Адал еңбек алғысым ұстазыма

Мақсаты: Оқушыларды ардақты да аяулы ұстаздарын құрметтеуге, сыйлай білуге, үлгі тұта білуге үйрету, адамгершілікке, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Үнтаспа тыңдату.  Ұстаз жүрек түкпірінен орын алар айбарлы да, ардақты есім. Ұстаз тамшы секілді, табиғаттың кәусар суындай көк теңізге білімін тамшылай құйып, талай талантты шәкірттің тағдырын биікке көтерді. Осынау бір қабілетімен қасиеті дараланған әрбір бүлдіршін мен әрбір жас жеткіншектің жүрегіне үңіліп, түйсігінен таңғажайып талантты тапқан ұстаз қауымының еңбегі ерен, есімі-ұлы.

“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” – дегендей, әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздары сіздердің білімдеріңіз бен біліктеріңізге жүгініп, сеніп келеді. Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда сіздердің үлестеріңіз орасан мол. Төл мерекелеріңіз құтты болсын дей отырып, білім саласында қажымай еңбек етіп, тер төккен аяулы да, абыройлы ұстаздарымыздың көңілдерін бір сәтте болса көтеріп, қуантайық деген ізгі ниетпен  мектебіміздің оқушылары  дайындаған «Адал еңбек алғысым ұстазыма» атты концерттік бағдарламаны көріп тамашалаңыздар.                   (9 сынып Би)

1-жүргізуші:  Тойлайды бұл күнді көптен,

Біздің байтақ, бақытты ел.

Ұстаздарын шын жүректен,

Құттықтайды шәкірттер.

2-жүргізуші: Арналады ұстаздарға,

Құрмет деген, төр деген.

Біздің елде адам бар ма,

Ұстаз алдын көрмеген.

1-жүргізуші:Мерекемен құттықтаймыз,

Мұғалімін әр пәннің.

Ұстаздарды көреміз біз,

Шұғыласындай әр таңның.

2-жүргізуші:Сіздер біздің өлеңіміз,

Сіздер біздің әніміз.

Тәртіпті боп үнемі біз,

Беске оқимыз бәріміз.

1-жүргізуші: Көңілдерің жайнап тұрған бау болсын,

Білім-теңіз, еңбегің-ерен тау болсын

Шәкірт үшін аямайтын бар жанын,

Ұстаздарым!

Әрқашанда дендеріңіз сау болсын.

2-жүргізуші:Мейірімді жүрегінде күн нұры,

Нағыз мықты ұстаздардың шын бірі

Сөзімен де, ісімен де өнеге,

Білім беру саласының үздігі,-дей отырып бүгінгі мерекеде өзінің  жүрек жарды тілегімен мектеп директоры Жанасбаев Жиренбай ағайға сөз береміз.

1-жүргізуші:– Ақылыңызды тыңдаған

Шәкірттеріңіз мыңдаған.

2-жүргізуші:  -Етеді еңбек әр елде:

Жаяды атын әлемге!

1-жүргізуші: -Емші атанған шәкірт те,

Елші атанған шәкірт те…

2-жүргізуші:  -Кәсіпкер де, мұғалім,

Журналист те, не ғалым…

1-жүргізуші:  -Ақын шәкірт табылар,

Батыр шәкірт тағы бар…

2-жүргізуші:  -Біз үшін қиған уақытын

Өлшеп көр ұстаз бақытын!

Хормен:Кеңейткен ойдың өрісін

Рахмет Сізге сол үшін!

1-жүргізуші: Жаса, ұстаз қарышта,

Жетсін даңқың алысқа,

«Мұғалім» деп жырлаймыз-

Барсақтағы Марсқа,- дей отырып қадірменді ұстаздар сіздердің құрметтеріңізге  әсем ән шырқалады. Қол соғып қошеметтеп Пернебай Ханым мен Бижан Дананұрдың  орындауындағы   «Құтты болсын мереке» атты әнді қабыл алыңыздар. 

2-жүргізуші:Мұғалімдер кім болуды армандайды?

1-жүргізуші: Мұғалімдер әсте әртіс, жазушы, сот, бастық, сылақшы, майлаушы, немесе еден сыпырушы болуды армандамайды. Өйткені:

-Әр мұғалімнің жұмыс бөлмесі, отыратын жұмыс үстелі, қармағында 30-40 оқушысы бар, кішігірім бастық емес пе? Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, – дегендей ұрыс, төбелес жөніндегі бала мен ата-ана дауын да бір өзі шешіп отырады.

-Әр мұғалім өз сабағының шебері, яки режиссері, көбінесе басты рөлде де өзі ойнайды. Әртіс демей көр, кәне. Көпшілік көрініске де өзі қатысады.

-Бір тыным жоқ. Кабинет тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі,  сылаушы да өзі. Безендіруші де өзі.

-Жазушыларға келер болсақ, тіпті кейбір жазушыларыңыз да, мұғалім құсап күнде жазуға отырмас.

-Соңғы кезде бухгалтер мен кассир де өздері. Сан алуан қосымша мамандықтар меңгеруде.

Қай мекемеге қандай мамандық иесі өте зәру болса, 2-3 айлық жазғы демалыс кезінде біздің ұстаздарды шақыруларыңызға болады – ау деймін.

2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, біздің асыл да, ардақты ұстаздарымызға жететін жан жоқ сірә.Данышпан да, дана да оқып сенен,

Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.

“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,

Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең,-деп Мәриям Хакімжанова апамыз айтып кеткендей «Ақындар жырлайды» атты  бөлімімізге  кезек берсек.

1-оқушы: Мұғалім. Оразақын Асқар

Сөзі бойға ексе білім қуатын,

Көзі зерттеп жан-дүниеңді ұғатын.

Қайда жүрсем бірге ұстаз бейнесі,

Іс-қимылы аңсар арман – мұратым.

Күллі өмірін жеткіншекке арнаған,

Мұғалімді ардақтамас бар ма жан.

Ол мектептен шықпаса да қысы-жазы,

Жемісі оның жердің жүзін шарлаған.

Бала десе ойламайды өз қамын,

Көрсем дейді күнге де қол созғанын.

Шын жүректен жатса-тұрса тілейді,

Шәкіртінің өзінен де озғанын.

Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,

Аялаймын олар басқан әр ізді.

Арманым не алабына қадірлі,

Өнегелі болсам ұстаз тәрізді

2-оқушы: Ілтипат. Тоқтарбек Хамзин

Лапылдаса қызулықпен от-жаның

«Сабаңа түс, саспа»- дейді, “тоқтағын”

Бағыт беріп бейне темірқазықтай,

Көңіліңе сызар өмір соқпағын.

Болашақтан сенім жібін үзбеген,

Халыққа тек жарық таңды іздеген,

Құлазитын жалғыз қалса көңілі,

Бақыты оның оқушымен, бізбенен.

Ақ түссе де шаштың әрбір талына,

Жүк түссе де нар көтермес жанына,

Жаңарады жаңа оқу жылымен

Тосар сені жеткен кезде сағына.

Шәкірттерін азамат қып саналы,

Ұстаз-ана дана бола алады.

Ең бастысы, ұстаз мынау өмірде

Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.

3-оқушы: Мұғалім. Қымбат Әбділдақызы

Мұғалімді анамдай жақсы көрем,

Қиналамын қымбат теңеу таба алмай.

Өз баласын тастап кетіп үйіне,

Ел баласын оқытады, ой, Алла – ай.

Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,

Үлгі етемін өнегелі сөзін бал.

Мұғалімнің мұғалімін танимын,

Көкіректе көретұғын көзім бар.

4-оқушы: Ұстаз. Жұбан Молдағалиев

Мейлі жас, мейлі кәрі бол,

Дана деп сені, пана деп сені үғамын.

Көктемсің нұр мен нәрі мол,

Диқансың және, кеншісің және Мұғалім!

Қалыпшы деп те айта алам,

Құрыштай құйып, шыңдайсың балғын жас жанды.

Мектептен түлеп майталман,

Батырдың жолы, бақыттың жолы басталды.

Анадай бесік тербеткен,

Түн қатып сансыз дәптерге қанша түнейсің!

Суарып білім-шарбатпен,

Дүниеден бізге жақсылық қана тілейсің.

5-оқушы: Ұстаздарыма. Зиядин Әбдуәлиев

Ұстаз – ұлағатты зиялылар,

Сендерде ғалымдардың қиялы бар,

Ағайын, тойларыңа тарту етем,

Ақыннан әриялы сый алыңдар!

Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,

Жемісті жерге екпеген, елге еккендер

Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,

Зердесін болашақтың зерлеткендер.

Жайдары жүздеріңе барқыт көрік

Жаныңның бар асылын сарқып беріп

Жас буын – өнегелі шәкірттерді

Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.

Анадай, құс ұйқымен көз ілдірер

Арманын аласартпас, сезімділер

Бағбандай, мәуелі бақ мәпелеген,

Бала үшін бар азапқа төзімділер.

Жақсылық атаулыға жаршы жандар,

Жамандық атаулыға қарсы жандар,

Баланы сусындатып өсіруге,

Білімнің бұлақ көзін аршығандар.

6-оқушы: Ұстазым. Шона Смаханұлы

Ұстаздардың ұлағатты сөзінен

Өмір бойы таусылмас нәр аламыз.

Ұстаздардың мейірімді көзінен,

Бізге деген жылылықты табамыз.

Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!

Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.

Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,

Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.

Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан,

Жансыздар әлдилеген шуақты арман.

Жатталсын есімдерің жан жүректе,

Адамның аяулы әні сияқталған.

1-жүргізуші: Жүрегіміз түкпірінен ән қылып,

Шырқай оған айттық біздер тілекті.

Ұстаз аты биік, әрі мәңгілік,

Тербетеді сезім менен жүректі,- дей отырып әсем әнге кезек берсек.                                    «Ұстазым менің» орындайтын: Сайымбай Үміт

2-жүргізуші: Ұстаздық қызмет-қызық та, бейнеті көп мамандық. Ұстаз оқушыларды білсем, үйренсем, көрсем деген ұмтылысқа тәрбиелейді. Ұстаз деген есім-аз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған, шәкірттеріне үйретуге жалықпаған еңбекқор жанды ойға оралтады. «Жүректен шыққан асыл сөз» атты бөлімімізге кезекті берсек.

1-жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов: «Әуелі мектепке керегі – мұғалім.     Ол-мектепті жаны» ,-деді. Ал, сол мұғалімнің білгенін тоқыта білетін, Мектептегі сан-салалы істерді тындыруға әрқайсысын рет-ретімен жұмсап, ортақшыл жұмысқа ұршықтай үйіріле алатын бір адам бар. Ол-мектеп басшысы.

Әсет: Жиренбай ағай, қолдан намыс бермеңіз,

Жарыстардан ұпай алмай келмеңіз

Мектебімнің даңқы әлемге жайылып,

Шарықтаңыз, биік шыңға өрлеңіз.

2-жүргізуші: Ғасырымыздың ғұлама қаламгері Мұхтар Әуезовтың «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса ел болғаның қайсы?» дейтін даналық уәжі бар. Осы үздік ой жетегінде ең алдымен Батырхан ағайымызға бас иеміз.

Мұхаметжан: Ақ жүрекпен сезіп «ұстаз бақытын»

Шәкіртімен өткен барлық ғұмыры

Сізге арнаймыз тілектің ең жақұтын

Даңқыңыздың биік болсын тұғыры

1-жүргізуші: Әл-Фарабидің мына сөзіне көңіл бөліп көрейікші: «Ұстаз.. Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да. Жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл да, ержүрек болуы керек» Байқайсыздар ма, бұл сөзден біз Нәзігай апайдың бейнесін көреміз.

Гауһар: Нәзігай апай мектепте орны бөлек,

Сүйеді шәкірттеріңіз сізді ерек

Тамыры тереңге тартқан нәрлі ағаштай,

Жел жағымда тұратын сен бәйтерек.

2-жүргізуші: Каменский былай депті: «Мұғалім-мәңгі нұрдың қызметшісі, ол-барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын, тынымсыз лаулаған жалын иесі.» Дәл оссындай лаулаған жалын иесі біздің Гүлзада апайымыз десек, қателеспеген болар едік.

Ерсұлтан: Анамыздай мейірімді құшақ ашып,

Қарсы алар бізді күліп амандасып

Гүлзада апай сіз салған сара жолмен,

Барамыз болашаққа қадам басып

1-жүргізуші: «Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы-мұғалімі»,-деген екен Ғабит Мүсірепов. Сондай ұстазымыз:

Мөлдір: Білім, тәрбие ұйытқысы,

Шәкірттердің сүйіктісі

Бақберсін ағай асыл ұстаз

Талайлардан биік кісі

2-жүргізуші: Абай атамыз: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады»,-десе, «Мен өзімнің ұстазыма ата-анамнан кем қарыздар емеспін. Ата-анамнан өмір алсам ұстазымнан өмірді жақсы өткізу туралы білім алдым»,-дейді Македонский. Біздің де анамыздай болған мәңгі қарыздар апайларымыз бар. Гуманитарлық пән бірлестігі: Зура апай, Мерурет апай, Баян апай, Мөлдір апай, Ақмарал апай

Әзиз: Абзал жандар, асыл жандар байсалды,

Құшақ жайып төл мерекең қарсы алды

Шәкірттерің жарқын тілек білдіріп,

Құттықтайды мерекеңмен баршаңды.

1-жүргізуші: «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол-нағыз ұстаз»,-деген екен Толстой. Дәл осындай деңгейден көрінген бар баланың ең, ең, ең, асыл ұстаздары бар. Олар бастауыш пән бірлестігі: Жанар апай, Ғалия апай, Гүлзира апай, Баян апай, Ботакөз апай, Жанна апай.

Айда: Әр шәкірке бола білген жанашыр,

Бүгін от боп әр жүрекке жанасың

Сен бергенсің алғашқыда айырып

Жақсылық пен жамандықтың арасын

2-жүргізуші: «Мұғалім – өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, киген киіміменде оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді»,-дейді Мәлік Ғабдуллин. Осындай асыл қасиеттердің бәрі табылатын, шәкірттері бас иіп табынатын политехникалық пән бірлестігі: Гүлден апай, Назкен апай, Ақмарал апай, Гүлмира апай.

Арсен: Ұстаздарым-саф алтын діңгеім,

Мәңгілік өзіңмен біргемін

Бүгінгі мерке күніне

Сәл ғана құрметім бұл менің

1-жүргізуші: Рахмет сендерге. Бірге өсіп ен жайнаған ұл мене қыз,

Асыға сәлем жолдап жүректен біз

Тәтті күй асқақ  әнмен әсем биді,

Сіздерге тарту етіп ұсынамыз,-дей отырып кезекті әнге берсек.                                   «Мейірбан ұстаздар» орындайтын: Пернебай Анар

1-жүргізуші: Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де,  жолы да бөлек.  Біздің 5-9 сынып оқушыларымыз ұстаздарына арнап  өз қолдарынан бұйым жасаған екен ендеше, оқушыларды ортаға шақырамыз ұстаздарына деген алғыстарын білдірсін бүгінгі мерекеде.

1-жүргізуші:  Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады,-деп айтып кеткен екен Сухамлинский.

Құрметті көрермендер бүгінгі мерекеде мен биылғы бітіруші түлектерімізге сұрақ қойғым келіп отыр. Әркім өз пікірін білдірсе деймін. Себебі олар 9 сыныпты бітіріп белгілі бір мамандық иесі болуы да мүмкін.  Сұрақ: Бүгінгі таңда жастардың көбі ұстаз болуды қаламайды, керісінше заңгер, банкир, экономист, есепшіт.б мамандықтарды құрметпен бағалайтын сияқты, мұның себебеі неде?

Рахмет сендерге. Ұстаздық ету оңай жұмыс екенін өзің ұстаз болып қызмет еткенде ғана түсінетін шығар сірә. Дәл қазір сіздерге 5 сынып оқушысы Ережеп Ғазиза  Үмбетай Уайдиннің «Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім» атты шығармасын сіздерге тарту етпек. Қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім-

Сарқылмас мәңгі бұлағым

Ұланың бүгін тойыңда

Арнайды саған бұл әнін «Ән шашу»орындайтын:Нернебай Ханым,Бижан Дананұр.

2-жүргізуші: Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,

Көңілді күндер тусын алдан әлі

Ән-шашу әсем әуен, түрлі өнер,

Бүгінгі күн сіздерге арналады,-дей отырып алдарыңызда Майлыбай Айнұрдың  орындауындағы «Ұстазым»  атты әнді қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші: Ұстаздың

Көзінде жылылық бар,

Сөзінде ұлылық бар.

Мінезін осы бастан ұғынып қал!

Жай ғана күлгені,

Ойлана біл дегені,

Сыйламай ренжетіп жүрме оны

2-жүргізуші: Сені ұстазың

Ұялтып терлеткенде,

Бетіне жел боп келме,

Өйткені ұстазыңды-

Сағына еске аларсың

Ержеткенде.

2-жүргізуші: Ертеде бір данышпаннан: «Дүниеде кім бақытты?» -деп сұрапты.

Сонда данышпан:-Дүниеде көп адамды бақытқа кенелткен адам бақытты!-депті.

Ендеше, қаншама шәкірт қолына бақыт кілтін ұстатақан ұстаздарымыз сіздерден бақытты адам жоқ шығар мына дүниеде.

1-жүргізуші:       Құрметті ұстаздар!  Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін! Бүгінгі кешімізді аяқтай келе, білім беру ісінде ұстаз басты әрі шешуші тұлға дегім келеді. Себебі ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі ұстаз қолында.

Алтын бесік-отбасы,

Алтын ұя-мектеп! Бұл екеуі де алтындай қастерлі неліктен?

Өйткені отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдірсе, мектеп ақылы мен білімі адамзаттық құндылықтармен толысқан, жан-жақты жетілген, өз бетінше өмір сүруге бейім, толыққанды адам етіп тәрбиелеп шығарады. Ал мектептегі басты тұлға-ұстаз. Ұстаздарға мың алғыс!

Көңілдің ақ тілегін көл етеміз,

Тілектермен нығайсын мерекеміз

Баршаңызға жолдаймыз аппақ алғыс,

Осымен аяқталды мерекеміз

Қорытынды сөз  мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шораева Нәзігай апайға беріледі.  Қош сау болыңыздар. Келесі кездескенше.

 

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше