылығын арттыруы үшін мына әрекеттерді орындау қажет деп ойлаймын:
— оқушылардың өздерінің ізденістерін ұйымдастыру;
— өткен сабақ пен жаңа сабақты байланыстырып отыру;
— оқушылардың білімі мен білігін тексергенде әртүрлі жұмыс формаларын пайдалану;
— сабақта жаңа әдістер мен белсенді сабақ түрлерін пайдалану.
Қорыта келгенде, сабақтарды түрлендіріп өткізу арқылы жан – жақты дамыған, терең білімі бар, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға болады. Қазіргі заманның да талабы сол. Сондықтан, ұстаздар үнемі ізденіп, шығармашылықпен жұмыс істеп, білім деңгейін үнемі жоғарылатып отыруы керек. Сонда ғана оқушылар информатика пәнінен білім мазмұнын жүйелі меңгеріп, олардың пәнге деген қызығушылығы арта түседі, өз бетінше оқып үйренуге дағдыланады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізбегі:
- Садықов Т.С., Әбілқасымова А.Е. Қазіргі заманғы сабақ. Оқу процесін ұйымдастыру. Алматы, 2004ж.-218б.
«Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру». Ш.Қ.Мухамедиева. http://www.45minut.kz сайты.
«Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру бағытындағы жұмыстар». Б.Т.Молдағалиева. http://www.45minut.kz сайты.
Баспасөз материалдары, мен Инетрнет қор көздері.