Қазалы күнде жоқтау айту-ұлттық дәстүріміздің жақсы үлгісі

 Ақтөбе облысы  Қобда ауданы
Қобда қазақ орта мектебі Омарова А.К

 Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тәуелсіздік халқымыздың тарихына, мәдени-рухани мұрасына қайта үңілуге мүмкіндік берді. Қазалы күнде жоқтау айту – ұлттық дәстүріміздің жақсы үлгісі . Біздің қазақ ұлтының осы ырымынан – ақ ғасырлар бойы жинақталып түзілген қасиетті салт – дәстүріміздің сыпайы мәдениеті мен әдебінің жоғары болмысы көрініп тұрады. Сондықтан жоқтаудың тәрбиелік мәні де зор. Ал қазіргі кездегі  жоқтаудың  мәні өзгеріп  бара жатқандығы  бәрімізге мәлім. Әсіресе  қарапайым  халық  арасында не тәрбиелік мәні жоқ, не жоқтаушы адамның  тындырған ісі, бала-шағасына қалдырған  өсиет-мұрасы айтылмайды. Ұйқас қуып, «дауыс шығарды»  деген атты ғана ойлайтын болдық. Сол себепті де бүгінгі  күні  жоқтаудың сөзіне, әніне, сазына мән беруі керек.

Сол себепті жоқтау  өлеңдерді  зерттеп, шынайы бағасын беру – көкейтесті мәселелердің бірі және уақыт талабы. Сондықтан біз осы жұмыста жоқтауларды  осы күнге дейінгі зерттеулерді негізге ала отырып, жан-жақты талдап, ғылыми жобаға ұсынуды  мақсат еттік. Зерттеу тақырыбының өзектілігі де осы тараптан айқын аңғарылады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.  Жұмыстың негізгі мақсаты жоқтау өлеңдердің  бұрынғысы мен бүгінгісін салыстыра отырып, қазіргі кездегі жоқтау өлеңдердің сипатын, тәрбиелік мәнінің жоғалып, жаттанды қара өлең түріне  айналып бара жатқандығын ашып көрсету.

Ол үшін зерттеу жұмысының алдына төмендегідей мақсат-міндеттер қойылды:

–  жоқтаудың  жанрлық, тақырыптық қырларын ашу;

–  жоқтау дәстүрінің ғұрыптық мәнін жан-жақты қарастыру;

–  жоқтаудың түрлерін және басқа  салт-дәстүрмен сабақтастығын

көрсету;

-жоқтау жанрының дамуына  үлес қосқан  ақындар  өлеңдерін пайымдау;

–  жоқтау өлеңдердің тәрбиелік сипатын ашу;

–  жоқтау өлеңдердің табиғатын анықтап, тағылымын көрсету.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

–  Жоқтау өлеңдердің сипаты мен қазіргі қолданылу аясы жаңаша қарастырылды.

–  Жоқтаудың  бұрынғысы мен  бүгінгісі салыстырыла қаралып, уақыт үндестігі, көркемдік дәстүр жалғастығы сараланады;

–  .

Зерттеу жұмысының нысаны ретінде «Мың бір мақал; Жиырма үш жоқтау.», Т. Арыновтың  «Боздағым» Қазақтың жоқтау жырлары  және  зерттеу жұмысы кезіндегі  қарапайым адамдардан  жиналған жоқтау үлгілері т.б материалдар пайдаланылды.

Зерттеу пәні. этномәдениет

Зерттеу жұмысының әдісі. Жоқтау өлеңдерді  зерттеу барысынды алға қойған мақсаттарды орындау үшін жинақтап жүйелеу, салыстырмалы, тарихи талдау әдіс-тәсілдері қолданылды.

Жұмыстың теориялық негіздері.

Жұмыс мазмұнын  жан-жақты ашу үшін әдебиеттану ғылымының әдебиет теориясы, әдебиет тарихы салалары негізге алынды. Осы үш саладағы ғылымның көрнекті өкілдері: А. Байтұрсынов,  М. Әуезов, С.Сейфуллин, Т. Арыновтың  еңбектері басшылыққа алынды.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.

Жұмыс мазмұнында  айтылған ой-пікір жалпы білім беретін мектептерде қазақ әдебиеті пәнінде, арнаулы курстар мен семинар сабақтарын жүргізгенде қолдануға болады.

 

 

Кіріспе

 

Қазақ халқының дәстүрінде тәрбиелiк iс-әрекеттер баланың туған күнiнен бастап,  азамат болып, отбасын құрып, ел басқару iсiне араласқан кездерiнде, қала бердi адамды о дүниеге шығарып салуға дейiнгi салт-дәстүрлерде (құда түсу, үйлену, шiлдехан, бесiкке салу, қарын шашын алу, тұсау кесу, атқа мiнгiзу, тiл ашар, бастаңғы, мал бағу, көшiп-қону, жауға аттану, естiрту, жоқтау, жаназалау, жетiсi, қырқы, бейiт тұрғызу, жылын беру т.б.) кездесетiн ырымдар мен жол-жораларда  iске асырылады. Яғни адам баласы туғаннан о дүниеге аттанып кеткенше халықтық тәрбиенiң бесiгiнде тербеледi. Ол халық тәрбиесiнiң өмiршеңдiгiн, үздiксiз жүргiзiлетiн процесс екенiн көрсетедi. Сондықтан да адам баласы дүниеге алғаш келген күннен о дүниеге аттанып кеткенше (пәниден бақиға дейiн) халықтық тәрбиенiң құшағында өмiр сүредi. Халықтық ырымдар, жол-жоралар жиналып келiп ұлттық салт-дәстүр  рәсiмдерiнiң бәрi  белгiлi бiр мақсатты көздей iске асырылып, ол ойлар өлең-жырмен өрнектеледi.

Өлiктi естiрту, жоқтау, жөнелту рәсiмдерiмен байланысты туған өлең-жырларда  да тәлiмдiк мақсат көзделедi.

Ертеден бері келе жатқан салт өлеңдерінің бір түрі – жоқтау екені  белгілі. Ахмет Байтұрсынов: «Жоқтау өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбінесе белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның әйелі, иә қызы, иә келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына  түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз – жоқтауды көбінесе ақындар шығарып береді. Сондықтан жоқтау ақын лұғатты келеді» [1, 308 б.], – деп түсініктеме береді.

«Өмір бар жерде өлім де бар» дейтін халқымыз өлгенді дәріптеп, еске түсірумен қатар тірі шағында еткен еңбегі мен жасаған жақсылығын кейінгіге үлгі ету мақсатында туындаған «жоқтау» дәстүрінің тамыры тереңге жайылған.

Ал қазіргі кездегі  жоқтаудың  мәні өзгеріп  бара жатқандығы  бәрімізге мәлім. Әсіресе  қарапайым  халық  арасында не тәрбиелік мәні жоқ, не жоқтаушы адамның  тындырған ісі, бала-шағасына қалдырған  өсиет-мұрасы айтылмайды. Ұйқас қуып, «дауыс шығарды»  деген атты ғана ойлайтын болдық.

Жұмыстың негізгі мақсаты жоқтау өлеңдердің  бұрынғысы мен бүгінгісін салыстыра отырып, қазіргі кездегі жоқтау өлеңдердің сипатын, тәрбиелік мәнінің жоғалып, жаттанды қара өлең түріне  айналып бара жатқандығын ашып көрсету.

1.1  Жоқтау тарихы

Жоқтаудың дәл қай кезде туып, дәл қай кезде хатқа түскенін нақты айту қиын. Десек те, осы қастерлі дәстүр көшпелілер өмірінде басқа ешбір халыққа ұқсамайтын, өзіндік бағытта, тосын бір жолда қалыптасты, дамыды. Академик Ә. Марғұлан: «Жоқтау әдебиеттің ең ескі түрі. Оның шығуы үй ішінде, қауым ортасында болған игі адамдардың дүниеден көшкеніне өкініп, оларды еске түсіру ретінде айтылған жыр. Жоқтау Орхон жазуларының түбегейлі аялғысы», – дейді. Бұдан түйер ойымыз, этнографиялық сипаттағы тасқа қашап жазылған дастандарымыз жоқтаудың көне үлгісі ретінде көрінеді.

Жоқтаудың ежелгі үлгілері  үнді эпосы “Махабхаратада” да, Гомердің поэмасы “Илиада” да, Мысыр жырларында да кездеседі. Жоқтау үлгісіндегі жырларды ежелгі грек трагедияшылары, сондай-ақ Рим ақындары Катулл мен Вергилий де жазған.

Сонау сақ­тар мен ғұндар дә­уі­рі­нен бастап-ақ біз­дің түркі бабаларымыз қайтыс болған адам­ды жоқтап, дауыстап жылап жерлеп кел­ген. Бұл ата дәстүріміз бізде күні бүгінге дейін сақталып қалған.

Жоқтау жырлары ежелгі түркі халықтарына ортақ басқа әдеби мұраларда да кездесіп отырады. Соның бірі – оғыз-қыпшақ дәуірінің (8 – 9 ғасырлар) ескерткіші “Қорқыт ата кітабындағы” Дирсеханның жалғыз ұлы Бұқашты анасының жоқтау жыры. Осындай жоқтаулар ауыз әдебиетіндегі “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын” сияқты қаhармандық эпостарда, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек” сияқты ғашықтық жырларда да ұшырасады. Бұл жоқтау батырдың ел-жұртынан амалсыз айырылған кезінде, жау қолына түсіп дұшпанынан қорлық көрген кезінде туыстарының қайғысымен аралас суреттеліп отырады. Жоқтаудың бізге жеткен көне үлгілері халық тарихындағы болған оқиғалармен сабақтас. Осындай оқиға Қодан тайшының атақты жоқтауымен байланысты халық жадында сақталып қалған. Қара қыпшақ Қобыланды Әбілхайыр ханның қазысы, арғынның әділдігі үшін Ақжол аталған биі Дайырқожаны өлтіреді (1456). Сонда әкесі Қодан тайшының қаза болған ұлының сүйегін айналып жүріп айтқан, “Қара қыпшақ Қобыландыда, Нең бар еді, құлыным” деп басталатын жоқтау арада сан ғасыр өтсе де халық жадында сақталып қалған. Дайырқожа өлгеннен кейін Жәнібек, Керейлермен бірге Шу бойына көшкен Қодан тайшы Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне өз үлесін қосқаны тарихтан белгілі. Қазақ халқының әдет-ғұрпы бойынша, жоқтауды марқұм болған адамның артында қалған әйелі, қызы, қарындасы, келіні, басқа да туыстарының әйелдері айтады. Ел ішіне кең тараған жоқтау жырлары негізінен айтар ой сарыны, ұйқасы, образды сөз кестесі жағынан бір-біріне ұқсас болып келеді. Елге қадірлі, беделді адамның қазасын лайықты жырмен жоқтау оның артындағы қалған ел-жұртына салмақты сын болған. Әдетте, жаттанды сөздермен көпке белгілі жоқтау үлгілері ондай кезде жаңаша айтылып, мазмұны жағынан толығып отырады. Ел есінде сақталған осындай жоқтау үлгілері ауызша тарап, көпшілігі кейінгі ұрпаққа жеткен. Осындай жоқтаулардың бірі – “Мамайды шешесі Қараүлек ананың жоқтауы” (1559). Қараүлек ана Мамайдың бойындағы асыл қасиеттерін терең жеткізіп, осындай адам өлген соң елдің келешегі не болады, орнын кім толтырады деп тебіренеді. Жоқтаудың айтылған уақыты да, ондағы адамдардың өмір сүрген дәуірі де тарихи деректерге сәйкес. Атақты Қаз дауысты Қазыбек биді қызы Қамқаның жоқтау жыры да (1758) – аяулы азамат есімін қастерлеп, кейінгіге оның ісін жоқтау жыры арқылы жеткізе білудің жарқын үлгісі. Қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой, бауырымдап” ат қойып шауып келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі. Жаз күндері қаралы ауыл көшіп-қонғанда, үй жығып жатқанда дауыс салып жоқтау айтылады. Таң сәріден тұрып, жүк артып болып, көш жолға шығар алдында да жоқтау айтылған. Мұның бәрі – қайтыс болған адамның соңғы күндері өткен, соңғы рет жүріп-тұрған жерін, қоныстанған жұртын қимай, сол атамекені мен қайтқан адамның арасындағы үзілген байланыстың қайғысын жария етуді білдіреді. Баратын жеріне жеткенше қаралы көш жоқтау айтуды жалғастырып, сол мұңды, зарлы қалыптарымен келесі қонысқа жеткенше ешқайда бұрылмай жүре беретін. Жолда кездескен ауыл қаралы көштің қонақасын көтеріп алатын болған. Сондай-ақ жоқтау қаралы хабарды кеш алған сыйлы адамдар келгенде де айтылады. Жоқтаудың созылыңқырап айтылатын, ғасырлар бойы қалыптасқан әр түрлі сарыны бар

Елім деп еңіреп туған ерлерін, қол бастаған батырларын, ту көтерген ұлдарын ардақтау бағзы заманнан келе жатқан салт. Жоқтау – түркі халықтарында ежелден тұрмыс-салтымен бірге келе жатқан көне жанр.

Түркі қағанаты дәуірінің сөз шеберлері де белгілі қоғам қайраткерлері, батырлары қайтыс болғанда көне дәуірлерден қалыптасқан дәстүр бойынша жоқтап, олардың еліне еткен қажырлы іс, еңбектерін, ерлікке толы батырлық жорықтарын көлемді жырға айналдырумен қатар, оларға ескерткіш орнатып, жазып қалдыруды, санадан өшірмеуді дәстүр еткен.

Көне түркілер заманында (V-VIII ғасырларда) тасқа қашалған дәйектердің көбінде жеке батырлар, ел басқарған, жорық жүргізген айтулы сарбаздар, олардың ерлігі, өмірі суреттелсе, сол жорықтарда қаза тапқан әрі ақылды, әрі батыр ұлдары (Күлтегін, Білге Қаған т.б) арналған жоқтаулардың бірен-сараны бүгінде сақталған.

Жоқтаудың әлеуметтік, идеялық тұрғысынан қарағанда, қазақ қауымының ислам дінін місе тұтпай, толық мойындамай өткені бірден білінеді. Оның сыры мынада. Сонау көне замандардағы түркі кезеңінің өзінде (V-VIII ғасырларда) түркі тайпаларынан «өлген адамға қатты қайғырып, өлген адамның тумалары шашын жұлып, бетін тырнап, құлағын кесіп, өздерін қорлайтын» әдет болған. Оның мәнісі «өлген жақсы адамның артында қалып, онсыз сүрген өмірде не мән бар?» – деп қараудан шыққан. Бұған ешкім тыйым салмаған. Сондай-ақ, Иорданның еңбегінде Еділ (Атилла) патша қайтыс болғанда ғұндар қайғыра отырып, той өткізген. Бір-біріне кереғар көрінетін шаралардың өткізілуін ежелгі адамдар өздерінше түсінген. Той – марқұмды сыйлау, ал, спорттық ойындар – әскерилердің ойыны емес, марқұмның тірі кезінде көңіл көтеру мақсатында жасаған істері ретінде енді оның құрметіне бағышталып өткізілген.

Осылайша бір үзіліп, бір жалғанып келген жоқтау айту дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

 

1.2 Жоқтау түрлері

 

«Жоқтаулардың күй жоқтау, ән жоқтау, жыр жоқтау деп аталатын түрлері кездеседі», – деп «жоқтау» тарихын жік-жікке бөліп, жете меңгеріп, зерттеген ғалым Тоқтар Арынов жоқтауды үш түрге бөледі. «Біріншісі, өлген азаматтың балалары (көбінесе қыздары) шығарған, солар айтқан жоқтаулар; Екіншісі, өлген азаматтың анасы не жұбайы шығарған жоқтаулар; Үшіншісі, белгілі бір ақын, жыраулар шығарған жоқтаулар;» [5;] «Мұң-шер әндері»  – «Жоқтау», «Жылау», «Дауыс» деп түрліше аталғандарымен, бұлар адамның қазасына байланысты келетін азарлы рәсімдер.

Ақ некелі әйелдің азаматы дүниеден озғанда, шашын жайып жіберіп жоқтау айтады. Өйткені әу бастағы жұптық нышан – қос бұрым тарқатылуы тиіс. Мұнда «сенсіз енді мен де жоқпын» деген ақ, адал жарының өліміне өкініш қана емес, оның өр тұлғасына деген үлкен құрмет жатқан жоқ па?

Сол сияқты қазақтың салтында «ақтай жоқтау» деген дәстүрде кездеседі.

Мысалы құда түсіп, қалыңдық атастырылып, қалың төленіп, екі жақ келісімге келеді. Сөйтіп бұл жағдай жұрттқа белгілі болады. Екі ортада құдалық рәсімдер, барыс – келіс басталады. Күйеу жігіт ұрын барған кездер де болады. Осындай жағдайлардан кейін тағдырдың жазуымен күйеу жігіт қайтыс болса, әдет заңы бойынша оны оң жақтағы (өз үйінде отырған қыз) қалыңдық та жоқтайды. Бұл қазақ дәстүрінде белгіленген, оны «ақтай жоқтау» деп атайды. Бұл үшін қалыңдықты ешкім кінәлай алмайды. Ұлттық көне заң бойынша әлгі қалыңдық өзі атастырылған жігіттің ағасына немесе інісіне қосылады.

Біздің қазақ өлімге барып келген адамнан: «Жақындарынан кім қатты жылап тұр?», – деп міндетті түрде сұрайды ғой. Қайтқан адамға қабырғасы қайысып, оның қадірін білдіретін жоқтау айтқан адамның сөзі біразға дейін жұрт аузында жүреді. Бұл – қазақта ғасырлардан келе жатқан жоралғы. Бұрындары тіпті ағайыны қайтыс болса, алыстан «ой, бауырымдап», «ат қойып» айғайлап келетін дәстүр де болған

 

1.3 Жоқтау дәстүрінің ғұрыптық мәні

Қазақта басқа ұлттар мен ұлыстарда мүлде кездеспейтiн бағалы, құнды асыл дәс­түр­лерiмiз бар. Солардың бiрi – қайтыс болған адамды жоқтау салты. Өлiм жайлы суық хабарды естiген ел сол үйдегiлерге көңiл айта барады. Олар жоқтаушыларға ерекше көңiл аударады. Жоқтайтындар көбiнде қайтыс болған адамға ең жақын қыз-келiншектер, ақ самайлы аналар болған. Егер әйелдер жоқтау бiлмесе, арнаулы жоқтаушыларды шақырып келiп отырғызады да, қалғандары соларға қосылып жоқтасқан. Олар бастарына қаралы жаулық салып, жасқа толы жанарларын орамал-шыттарымен қалқалап    еңiреседi.

Мұнда көшпелілер әйелдерінің мінез-құлқы, ақыл-ой дамуы мен ақпейіл қасиеті айқын көрініп отырған. Бұл, әсіресе, ошақ отбасысы қайтыс болған кезде ерекше байқалады. Тегі жағынан ақсүйек сұлтандардан шыққан немесе қоғамда көрнекті орын алатын қазақтардың қазасында жылап-сықтап, жоқтаумен өлең айтылады. Мұнда марқұмның түрлі қасиеттері жырланады. Жесірдің күйеуін, қызының әкесін, немесе қарындасының ағасын жоқтап өлең айтуын қазақтар «жылау», иә болмаса «жоқтау» деп атайды», бұл халық поэзиясын алғаш ғылыми тұрғыдан жүйелеген шығыстанушы Әбубәкір Диваевтың жоқтауға байланысты берген пікірі. Бұдан басқа «жоқтау» дәстүріне байланысты зерттеліп, жинаққа енген еңбектер мен шығармаларда аз    емес.

Жыл бойына созылатын жоқтаудың негізгі міндеті – ол өлген адамның қоғамдағы алған орнын дәріптеу, көрсеткен еңбегін құр жалаң тізіп шығу деген жадағай ұғымынан анағұрлым тереңде жатыр. Адам өлсе де, оның жаны тірі, ол біздің не айтып, не ойлап отырғанымыздың бәрін біледі. Сондықтан оның аруағына тиісті  ғайбат  сөздер айтпау керек. Өйтсең-ақ болды, өлген адамның  киесі атады, бір пәлеге душар етеді деп түсінген. Сондықтан, өлген адамды жоқтаудың мазмұны– бірыңғай мақтауға құрылатын себебі де содан. Ас кезінде жоқтаудың көлемі де ұлғайып, мағынасы да мазмұнды бола түседі. Қазақтар жоқтауды жоқтау үшін айтпаған. Оны биік дәрежелі көркем өнер сатысына көтеріп айтқан. Сол арқылы «о дүниеге» кеткен адамды өлтірмей, оның тарихы азаматтық болмысын көркем сөзбен бейнелеп берген.[2;40-41]

Жоқтау барлық адамның жан дүниесiн тебiрентетiн, сай-сүйегiн сырқырататын, егiлтетiн болуы керек. “Өлеңмен жер қойнына кiрер денең” деп ұлы Абай атамыз айтқандай, жоқтау әсем дауысты әйел­дердiң айтуымен құлаққа жетсе, күңiренген жұрт ұйып тыңдап, ерiксiз егiледi.“Өлiм сынға барады” деген. Сынның бiрi – жер­ошағы қоңырсымай қалды делiнсе; енді бiрi жоқталмай қалуы.

Яғни  бұдан шығатын  қорытынды,  кез  келген әкеден не шешеден немесе  туған  бауырынан айрылған жас  бала оның қандай адам болғанын, елдің алдындағы қадір қасиетін, қалдырған ұлағатын сол жоқтауды тыңдай отырып ұғынады.

Жоқтау  сияқты салтпен байланысқан шер өлеңінің барлығы қазақ елінде өлең өнері қаншалық қасиетті, қадірлі сөз болғанын білдіруден басқа, тағы бір бағалы жері болған. Ол бағасы: қайғыға душар болған жанкүйер әйелге жанынан өлең шығаруды міндет қылғаны, жақыны өліп, жүрегіне қаяу түскен әйел өзінің қайғылы күйін білдіріп, бойына біткен өнері болса сынға салып, өлең шығарып көру керек.  Салт бойынша өлікті қадірлеу, жыл уағына шейін жоқтау, сол жыл уағына шейін қаралы болып отыратын әйелге ақындық өнерін еріксіз қадірлі қылып, еріксіз соны іздетеді. Салтқа бағынудан өлеңшілікке, әншілікке бойсұнып, сол өнердің жолына еріксіз салынуды керек қылады. Рас, мұнымен қазақ әйелінің бәрі бірдей ақын болып кеткен жоқ.Өз жанынан шығара алмаған әйел өлікке арналған өлеңді жақынына шығартып алып та жыл бойы айтатын болады. Бірақ осы салттан ақындық сияқты қасиетті қадірлейтін шарт туатынын ғана айтамыз.

Жоқтауда қазаның себеп-салдары және сол тұстағы әлеуметтік жағдайларда көрініс тауып отырады. Жоқтау өлендері от басы, ошақ қасының ғана мұң-зарын қамтып қоймай, халық қайғысымен қабыстыра жырланатынын көреміз. Бұл ерекшелік жоқтаудың тарихи мәнін арттыра түседі. Әсіресе жоқтау өлеңдеріндегі «Ақ сұңқар құстай ұшқыр қып», «Арманда кеткен асылым», «Соғып тұрған дауылым», «Толған айдай халқыңа», «Асқар таудай паналап», «Құйма алтындай сабынан» т.б. тіркестер бірден-бірге көшіп жүретін оралымдар десек орынды болмақ. Бұл ерекшелік өлеңді төгіп айтатын импровизатор  ақындарға тән.

Жоқтауды қайтыс болған адамның әйелі, апасы, қарындасы, қызы және жақындары айтады. Ал аса құрметті адамдарға сол елдіңсұлу, әнші қыздары қатыстырылады. Мысалы, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Сарыкөл жерінде (Қостанай) өткен Шауыпкел батырдың асында Шәңкі бидің немересі Төкіш болыстың сұлу қызы Бәдігүл мен Байғасқа бидің қызы Бәпіш жоқтау айтқан.                                                                                                                                       Қазір жазба және ауыз әдебиетімізде жоқтаудың үлгілері өте көп. Ондағы         парасатты сөздер, жақсыны  ардақтау, сипаттау, мадақтау, теңеу сияқты өлең жолдарының көркем қисыны таңданарлық шеберлікпен жырланады. Оның мысалы мынадай:
Алты атасы бай өткен,
Алты атанға жүк артқан.
Жеті атасы бай өткен,
Жеті атанға жүк артқан.
Үйде сұңқар түлеткен,
Қияда сұңқар тілеткен.
Алтайы қызыл түлкі алған,
Қиядан барып теке атқан.
Паршаны бөздей жырттырған,
Жібекті жүндей түттірген.
Қонақ келсе – қон деген.
Қой семізін сой деген.
Шынжырлы қауға тарттырған,
Қайыңнан астау шаптырған.
Қаптатып жылқы шаптырған…
(Кеңгірбай биді жоқтау)

Айналайын, әкежан,
Қараның болдың ханындай.
Қарайғанды ықтаттың,
Қамысқа түскен жалындай.
Орта жүздің көркі едің,
Қоңыраулы бұйра нарындай.
Ағайынды жинадың,
Алпыс үйлі ауылдай.
Орынды болдың орасан,
« Мыңжылқының» қауындай
Көпке пайдаң көп тиді,
Көктемдегі жауындай.
Желінбей қалды жеңсігің
Жаңа піскен қауындай.
Өте шықты сұм жалған.
Бәйге атының шаңындай.
Адыра қалды ақ ордаң,
Иесіз қалған ауылдай.
(Әйтекені жоқтау)

Жоқтау адам қайтқан күні бірнеше рет айтылса, кейінгі күндерде де айтылып отырған. Үйде ғана емес, далада да, жолда да… Ол  өлген адамның жылына дейін айтылады. Жоқтау – азалы, қайғылы, зарлы үнмен жырланады. Кейде марқұмның бедел-абыройы­на орай жиналған жандардың арасында жоқтау айта алатындары көп болса әрі қарай жоқтауды бірнеше адам жалғастыру үрдісі де болған.Жоқтау қайтыс болған кісіні жерлеп келген соң да, кейінгі кәделері (еске түсіру) кезінде де, көрмеген жақын адамдары келгенде де жалғаса береді. Қалай жерленді? Қандай жерге жерленді? Кімнің қасына жатты? Жоқтаушылар соның бәрін білгісі келеді.

Жоқтау – әркез жеке-жеке айтылады: сүйек шығарғанда, жерлеп келгенде, кісі көңіл айтып келгенде, қонақасыдан тарап жатқанда бөлек-бөлек жоқтау айтылуы керек. Cоның бір дәлелі ретінде  Монғолия жерінен  келген оралман  ағамыздан  алынған  мына бір жолдарды келтіре кетейік

 

Өлік шығарғанда
Әуеден ұшқан бозторғай,

Балақ жүнің бос болғай.

Аруақ болып барасың,

Атакем енді хош болғай.

Қарағай басы әсемді-ай,

Молдалар жазар Кәлемді-ай*.

Алдыңда мүмин аруақ

Үш қайтара сәлемде –ай.

Бір Шәһәриәр Омардай

Көп шақырсам обалды-ай.

Сегіз сарай ұжымақ

Есігін ашсаң самалдай.

Жылқы ішінде қарала,

Бейіштің төрін арала.

Сегіз сарай ұжымақ

Самалына саяла.

Өлікті қойып келгенде айтатын көріс

Атакем кірді-ау тас үйге

Есігі жоқ, төрі жоқ,

Жәймә-шуақ бос үйге.

Атакем менің кеткен соң,

Кім кіреді осы үйге.

Екінті намаз бесінді-ай,

Белдеуден тұлпар шешілді-ай.

Иманды болғыр, атакем,

Пейішке қарай көсілді-ай.

Алтынды ерден қас кетті,

Ақ ордадан бас кетті.

Атекемнен айырылып,

Екі көзден жас кетті.

Марқұмның киімін бергенде (таратқанда) айтатын көріс

Бір пайғамбар Ыдырыш

Басқа бір түсті қиын іс.

Қиын іс емей немене,

Күнде тап болды-ау жиылыс.

Жылқы ішінде керімді-ай

Сыпырайын терімді—ай.

Иманды болғыр атекем

Киімің елге берілді-ай.

Жылқы ішінде қасқадай,

Тайпалып жерді басқаны-ай.

Киімін алған ағайын,

Жағасын жерге тастама-ай.

 

Жоқтау өлеңдердің  тәрбиелік мәні

Жоқтау тәрбиелік үлгі – өнегесі бар, мәдениеттілік пен адамды бағалаудың және оны есте сақтаудың бір белгісі ретінде қалыптасқан. Жоқтау – аза ғұрпын көтере түсетін, қайғыны басатын, қазаға аса лайықты қаралы салттың бірегей түрі. Қайтыс болған адамның жақсылығын, еліне істеген қызметін, жақсы қасиеттерін паш ететін тұрмыс – салт дәстүрі, , жыры, зарлы өлең. Жоқтаудың дінге қатысы жоқ, ол қалыпты халықтық салт, өлімнің берік әдет – ғұрпы деп ұғыну керек. «Боздағым» атты қазақтың жоқтау жырларында.  Жақсы жоқтаулар – елге үлгi. Қазақ жырларынан бастау алатын жоқтаулардағы зарлы, өкiнiштi сезiмдердi бейнелейтiн тұстарына ел өзегi өртене өксiсе, ендi бiрде оның терең өмiр ,белестеріне үңілте отырып,  мәндi де мағыналы ойлар түйiндеуi сөзсiз.

Қазақтың батырлық жырларында да жоқ­тау өлеңдерінің ғажайып үлгілері аз емес. Исатай батыр қайтыс болғанда Махамбет ақын айтқан жоқтау қайғылы са­рынға толы болса да адамды ерлікке, өрлікке шақырып тұрған жоқ па? Қазақтың жоқтау­ларының да тілі шұрайлы, тым әсерлі болып келеді. Мысалы, мына сөздер мен тіркестерге назар аударайық:
«Қиқулап ұшқан қырғауыл»,
«Бозінгендей боздайын»,
«Шырлай ұшқан бозторғай
Сол айтар деп қояйын»,
«Ақсұңқар құс зарлайды
«Бауырынан өлсе баласы…»,
«Тебіренбес сабырлым,
Падишадай әмірлім,
Бәйтеректей тамырлым»,
«Қоңыраулы дауыстым»…
Өмірден озған адамның артынан тәуір сөздер айтылады, оларға биік парасат, сүйкімді қылық таңылады, асқақ баға беріледі. «Жайықтың бойын жайлай бер, шалғынға бие байлай бер», тіпті «Артыңда қалған бауырыңа Қасыңнан орын сайлай бер» дегендей жоқтаудың жолдарынан осыны аңғаруға болады. Сөйтіп жоқтаушы дүниеден өткен адамның болашағынан өзін бөлек санамайды. Бір күні бәрінің бұл жалғаннан ұзайтынын біледі. Оған қоса кейбір адамдар қайтқан адамды жоқтау сөзін жазып, соңына қалдырады. Мәселен, Жамбыл Ұлы Отан соғысының қан майданында баласы Алғадай қайтыс болғанда қарт ақын бар шерін өлеңмен шығара білді. Оның «Алғадай туралы», «Сарғайып атқан таң ба екен?», «Алатауды айналсам» атты өлеңдері қазақ поэзиясындағы жоқтау жанрын толықтырды:

Мінгенде атым сұр бөрте,

Алғадайды алдың еп-ерте,

Мен жыламай – кім жылайд,

Жал-құйрығы кеп-келте.

Немесе:

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?..

Бала қалды жетім боп,

Келін қалды жесір боп,

Біздей кәріп кісіге,

Көз салыңдар есіркеп… ,

Және бір  халық әдебиетінің жоқтау жанрын дамытқан ақындардың бірі – Көдек Байшығанұлы. Ол көптеген жоқтау өлеңдер  шығарған. Қазір ақынның отызға жуық жоқтау-дауыстары бар.

Адам ата, Хауа анадан бері өсіп-өну, жарық дүниеден кету бір хақтың жазуы деп ұғындырады. «Құдайбергенге дауыс», «Құсайынға дауыс», «Мышанға дауыс», «Түнқатар қажыға дауыс», «Мысаны жоқтау», «Бір жалқы жігітке шығарылған дауыс», «Осы заман пендеге», «Сәрсенбайға дауыс» т.б. өлеңдерінде қай-қайсысына да қайтыс болған адамның тіршіліктегі жақсы қасиеттеріне баса назар аударады. Мәселен, Сәрсенбайды жоқтағанда оның ақылдылығын, қайырымдылығын, әділдігін өнеге ете айтады. Тіпті арғы аталарын да таныстырып, солардан бері үзілмей келе жатқан кісілік бар екенін ескертеді. Мұнан кейін өмірдің өтпелігіне, Сәрсенбайдың жұртқа үлгілі жан екеніне тоқтала келе:

Толған айдай халқына,

Әр қашан түскен жарығың.

Қырғыз-қазақ ішінде,

Екпінді болған арының, – дейді [3, 312 б.].

Ақынның жоқтау өлеңдеріне назар аударғанда фольклорлық дәстүрді сақтаған және кейбір көркемдеу құралдары (қой аңдыған қасқырдай, толған айдай, шолпандай болып таңдағы, ақсұңқар құстай, сары алтындай т.б.) фольклордан алынған. Тағдырдың жазуынан асатын өмір жоқ. Сондықтан ақын жоқтаудың соңын сабырға, ұстамдылыққа шақырып, артындағыларға үміт-қайыр тілейді. Жоқтауда лирикалық кейіпкердің мұң-сезімі ғана көрініс таппайды. Сонымен бірге қазаның себеп-салдары және сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар да көрініс тауып отырған. Ақынның жоқтау өлеңдері отбасы, ошақ қасының ғана мұң-зарын қамтып қоймай, халық қайғысымен қабыстыра жырлағанын көреміз.

Жоқтау жырлары негізінен аурудан ем қонбаған аяулы жандар мен не бір күтпеген жерден, әсіресе, соғыс жылдарында жау қолынан мерт болып, қыршынынан қиылған азаматтарға арналып шығарылған. Сол бір алапат соғыс кезінде ел ішіне келіп жатқан «суық хабар», «қара қағаз» кімнің болмасын қабырғасын қайыстырмай қойған жоқ. Қаралы хабарды естіген жаралы жан өзінің зарын, ішкі күйін, шерін жоқтау айту арқылы жеңілдетеді. Бұған дәйек ретінде дарабоз Жамбыл ақынның майданда қаза тапқан ұлы Алғадайды жоқтап шығарған «Алғадай туралы әрбір ой» деген өлеңіндегі әке зарын түсінбеу мүмкін емес:

”..Елжірейді өзегім,

Ауырады белім де.

Қаза болып көңілім

Халім қиын менің де

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?.

Темір өзек пенде жоқ

Өлмес адам елде жоқ.

“Орынсыз, – деп, – өлімі”

Ондай ойлау менде жоқ…

Осындай жоқтаудағы ырғақтың өзі ежелгі халықтық жоқтаулардың үлгісімен жасалған туындылар.

Ұлы Абайдың да жоқтау жырлары  да жетерлік. Бұл тұста Әбдірахманға шығарған тоғыз  жоқтау : “Әбдірахман өлгенде”, “Арғы атасы қажы еді”, “Кешегі өткен ер Әбіш”, “Тұла бойың ұят-ар едің”, “Жиырма жеті жасында”, “Талаптың мініп тұлпарын”, “Орынсызда айтпаған” “Әбдірахманның әйелі Мағышқа айтқан жұбатуы” (жоқтай отырып, жұбату деуге болады), “Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген  жоқтау ” және “Баласы өлген анаға Абай шығарып берген” және Оспанға шығарған үш жоқтаудың “Кешегі Оспан”, “Кешегі Оспан ағасы”, “Жайнаған туың жығылмай” деп келетін туындыларының ұлттық таным мен қазақ дәстүрлі мәдениетін танытар көрсеткіш ретіндегі орны да ерекше. “Жүректің басынан у төгілгендей” жыр-жоқтауы халық махаббатының тереңінен сырт тартқандай қабылданары рас. Белгілі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Мұса» (Шорманов) атты жоқтауы (345 жол) қазақ әдебиетіндегі ең бай, әрі ең көлемді жоқтаулардың бірі. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов жинап, реттеп, сұрыптап 1926 жылы Москвада «23 жоқтау» деген атпен бастырған фольклорлық мұрасы жоқтау жырларының асыл қазынасы. Осы жинақты құрастырушы ақын әдеби тілдің қалай жасалатынын айта келіп: “Әдеби тіліне негіз етіп аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек, енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда мұны естен шығармау керек..”, – дейді. Жинақ Шәңгерейдің “Сыршы” деген өлеңінің:

Құйрық атып құлия,

Түлкідей қашқан жымия.

Қараңды үзіп барасың,

Бізден қайран дүние…

Дәурен өтіп, жас жетіп,

Замандас құрбы адамдар

Азайып келіп о бітті.

Көрген түстей бәрі де

Көзімнен болды зым-зия.., —[4;]

деген жолдарымен басталады. Қазақ тарихының 400 жылдық мерзімін қамтитын 23 жоқтауда трагедиялық жырлар берілген. Бұлардың ішінде Бапай батыр, Қаз дауысты Қазыбек би, Исатай мен Махамбет сынды бірнеше тарихи тұлғалар, түсініктемелерде дәлді деректер бар. Бұған дәлел ретінде «Қаздауысты Қазыбекті қызы Қамқаның жоқтауы». Бұл жоқтау тарихи тұлғаны өзгеше жоқтаудың бір үлгісі болып табылады. Мәселен:

Алаштан озған әкешім,

Жоқтаусыз қалай тастайын?

Қазақ болып зарлады,

Тілеуді құдай бермеді.

Кешегі жүрген әкекем

Жоқтаусыз тастар ер ме еді?!..

Айырылды-ау қазақ панадан

Төрт тіреудің бірі едің,

Қиын-қыстау іс келсе,

Бәрінен де ірі едің!

Енді қазақ не болар

Асқар тауы құлаған,-

деп әкесін дүйім жұртқа елдің тіреуі, иесі ретінде танытып, жырлайды. Әкесінің дуалы сөздерін алға тарта отырып сол жаугершілік замандағы қазақ-қалмақ арасындағы бітпес мәселенің шешімін тауып, қалмақ ханы Қоңтажыны сөзден жеңіп, қазақтың малы мен жанын еш ұрыссыз ақылымен жолын тауып, елге қайтарған даналығын жоқтау арқылы жеткізеді. Қамқа қыздың бұл жоқтауы қазақ тарихындағы жоқтаулар жырының  баға жетпес үлгісі ретінде сақталады. Бұған қоса:

Мақтауыңа жете алмай,

Қызыл тілім қырқылды

Ілімімнің жоғынан…

Қас қылған емес бір жанға,

Басын иіп құл болып,

Бағынған емес бір ханға.

Қазаққа арнап жол салдың

Қолайлы қылып әр заңға.

Жесір қатын, жетім ұл.

Аруағыңа таянып

Ие болды мал-жанға!

Жоғалмақтай жол салып,

Үлгі болып сөз қалып,

Кеткен жоқ әкем арманда,-

қарт данаға арналған жоқтаудан өлім өкініші мен ажалды жазғырудан гөрі еліне асқар таудай пана болған ердің артықшылығы басым. Мұндай жоқтаулардың қай-қайсысы болмасын өткен ғасырлардағы қазақ қауымының тұрмыс –тіршілігі мен елдік, ерлік істерін, қат-қабат ғұмыр тарихының жарқын беттерін көз алдыңызға елестетеді.

Жоқтау тәрбиелік үлгі – өнегесі бар, мәдениеттілік пен адамды бағалаудың және оны есте сақтаудың бір белгісі ретінде қалыптасқан. Соның бір мысалы ақын  Фариза  Оңғарсынованың «Ананы жоқтауы»

Айсәуле ана – ақ ана,

балаушы ем сені данаға,

өсиет сөзің санада.

Ұзатып сені сапарға,

жалғыз қалдым жағада.

“Ақ патшам” деп алдымнан

шығушы едің, жан ана.

Енді кіммен сырласам,

енді кіммен мұңдасам?

Орның толмас жырласам,

өзіңді іздеп қырға асам.

Әкенің отын өшірмей,

алғыс алдың жұртыңнан.

Қазақтың ақыл-есіндей,

халқына дара ұл туған.

Батагөйі едің елімнің,

Сен кеткен соң келіннің

жанарына мұң тұнған.

Менің де жасып жігерім,

жыладым-дағы, жүдедім.

Жалғызсырап тұр жүрегім…

Әулиелер жатқан топырақ

торқалы болар – білемін.

Жәннатта болғай жаны деп,

қол жайып тілек тіледім.

Арттағы ел, бала-шағаға

жар болсын Алла-Тағала,

жебей гөй бәрін, Жан Ана!..

 

Батыр Бауыржанның өзі келіні Зейнептен өлген кезінде өзіне жоқтау айтуын талап еткенінен де біраз дүниені аңғаруға болар

 

Қорытынды

 

              Қазалы күнде жоқтау айту – ұлттық дәстүріміздің жақсы үлгісі. Оны айтудың, жалғастырудың ешқандай ерсілігі жоқ. Халық ғұрыпы бойынша жоқтау айтқан әйелдер мен қыздар үш күн бойы аяқ – табаққа араласпайды, яғни тамақ әзірлеуге қосылмайды. Біздің қазақ ұлтының осы ырымынан – ақ ғасырлар бойы жинақталып түзілген қасиетті салт – дәстүріміздің сыпайы мәдениеті мен әдебінің жоғары болмысы көрініп тұрады.

Иә, бүгінгі қала тұрғындары қаза болғанда оны кейде көршілері де білмей қалады. Дауыс шығарып, айқайлап жы­лау “надандық” саналады екен. “Өр­ке­ниет­ті елдерде айғайламайды” дейтіндер де бар. Зират басында маң­ғазданып, сабырлық сақтап, әдепті кө­рініп, қағазға қарап сөйлейтіндер де пай­да болды. Бұрын үлкендер  мұн­дайда: “Жылап ал, көңіліңді босатып ал, қасіретті ішіңде сақтама, запыраныңды шы­ғарып қал”,– дейді екен. Ал, қазір зират басына барған кезде қайтыс  болған адамның  ба­лаларына: “Жылама, көзіңнің жасын көрсетпе, ұят болады, дертің ішіңде болсын”, деп жататындарда кездеседі.Сондай ақ жасөспірім қыздар мен ұлдар да жұрт көзінше жылауды  әбес көріп, жоқтау айтпақ түгілі жылауға да ұялатындар кездесіп жатады.  Анасы өлгенде , әкесі өлгенде, не бауыры  өлгенде жыламаған  балалар өсе келе нағыз  тасбауыр болып шықпасына кім кепіл. Солай болатынына иманымдай се­немін. Өйткені, мына жарық дүниеде ата -ана­­дан артық, бауырдан артық не бар?!

Бақиға жоқтау айтылмай аттанған адам – жоқталмаған адам. Сондықтан жоқтаудың тәрбиелік мәні де зор. Сол себепті де бүгінгі  күні  жоқтаудың сөзіне, әніне, сазына мән беруі керек.

Жоқтау  айту орыс халқында да болған.Бірақ орыс халқында жылау айту,бір-ақ қалыпты, жаттамалы болған.Адамы өлген үй жылауды жатқа білетін әйелдерді (плакальщицы) жалдап әкеп айтқызатын болған.Орыс халқының «жылауы» мен қазақ  атаулы елдің «жылауы», «жоқтауының» айырмасы көп.  [6.142б]  Сәкен Сейфуллиннің осы келтірген айырмасы бүгінгі күні  жоққа шыққандай. Оған дәлел  белгілі бір ақындар не көпті көрген дана апаларымыздан ғана кездестірмесек,біздің қалалық  түгілі қазақшылығы мол  деген ауылымыздың өзінде жоқтауды бірінен -бірі жаттап алып,бір дәптерді бірінен- бірі алып, өлең дәптерге айналдырып, қандай өлім болса да айырмасыз  айтып  жүргендерін көргенде, бала мен дананың,алыс пен жақынның айырмасын жоғалтып алғандай боласың. Cоны көріп отырырып, егде адамдардың өмірден бұрынырақ өтетінін ескерсек, күні ертең оларды жоқтайтын жанның табылмай қалуы да мүмкін.

 

Ұсынылған негізгі тұжырымдар:

 

–          Жоқтау – түркі халықтарында ежелден тұрмыс-салтымен бірге келе жатқан көне жанр.

–          Жоқтауда қазаның себеп-салдары және сол тұстағы әлеуметтік жағдайларда көрініс тауып отырады.

–          Жоқтау қаралы болып отыратын әйелге ақындық өнерін еріксіз қадірлі қылып, еріксіз соны іздетеді.

–          Жоқтау тәрбиелік үлгі – өнегесі бар, мәдениеттілік пен адамды бағалаудың және оны есте сақтаудың бір белгісі ретінде қалыптасқан.

–          Жоқтаудың дінге қатысы жоқ, ол қалыпты халықтық салт, өлімнің берік әдет – ғұрпы деп ұғыну керек.

–          Қазалы күнде жоқтау айту – ұлттық дәстүріміздің жақсы үлгісі. Оны айтудың, жалғастырудың ешқандай ерсілігі жоқ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер.

1.Байтұрсынов А. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2003. – 1 т. – 408 б.

2.Қазақтың ас беру дәстүрі: әлеуметтік-саяси қызметі (XVIII–XIX ғғ. деректері бойынша).Смағұлов Ержан Мәлікұлы. Диссертациялық жұмыс.- Алматы. 2007.40-41б.

3 Байшығанұлы К. Қайтейін жалған дүние. – Алматы: Толғанай Т., 2008. –336 б.

  1. «Мың бір мақал; Жиырма үш жоқтау.»-Алматы:Қазақстан 1993ж 44-45 б
  2. Т. Арынов «Боздағым» Қазақтың жоқтау жырлары. – Алматы, «Жазушы» 1990. – 5-11б.

  3. Т. Арынов «Жырмен қаланған ескерткіш» (Жоқтау өлеңдерінің шығу тарихы) Қазақстан әйелдері.  № 1 – 26 б.

  4. «Егеменді Қазақстан» №90-93  12 Наурыз, 2010 жыл

8.Болат Құрманғажыұлы. “Қар­ға адым жерде қаза бар”

  1. 1 Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. – Алматы: Білім, 1995. – 288 б.

10.Ф.Оңғарсынова  өлеңдер жинағы

  1. Ж. Қ.Жакупова Жоқтау жанры // ҚазҰУ хабаршысы. 2005. № 4 – 168-169б.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше