Үй тапсырмасын беруде оқушыларға шамадан артып кетудің алдын алу жолдары

Қызылорда облысы, Арал ауданы
№74 орта мектебінің бастауыш сынып
мұғалімі Сейілова Алтынкүл

Үй жұмысы оқушының бүкіл оқу жұмысының бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Үйге берілген тапсырмаларды оқушының үнемі орындап, дұрыс ұйымдастырып отыруы оның жақсы үлгіруіне керекті шарттың бірі болып табылады. Мектеп оқушыларының оқуды үлгірмеуіне әкеліп соғатын себептердің көп таралған бір түрі үйге берілген тапсырмаларды қанағаттанарлықсыз орындауы, ал мұның өзі көбінесе үйге берілетін тапсырманың шамадан тыс көп беруден болады.

Оқушыларға кейде ақыл-ой күшін көп жұмсауды талап ететін тапсырмалар ғана емес, тіпті дене күшін орасан мол жұмсауды керек қылатын тапсырмалар беріледі. Шамасы келмейтін тапсырманы алған оқушылардың бірсыпырасы оларды орындауды мүлде қояды, ал енді біреулері оны жарым-жартылап қана орындайды, осыдан барып оқушылардың алған білімінде олқылықтар пайда болады да, сыныпта нашар оқитын оқушылар саны артады.

Мұғалім кейде үйге тапсырма бергенде өз пәнінің жүйесі тұрғысынан ғана қарап, сол күні басқа пәндерден беріліп жатқан тапсырмаларды ескермейді. Мектеп оқушыларының оқу жұмысының барлық ауырлықты үй жұмысына қарай аудару, мұғалімдерде жиі кездесетін кемшілік. Сыныпта олар тек жаңа материалды ғана түсіндіреді, оны жеткілікті түрде бекітіп, пысықтап отырмайды, сондықтан оқушылар сыныпта істеуге тиісті жұмыстарды үйде орындауға мәжбүр болады. Үйге берілген тапсырмалардың көлемі жағынан ұлғайып, түр жағынапн өзгеруіне байланысты оқушылар үлкен қиыншылықтарға кездеседі. Сондықтан мұғалімдер оқушыларға үй тапсырмасын орындаудың тәртібі мен әдістерін, тиімді жолдарын түсіндіріп отыруы керек.

Оқушының үйдегі оқу жұмысын сыныптағы оқу жұмысымен жалғастырып, толықтырып отырса, онда онда олардың алған білімдері терең және берік болады. Оның маңызы оқыту жұмысын ұйымдастырудың сабақтың басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Бұл жұмыстың танымдық қызметімен бірге оның тәрбиелік мәні зор. Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушылардың дербестігі, ойлау қабілеті артып, өздігінен білім алуға жүйелі түрде дағдыланады, сабақта алған білімдері мен біліктіліктерін өзіндік еңбекте қолдана білуге жаттығады. Өзін-өзі бақылау және кітаппен жұмыс істей білу тәсілдерін меңгереді, оқудың әртүрлі амал-тәсілдерін қолдана отырып, өз бетінше баяндама жасауға дайындалады. Соның негізінде білім мен біліктілік өте берік меңгеріледі, оқышының ақыл-ой әрекетінің жеке дара дәстүрі қалыптасады.

Өзімнің көпжылдық тәжірибемде байқағаным кейбір оқушылар оқулықпен дұрыс жұмыс істей алмайтындықтары. Мысалы: тақырыпты түсінбей, құр жаттайды, кітаптан бір азат жолды оқып шығып, соны тақпақ сияқты жаттап алуға тырысады. Сондықтан да сабақты әзірлеуге көп уақыты кетеді. Солай бола тұрса да, ол сол сабақтан «3» және «4»-тен артық баға алмайды. Ал, кейбір оқушылар математикалық ережелерді жаттап алады, бірақ соларды өздігінен есеп шығарғанда қолдана білмейді. Сондықтан да үй тапсырмасына 2-3 тақырыпты бірден беруге, күрделі есептердің бірнешеуін беруге болмайды.
Үй тапсырмасын оқушының өзі тексеретін тәсілдері: оқулық мәтінін оқып, оның жоспарын құру, ол жоспармен мәтіннің негізгі ойын айтып беру әр тақырып соңында бақылау сұрақтарымен жұмыс істеу, мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, оған жауап беру.

Үйге берілетін тапсырмаларды әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын күнбе – күн тексеру жақсы нәтиже беріп келеді. Бұл әдісім арқылы меңгерілген білімнің сапасын бақылап, оқушылардың біліміндегі кемшіліктерді анықтап, келесі сабақтардың жоспарларына түзету енгіземін. Ең тиімдісі оқушылардың үй жұмыстары орындалған дәптерлерін тексеру. Оқу үлгірімі нашар оқушылардың дәптерлерін үнемі тексеріп, жақсы оқитын оқушылардың дәптерлерін кейде тексеруге болады.
Оқушының үйдегі оқу жұмысын дұрыс ұйымдастырудың мынадай шарттары бар:

  • Үй тапсырмаларын бергенде мұғалім оларды орындаудың қандай тиімді әдіс – тәсілдерін қолдануға болатыны туралы жақсылап нұсқау беруі қажет.
  • Үйге берілетін тапсырмалар оқушыларды қызықтыратындай болуы және өмірімен, олардың іс- тәжірибелерімен байланысты болғаны жөн.
  • Үй тапсырмасы оқушының бәріне бірдей бірыңғай мазмұнда емес, мүмкін болған жағдайда бірнеше нұсқада болғаны пайдалы.
  • Үй тапсырмасының мазмұны шығармашылық сипатта болғаны жөн.
  • Үйдегі оқу жымысының табысты болуы, көбінесе сабақта мұғалімнің үй тапсырмасын орындау тәсілін оқушыларға тыңғылықты етіп түсіндіруіге байланысты.
  • Үй тапсырмасының көлемін белгілеуде мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерін ескергені жөн.
  • Үй тапсырмасын тексеру және бағалау барысыныда мұғалім, оның орындалу сапасына айрықша мән беріп, жетістігі мен кемшілігіне оқушылардың назарын аударып отырғаны жөн.
  • Мұғалімнің берген бағасы әділетті болса онда ол оқушының ынтасын арттырып, үй тапсырмасын тыңғылықты орындап отыруға септігін тигізеді.
  • Мұғалімнің бағалауы оқушылардың өзін – өзі бағалауымен ұштасып отырса ғана ол жемісті болмақ.

Жоғарыда аталған шарттардың тиянақты орындалуын ескерту мұғалімдер үшін аса қажет болмақ. Мұғалімдер тарапынан оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын тапсыруды болдырмау және олардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерін мүмкіншілігін ескеру мақсатын көздей отырып, оқу министрлігінің нұсқауы бойынша әр сыныпта үй тапсырмаларын орындауға берілген уақыт мөлшері мынандай болып белгіленген:

І-ІІ сыныптарда – 1сағат;
ІІІ-ІV сыныптарда -1,5;
V-VІІІ сыныптарда – 2сағат;
ІХ-Х сыныптарда -2,5-3 сағат;

Сонымен қатар, оқушылар сенбі және жексенбі күндері бос болуы үшін дүйсенбіге тапсырма берілмейді. Үй тапсырмалары мұғалімнің қатысынсыз орындалатын болғаннан кейін, олар ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болып, оларға оқушылардың үйде орындайтын жұмыстарына көмектесіп отырулары үшін үнемі әдістемелік тұрғыдан басшылық жасап отырғаны жөн.

Ол үшін әрбір оқушының үйлерінде тұрақты жұмыс кестесі болуы тиіс. Осы кесте бойынша оқушылар күнделікті үй тапсырмаларын орындап отыруға дағдылануы қажет. Оны ата-аналар ұйымдастырып, бақылап, жағдай жасап отыруы тиіс.
Үй тапсырмасын орындар алдында оқушы бір мезгіл таза ауаға шығып демалып, дер кезінде тамақтанып, тынығып және уақытылы ұйықтап тұрса баланың оқу жұмысын жақсы ұйымдастыруға тигізер әсері мол.

Үй тапсырмасын беруде оқушыларға шамадан артып кетудің алдын алу жолдарына қойылатын талаптар мынадай болса:

а) оқытылатын жаңа материалды оқушыларға негізінен сабақ үстінде меңгертуді міндет етіп қоя отырып, әрбір сабақтың сапасы арттырылса.

ә) оқушыларға үйге берілетін тапсырмалар шамадан тыс көп болмасын, ол үшін үйге берілетін әрбір тапсырманың мөлшерленуі қатты қадағаланса, үйге берілетін тапсырманың мазмұны оны орындаудың тәртібі мен әдістері оқушыларға сабақ үстінде түсіндіріліп, өздігінен жұмыс істеуге дағдыландырылып тәрбиеленсе демекпін.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше