Түркі елінің кемеңгері.
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс елді мекені
№74 орта мектеп мұғалімі Жұмағалиева Ботакөз
Мақсаты: Қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани ұстазы Қорқыт баба туралы мағлұмат беру, Қорқыт бабаның дүниеге келуі, күйлерінің шығу тегі, Қорқыт бабаның даналық сөздерін оқушы санасына сіңіру.
Тәрбиелігі: Оқушыларды адамгершілікке, инабаттылыққа баулу. Қорқыт бабаның даналық сөздерін оқушы санасына сіңіру арқылы мейірбандылық пен ізгілікке тәрбиелеу.
Дамытушылығы: Қызығушылығын арттыру арқылы оқушылардың шығармашылық ізденістерін дамыту.
Әдісі: Түсіндіру, оқушылардың баяндауы, әңгімелеу, сөз жұмбақ шешу, көрнекіліктермен жұмыс.
Көрнекілігі: Қорқыт баба суреті, Қорқыт бабаның нақыл сөздері, Қорқыт баба ескерткіші, кітап бұрышы, баспа материалдары, қобыз, буклеттер.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасып, сынып бөлмесін және оқушыларды тәрбие сабағына даярлау.
ІІ. Негізгі бөлім. Топ жетекшілері әр топтың тәрбие сабағына дайындығы туралы мектепішілік ұландар ұйымының жетекшісіне мәлімет тапсырады.
1. Зерде тобының ұраны: Ежелгі жау ел болмас, Ескі темір біз болмас.
2. Атамұра тобының ұраны: Анадан өнеге көрмеген қыз жаман Атадан тағылым көрмеген ұл жаман
Кіріспе сөз.
Қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани ұстазыкүй мен сөздің күймесі қорқыт бабаны білмейтін кім бар. Ол күй атасы қорқыт ғана емес, жұтпен алыса алатын ұлы бақсы, Түмен ел түркінің көктегі жаратушысымен тілдесе алатын тәңірлер пайғамбары, тәңірлік танымның темір қазағы ата қорқыт әулие –Ұлы Қорқыт.
Ежелгі шежірелер бойынша Қорқыттың анасы қыпшақ қызы, әкесі Күл ханның баласы Баяттан туған Қарақожа деген кісі болған. Қорқыттың анасы баласына жүкті кезінде құланның жаясына жерік болып, нәрестені 3 жыл, 9 күн көтереді. Босанатын кезде анасы тәңіріне жалбарынып көздің жасын төккенде төңіректі қою қараңғылық қаптап ызғырық жел соғып, селдетіп жауын жауады. Үш күн бойы дамылсыз соққан дауыл, дүниені дүрілдеткен дүлей күштен жер басқан пенде мен жан-жануарлар түгел қорыққан. Осындай сәтте дүниеге келген баланың атын «Қорқыт» қояды. Қорқыт дүниеге келгенде бірден сөйлей бастаған, сәлден соң жүріп кеткен. Бұл туралы академик: Ә. Марғұлан атамыз
Қорқыт туар кезінде
Қара аспанды су алған
Қара жерді құм алған
Ол туарда ел қорқып
Туған соң әбден қуанған – деген.
Қорқыт бабаның атақты желмаясы туралы аңыз.(Оқушылардың ізденіс жұмыстары)
1-оқушы – Қорқыт бала кезінде қыпшақ нағашыларына барғанда оған «Нармая» атап, тау тайлақ тұқымынан бір ботаны сыйға тартқан екен. Сусыз жерлерде шөлдеуді білмейтін нар мая Арал және Каспий теңіздерінің бойында мекендеген тайпаларда кездесетін жойқын көлік болған. Міне сол ботаны қорқыт өз қолымен үйретіп өсіреді. Ол Қорқыттан өзгенің мінгеніне жүрмейді. Ал Қорқыт өзі мінгенде ол қанатты құсқа жеткізбейтін, ой мен қырды еркін басып, айдын судан ұшып өтетін сенімді көлігі әрі серігі болған.
2- оқушы. Қорқыттың қобызды қалай жасағаны туралы аңыз. Қорқыт жас кезінде желмаясын мініп қараңғы түнде елсіз далада келе жатса жанынан сарнай шыққан әдемі бір үн естіледі. Қорқыт жерге түсіп үн шыққан жерге келсе айдалада өзінен -өзі тартылып жатқан қобызды көріп таң қалады. Қобыздың сарыны басылған кезде оны бауырына басып қатты қуанады. Бұл менікі деп дүниеге жариялайды. Желмаясына мініп, ел-елді аралайды, сұлу күйлер тартады. Сол кезде жұртшылық «Қорқыттың қобызы» деп атап кеткен.
3- оқушы: Қорқыттың өлімнен қалай қашқандығы туралы аңыз. Бір күні түсінде ақ киім киген біреу 40 жастан артық жүрмейсің деп аян береді. Қорқыт өзінің түсінен шошып өлмейтін жер, өшпейтін дүние іздеп ұзақ жоға шығады. Бірақ қай жерге бармасын алдынан «Қорқыт әулиеге» көр қазып жатқан адамдар кездесе береді. Оны көрген ол зәресі ұшып дүниенің екінші шетіне жөнеледі. Онда барғанда да бұрынғы түсін қайтадан көріп шошыған ол дүниені түгел кезіп шығады. Жан сақтауға жер таба алмаған Қорқыт 40 жылдан кейін туған елі сыр бойына қайтып оралады. Ол жұртшылықпен кездескенде қобызы сарнаған сайын өлім қанша жақындап келсе де оның маңына жолай алмайды.
Қорқыттың қобызды қалай жасағаны туралы (көрініс)
Қорқыт жасынан өте ұғымтал құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспатардың бәрінде керемет ойнайды екен. Алайда ол оған қанағаттанбайды, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, жүз толғанып қарағай ағашынан кесіп әкеліп содан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ ары қарай не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып көзі ілініп кетеді. Түсінде періште енеді. Ол Қорқытқа «Қорқыт, жасап жатқан қобызың 6 жасар нар атаның жілігіндей екен. Ендігі оған нар түйенің терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек керек. Осылар табылса аспабың сайрағалы тұр екен» деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна сала осы айтылғандардың бәрін жасайды.
Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым
Желмаяның терісін шанақ қылған қобызым
Ортекенің мүйізін тиек қылған қобызым
Бесті айғырдың құйрығын ішек қылған қобызым
– деп қобызды қолына алған кезде аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң бәрі тоқтай қалып, құлақ түре тыңдапты.
ӘН: «Қорқыт – қобыз» . Шамұратова Г.
Қобыз Қорқыттың сүйген құралы. Ол өз мұңын қобыз арқылы шағады.
«Әуіппай» күйінің шығуы туралы аңыз.
Қорқыт қасиетті кілемін төсеп су бетінде отырғанда Сырдарияның жағасына бала көтерген бір әйел келеді. Өзі арып-ашып, емшегінен сүт шықпай аш бала жылай береді. Ол дарияның ортасында ағып келе жатқан Қорқыттан көмек күткендей телміре қарап, баласын әуіппай, әуіппай деп жұбатып тұрады. Сонда қолынан келері жоқ күйші: Айналайын балам-ай Жас балаңа алаңдай Аш болсаңда ойыңда Аман сақтау балаңды-ай – деп, тебіреніп, ананың перзентіне деген ыстық махаббатын күй тілімен сөйлеткен екен.
ӘН: «Отаным Қазақстан» Алдамжарова, Шерниязова.
Сонымен Қорқыт ІХғ. тұсында жанкент шаһарында дүниеге келген. Өмірінің алғашқы кезеңі 60-70 жыл ішінде (20 жыл жастық шағы, 40 жыл өлімнен қашу) Орта Азиямен қазақстанның бар аймағына араб басқыншылары әкелген ислам дініне бас имей, бақсылардың пірі, олардың пайғамбары болады. Ол Сыр бойына қайтып оралғанда 60 жастан асқан әйгілі қобызшы, жыршы және бақсы еді. Көп жылдан кейін қайтып оралған Қорқыт ислам дінін бірте-бірте мойындап, қабылдай бастайды. Қобызшы қорқыт бір жерде отырмай ел-елді кезіп, қобызымен күй тартып жүріп мұсылмандыққа жүгінді. Бір күні түсінде біреу аян беріпті «Сен өлімді өзің аузыңа алмасаң, саған еш уақытта өлім жоқ» – депті. Содан кейін Қорқыт аузына тек «Алла», «Құран» дегеннен басқа сөз алмапты. «Қорқыт ата » кітабындағы нақыл сөздер оны оғыздардың ұлы ойшылы, мемлекет қайраткері ретінде көрсетеді. Қорқыт атаның нақыл сөздері.
Көркем сөз: «Қорқыт елі» Ұлмағанбетова Н. «Қорқыт пен қырық қыз» туралы жыр. «Қорқыт бабаның дүниеден қалай өткендігі туралы аңыз» Тыңдасаң шіркін, қобыздың қоңыр сарынын Желпиді самал даланың сайын ағымын Ғасырлар көші жеткендей жөңкіп қылынан Бабалар үні айтқандай бізге тағылым Қорқыт мұралары көптен бері ғалымдардың назарында болып зерттелуде.соңғы жылдары профессор Ә.Қоңыратбаев араб саяхатшысы Зиядин Нағашабидің ХVғ. Хатқа түскен «Китап дадам Коркут ғали лисан огуздан» деген еңбегін қазақшаға аударды. Қазақша аты оғыз тайпасының ұлы тілінде жазылған «Қорқыт ата кітабы» деген сөз. Ол 1986 жылы қазақ тілінде жарық көрді. Сыр бойында дүниеге келіп, Сыр бойында дүниеден өткен Қорқыт бабаның сүйегі Сыр жағасына жерленген. Бейіті саз кесектен салынған, төбесі күмбезделіп 6-8 бұрыш болып,ұштары үшкір оюлармен біткен. Дария тасығанда бейіттің өзен жақ қабырғасы қопарылып, 1952 жылы құлаған. Ұлы қобызшы Қорқыт бабаның жамбасы тиген жерге 1980 жылы архитектор Б.Ибраев пен физик-академик С.Истаевтің жобасы бойынша төрт қобызды біріктіріп салған ескерткіш орнатылған. Қорқыт бабаның ескерткішін тұғырға орнату. Қорқыт бабаның батасы. 13 ғасыр өтседе мәні өзгермей, мазмұны тереңдеп айшықтана түскен ұлы бабаның батасы сіздер мен бізге бақ – берек боп дарысын.
Қорытынды: Сөзтуым «Қорқыт»
ӘН: «Сыр елім»
Көрнекіліктерді таныстыру.
