«Рухани мұра»: АШИ-92 түлегі Мақсот Құсайынов кітабы туралы

АШИ-92 түлегі Ізгілік Нағи

ҚҰРМЕТТІ ТҮЛЕКТЕР, БАУЫРЛАРЫМ!

Ұстазымыз, әкеміздей болған Мақсот ағай туралы жазылған өмірбаяндық кітапты оқып шықтым. Осы орайда кітап авторы, Ағайдың қызы Қорлан апайдың шығармашылық еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Кітапта Мақсот ағайдың біз бұрын біле бермеген өмірінің талай парақтары қамтылған. Дүниеге келген күнінен бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейінгі кезеңдер кәсіби деңгейде, шынайы әрі тебіреніспен суреттелген. Әрбір оқиға оқырманды ойландырып, өткенді саралауға жетелейді.

Шынын айту керек, әкеміз Мақсот ағайдың өмір тарихын көпшілігіміз толық біле бермейміз. Біздің жадымызда ол көбіне қатал да талапшыл, сонымен бірге мейірімді директор, қамқор әке, білікті ұстаз бейнесінде сақталған.

Ал осы кітапты оқи отырып, біз ардақты тұлғаның тектілік болмысына, азаматтық ұстанымына, отбасының берекесі мен тәрбиесіне тереңірек үңілеміз. Оның өмір жолының бізге беймәлім қырларын танып, өзіміз білетін Мақсот ағайдың тұлғасын жаңа қырынан ашқандай боламыз.

Әрине, кітаптың негізгі бөлімі — біздің өміріміз туралы.

«Өз өмірімізді бізден артық кім біледі?» деген ой келеді. Дегенмен түлектердің естеліктері мен Мақсот ағайдың күнделік жазбалары негізінде жинақталған оқиғаларды оқығанда, өз өткенімізге сырт көзбен қарағандай әсерде боласың.

Кейбір тұсында күлесің, кейбір тұсында толқып, көзіңе жас келеді. Кейде өткенді ойлап, үнсіз қаласың. Ал кейбір оқиғалар өзіңе есеп беруге, ой түзеуге, өмірге басқаша қарауға себеп болады.

Бұл кітаптан ұрпақ тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасы құндылығы, ұстаз бен шәкірт байланысы, ұжымдық қарым-қатынас, адамгершілік пен азаматтық жауапкершілік туралы көптеген тағылымды ойларды кездестіруге болады.

«Люди одной эпохи» кітабы

Кітаптағы біздің балалық шағымыздағы суреттердің орны да бөлек. Әрбір сурет бізді өткен күндерге жетелеп, балалық шақты, бірге жүрген достарымызды, ұстаздарымызды, интернаттағы қызықты әрі қимас сәттерімізді қайта еске түсіреді. Бір қарағанда қарапайым ғана сурет сияқты. Бірақ оның ар жағында тұтас бір дәуір, тұтас бір ұрпақтың тарихы жатыр.

Меніңше, бұл кітап әрбір түлектің кітап сөресінде тұруы тиіс құнды дүние.

Оны бауырларымызға, туыстарымызға, жарымызға, дос-жаранымызға мақтанышпен көрсетіп:

«Бұл — біздің интернат. Бұл — біздің деканымыз. Бұл — біздің ұстаздарымыз. Бұл — біздің түлектеріміз. Біз осындай адамдардан тәлім алдық»,

деп айта аламыз.

Ең бастысы — бұл кітапты кейінгі ұрпаққа оқыту арқылы өзіміздің балалық шағымызды ғана емес, адамдық құндылықтарымызды, ұстазға деген құрметімізді, достық пен бауырластықты, отбасы мен тәрбие өнегесін жеткізе аламыз.

Сондықтан бұл кітапты тек естелік ретінде емес, ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін рухани мұра ретінде бағалаған жөн деп ойлаймын.

Кітапты Kaspi дүкені арқылы сатып алуға болады. Дегенмен әр сынып болып ұйымдасып, кітапты тікелей автордан алсақ, қосымша шығындарды азайтып, тиімді бағамен алуға мүмкіндік бар.

Баршаңызға сәттілік тілеймін!

Өткеніміз өнеге, бүгініміз береке, келешегіміз кемел болсын!


Құрметпен,
АШИ-92 түлегі
ІЗГІЛІК НАҒИ (ҚАЙРАЛАПОВ)
07.10.2026

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше