ШҚО, Семей қаласы, Шәкәрім атындағы облыстық
үш тілде оқытатын МДБМ-ның қазақ тілі,
әдебиеті пәндері мұғалімі Хасенова Г.М.
Сыныбы: 10 Сабақтың тақырыбы: Адамзат таныған Шәкәрім мұрасы-өшпес ғұмыр, таусылмас қазына
Мақсаты: Адамзат таныған ұлы тұлға Шәкәрімнің терең ойлы,көркем сөзді мұраларындағы рухани құндылықтардың бастау алар тамыры халық даналығында екендігін жеткізу. Өшпес сөз өрнегі, таусылмас қазына ретінде жоғары бағаланатын ақын шығармалары әлемдік деңгейдегі шоқтығы биік асыл қазына қатарынан орын алатынын таныту.
Түрі: іздендіру, ой дамыту, кездесу Әдіс-тәсілдері: ойталқы, пікірталас, мәнерлеп оқу.
Көрнекіліктер:Шәкәрім суреттері,тірек схемалар,слайдтар,кітап көрмесі: Т.Сұлтанбеков, Шәкәрім шығармалары, т.б.
Техникалық құралдар:компьютер,интерактивті тақта/экран.
Пәнаралық байланыс: музыка, қазақстан тарихы,география, көркемөнер.
Барысы: I.Ұйымдастыру кезеңі. Тренинг.
II.Бүгін сабақта. Адамзат таныған Шәкәрім мұрасы-өшпес ғұмыр, таусылмас қазына ( Шәкәрім суреттері экраннан көрсетіледі)
Тұрғанда сайда жортқан ізі қалды,
Ұмытылмас өмірде ізі қалды.
Өлмейтін, өшпейтұғын, жойылмайтын
Өсиет, жазған өлең, сөзі қалды,-
деп әлемдік ой алыбы Шәкәрімнің ұлы Ахат Шәкәрімұлының айтқанындай, ғасырларға пара-пар ұзақ жылдардан соң өзі сүйген, өзін сүйген халқына Абай атамыздың ақын інісі, шәкірті, ізбасары Шәкәрім Құдайбердіұлы оралды.
Шәкәрім шығармаларының қайнарын зерттеуде, зерделеуде осы күнге дейін қанша жұмыс жасалса, одан сан есе көп жұмыстар өз кезегін күтіп тұрғанына дау айта алмаймыз. Ол-өзі өмір сүрген ортаның қиындығы,саяси ахуалдың шиеленіскеніне қарамастан көп еңбектенген ақын.
Шәкәрімнің ақындық кредосы туған елінің өсуі,өрлеуі,көркеюіне қызмет етуге «мен жетелеп өлемін өрге қарай қазақты» деген ірі мақсатқа,мүддеге сәйкес келеді.Сөз өнерінің құдіретті күші арқылы ақын қазақ қоғамының жақсаруына,адамдардың жеке басының жетілуіне әсер етуді көздеген.
…Сүйсініп ақынға елі мән бергендей,
Өлеңмен өміріне сән бергендей.
Қадалып жүрегіне ақ қанжардай,
Оятсын ойкүйезді жан бергендей.
► Әсем жырлар тудырған тамаша ақын, лирик.
Шәкәрім өлеңдерінің тақырыбы (лирикасы)
табиғат жайлы
адамгершілік мәселе махаббат жайлы
әлеуметтік мәселе
білімге шақыру еңбек туралы
«Жасымнан жетік білдім … » өлеңін талдау (тақырыбы,мазмұны,көркемдігі, ақынның өзі туралы берер мағлұматы):
Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған барлық білім.
Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыда туып күнім…
Шәкәрімді қазақ халқы ғана емес, басқа ұлт азаматтары да танып, жоғары бағалаған.
Ағылшын ғалымы: ● «Shakarim agitated the future generation to be industrious, educated, intelligent and cultured. Poet’s lyrics left unforgettable heritage in Kazakh poetry.»
● «Шәкәрім келешек ұрпақты еңбекқор, білімді, саналы, мәдениетті болуға уағыздады.Ақын лирикасы қазақ поэзиясында үлкен із қалдырған.»
► Шәкәрім – эпик.
Шәкәрім сөз өнерінде Абай дәстүрін жай ғана жалғастырушы болған жоқ, дамыта жалғастырушы болды. Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілі ретіндегі өнері әсіресе эпикалық бағытта ерекше байқалады. Шәкәрімнің эпикалық шығармаларының поэзиялық және прозалық тілмен жазылғандары, сондай-ақ аударма арқылы келгендері, белгілі бір сюжетке нәзирәгөйлік дәстүрмен жазғандары бар.Оның тарихи негізді поэмалары «Еңлік-Кебек»,«Қалқаман-Мамыр», «Нартайлақ-Айсұлу» болса,әдеби дәстүр негізінде жазылған поэмасы-«Ләйлі-Мәжнүн».
Ақынның жүйрік қаламынан туған «Еңлік-Кебек»,«Қалқаман-Мамыр»,«Нартайлақ-Айсұлу» поэмаларының қайсысы болса да қазақ жұртында ертерек заманда болып өткен оқиғаларды, ел ішіндегі аңызға айналған әңгімелерді арқау еткен, әйтсе де ақын оларды тұп-тура болған қалпында қайталамайды, жаңа тарихи дәуірдің ой-түсінігіне сәйкестендіре жаңғыртады.Ақын өз поэмаларында өмір құбылыстарын адам тағдыры арқылы ашуға ұмтылады.
(Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» поэмалары экраннан көрсетіледі)
Жаңа бір дүниені жарқ еткізсем деп құлшынған ақын сол кезде ел ішінде елес боп жүрген, дастан-трагедияға сұранып тұрған, өзіне бала жасынан таныс Қалқаман мен Мамыр оқиғасына ден қойды. Қазақ даласының шындығын тарихи тұрғыдан да жақсы таныған Шәкәрім екі ғашықтың трагедиясын бүкіл ел трагедиясымен шебер жалғастырды. Халқына «Қалқаман-Мамыр» атты поэма ұсынды. Келесі көркем туындысы «Еңлік-Кебек» поэмасы – ақынның жаңа белесі. Өздері де, сөйлескен сөздері де ағылып тұрған ән, төгіліп тұрған жыр секілді Еңлік, Кебек атты жастардың қатыгездік құрбаны болғанын көреміз…
Адамгершіліктің, адамдық асыл сезім құрбандары: Еңлік пен Мамыр, Қалқаман мен Кебек. Бірақ бұл олардың қатесі емес, бақытсыздығы. Осы бақытсыздық оларды әдебиетімізде мәңгі жас, мәңгі ғашық жандар етіп қалдырды.
Шәкәрім шығармаларына қызығушылық танытып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген оқушы Тлебалдинова Гүлсаяның пікірі.
«Ұстаздан-ұлағат, ғалымнан-ғибрат» демекші, шәкәрімтанушы ғалым Тұрдығұл Қасенұлы ағамыз айтқандай Шәкәрім шығармалары әлі де көп зерттеуді, зерделеуді талап етеді. Шәкәрім шығармаларының ұрпағына берер тәлім-тәрбиесі, ғибраты молдығына ешкімнің таласы жоқ. Ақын шығармаларын қай қырынан алсақ та бұл анық сезіліп тұрады. Жаңа ғана өздеріңіз куә болған мәңгілік тақырып-адал махаббат, пәк сезім мәселесі адамгершілікке, ізгілікке шақырып тұр емес пе? Шәкәрім атамыз жыр еткен ХVІІІ ғасыр оқиғасындағы басты мәселе-салт-дәстүрді сақтау мәселесі бүгінгі таңда да мәнін жоғалтпағандығын білеміз.
Шәкәрім бабамыз лирик ретінде сыршыл туындыларымен көптің көкірегіне жарық сәуле шашып, ақ жолға бастайды.
► Шәкәрім – сазгер.
1919 жылдың соңында голландық азамат Альвин Эрнестович Бимбоэс қазақ әндерін жинап, нотаға түсірумен айналысқан. Семейге іссапармен келген Альвин Қабыш Керімқұлов есімді әнші орындаған дала композиторы Шәкәрімнің туындыларынан ерекше табиғи тазалықтың лебін сезгендей болып, ақынның өзімен жүздестіруді өтінеді. …Көңілі қалаған адамымен жатсынбай бірден сырласа кететін жомарт жүректі ақын мен голландық сазгер аз уақытта тіл табысады. Шәкәрімнің үш ішекті домбырасынан жүйкені идірген неше түрлі сиқырлы саздар төгілгенде голландық азамат көзін жұма рахаттана тебіренген екен. Осы жолы Шәкәрім өзінің Ыстамбұлда нота жазу өнерімен танысқандығын айтып, кейінгі жазған бірнеше әндерінің қағазға түсірілген ноталық белгілерін қонағына ұсынады.Бұл әндердің бірі маңғаздықпен,асықпай,ойлана айтылатын «Жастық» еді… Өнерді қасиетті санайтын музыка танушы Альвин Бимбоэс нотаға түсірген Шәкәрімнің екі әні («№1 Шакарим»,«№2 Шакарим» деген атпен) омбылық ғұлама Николай Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағына қазақтың өзге 25 әнінің қатарына енді. Кейін осы жинақты Альвин туған елі Голландияға ала кетті.
Шәкәрім ақынның әндері туралы айтылады.
Шәкәрімнің музыкалық мұрасы 15 ән, 2 күй(«Алабайрақ», «Бозторғай»), 8 әуенмен орындалатын 4 эпикалық шығармадан («Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қалқаман-Мамыр», «Дубровский») құралады.
Жоғарыда аталғандардан басқа А.Визель, А.Затаевич Шәкәрім әндерін жинаған. А.Затаевич-Шәкәрім әндеріне тұңғыш баға берген адам. Шәкәрімнің әншілік мұрасының жиналып зерттелуіне көп еңбек сіңірген өз баласы Ахат Құдайбердиев еді.Ол 1959 жылы алғаш рет «Жаңа ойдан шығарылған бір бөлек бұл ән», «Анадан алғаш туғанымда», «Ойладым бір сөз жазайын деп», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт,Хожа Хафиз түсіме енді де», «Сен ғылымға болсаң ынтық», «Көңіл» атты әндерін консерваторияның фольклорлық зертханасының қорына магнитофон таспасына жаздырып, зерттеуші Асқан Серікбаевамен нотаға түсірді.
Шәкәрімнің сырлары мен толғаныстарын өмірінің соңына қарай жазылған, ел ішінде күні бүгінге дейін өз әуенімен айтылатын ең көркем туындыларының бірі нақты түйіндесе керек.
Ақын атамыздың осы әнін тыңдайық.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» өлеңін Несіпбаева Арай орындайды.
«Шәкәрім жылы» деп жарияланған 2008 жылдың 5-7 қарашасы аралығында Франция астанасы Париж қаласының Франсуа Биеду залында Шәкәрімнің туғанына 150 жыл толуына байланысты «Шәкәрім әлемі» көрмесі ұйымдастырылған болатын. Ақын шығармашылығы қазақ және француз тілдерінде ұсынылды. Сәні мен сазын бүгінге дейін жоғалтпаған ақын-сазгердің әуезді әндерін ел арасына таратушы, насихаттаушы жерлесіміз Келденбай Раузаұлы Өлмесеков Франция жұртшылығының алдында дала дарынының шығармаларын орындады.
► Шәкәрім – прозаик (жазушы)
(Экранда филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбайдың
«Әділ-Мария» романы жайындағы пікірі. Бейнефильм)
Француз ақыны Шәкәрім туралы ● «Les oeuvres d’Abay Kounanbaeyv ont aidé la formation du regard sur le monde de Chakarim Koudajberdiev. Il connaissait bien le Russe, persan, arabe et les langues turques. Était parfaitement bien le signe avec la littérature Occidentale et Orientale.»-деген пікір білдірген.
►Шәкәрім – философ ( тарихшы, шежіреші).
Шәкәрім-қазақ философиясындағы шоқтығы биік тұлға. Оның философиялық дүниетанымын зерттеу ерекше діни және философиялық дайындықты талап етеді. Үстіртін таным, таяз білім Шәкәрім әлемін ашуға дәрменсіз. «Үш анық» философиялық трактаты Шәкәрімнің қазақ философиясына әкелген концепциясы, өзінің жеке тұжырымдарынан туындаған «үш анығы» барын танытады. Бұлар-Шәкәрім өзі қол жеткізген анықтар. Осы үш анықтың негізінде келіп Шәкәрімнің көрсеткен ар ілімі қалыптасады. Ар ілімі-ол рухани тазалық жолы. Ар Аллаға тән қасиеттің адам жүрегіндегі сәулесі болып табылмақ.
Шәкәрімнің таза тарихи бірден-бір зерттеуі, ел білетін «Түрік,қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегі. Бұл еңбегі шежіре деп дәстүрлі атаумен аталғанымен оның кәдімгіше шежіре емес, қазақ тарихына арналған үлкен зерттеу екенін тиянақты танысқан адам түсінеді. Шәкәрәм қажы әлі қалыптаспаған қазақ тарихының алдында тұрған үш мәселеге көңіл аударған. Олар: қазақтың халық болып қалыптасуы, қазақ хандығының құрылу тарихы және хандар генеологиясы. Еңбекті жазу барысында Шәкәрім ортағасырлық шығыс тарихшылары Махмұт Қашқаридың, Нәжіп Ғасымбектің, Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Васифидің, Әбілғазы Баһадүр ханның және кейінгі заманның білгірлері Радловтың, Аристовтың еңбектерін кең пайдаланғанын және өзіндік ой елегінен өткізгені байқалып тұрады.
Қазақ зиялыларының бірі Әлихан Бөкейханов:«…Шаһкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі,Шаһкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес…» -деп жазған.
Қыдыр (7-сынып оқушысы) қытай тілінде айтады.
— Қытай ғалымы, профессор: «Ұлы Абайдың шәкірті — Шәкәрім ақын, ойшыл, әдебиетші, тарихшы ретінде танылды»,-деп зор баға берген болса,
2008 жылдың қараша айында қытайдың бас газеті «Халық газеті», осы жылы «Қытай мәдениет газеті» ақпараттық басылымдары Шәкәрім туралы мақалалар жариялаған.
► Шәкәрім – аудармашы (экранда аудармалары)
Шәкәрім шығыс ақындарының өлеңдерін жатық та шымыр тілмен аударған. Ақынның шеберлігі сондай, кейбір аударма өлеңдер өзінің төл туындысындай біте қайнасып кеткен.Сондай өлеңдерінің бірі–«Жас алпыстан асқан соң…» деп басталатын өлең.Әзірге бұл өлең ақынның Хафиз ғазалынан аудармасы емес, өз шығармасы ретінде топтастырылып келеді.Шынында да бұл өлеңді аударма деуге қимайсыз да. Алайда үңіле келгенде, «Жас алпыстан асқан соң» Хафиздің отыз жетінші ғазалының еркін аудармасы екені айқындалып отыр. Бұл ғазалды Хафиздің неше жасында,қандай жағдайда жазғаны жайлы дерек жоқ, ал 1919 жылы осы өлеңді аударғанда Шәкәрім алпыс бірге аяқ басқан болатын.
Өлең мәтінін оқыту. Жас алпыстан асқан соң,
Өлімге аяқ басқан соң,
Тіршіліктен оянып,
Көзімді анық ашқан соң… (196-197 бет)
●Шәкәрім Құдайбердіұлы орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкин поэзиясын «күн көзіне» балап, оның «Дубровский» романы мен «Боран» повесін өлеңмен өрнектеп, қазақ тыңдаушысына танымал, жақын оқиға етіп аударды.Бұл хас шеберліктен, ізденімпаздықтан туындап жататын кемел құбылыс екенінде шәк жоқ.Пушкин туындысының сөздерін дәлме-дәл қайталамай, жалпы сюжеттік желісін сақтаған. Пушкин жетелеп, оған еріп отырған Шәкәрім «Дубровский әңгімесін» дала хикаятына айналдырып жіберген. Тереңнен толғанып,татымды ұйқаспен сипаттап, орыс әңгімесінің сырлы кілтін қазақ тыңдаушысына ұстата білген.
●Шәкәрімнің әзербайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Сүлейменұлы Физулиден «Ләйлі-Мәжнүн»-ғашықтық дастанын еркін аударуы─халық мәдениетіне қосылған елеулі үлес. Шәкәрімнің қоғамдық көзқарасы да осы еңбектерінен бірсыпыра танылады…
●Л.Н.Толстойды қазақ тілінде сөйлеткен.Бір ерекшелігі Шәкәрім Шығыс және Батыс даналарының ішінен Толстойды бөлекше қарастырып, өзінің ұстазы ретінде қабылдаған.
Танбаймын,шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз,арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет,ардың жолын,
Сондықтан ол — иесі терең ойдың,-деген қазақ ақыны,дала ойшылы Шәкәрімнің Толстойды ұстаз тұтуы жалаң үйрену мағынасында емес, керісінше даналар үндестігі ретінде қабылдануы қажет деп танимыз.Өйткені Шәкәрім Лев Толстойға тұлға ретінде құрметпен қараған және оның дүниетанымымен өзінің көзқарасы көп мәселеде үндес келетінін де жасырмаған.Мәселен, Толстой «ардың жолын» таңдаған, «әділетті» сүйген, «терең ойдың» иесі екенін атап өтеді. Шәкәрім Толстойдан «Асархидон патша», «Үш сауал», «Крез патша» атты үш туындыларын қазақ тіліне аударған.
●Қытай ақыны Ли Бай: «Ұлы ақын — Шәкәрімнің артында қалдырған мұрасының көркемдік құндылығы өте жоғары. Әлемдік өркениетте жеке тұлға ретінде, ұлы ақын, ойшыл ретінде қалдырған мұрасы — жалпы адамзаттық құндылық,»- деген екен.
► Біз бүгінгі сабағымызда талдап, танып отырған ұлы бабамыздың шығармаларынан көптеген құнды ғибрат – үлгі-өнеге алдық.
Қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі аталатын ақындардың бірегейі Шәкәрім туындылары бүгінгі таңда басқа тілдерге аударылып жатыр. Бұл ақын мұрасының ой тереңдігіне, тіл көркемдігіне әлем жұртшылығы назар аударып отырғанын танытса керек.
●Ақын,абайтанушы,ғалым,филология ғылымдарының кандидаты,Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,жерлесіміз Мұрат Сұлтанбеков соңғы он жылдың көлемінде Алаштың ардақтыларының бірі Шәкәрімнің өлеңдері мен поэмаларын орыс тіліне аударумен айналысып жүр.
Дастандары: *Қалқаман-Мамыр
* Еңлік-Кебек
* Ләйлі-Мәжнүн
Өлеңдері: * Поэтам.
* Песня, в которой новейшии мотив.
* О молодости.
* О себе.
* Насихат.
* О старости.
«Поэтам» («Ақындарға»,139) өлеңін м/о.
Назарымызды экранға аударып, аудармашы, ғалым Мұрат Сұлтанбековтің Шәкәрімтану ісінде атқарып жатқан істері жайындағы лебізін тыңдайық. (Бейнебаян)
Қазіргі таңда ақынның өлмес туындылары тек орыс тіліне ғана емес, басқа да бірнеше тілге аударылғаны мәлім. Француз, қытай, ағылшын тілді халықтар Шәкәрімнің шығармаларын өз тілдерінде оқып таныса алады.
Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық мұражайында ашылған «Шәкәрім әлемі» этнографиялық көрмесі 2008 жылы қараша айында Францияның астанасы Парижде болып, ойшыл ақынның шығармашылығынан, өмір жолынан сыр шертті. Екі бөлімнен тұратын бұл көрме арқылы француздар қазақ ақынының сөз өнерінің ғана емес, қолөнерінің де шебері және саятшы-бүркітші болғанын таныды. Жалпы аумағы 800 шаршы метр жерді алатын көрмеде жалғыз Шәкәрім ғана емес, оның туып өскен жерінің, халықтың болмысы қамтылды. Бұл әлем халықтарының ұлы ақын мұрасына деген зор қызығушылық танытуының айқын дәлелі емес пе?
Әлем танып, даналығын мойындап отырған ұлтымыздың мақтанышы, кемеңгер ұлдарының бірі – ақын атамыз Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған мектеп-гимназия оқушыларының
-балауса жырлары қазақ тілінде
орыс тілінде
ағылшын тілінде
Жұманбаева Балаусаның ұлы ақынға арнаған бір өлеңі.
Шәкәрім
Ел үшін белді бекем буғаныңды,
Өлең мен өнер жолын қуғаныңды,
Құрметпен еске алады халқың бүгін
Жыр маржанын халқыңа жиғаныңды.
Ұрпаққа үлгі-өнеге барлық ісің,
Бәйтерексің, биіксің, мәрмәр мүсін.
Еліңді ойлап, жырыңмен қуат берген
Шәкәрім, қазағымның нар ұлысың.
Мектебіміздің 10- сынып оқушысы, музыка мектебінің түлегі Қалиханов Дәулеттің өзі шығарған «Шәкәрімге арнау» күйін қабыл алыңыздар.
Бекіту.
Шәкәрім шығармаларының берер үлгісі, тағылымы мол екендігіне көз жеткіздік.
* Қорытындылау. Шәкәрім – ұлттың мәңгі ұяты,ұжданы,ұйтқысы. Ақын мұрасы–халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Ол адам тіршілігінің сан саласын қамтып,бүгінгі мен болашақты ұштастырған өміршеңдігімен қымбат.Халық тарихи дамудың қаншама асуларынан асып,қандайлық биігіне көтерілсе де Шәкәрім аты мен Шәкәрім сөзі әрдайым біздің аузымыздағы жырымыз, көкірегіміздегі иманымыз, санамыздағы ұжданымыз болып қала бермек. Жасырғанмен жата ма сыр ашылмай,
Жатырмыз жабыла оқып мұрасын бай.
Өлмес ақын өлеңі бізге қазір
«Өшпеймін, өлмеймін» деп тұратындай.
Төлеген Жанғалиев