Сағыныш емі

Айжан анасының бұл жалғанда жұбанар жалғызы еді. Ал Айжан үшін анасының құшағы – бұл дүниедегі ең тыныш мекен, ең сенімді қорған болатын. Кеш бата анасы қызын бауырына алып, Жаратқанға іштей шүкір етіп жататын. Ал Айжан сол құшақта, қолындағы қуыршағын қысқан күйі, бейқам ұйқыға кететін.

Бір таңда Айжан селк етіп оянды. Қасында анасы жоқ. Кішкентай жүрек үрейге толып, көзіне жас үйірілді. Қуыршағын бауырына басып, анасының мейірімін іздеді. Ол үшін ананың жоқтығы – тұтас әлемнің босап қалғанындай еді.
Кешке қарай анасы келіп, қызының азаннан бері тынбай оны іздеп, жылап ойран салғанын естіп қызының жанына үнсіз жата кетті. Таңертең Айжан анасын көріп, біразға дейін үнсіз қарады да, кенеттен құшақтай алып:
— Анашым, мен жаман түс көрдім… — деді.
— Қандай түс, жаным? — деді анасы, даусы мейірімге толы.
— Түсімде сіз жанымда жоқ екенсіз. Мен сізді іздеп, қатты жыладым…
Анасы қызының маңдайынан сүйіп:
— Қызым, қорықпа. Егер түс көрсең, оның тек түс екенін ұмытпа. Әрбір түс – өткінші. Оны сабырмен, жақсы оймен өткіз. Сонда қорқыныш та сейіледі. Оянғанда маған бәрін айтып бер. Келістік пе? — деді.
Бұл — ананың қыз жүрегіне сепкен алғашқы сабыр дәні еді.
Кейін анасы қалаға кеткен күндері Айжан өзін ұстап, күнін көңілді өткізуге тырысатын болды. «Бұл да бір түс» деп, жүрегін тыныштандыратын.
Алайда бір күні дәрігер анасына ауыр сөз айтты:
— Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ шипа да, сынақ та – Алланың қолында…
Отаға барар алдында анасы Айжанды бұрынғыдан да қатты құшақтады. Даусында қоштасу емес, үміт пен тәуекел бар еді:
— Жаным, сен түс көргенде сабыр етуді үйрендің ғой, иә?
— Иә, анашым. Оянғанда сізге айтам ғой… — деді Айжан бейқам.
Ертеңіне Айжан оянды. Қуыршағы жанында. Ал анасы жоқ.
— Бұл тек түс… — деді ол іштей. — Оянғанда анашыма айтамын…
Бірақ анасы бұл дүниеге қайта оралмады.
Күндер жылдарға айналды. Айжан өсті. Бірақ жүрегінде бір үміт өшпеді — анасының құшағында оянатын таңға деген үміт.
Бір күні әжесі немересін жанына алып, ақиқат сөзін айтты:
— Қызым, бұл өмір — бір түстей. Көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Нағыз ояну — ақыретте. Бұл дүниеде көргеніңнің бәрі — сынақ. Ал сынақ орнымен сабыр етіп тәуекел етуден. және әрекет пен шүкіршілік қылудан тұрады. Кім бұл жалғаннан иманы жолдас болып өтсе, сол шын мәнінде ұтады. Сол күні әр адам өз «түсінің» есебін береді. Есеп-қисабы таза болғандар сүйіктілерімен бірге Пейіштің мәңгі таңының құшағында қауышады…

Айжан сол сәтте түсінді, анасы үйреткен сабыр —
өмірге дайындық екен.

Сағыныш — жүректі жаралайтын дерт емес, Аллаға жақындататын тазалық екен.
Ал бұл өмір…
Бұл өмір — оянар таңға дейінгі түс қана.

Автор: Данияр Зұлқарнайұлы Тапишев

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше