«Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» ғылыми-зерттеу
саласы бойынша вице-президенті, «Халық медицинасы және
ғарыштық қуат» академиясының толық мүшесі, академик,
п.ғ.д., профессор, ақын, жазушы, сазгер, Қазақстан журналистер
одағының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі халық емшісі,
Йассауйтанушы, ұстаз Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлының
(Әбу Фараби) халық емшілігінің бүгінгі өзекті мәселелері жөніндегі ой толғаныстары
Ой санамыздың күш жігерін емшілер мәселесін толғауға арнауымыздың үлкен мәні де бар. Толғанарлық пайым-тұжырымдарымыз бар болған соң ортаға салу, ой елегінен өткізуге оқырман назарына ұсыну парызымыз.
Алла Тағала ерекше жаратылыс етіп жаратқан Адамына үлкен құпия сырлы қабілет дарытқан. Бүгінгі ғылым мен техниканың күш қуатымен сол құпия сыйдың жасырын тұстарына ой жүгіртіп, оны тани түсуге әрекет ету ғалым атаулыға тән қасиет. Зерттеу мен зерделеу нәтижелері Адамзатқа Алланың өзі дарытқан қасиеттерін танып біліп, қажетіне жарата білуге жетелейді.
Жалпы айтқанда Алла дарытқан қасиет барша бүгінгі адам атаулының бойынан табыла береді деп сеніммен айту қиын. Оның түрлі себептері де көп. Бірақ, халық арасында әу баста Алла Адам Атаға дарытқан ұлы қасиеттің сарқыншағын болса да бойында сақтап қала білген, әрі бүгінгі күнге жеткізіп келе жатқан кісілер де баршылық. Мұндай қасиеті бар адамдар ел ішінде Абыздар, бақсылар, балгерлер, көріпкелдер деген секілді т.б. аттармен атап келеді. Олардан бөлек Алла Тағаланың адамзат арасына жіберген пайғамбарларды атап өткен дұрыс. Пайғамбарлардың негізгі мақсат-міндеттері Алланың ілімін халыққа жеткізу болған. Бізге жеткен деректерге сүйенер болсақ, олардың саны 124 мың деп айтылып келеді. Бұлар жайлы «Құрани Кәрімде» көптеген мәліметтер бар. Егер бірінші пайғамбар Адам ата болса, соңғысы Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбармен тоқталған. Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбардың жалпы халыққа жіберілген елші екендігі баршаға мәлім. Жалпы алғанда сегіз пайғамбарға жазба мәліметтер келген болса, соның соңғысы «Құрани Кәрім» Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбарымызға 23-жыл ішінде Алла тарапынан Жәбірейіл періште арқылы жеткізілген. Сонымен, бүгінгі таңда «Құрани Кәрім» 114-сүреден және 6236-аяттан тұрады. Бұған қоса 600 мың Хадисті де Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өсиет етіп қалдырған. Сондықтан біз Алланың ақ жолымен жүруіміз үшін Алланың осы ілімдерінен білім алуымыз қажет. Әрине, ол үшін оқу керек. Ал, оқу үшін оқу орны мен ұстаз қажет.
Міне осы ілімнің бір пұшпағын илеп, оны тарату үшін «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» көптеген іс-шаралар өткізудің басы-қасында ұйытқысы болып келеді. Оған қоса, олардың ғылыми-әдістемелік мақалалар жинағын топтастыруы, газеттер (үнпарақтар) шығаруы мен кітапшаларды баспалардан шығаруға жетекші болуы осы салаға қосқан қомақты үлесі болып отыр. Оның үстіне «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» қолдауымен арнайы бейнетаспалар түсіріліп, теледидар арқылы дәрістер жүргізіліп келеді. Бұлардың негізгі мақсат-міндеттері халық емшілігінің тылсым сыр-құпияларын ашуға ғылыми жүйе қалыптастыру. Сонда ғана бұлар халыққа толық өз қызметтерін көрсете алады. Бұл іс-шараларды озық ғылым жетістіктерімен, соның ішінде бүгінгі медицина жетістіктерімен байланыстыра жүргізу басты назарда.
Ал, енді осы Алланың ілімі бізге осы күнімізге қалай жетті, соның тарихын білуіміз қажет. Әрине бұл күрделі де қиын іс. Бірақ, Алла бізге сыйлаған сананың күшімен әрекеттену парыз.
Пайғамбарлық жол жабылған соң, әулиелік жолдарға рұқсат беріліп отырған. Ол туралы бірқатар діни еңбектерде аталып өтілген. Солай болғандықтан да, заман-заман жер-жерлерде небір әулиелер өткен. Бұлардан кейін ғұлама-ғалымдар Алланың сол ілімдерін оқып-үйреніп жалпы халыққа жеткізіп отырған. Енді бүгінгі таңда, аталған міндетті ғалымдар атқарып келеді. Бірақ дін мен ғылым біраз уақыт ажырап қалғандықтан ғылым алға жылжып Аллалық ілім аз да болса тоқырып, жайылуы азайып қалды.
Міне енді егеменді ел болып өлгеніміз тіріліп, жоғалғанымызды тауып жатырмыз. Осы тұста келешек жас ұрпаққа білімді үш бағытта берген жөн. Яғни, діни, философиялық (дүниетанымдық) және ғылыми. Осындай үш бағытта өздерінің білімдерін жетілдірер болса ғана Адам баласы дүниені нақты, дұрыс, шынайы таниды. Қазір жалпы халық қатты жаңылысуда. «Ештен кеш жақсы деген» сондықтан мұны тез арада қолға алғанымыз жөн. Міне халық емшілеріне де осы жүйе қажет.
Енді, Аллалық ілімнің бізге қалай жеткендігі жайлы азғана мәлімет беріп өтейік. Сонда ғана Аллалық ілімнің қажет екендігіне көз жеткізуге болады. Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбарымыз Аллалық ілімді Жәбірейіл періште арқылы алып, сол ілімді өзімен қатар жүрген орынбасарларына (халифтеріне) (Абу Бәкір Сыддық, Омар, Оспан, Әзіреті Әлі) және сахабалары мен ізбасарларына уағыз арқылы жеткізген. Кейінен бұл ілімдер жазбаша көрініс тауып жинақталып «Құрани Кәрім» және «Хадис» түрінде кітаптар болған. Олар бүгінгі таңда көптеген тілдерге тәржімаланып жалпы елге таралған. Себебі, бұл «Құрани Кәрім» мен «Хадистер» араб тілінде және араб жазуында болған. Ал, енді осы Аллалық ілім Түркі елдерінде де кеңінен таралды. Бүгінгі таңға дейін Түркі тектес елдерден көптеген әулиелер мен ғұлама-ғалымдар әлемге әйгіленіп, шынайы ілімнің түркі халқы арасында өз желісін тартуына үлкен себепкер болды. Міне осылар туралы біраз мәлімет беріп өтуді жөн деп ойладық.
Сонымен, ең бірінші болып әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабиді айтып өтуге болады. Әрине, бұған дейін де Түркі халықтарының Алладан келген ата жазуы «Руна» жазуында да көптеген мәліметтер берілген. Бұл жазу бүгінгі таңда «Орхон-Енисей» тас жазуы деп аталады. Қазіргі кезде бұларды оқып қолданыс айналымына ендіру қолға алынуда.
Мұнымен қатар Қорқыт ата жайлы көптеген мәліметтер бар. Қорқыт атаның жалпы Түркі халқы бақсылықтың және қобыздың негізін қалағандығын мойындайды. Қорқыт ата өзінің қобызы арқылы ем жүргізетін болған. Яғни, қобыздың үні арқылы Адам баласының денесіндегі тылсым күштерді қозғауға болатындығын білген және сол арқылы сырқаттан айықтыратын болған. Міне осы дәстүрлер бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бұл дәстүр жайлы жазба түрінде мәлімет өте аз болғанымен, ауыз әдебиеті арқылы кең тараған. Халықтың тілі аман болса ұлтымыздың дәстүрі де жоғалмақ емес. Осы дәстүрді жалғастыру, оны жандандыру және қағаз бетіне түсіру біздің үлесімізге дөп келіп отыр. Сондықтан, осы уақытқа дейін желісін үзбей жалағасып келе жатқан киелі де қасиетті дәстүрді келешек ұрпаққа сол қалпында аздырмай жеткізейік.
Енді, Әл-Фарабиден кейін қандай әулие, ғұлама-ғалымдардың болғанын және олардың қандай өшпестей рухани мұралар қалдырғанын айтып өткен жөн. Себебі біз ертеңгі күні мектеп ашып емшілерді оқытар болсақ, олардың білімін жетілдіріп дамыта отыру үшін бұл мәліметтер өте қажет болып табылады. Мұндай мәліметтен олардың өресі кеңеймесе, одан зиян көрмейді.
Сонымен, Әл-Фарабидің ілімін жалғастырған Ибн-Сина деген ғұлама-ғалым өткен. Бұл бабамыз әлемде медицинаның негізін қалаған. Артында мәңгі өлместей болған бес томдық «Медицина ғылымының қағидалары» атты еңбек қалдырған. Онымен қоса т.б. көптеген жан-жақты түрлі сала бойынша көптеген еңбектер жазған. Аталған еңбектері күні бүгінге дейін адамзат игілігіне қызмет етіп келеді. Әл-Фарабимен қатар Әл-Беруни де көптеген ғылым саласымен айналысқан. Әсіресе жұлдыздар жайлы, дәрі-дәрмек түрлері туралы, асыл-заттар құпиясын ашу мен жер асты суларын пайдалану сырларын ашқан.
Әл-Хорезми математика негізін қалаған. Омар-Хаям геометрия құпияларын ашқан. Фердауси әлемде теңдесі жоқ «Шахнама» деген еңбек жазған.
Тарих белестеріндегі ғұлама-ғалым, әулиелердің санамалануы осылай тізбектеліп кете береді. Орта ғасырларда бұлардан өзге де ғұлама-ғалымдар мен әулиелер де артында өшпестей еңбектер қалдырған. Солардың біразы өз еңбектерін өзінің ана тілінде жазған. Ол кезде бүкіл түркі халқы «Түркі» тілінде сөйлейтін болған. Бірақ, Ислам діні келген соң араб тілін үйрену қажет болды. Уақыт өте келе араб-парсы тілдері үстем болып, бүкіл мұсылман әлемі араб-парсы тілінде сөйлеп, оқып, жазатын болған. Есесіне сол кездерде бой көрсеткен Түркі халықтарының көптеген ғұлама-ғалымдары өз еңбектерін түркі тілінде жаза бастаған. Ол еңбектерде ғылымның түрлі салаларының мәселелері терең қамтылып отырған. Сондықтан, біздің бүгінгі түркі тіліміздің (яғни, қазақ тілінің) осы уақытқа дейін жоғалып кетпей келгеніне аталып өткен ғұламалардың да еңбегі сіңген.
Енді біз сол еңбектерді қайта жандандыруымыз керек. Сонда ғана шынайы дүниені танимыз. Себебі бұлар өз еңбектерінің негізін «Құрани Кәрім» мен «Хадистен» Аллалық мәліметтерді алып отырған. Содан да болар, біз олардың ілімінен сусынымызды қандырудан ешбір жалыққан емеспіз.
Әлемде теңдесі жоқ болып танылған «Құтты білік» атты еңбекті Баласағұн қаласынан шыққан Ж. Баласағұни жазып шыққан. Ол еңбекте елді қалай билеуге болады, парасатты халықты қалай тәрбиелеуге болады мәселелері қарастырылып, өлең оралымдарымен әдемі өрнектеліп жазылған. Бұл еңбекті ол кісі ханға тарту етіп, «Хас-Хаджип» атанған.
ұлы ғұламалардың қатарында «Лұғат-ұл-Түрік» атты еңбек жазған М. Қашқариді де атап өту ләзім. Ол түркі тіліндегі ең алғашқы сөздікті жазумен қатар, халықтың өз заманындағы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары туралы мол мағлұматтардың бізге жоғалмай жетуіне себепкер болды. ¤з еңбектерінің нәтижесінде барша түркі тектес халықтардың тіл түбірінің бір екендігін айшықтай түскен.
Орта ғасырларда түркі әлемін «Түркі-Ислам» деп атаған. Оған Түркілердің Ислам қағидаларымен қатар өз дәстүрлерін мығым ұстанғаны себеп болса керек.
¤ткен шақтың терең мәнді еңбегінің бірі деп танылған «Ақиқаттың сыйы», Түркістан өңірінен шыққан Ахмет Жүйнеки тарапынан жазылды.
Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан кейін Аллалық ілімнің Түркі әлеміне және дүние жүзіне таралуына себепші болған, Сайрамда дүниеге келіп, Бұхарада білім алып Түркістанда дүние салған Құл Қожа Ахмет Йассауйдің еңбегіне терең тоқталып өткен жөн. Құл Қожа Ахмет Йассауй өз ілімін Арыстан баб арқылы алған. Йассауйдің бірінші ұзстаздары ата-анасы болса, онан кейінгісі Ақ-ата. Түркістан өңіріндегі басты ұстазы Арыстан баб болған. Йассауй Бұхараға барып Хамаданиден білім алып, оның төрт халифтерінің бірі болған. Қожа Ахмет Йассауй білімін толықтырған соң Түркістанға келіп, өз мектебін ашты. Ол мектеп «Йассауйиа» деп аталған. Оның басқа мектептерден басты ерекшелігінің бірі барша дәрістердің түркі тілінде жүргізілетінінде еді. Ал, Йассауйдің өзі барлық еңбектерін де түркі тілінде жазған. Атап айтар болсақ, «Хикмет», «Пақырнама», «Мүнажатнама», «Мират-ул-Қулуб» (Көңілдің айнасы), «Шежірелер», «Насабнамалар», «Силсилалары» болса, әрі бұлармен қатар «Сопылық ілімінің теориялары» да бүгінгі таңда тәржімаланып халық назарына ұсынылған.
Қожа Ахмет Йассауй еңбектері мен оның өміріне баға беріп зерттеу жасап жүрген бірқатар ғалымдардың еңбектері бүгінгі таңда оқырман арасында кең таралып келеді. Ол Йассауйді халық арасында терең ұғындырып, танытуға ықпал етіп отыр. Осы мақсатта жарық көрген «Йассауйтану», «Йассауй тағылымы—тәлім-тәрбие ғибраты», «Йассауй кереметтері», «Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбар аманаты», «Йассауй ілімін үздіксіз білім беру жүйесіне ендіру», «Дұға күшінің физикалық негіздері», «Дәрісіз емдеу жолдары» атты еңбектері де халық емшілері арасында да кеңінен насихатталып, оқытылуға тұрарлық үлкен дүние болып табылады.
Жоғарыда тізбектеліп аталған ғұлама-ғалымдардан өзге көптеген әйгілі тұлғалар шыққан. Солардың бірі 15-ғасырда өмір сүрген ¤тейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Ол әлемге өзінің «Шипагерлік баян» атты еңбегімен әйгілі. Онда емнің неше бір түрлері айтылып өткен.
Кейінгі тізбек Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиевтер арқылы жалғасын тауып отырды. Кейін Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев т.б. көптеген мезгілсіз дүниеден өткен Алаштың ардақтылары жалғастырып бізге жеткізді.
Енді біз соны әрі жылжытып, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыруымыз керек. Ақиқи жол Алла ілімін оқып үйренуде деп таныған жөн. Міне сол үшін біз шаршамай-шалдықпай ат салысайық ағайын!
Алла бізге жар болсын, әулиелер рухы оны қолдаушы болсын! Әумин!!!
Іске сәт ағайын!!!
П.ғ.к., профессор, академик Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлы /Әбу Фараби/