Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы
Ұстаз болу – адамның асылдығы, —
деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, сөзі – маржан, үні — ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етуге болады. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Сол себепті де ұстаз өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын жан, — деп Ж.Руссо баға берген болатын. Ұстаздардың әсерлі үнмен асықпай, мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай.
Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе? Осындай шеберлікті өз бойымнан таба білгеніме қатты қуаныштамын. Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне мамандық. Көне мамандық деуімнің де себебі бар. Адам Ата Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де қажеттілігін жоймайтын үлкен мәселе – шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау. Бұл – қиынның қиыны. Себебі әр адам қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі өзгеше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шар-тарапқа жетелеуші. Сондықтан да ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі,- деп айтамыз.
Мамандық көп. Дей тұрса да, өмірден көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беру тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманымен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Осындай қызығы да, қиындығы да мол мамандықты мен де таңдадым. Ұстаз болу бала кезімнен арманым еді. Сол кезден ақ ұстаз – мектептің айнасы, бәйтерегі екендігін жете түсіндім. Шынымды айтсам, мектепке ғашық болдым. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған кезімде оқытқан Ұлмекен, Мейрамгүл, Гүлзада, Қуаныш, Жаңылдық сынды ұстаздарымның берген білімі әлі күнге дейін жадымда сақтаулы.
Ендеше, мектепте басты тұлға – мұғалім. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. А.Байтұрсынұлы: «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді», -деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші.
Менің де, бойымнан осындай қасиетті табуға, басты мақсат етіп, рухани жан дүниемді бай, жан-жақты дамыта білген, жеке тұлғаны қалыптастыра білуге үйреткен Гүлзада ұстазыма өз ризашылығымды айтып жеткізе алмаймын.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», — демекші қазіргі таңда шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілікті қалыптасу менің де тәжірибемнен өтуде. Оған дәлел еңбек жолымдағы іс-тәжірибем дәлел бола алады. Яғни еңбек өтілімім 4 жыл болса да көп іс атқардым. Оқушыларымда әр қырларынан таныла білді. Аудандық олимпиадада жүлделі орынға ие болу, облыстық ақпараттандыру бөлімінде «Халықты компьютерлік сауаттылыққа оқыту» бағдарламасы аясында өткізілген сайыста, арнаулы мұғалімдерге негіздеп өткізілген курста сабақ беру сияқты жетістіктерім негіз болады. Бүгінгі таңда ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерімен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиеленуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.
Ал ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине ол кәсібінің майталманы осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпасада түсінікті.
Менің ойымша мұғалімдерді 2 түрлі модельде салыстырып қараған жөн болар еді.
Осыдан барып қазіргі уақыттарда «Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар шешім шығарылған. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі жоғары беделді адамдарға ықпал етуші адам. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, есейтеді. Сондықтан әр-бір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды.
Ақырын жүріп, анық бас
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға –
деген ой еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе? Ендеше менің де көңілім толып, бойымдағы күш-жігеріме қуат берген оқушыларым да бар. Құрманғалиев А. облыстық ақпараттандыру бөлімінде «Халықты компьютерлік сауаттылыққа оқыту» бағдарламасы аясында өткізілген сайысында ІІ орынға, Рахат Б. «Аудандық олимпиадада жүлделі орынға ие болуы үлкен дәлел деп қарау мен үшін бір мақтаныш.
Ұстаз шәкіртіне қарап, өз кәсібін, пәнін, шәкіртін, мектебін шексіз сүюге тиіс. Осыдан барып, нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шаттандырады – дейді
Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», — деген тұжырым жасады.
Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Заманына қарай білім мазмұнын жаңартудың нәтижелілігі білім берудің маңызды аспектісі мектепті ақпараттандыру.
Ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша оқу процесінің тиімділігін арттыруда технологиялардың рөлі зор. Сондықтан мектепте әрбір пәнді оқытуды ақпараттық технологияларға негіздеуге тиіс. Мұнда электрондық байланыс, мультимедиалық программалар ерекше мәнге ие. Сол себепті мұғалім компьютерлік бағдарламаларды қолданып оқыту үшін мынадай сұрақтардың шешімін табуды көздеуге тиіс.
Ұстаздық қызметімді негіздеу барысында «Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ. Бірақ барлығы да өз түсініктерімізге байланысты», — деген бір ұстазымның сөзі есімде сақталулы. Сондықтан мұғалім жай ғана емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғаны бәрімізге белгілі, осыған байланысты қазіргі таңда ұстазға кейбір сипаттарды даралап көрсетуге болады. Даралап көрсетпес бұрын мұғалімнің бойында адамгершілік қасиеттермен қоса педагогика, психология, логика, лингвистика ғылымдарын жетік меңгерген маман екені көрініп тұру керектігін айта кеткен жөн. Әрине, әдістемені тәжірибеде қолдана білу қабілеті де болу керек.
Адамгершілік қасиеттері:
|
Педагогикалық, психологиялық
шеберліктің артуы
|
Интеллектуалды, іскерлік шеберлігінің шыңдалуы өз пәнін жетік меңгеру. Білімге деген ынта-ықыласының артуы. Қазіргі сабақтарға қойылатын талаптардан мұғалімнің үнемі хабардар болуы. Сабақтарды бүгінгі заң талабына сай өткізу. Сабақты әр түрлі коммуникативтік бағытта оқыту инновациялық технологияларды тиімді қолдану. Үш тілді еркін меңгеру. Оқытудың практикалық жағына көңіл бөлу. Мұғалімдердің мамандық шеберлігін, жеке басының ерекшеліктерін жетілдіру шарт.
Педагог – тұлға – жаңашыл педагог. Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені өзіңді-өзің тану. Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізеді. Мектеп мейірімі мен білікті, көркем, эвристикаға ұмтылса, оның жүрегі мұғалім – акмеолог – педагог болуы шарт.