1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс елді мекені
№74 орта мектеп мұғалімі Ботакөз Жұмағалиева

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі

Құрметті шақырылған қонақтар, ұстаздар ұжымы, техникалық қызметкерлер, оқушылар! Сіздерді 1мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Көзді ашып – жұмғанша көлбең ете қалған көктемнің  соңғы айы мамыражай мамыр да маңғаз басып маңымызға жетіп қалды. Алғашқы күнінен бірлік пен берекеге бастайтын бұл айдың барша адамзат үшін асқақ абыройы бар. Дүниежүзілік Ынтымақ, Еңбек, Бейбітшілік күні біздің елімізде де «Қазақстан Халықтарының бірлігі» күні деп аталып өтіледі.

            Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары Жердің қамқоршысы әйел-құдай – Маяға табынған. Соның құрметіне бүгінге дейін мамыр айының алғашқы күні серуендеу мен салтанат мерекесіболып есептеледі.

            1890 жылы Парижде өткен ІІ интернационал конгресінің шешімімен 1886 жылы Чикагода болған америкалық еңбекшілердің 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, капиталистер мен қанаушыларға қарсы жанқиярлық күресінің құрметіне Варшава қаласында сол жылдан бастап 1 мамыр еңбекшілердің ынтымағы  мерекесі ретінде аталып келеді. Алғаш айтулы мейрамды 1890 жылы Аустро, Мажарстан, Белгия, Алмания, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция сияқты мемлекеттер атап өтті.

Содан бері аумалы – төкпелі заман өтіп, саяси жүйелер жаңғырса да, қазіргі таңда 1 мамыр мерекесін әртүрлі мазмұнда әлемнің 66 мемлекеті тойлайды.

            Украинада 1 мамыр күні халық алаңда мереке ұйымдастырып, орманда серуен құрып, кәуап дайындайды.

            Оңтүстік Африка республикасында халықтық өнер туынндыларының көрмесін ұйымдастырып, төмен бағамен жалпы халыққа арналған тұрмыстық бұйымдар сатылады.

Сицилияда – жергілікті халықтың сенімі бойынша бұл күні даладан түймедақ (ромашка) теру бақыт әкеледі-міс.

            Британияда 1 мамыр – демалыс күні. Ресей империясында 1890 жылдан бастап

1 мамыр мерекесі аталып келеді. Алайда 1897 жылы бұл бұқаралық бас көтеруге ұласады. Тек большевиктер 1917 жылдан 1 мамыр мерекесін тұрақты түрде атап өтуді дәстүрге айналдырған. 1 мамыр қызыл төңкеріс пен таптық күрестің символы болды. Кеңестік идеологияның тегеуріні сондай 1 мамыр күні Маяковскийдің «Бейбітшілік!, Еңбек! Мамыр!»  деген сөзімен ұран тастап, алқызыл жалау желбіретіп, алаңда төбе көрсетпегендерді  ертесіне жұмыстан шығарып жіберетін.

            КСРО –ның орнын басқан Ресейде 1 мамыр мерекесін 1997 жылдан  бастап көктем  және еңбек мерекесі ретінде атап  өтеді.

            ТМД елдері ішінде Ресей мен Молдавия бұл мейрамда қатарынан 5 күн демалады.

Ал Әзербайжан, Грузия Түрікменстан және Өзбекстанда 1мамыр – жұмыс күні, бірақ өзбек, түрікмен жұрты бұл күні ұлттық тағам дайындап, өзбекше, түрікменше тойлайды.

            Ал бізде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың – феномені – Қазақстан  халықтары   Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

            Ассамблея 365 мүшесі, 471 ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық – мәдени бірлестіктері , 500- ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт – дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дмытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Өзара түсіністік, ұстамдылық әртүрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтың идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық – құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңе білді. Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Кең байтақ Қазақстанды 130 дан астам ұлт пен ұлыс мекен етуде. Бұл ынтымақ үрдісі ғасырдан – ғасырға жалғасуда.

            2006 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша  қазақтардың саны 11008,1 мың адамды(он бір мың сегіз бүтін оннан бір) , орыстар -2962,1 мың адамды(екі мың тоғыз жүз алпыс екі бүтін оннан бір), украиндар-444,7 мың, өзбектер -433,5 мың, ұйғырлар- 231,4 мың, татарлар -229,1 мың, немістер -222,5 мың адамды құрады. Республика  халқының жалпы санында ең көп үлес салмақты қазақтар -58,9 пайызды және орыстар 25,9 пайызды алып отыр. Басқа этностар мен этникалық топтар үлесіне республика халқының 15,2 пайызы тиесілі болып табылады.

            2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстан Республикасының халқы 16 миллион 403 мың адамға жетті және қазақтар – 67 пайызды құрады.

            2010 жылдың 1қазанындағы халық санағы бойынша халық саны 17 200 000 адамды құрайды, , қазақтар 75,9 пайыз. Аталған санақ бойынша еліміздегі қала тұрғындарының үлесі 54,1 пайызды, ауыл халқы -45,9 пайызды құрап отыр.

            Қазақстан жұртында 75 пайыз мұсылмандар, 25 пайыз христиандар. Елімізде дінге шек қойылмаған.Халқының негізгі бөлігі мұсылмандар болса да Қ.Р. зайырлы мемлекет.

Қазақтар Қазақстаннан басқа әлемнің елуден астам елінде өмір сүреді. Қазақтардың негізгі бөлігі Қазақстанмен шекаралас елдерде тұрады. Қазақтардың ең көп диаспорасы Қытайда(2,7 млн), Өзбекстанда (1,5 млн), Ресейде (1,2 млн) шоғырланған. Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері шамамен 1 млн. Этникалық қазақтар елімізге оралды.Қазақстан Германия, Израиль, Греция, Ресей сияқты этникалық отандастар мәселесімен айналысатын әлемдегі санаулы елдердің бірі.

            Бүгінде 130-дай ұлтты ұйыстырып отырған елімізде 1 мамыр мерекесінің мерейі үстем. Бұл күн – халқымызды етене жақындастыра түсетін тағылымды мереке. Бүгінгі күні игі дәстүрге айналған бұл мереке – «Алтын бесік» деп аталады. Халқымызда туған жер – алтын бесік деген сөз бар. Баршамыздың ортақ Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан біздің бірлігіміздің алтын бесігі. Қашанда береке бастауы бірлік болған. Қазақстанның бүгінгі қарыштап дамып отырғаны – еліміздегі жүрегі бір, тілегі орақ түрлі этнос өкілдерінің жарасымды өмір сүруінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз болып табылады.Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артық. Сондықтан біздің ең асыл қазынамыз – елдің ынтымақ, бірлігі деді өзінің сөзінде мемлекет басшысы.

            Ата – бабамыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Азаттықты аңсап, тәуелсіздікті, теңдікті, елдікті көкседі. Сан жылдық аласапыран  шайқас, күрес, қақтығыстардан арылып, татулықтың туы желбіреген бейбіт ел болуды армандады. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздік таңына талып жеткен қазақ елі бүгінде бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр десек артық емес. Астана төріндегі әлемнің әр тарабындағы барша ұлттар мен дін өкілдеріне дос құшағын айқара ашқан «Бейбітшілік пен келісім» сарайы да бірлік пен берекенің символы іспеттес. Көптеген елдерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар толастамай тұрғанда біздің береке – бірлігіміз өзге елдерге үлгі болатындай.

            Ертеден еркіндік пен елдікті, бейбітшілік пен берекені тілеген еліміз ешқашан өзгені өзекке теппеген. Сонау күндері елінен еріксіз және ерікті түрде қуылғандар мен қашқындардың да нәсіліне қарамай, бір үзім нанын бөліп беріп, бір жастықты жастанған қазақ қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес. «Әйтеуір, Алладан қайтар» деп тілейтін халықты құдайы қалт жібермеген болар. Бүгінгі елдің жағдайы шүкіршілік!

            «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол -бірлік».Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет.

             «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, бұл жолда да ел тұтастығы мен татулығының ықпалы мол. Қазақстанның  қарымды қадамы қарыштап, бедел-абыройы шарықтап, шаңырағы шайқалмай, өзгелерден тайсалмай, теңдігі мен тұрақтылығының баянды болғаны – осы бірліктің арқасы.

            Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез – келген ұлт өкілі тең құқылы. Ұлы Абайдың «Азаматтың бәрін сүй бауырым» деп айтқан өсиетін, кемеңгер,ойшыл  Пифагордың «Жердің жемісін жылына бір көрсек, достың жемісін күнде көреміз»деген даналық сөзін басшылыққа алған елбсымыз Н.Ә.Назарбаев «Көр ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» дейді.

Қазақстан халықтарының мерекесі бүгінде мақтаныш емес, ұлттар мен ұлыстар бірлігінің шынайы рәмізіне айналған еліміздегі айтулы мереке.

            «Төртеу түгел болса төбедегі келері» хақ.  Сан ұлттың мекені болған мемлкетіміздің алар асуы алда. Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел.Әрдайым осы бірлігімізден айырылмай, татулығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін!

            Сіздерді тағы да 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі меркекесімен құттықтап,ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, әрбір отбасына береке – бірлік, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Ынтымақ пен бірлік мерекесі құтты болсын!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше